• Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2015

Семіздік жастарда неге белең алып барады?

Нұрлан ҚҰМАР 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда «Ана тілі» газетінің Әлеумет және ақпарат бөлімінің редакторы болып жұмыс істейді. 

Семіздік соңғы уақытта әлемдік қасіретке айнала бастады.Соның ішінде бұл мәселе Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бүгінде республика халқының жартысынан астамы артық салмақтың зардабын шегуде. Мамандар семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болатындығын айтуда. Қазіргі уақытта тағамтанушы мамандар мен диетологтардың қоғамда тамақтану мәдениетінің жоғалып бара жатқанын айтып дабыл қағулары, семіздіктің жаһандық деңгейдегі эпидемияға айнала бастағанынан сақтандырулары да негізсіз емес. Соңғы екі жылда Қазақ тағамтану академиясы Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматыда тұратын 1-14 жас аралығындағы 830 бала мен жасы он бестен асқан 3735 адамдардың денсаулығын тексерді. Еліміздегі балалардың 22 пайызы, ал ересектердің 55 пайызы артық салмақ жинаған. Жастары ұлғайған сайын артық салмақ пен семіздік құрығына іліккендер саны да жылдан-жылға арта түсуде.


Семіздік – ағзада май тінінің артық жиналуымен сипатталатын созылмалы ауру. Семіздік халықтың басым бөлігінің денсаулығына, оның ішінде балалар ағзасына нұқсан келтіреді. Оған қоса аурушаңдық пен мүгедектік деңгейін жоғарылатып, басқа да қосымша ауруларды асқындырады, адамның өмір сүру мерзімін қысқартады. Жалпы семіздікке шалдыққан адамдарда жүрек-қантамырлары аурулары, жатыр мойны мен аналық, аталық бездердің, сүт безінің, тоқ ішектің, тік ішектің, бүйректің, бауырдың және өт қабының қатерлі ісіктері, екінші типті диабет және инсулинге резистенттілік, остеопороз және т.б. аурулардың даму мүмкіндігі жоғары. Артық салмақ пен семіздікті анықтаудың көрсеткіші дене салмағының индексі болып табылады. Ерлер мен әйелдер арасындағы семіздіктің өзара айырмашылықтары бар. Әйелдерде семіздіктің таралуы ерлерге қарағанда жоғары болады. Жүктілік, емізу, климакс кезінде әйел ағзасында гормондық өзгерістер орын алады. Әйелдерде май тіні көбінесе  кеуде, мықын, бөксе сияқты шеткі май қорында жиналса, ерлерде қарын тұсында жиналады.
Бұл ауруға шалдыққан адамдарды көшеде жиі кездестіруге болады. Тіпті семіз болғанына қысылмастан тар киім киіп жүретіндер де көп. Осы орайда жасы отызға таяп қалған бір жас жігітті үнемі сыртынан көріп, байқап жүретінмін. Қай кезде де болмасын көңілді жүретін жігітпен әңгімелесудің реті келді.
– Жасым Олжас, 28-демін,– деп таныстырды ол. Семіздік ауруына қалай шалдыққандығын былай әңгімеледі.                           – Негізі жас кезімде өте арық болатынмын. Мектепті бітірген кезде 174 сантиметрлік бойыма салмағым небәрі 51 келі болатын. Салмағымның жеткіліксіз болуына байланысты «әскерге жарамсыз» болдым. Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түстім. Екінші курста оқу орнымызда әскери кафедрада балалар оқыды. Мен тым арық болуыма байланысты тізімге ілінбедім. Осыған намыстанып күнде семіртетін дәрілерді, дәрумендерді қолға алдым. Бұдан кейін сыраға қаймақ араластырып ішуді дағдыға айналдырдым. Бұлардан бәрібір еш нәтиже шықпады. Осылайша жоғары оқу орнын бітіргенде бұрынғы 51 келілік салмағыммен қалыппын. Алайда дәрі мен сыраны үздіксіз ішудің салдарынан бүйрек пен бауырым ауыра бастады. Емделемін деп көп қаржымды жұмсадым. Сөйтіп жүргенде менің тез семіруіме басқа бір оқыс оқиға әсер етті. Бұдан 5 жыл бұрын досымның машинасына отырып шілденің шіліңгір күнінде Қапшағайға бара жатқанбыз. Кенеттен досым Айдын машинаның жылдамдығын арттырды. Жүргізу куәлігін алғанына көп болмаған ол тәжірибесіздіктен машинасының рөлін басқара алмай қалды. Жолдың шетінен шығып кеткен машина үлкен күшпен аударылып кетті. Бұл оқыс оқиғадан Айдын екеуміз қатты жараландық. Екеуміз ауруханада 2 ай бойы қимылсыз жаттық. Менің жағым, қол-аяғым қатты сынды. Ауруханадан шыққан кезде салмағым 69 келіге дейін бірақ секіріпті. Бұдан кейін сыраға деген тәбетім артты. Көп ұзамай 2 жылдың ішінде салмағым 101 келіге жетті. Қазіргі салмағым 117 келі. Не жесем де бойымда таралмай жиналып қалатындай әсерде жүрмін. Бұрынғы арық болған жастық кезімді армандаймын. Оқыс қимылдауға болмайды. Енді бұл пәледен қалай арыларымды білмей жүрмін.
Иә, қарап отырсақ қоғамымызда толық адамдар аз емес. Әсіресе, жасы 10-ға да жетпеген балалардың қарны шығып, денесін май басып кетуінің өзі жақсы емес. Бүгінгі таңда жастар арасында денсаулыққа үлкен зиян келтіріп, ағза жұмысын ақсататын тамақ пен сусындарға деген сұраныс жоғары. Мысалы, әрбір үшінші оқушы қалтасындағы ақшасын фаст-фудқа жұмсайды, әрбір үшінші бала кем дегенде аптасына бір рет тәтті газдалған сусындар ішеді, әрбір оныншысы энергетикалық сусындар сатып алады екен. Ал студент қауымның 60 пайызы фаст-фудпен ауқаттанады. Соның ішінде әрбір жетінші студент күн сайын фаст-фудпен қоректеніп, газдалған немесе энергетикалық сусындарды үзбей ішеді. Ал күнделікті мұндай тағамдарды тұтынудың соңы тәнді тұралататыны белгілі. Жасанды донер де, фаст-фуд та, дәмді сусын да ағзаға қажетті минералдар мен дәрумендер қорын толтыра алмайды. Керісінше, адамның тамаққа деген тәбетін қоздырады да, құрамындағы дәмдеуіштер мен майлы қоспалар оны тұтынушы адамның ағзасындағы қалың ішек бойында, қарын, бөксе, мықын секілді жерлерінде қордаланып, жинала бастайды. Осылайша дене артық салмақ қоса бастайды және ол жас талғамайды.
«Burger King» дүкенінде жастар фаст-фуд тағамын алып жатады. Тіпті кезектің көп болатынын да байқадым. Бұндай тағамдарды жеп жатқандардың барлығы толық адамдар емес. Шетелдік тағамдарды жеп жатқандардың арасында денесі арық жастардың да көп екенін көрдім. Сатушы әйелдің арық бола тұра үнемі шат жүретіндігі мені қатты таңдандырды. Осы ретте сатушымен де әңгімелескен болатынмын.
–Химиялық қоспалар қосып дайындалатындығын жасырмаймын. Бұны ешкімге күштеп сатып жатқан жоқпын. Алайда бұл жастардың сүйсініп жейтін тағамына айналды. Өз басым бұндай тамақты мүлдем жемеймін. Газдалған сусындардың ішінде кока-колаға тіптен жоламаймын. Қымыз, шұбат ішемін. Алушылардың дені қазақ жас-тары. Түсетін табыс та аз емес.
Қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, айран ішудің орнына химиялық қоспаларға әуестенген қаракөздеріміздің қатары көбейіп келеді. Бір қызығы керісінше, ұлтымыздың тағамдарына деген құмартқан өзге ұлттардың қарасы көбейіпті. Таяуда көк базардағы ет сататын дүкенде болғанымда бірден 10 келі қазы алып жатқан орысты көріп таңғалғаным бар. Бұдан кейін әлгі азамат қымыз алып ішті. Әңгімелесе келе Валерий есімді 63-тегі кісі жылқы етімен ғана қоректенетінін айтты. Бұндай тағамды жеу адамға күш-қайрат қана емес, сергектік, шат көңіл-күй сыйлайтынын батыл түрде тілге тиек етті.
Артық салмақ өмір сүру ұзақтығын шамамен 7 жылға қысқартатын көрінеді. Ал одан да нақтырақ айтсақ, артық салмақ пен семіздік әлем бойынша өлім-жітімнің негізгі себептерінің ішінде бесінші орында тұр. Семіздіктен жылына 3 миллионға жуық ересек адам өмірмен қоштасады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша 2008 жылы әлем бойынша 20 жастан асқан 1,4 миллиард адам артық салмақпен тіркелген, олардың ішінде 200 миллион еркек пен 300 миллион әйел семіздікке шалдыққан. Жалпы жер шарындағы халықтың 10 пайызы семіздікке ұрынған. Әсіресе, балалар және жасөспірімдер арасындағы семіздік 1970 жылдармен салыстырғанда қазіргі уақытта 10 есеге артып отыр. 2011 жылы 5 жасқа дейінгі 40 миллион балада артық салмақ анықталған. Бұрын табысы жоғары елдерге тән артық салмақ пен семіздік қазіргі таңда табыс деңгейі төмен және орташа елдер мен қалаларда да кең таралған. Дамушы елдерде 5 жасқа дейінгі балалар арасында артық салмағы бар 35 миллион бала болса, дамыған елдерде осындай балалар саны 8 миллионды құрайды. 1980 жылдан бері семіздікке шалдыққан адамдар саны екі есе өскен. ДДҰ-ның болжамы бойынша 2015 жылы 2,3 миллиард ересек адамда артық салмақ болса, 700 миллион адамда семіздік болады деп күтілуде. Бір қызығы, семіздік ауруына әйелдер қауымы тез бейім болатын көрінеді.
Әсіресе, семіздік қазақ жастарында жиі орын алып келеді. Бұл қазақтың болмысына ұят келтіруде. Жап-жас жігіттердің қарны шығып, домаланып жатқандары аз емес. Сыртынан қарағанда ұзындығы мен ені бірдей жалпақ болып көрінетін жеткіншектеріміздің қарасы күн санап көбейіп келеді.
Үнемі кешкілік уақытта жүгіріп, түрлі жаттығу жасап жүрген жасы елуден асқан кісіні біраздан бері сырттай білуші едім. Бірде турникке 2 рет тартылып, әрең тыныстап, дем алып тұрған сәтінде сөзге тарттым.
– Атым Жаңабек, жасым 54-те. Спортты тастап кетудің салдарынан семірдім. Жас кезімде жеңіл атлетиканың ішінде спорттық жүріспен айналыстым. Үнемі тізені бүкпей жылдам жүрудің салдарынан өкшем қатты зақымданды. Соның салдарынан бұл спортты 30-дан сәл асқанда тастап кеткен бойда тез толыстым. Енді арықтауды армандап жүрмін. Соңғы 4 ай бойы кешкілік жүгіруді бастадым.  
Елімізде адамдардың семіздік ауруына шалдығуына көптеген себептер өз үлесін қосуда. Біріншіден, баланы өбектеп, алдына тәтті тағамдардың бәрін қоятын ата-аналардың да кінәсі баршылық. Тәтті тағамдарды көп жеп, қант диабетіне шалдығып, аурушаң болып жатқан балалар қатарымызды көбейтіп келеді. Екіншіден, қазіргі психологиямыздың да әсері болуда. Көптеген ата-аналар балаларының арық болса әлжуаз, әлсіз болады деп ойлап, баласының толығырақ болуын қалайды. Үшіншіден, қазір қимыл-қозғалыстың аз болуына байланысты бұл кеселге ұшырауда. Мәселен, қазіргі балалар бұрынғыдай далада асыр салып ойнамайды. Үйлеріндегі гаджет, айфон, ұялы телефон, смартфон, ноутбук, компьютерде ән тыңдап, видео-киноларды көріп, әртүрлі ойындарды қарауды дағдыға айналдырды. Бұл аздай ауыздарынан тұз бен бұрышқа шөккен шетелдік қытырлақтарды айырмайтын немесе шемішке шағып ғаламторда ұзақ уақытын сарп еткізіп отырған оқушыларды көргенде аяйсың. Төртіншіден, тұқымқуалаушылық пен түрлі аурулар жастардың артық салмақ жинауына себеп болуда.
Сымбатты болудың бір жолы – жаяу жүру, таңертең жүгіру, дене жаттығуларын үзбей жасау. Бұл жүктемелердің ағза қорын тепе-теңдікте ұстауға тигізетін ықпалы мол.
Еліміздің болашағы жастар десек, қазірден бастап жастарымызды салауатты өмір салтына бағыттағанымыз жөн. Елімізде қаптап кеткен шетелдік тағамдарға тосқауыл қою керек-ақ. Ең бастысы денсаулық жайы өз қолымызда екендігін ұмытпасақ екен. 

 

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы