• Әдебиет әлемі
  • 06 Қыркүйек, 2012

Текетірес (әңгіме)

Елеусіз Мұратов

Жұмабек алпыс шақырымдай жердегі аудан орталығынан көңілі жүдеп, жетімсіреп оралды. Құба жонның төсінде талай қиқулатып, көкпар тартысып, құлын тайдай тебісіп бірге өскен құрдасы Аманбайдың көңілін сұрай барған еді, байғұстың ұрты суалып, сылынып қалыпты.  Сенбейін  десе, шүңірейген шыңырау жанардың түбінен жылт ете қалатын өлімші сәуле ғана мына темір төсекке таңылып, бір уыс болып жатқан адамның бір қап бидайды «әуп» деп иығына атып ұрып жүре беретін алпамсадай Аманбай екендігін көзге шұқып көрсетіп тұр. Әйтпесе, тамырлары адырайып, денесінен еті қашқан, қайта-қайта алқынып, айтар сөзін көмейінде қалдырып, үстінен төне қараған бұған аялы көзқараспен жәрдем күтіп, жаутаңдаған мына адамның шын мәнінде сол Аманбай екендігіне сенбес еді. «Ер арыса әруақ» деген осы екен ғой деп ойлады. Керден кеседен екі-үш рет толғай ішілген ағарған өңештен өтпеді білем, Аманбай лоқсығанда іртік-іртік болып, шылапшынға қайта түсті. Таныды.

– Әй, көксоққан, келдің бе,  – деді. Даусы біртүрлі сыбырлап шықты.–Келдің бе, өзім де сені бір келеді-ау деп күтіп жатыр едім. Жұмабек бұл жолы Аманбайдың даусын ап-анық естіп, толқып кетті. «Қайран үзеңгілес жолдас-ай». Ауыздығымен алысқан асау уақыт көзі тірісінде жаға жыртыстырып, жағаластырып қоятын  пендесін ақтық сәті туғанда  күш- қайратынан айырып,  мынандай мүсәпір күйге түсіреді-ау деген ой талқаны таусылмағандықтан  талтаңдап жүргендердің санасына ене қояр ма екен. Жұмабек Аманбайдың мына жүдеу халіне қарап отырып, денің сау, делбезең бүтін кезінде, өмірдің өткінші екендігіне иландырмайтын сезімнің алдамшы екендігін, ерте ме, кеш пе, өлшеулі ғұмыр түгесілер сәтте мұның да дәл осылайша әні-міні көзден ғайып болатын жарық дүниенің тәттілігіне тамсана қарап жататындығын ойлағанда, маңдайынан шып-шып  суық тер шығып, денесіне діріл жүгірді.

– Әбеке, ер жігіттің құлағаны бір аунап түскені деген. Әлі-ақ, аттай шауып кетесіз, ойбай-ау, кенжеңіз Әлібектің тойын кімге қалдырғалы отырсыз,-деді өзімен түйдей құрдас Аманбайдың атын алғаш рет көтермелей атап.

– Әй қайдам... – Аманбай жүзін әрі қарай бұрып әкеткенде оның бетінен сырғып бара жатқан тамшы жасты байқап қалды.

– Қайтсін-ай, көз көрген құрдасы емессің бе, сені көргенде толқып кетті, – деп кемсеңдеген  әйелі Шолпан бір сәт талықсып кеткен Аманбайдың тершіген маңдайын сүртті. Осыдан елу жыл бұрынғы қос бұрымы тірсегіне соғып, киіз үйдің жабығынан сығалап қарағанда жалт ете қалатын қарақат жанары көкірегіңе шоқ салатын Шолпанның орнындағы бетін әжім ізі шиырлаған кемпір «жаратқан ием, өзің жар бола гөр» деп бетін сипап, күбірлеген.

Шолпанның жасаған тамағынан ауыз тигені болмаса, көрші бөлмеде мынау ырду-дырдуы мол тіршіліктен шеттеп, ақырғы сәтін күтіп жатқан Аманбайдың жағдайын ойлағанда тамағынан ас өтпеген. Досы қайтып еңсе көтеріп, қатарға қосыла алмайтынын аңғарды ма екен, Жұмабектің қолын қысып, көпке дейін жібермеді.

– Хош бол, Жұмабек, енді көрісеміз бе, жоқ па... – Аманбай кемсеңдеп еді, тірі әруаққа ұқсаған жүзі біртүрлі болып кеткен.

Екі аптадан кейін Аманбайдың дүниеден қайтқаны туралы қаралы хабар келіп жетті. Қазасына қарақұрым жұрт жиналыпты. «Апыр-ай, көзі тірісінде жақсылық жасап, жолдас, дос жинаған» екен десті өксіктерін баса алмай, тіршілікте қатар  жүрген аяулы адамынан айырылып, қабырғалары қайысқан  көпшілік аһ ұрып.. Ал, Жұмабектің көз алдынан осыдан жарты ай бұрын қолын қайта-қайта қысып, «мына бес күн жалғанның қызығын саған қалдырдым» дегендей қызғанышпен қараған Аманбектің жүдеу жүзі көпке дейін кетпей қойды. Ау, бұл кетпейін деді дейсің бе,  досы көпсінген өлшеулі ғұмырды жаратқан иемнің өзі жалғап, әзірге жер басып жүре тұруды маңдайына жазып қойса,  шара не. Жұмабек Аманбайдың өмірін тап бір  өзі ұрлаған кінәлі  адамдай тұнжырады.

Өлшеулі ғұмырдың жеткен жері осы ма, жоқ әлде сырт көзге байқала бермейтін  кінәраты көп ағзаның үзілейін деп тұрған нәзік тұсы сыр берді ме, санасын жаулап алған сары уайым ақыры Жұмабекті де дертке ұшыратты.  Аманбайдың қырқына берілген палаудан жеген түйір ет кесел болып жабысқан. Әшейінде  біресе Алматы, бірде Астана асып, қу тіршіліктің жыртығын жамаумен шапқылап, үй бетін көрмей жүретін Жұмабекті де айналдырған ауру тобықтан қағып, төсекке құлатты. Қу жанды қиып бере салу оңай емес екен. Кіндігінен өрген сегіз ұл мен қыз сегіз жақтан дүние төгіп, айналдырған 2-3 айдың ішінде қырым еті ғана қалған әкелерін қымбат ауруханаларға апарғанымен адамзаттың ақыл-ойынан тысқары жатқан қауіпті дерттің емі қонбай қойды. Қу жаның кеудеңнен шықпағаннан кейін үміт шіркін де үзілмейді екен. Ақша санап, дүниенің жыртығы мен жоқ-жітігін бүтіндеуге шебер Жұмабек енді «пәлен жерде пәлен деген бақсы, түген деген жерде түген деген емші бар» десе, кәдімгідей әлденіп қалатын болған.  Алайда күннен күнге өңештен өтуі қиындаған ас Жұмабекті әлден айырып, екі аяғына тұсау салды. О, тоба, сол баяғы Аманбайдың кебін киді де қойды. Бір кездері Аманбайдың жүдеу халін сұрастыра отырып, жер басып жүргеніне мың да бір шүкіршілік айтқан өзі сияқты көңілін аулай келіп, қауқылдасып, әңгіме айтатындар көбейді. Қалай байқамаған. Түсіне білген кісіге бұл да дәтке қуат екен. Бір күні құрдасы Оспан келді. Ол байғұстың басы да қалтаңдап, кәудіреп қалыпты. Қызыл иегінде мыстан кемпірдікіндей сойдиып үш тісі қалған Оспанның сол баяғы  қу тілділігі қалмапты.

– Әй, антұрған, бай да ауыра ма екен,-деді көздері жіпсиген Оспан аузындағы сойдақ тістерін көрсете күліп.–Мынандай заманда біз сияқтылар ауырса, бір жөн, ақшасы көп сендерге не жорық?  – Құрдасы  ауыр шындықты қалжыңға шаптырып, бетке басты. Дені сау болса, «не оттап отырсың» деп айтар еді, жатысы мынау болғаннан кейін тілін тістеген.

– Е, ауру шіркін оған қарайды дейсің бе, – деді Жұмабек құрдасының сөзін көңіліне ауыр алып қалса да сездірмеуге тырысып.

Құдайға шүкір, былай қараса өмірге өкпесі жоқ сияқты. Өзгелер тәрізді қанын жалап, битін сығып, жоқшылықтың зардабын тартып, тарықпапты. Дүниенің майлысынан қалқып ішіп, қалауынша жүрді. Етінің тірілігі ме, әлде наны көтерілді ме, ферме басқарды, партия ұйымының хатшысы, кеңшар директоры болып, дүрілдетті. Мансаптың буы ма, азан шақырып қойған атын әлдекім дүрс еткізіп атаса, мұның аты Жұмабек емес, Жұмеке, Жұмашжан, Жұмабек Байболұлы деп айтылуы тиіс сияқты кәдімгідей тыжырынып, жақтырмай қалатын.  Қалың ойдың құшағына шым-шым батып бара жатқаны сол еді, әлдекім маңдайынан сипады. Тоқалы Сымбат екен, өзінен көп жас кіші, әлі сыны кетпеген өңді келіншек үстінен төне қараған кезде ашық қалған омыраудан менмұндалап томпиып  көрінген қос анар көз қытықтағанымен дені сау кезінде аптығып, атойлап шыға келетін аш нәпсіні меңдеген кесел біржолата тізгіндеп тастаған еді.

– Шөлдедің бе, – деді ол. Танауына әдемі жұпар иіс келген Жұмабек басын шайқады. «Бәрі де қалады-ау, бәрін де қалдырады-ау». Тамағына ащы өксік тірелген. «Өмір – күрес, өмір – арпалыс» Кезінде көздің құртын жеген  қу дүние мен биік мансап үшін ар-ұятты жинастырып қойып, неге бармады десеңші. Құзар шыңның басындағы гауһарға қол созу үшін жанталасып, жолына кесе көлденең тұрғандардың бәрін құрбандыққа шалды. Думанды тіршіліктің қайнап жатқан қызығын ортайтпас үшін    еш нәрседен тайсалып,  тайынбапты. Мына сылаңдаған Сымбат та Жұмабектің обал-сауапты ұмытып, пышақ сілтеген көп құрбандықтарының бірі, өзінің орынбасары Еркінбектің некелі әйелі. Көзі түсіп, көңілі қалап еді, тартып алды. «Оу, бұл қай қиянатың» деп аудандағы он байдың бірінен саналатын ауқатты Жұмабекке мінін бетке басып айтуға  ешкімнің де тәуекелі жетпеді. Күйеуінің  қарсы келгендерді   қаңғытып, тікетірескенін тентіретіп жіберетін  қаһарынан «ажырасамын, төркініме кетемін, көзіңе көк шыбын үймелетемін» деп шаптыққан әйелі де сескенген. Мынандай аласапыран заманда сегіз баламен қайда барады, қалай күн қөреді. Әйелі осы жағын ойлап тосылған. Басты айналдырған байлық бәрін де естен шығарды. Дариға-ай, сол жанын жалдап жүріп жинаған қисапсыз дүниеден енді қандай пайда бар? Жарық дүниедегі қызығы түгесіліп, ақтық сәтін күтіп жатқан Жұмабекке қарағанда  өмірбақи қарны тойып, ішіп-жемесе де тағдырдың сол сыйына шүкіршілік айтып, әлі де тәттілігіне тойдырмайтын тіршілікте жүре тұратын тесік өкпе Орынбай әлдеқайда  бақытты көрінген.  Тіпті сол көзі тірі, дені сау қатпа қара шал күні ертең мұның денесі қойылатын қорымның басында Құрбанбай молда зарлатып тұрып оқитын құранға қатысатын көп адамның бірі болып, Жұмабектің тәні қара жердің қойнына тапсырылғаннан кейін «ә, көзі тіріңде үрлеп ішіп едің, саған да бұйырғаны тоқымдай қара жер болды ма» деп табаламайды дейсің бе. Тірінің өлімен шаруасы болмайтын  қатал тіршілік-ай. Тұз-дәмі таусылмағандар күні ертең-ақ мұны ұмытады.

Жұмабектің құлағы шыңылдап, жүрегі шаншыды. Өткен өмірінен өкініштен басқа түк те таппады. Ендеше, өлімнен несіне қорқады. «Сәл шыдасам болды емес пе, сәл ғана шыдайын, одан кейін түк сезбестен түпсіз қараңғылыққа батып кетемін». Өзін-өзі жұбатқан Жұмабек соңғы демін алып, қалғып кетті...

Мүлгіген алып Қаратаудың басынан Шолпан жұлдызы жарқырап, енді туып келе жатыр еді.

383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы