• Әдебиет әлемі
  • 06 Қыркүйек, 2012

Тағзым етемін

1997 жылы республика Президентінің Жарлығымен  «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп  жарияланғандығын  сол  кездегі  қуғын-сүргін  көріп  қудаланған «халық жауы»  деген қылмыс тағылған  отбасының бір мүшесі ретінде өз басым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілек білдіре отырып, уақыт куәсі ретінде қабылдадым.     

Сталиндік  репрессияға ұшырап, жазықсыз «халық жауы» құрбандарының  бірі – менің туған ағайым Омар Дәуітұлы Саурамбаев болды. Сол, кешегі зұламатта, азаматтың құқығы «халық жауы» аталынған Омардың отбасының  мүшесі, інісі ретінде аға рухына бас ие отырып, мен де тебірене қолыма қалам аламын. «Омар халық жауы болып ұсталып, түрмеге жабылыпты» деген сөзді естігенде халық Омар «халық жауы» болса қалған ел не болмақ? Кім болмақ?» деп күңіреніп, үлкендер «тәуба» деп жағасын ұстаған-ды. Бұл шындық еді. Сонда «халық жауы» ретінде он жылға сотталған Омар Саурамбаев кім еді?  ҰҚК-гі мұрағатқа жүгінсек: Саурамбаев Омар Дәуітұлы  20 мамыр 1915 жылы Талдықорған облысы Октябрь ауданы Қоңырөлең ауылында туған. Ұлты қазақ, әкесі Дәуітұлы Октябрь революциясына дейін байдың шаруашылығында еңбек еткен. Омар 1930 жылға дейін әкесінің қолында тұрып, ауыл мектебінің 4-сыныбын бітірген. 1931-1932 жж. Қапал Кеңестік партия мектебін бітірген және Шымкент қаласындағы ауылшаруашылық мамандарын қайта даярлау курсын оқыған.  1932-1934 жж. Октябрь ауданы, Молтов колхозының хатшысы, сонымен қатар есеп жүргізушісі болып қызмет атқарған. 1932 жылдың 7-тамызындағы Заңы бойынша 1933 жылы мал ұрлаған деп жала жабылып 10-жыл бас бостандығынан айырылған. Бұдан кейін Саурамбаевқа байланысты халық сотының шешімін жою туралы соттың ұйғаруына сәйкес бір жылға мәжбүрлік жұмысқа қалдырылған. 1934-1936 жж. Октябрь ауданы Қоңырөлең ауылдық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1937 жылы 110- баб бойынша өкімет билігін шектен шығарғандығы үшін бір жылға шарттылықпен сотталған. 1937 жылы ҚК 74 бабының 1 бөлігі бойынша бұзақылығы үшін Октябрь халық соты ескерту берген. 1938-1940 жж.  «Қой өсіруші» газетінің жауапты редакторы болып қызмет атқарды. 1940-1942 жж.  Октябрь ауданының  орталығы  Көктал селосының  хатшысы, одан кейін «Социалистік жол» газетінің редакторы болып қызымет атқарды. 1942 жылы Октябрь ауданы, Ынталы колхозында мал шаруашылығы бойынша төраға орынбасарының қызметін атқарды. 1942 жылы КП (Коммунистік партия) мүшесі болып, осы жылы КП қатарынан шығарылып қамауға алынды.     08.1942- 04.1943жж. Ұйғыр ауданы Сартоғай ауылында қамауда болып, ҚК 109 және 128- бабы бойынша Саурамбаев Омар 5-жылға бас бостандығынан айырылып, сотталған. Облсоттың шешімімен 109 бабы бұзылып, 128-баб күшіне қалдырылған. Көп уақыт өтпей денсаулығына байланысты қамаудан босатылады. 1943-04 1943 жж. уақытша жұмыссыз. 04.1943-1945 жж. Октябрь ауданында мемлекеттік қамтамасыз ету бойынша халықтық комиссариат тапсырысының өкілетті агенті болып қызмет атқарған. 1945 жылдың 24 сәуірінде Талдықорған облыстық НКГБ-нің Октябрь аудандық бөлімімен қамауға алынған. «Саурамбаев Омар Дәуітұлы Кеңестік өкіметтің жеңіліп қалу жағынан сипатталатын үгіттерді жүйелі жүргізгендігі, сонымен қатар жалған ойлармен өкімет пен партия шараларын жамандағандығы үшін ҚК 58.10-бабының 2 және 58.11-бабы бойынша айыпталды. 1945 жылдың  8-9 тамызында Талдықорған облысының қылмыстық істер бойынша соттың көшпелі сессиясының үкімімен ҚК 58.10-бабының 2 бөлігі бойынша Саурамбаев Омар Дәуітұлы 10 жыл бас бостандығынан айырылған» деген дерек қолымызға немересі Ерліктің ізденісі арқылы  2006 жылы 30 қарашада тиді.

Әлібек бабамыздан –  Саурамбай, Қорабай, Сарбағыс.кезінде ауқаты бай адамдар болған. Қорабай мен Сарбағыс мен туылған жылдары басқа жаққа қоныс аударылған екен, олардан хабар үзілген,олардың тұқымдары бар ма, жоқ па, білмеймін. Қорабайдың немересі  Сабыр табылды, генерал екен деп Ерлік баламнан естіп едім, иншалла жақсылық болсын. Саурамбай Әлібекұлы дәулеті асқан бай адам болыпты. Көктастыдан аққан су Саурамбайдың көк-ала үйір жылқысы су ішкенде аяғы құрғап қалады екен. Қайтыс болғаннан кейін атамыздың басына үлкен де биік етіп тастан қорған тұрғызыпты. Кейіннен Қоңырөлеңнің үстінен тас жол түскенде қорғанды бұзып, тасын жолға төсетіпті. Сол атамыздың қорғанының орны Қоңырөлеңнің басында әлі қаз-қалпында тұр. Біз ұрпақтары барып тәу етіп тұрамыз. Бір айта кететін жайт – Омар ағайымыздың «Халық жауы» деп ұсталғанда куә болған ақиқат, осы тас қорғанның тұрғызылуы, Саурамбай атамыздың бай болғандығы куәге тартылыпты. Ал Дәуіт әкеміз қарулы, күштің иесі, екі саны екі баладай сайыскер, тақымшыл, асаудың құлағында ойнайтын, жастайынан Саурамбай атамыздың жылқысын бағып, күндіз-түні ат үстінде бейімделіп, ұры-қараға жылқының бір тұяғын бермейді екен.Мен жеті жасымнан бастап ағайым Омардың тәрбиесінде болдым. Ағаның әдеби кітаптары көп болушы еді. Менің алғашқы оқыған «Адасқандар», «Жұмбақ жалау»,  т.б.көптеген кітаптарым менің кітапқа деген сүйіспеншілігімді арттырды.Омар ағам өте сері адам еді. Омар аға өзі де көп оқитын және әңгімені жақсы айтушы еді. Мен, Омар ағайымызды ұстап, Көктал түрмесіне әкелді дегенді естіп жылап, түрменің қақпасына барғанымда қазақ милиционері (ол кісі әлі бар) кет, байдың тұқымы, «халық жауының» күшігі, ендігәрі келетін болсаң сені де қамаймын деп,  мені шырылдатып түрме қақпасынан қуғанын қалай ұмытасың.                                                                                                                                             Ал Омар ағамен бірге тұтқындалған тағдырлас, 1907 жылы Октябрь ауданы  Қызылеспе ауылында туған,  Кіндікбаев Зейнел де бұрынғы аудандық газеттің  тұңғыш редакторларының бірі болған, халық мұғалімі, «Социалистік жол» колхозының мектеп директоры, ҰОС мүгедегі болатын. Бар өмірбаяны осы, баспасөзде қазір де жазып жүргендей, бұл азаматтардың «халық жауы» деп, құқығына қара таңба басып, адамгершіліктерінің тапталуына Сталиннің және оның жендеттері Ягода, Ежов, Берияның қанқұйлы да озбырлы тобы ғана кінәлі емес, ең алдымен қиянатшыл үстемдіктің ниетін асыра орындауға тырысқан «Ә» десе «Иә» деген қазағымыздың  қаладағы, ауылдағы, жер-жердегі шолақ белсенділері кінәлі емес пе екен деймін. Егер олар өз қазағын, өз туысқандарын, тіпті дәмдес-тұздас жүрген жолдастарын өздері тізіп бермегенде осыншама адал ниетті азаматтар, жазықсыз жандар, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға қойдай тоғытылмас еді.  Бұған дәлел Омар Саурамбаев пен Зейнел Кіндікбаевқа  Хорғастан Матайға дейін: Сарыбел, Садыр, Үлкенағаш, Китің, Бұрақотыр, Қарамола, Айдарлықұм, Дарбазақұм, Аралдан (Ақарал, Үшарал) Аралтөбе, Ақтөбеге дейін, тіпті асудың ар жағынан – көрші ауданнан қаралаушы куәгерлер іздеген.  Омар мен Зейнелдің нағыз «халық жауы» екенін бұлтартпас үшін, осы ниетпен жер-жерден жиналған куәгерлерді, НКВД-нің жандай шаптарының ұзын-санын 570 адамға жеткізгенін айтса да болады. Қазір де, сол кездегі куәгерлердің жер басып жүргені бар болар. Олар осы адамдардың өміріне қаншама қиянат жасағанын ұмытқам да жоқ.                                                                                                                Сонымен, Омар Саурамбаев пен Зейнел Кіндікбаевты бір жылдай тергеп, сүлдері қалғанша қинап, ақыры «халық жауы» екендіктерін кінәсіз болса да күштеп мойындатып, екеуіне он жыл түрме кесіп, бас бостандығынан айырып, бірін Сібірге, бірін Семей түрмесіне айдады да жіберді.                                                                   Бұлардың тергеу кезіндегі, одан кейінгі түрмедегі көрген жан азабын, зұлматты кезеңді жеткізу бұл кезде қиынның қиыны. Әттең, марқұмдар өздері тірі болғанда, қазіргі қуғын-сүргін көргендермен кездесіп жатқандай жағдай болғанда, тебірене тұрып азапты жолда көрген қиыншылықтарын,бастан кешкен жан түршігерлік батпан азабын халық алдында айтқан болар еді, оған не шара?   Осы бір сөздерді жазып отырғанда маған белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның (әр кім-ақ оқыған болар) «Қызыл жебесінің» төртінші кітабы «Тамұқтағы» Тұрар Рысқұловтың түрмеде шеккен жан азабы, жан түршігерлік мүшкіл халі, аяулы Тұрардың жан-жары Әзизаның түрмеде кәрген жанкешті өмірі, арттарында шырылдап қалған бауыр еті –  бейкүнә балаларының болмысы ойыма түсіп, жанымды езіп, біздің де бастан кешкен тауқыметімізді көз алдыма әкеліп, ойға түрткі болды. Иә, Омар ағайым «халық жауы» деген кешірілмес кінәні, құдайым өзі кешірсін, амалсыз мойнына артып 1945 жылы он жыл түрмеге айдалып кетті. Одан кейін не болды?  Одан кейін, Омардың шаңырағы  күйреп ортасына түсті. Саурамбай әулетінің түтіні сөнді. Әйелі «халық жауының» әйелі ретінде түрмеге қамалып, зорлап куәге тартып, қиыншылыққа сала берген соң, ақыры шыдамай тау асып, теріскей жаққа басқа адамға тұрмысқа шығып,  «халық жауының» әйелі деген азаптан құтылды. Екі жасында әкесінен жетім қалған Бейімбет Майлиннің қызы Гүлшат сияқты Омардың баласы Мұқан 8-жаста панасыз қалып, нағашысын табады. Бар қиыншылық жасы сексенге келген Дәуіт әкемізге түсіп, ағасының қыздарының қолында қалып қаза табады.  Адам құдайдан неге бала сұрайды, екі баласынан да топырақ бұйырмады. (Мен ол кезде Алматы қаласында ауруханада ұзақ уақыт емделуде едім). Міне, тағдырдың көрсеткені, бұл жазуға ғана оңай сияқты. Одан кейін не болды дейсіздер ғой, құрметті оқырман, тағдырдың бізге де таңы атты. Құдайға тәубә,  бір күні Семейден ағадан хат келді «Балташ, бізге де құдайдың кеңшілігі болатындай, мезгілімізден бұрын босанатын сияқтымыз. Мен қайда барам, сен үйлен деп жазыпты, бұл 1953 жыл еді. Сталин қайтыс болған. «Аққа құдай жақ» деп Омар ағайым 9-жыл 6-ай түрмеде отырып, мерізімінен 6-ай бұрын  1954 жылдың күзінде Кіндікбаев Зейнел екеуі елге аман-есен келді.Ағаға түрме әкңмшілігі берген мына бір жапырақ жолдама қағазын ұсынуды жөн көрдім:                                                                                                           ПРОИЗВОДСТВЕННО – БЫТОВАЯ ХАРАКТЕРИСТИКА                                      Дана гр-у. Саурамбаеву  Омару  Даутовичу                                                         Отбыая меру наказания при п/я УЛ 154/7 гр. Саурамбаев Омар зарекомендовал себя с положительной стороны. Работая на ненормированных  работах,  к труду относился  честно.      Дисциплинирован,  в быту вел  себя скромно.  Характеристика дана  для предявления  по  месту работы.  Зам. начальник п/я УЛ 154/7  /Павлов/                                                                       Ст. инспектор  части  /Бешев/   15. 10. 1954 год.                                                 Отыз жасқа толмай кеткен адам 9 жылдың ішінде әбден қартайып, сақал-мұрты ағарып, шашы түсіп, әбден жүдеген. Міне,біз ағайымызбен осындай халде кездестік. Бұған да «тәубә» дедік. Мынадай нәубатте оған жеткен де бар, жетпегендер қаншама? «Халық жауы» аталынып, өзінің абзал атынан, баспанасынан айырылып азап шекен ағайым түрмеден келген соң толық ақталып партиялығы қалпына келіп жаңа өмірге, еңбек ету жолына бірден құлшына кіріседі. «Октябрь» совхозының Ынталы бөлімшесін басқарып, алты жылдай еңбегі жанып,  сөйтіп №43-ші  Сұлушоқы  сайлау  округінің  және  №10-шы Теректі сайлау округінің  депутаты болып сайланады.  Омар аға басқарған фермадан тұңғыш Еңбек Ері Айтбала Абданова шығады, бүкіл «Аламан» алқабында дүбірлеткен той өтеді. Сөйтіп өзінің  халықтың адал ұлы екенін  осылай еңбегімен көрсетті. Не керек көп жылғы қуғын-сүргін жан азабы Омар ағайымның денсаулығына нұсқан келтірмей қоймайды. 1964 жылы 20 мамырда 49 жасында миына қан кетіп кенеттен қайтыс болды. Аламан халқы ағаны  музыкамен соңғы сапарға шығарып салды.                                                                                                Мінеки, Елбасының жарлығы арманда кеткен ағалардың рухын, өнегелі ісін қайта жаңғыртуға осылай дәнекер болды. Өткенді білу парыз. Бүгінгі мен болашақтың үйлесімі қатерлі күндердің қайта келмесіне кепілдік береді.

«Өмірі –  ұрпаққа ұран, баршаға тәлім тәрбие» болған, ұлағаты ұлы тұлға өз өмірбаянын жазып кетті. Сұм ажал 2011 жылдың 17-маусымында осындай адал жан, арысымызды, әкемізді арадан алып кетті. Топырағың – торқа Жаның  жаннатта болғай жан әке!

Омар немересі  Мұқанұлы Ерлік.

410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы