• Әдебиет әлемі
  • 28 Сәуір, 2012

Азаматтың ақ жолы

Азамат Әбілқасымұлы Сарсенбаев 1993 жылы 21 мамырда Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келді.Ата-анасы Алматыға қоныс аударып, үш жасында «Ұлан» балабақшасына барды. Ауылдан келген қара домалақ бала қаланың балаларымен тез-ақ тіл табысып, сіңісіп кеткен.Сонда жұмыс істейтін Сәрсен: – Азаматтың болмысы ерекше «сенікі дұрыс, сенікі дұрыс емес, былай істейсің!» – деп қасындағы балаларды басқарып жүреді,амандық болса балаң бір жерден шығады- деп балалығына үміт артып әкесіне айтқаны бар. Азамат бала кезінен алғыр, ерекше қабілетті болып өсті. Көрген киноларын, мультфильмдерді сөзбе-сөз жатқа айтып отыратын. Қосу, алу сандарын да өзінше есептеп шатаспай дәл айтып, үлкендерді таң қалдыратын еді. Әкесі баланың аңғарымпаздығынан үміт күтіп «Алла қаласа ұлым Азамат елдің елеулі, халықтың қалаулы аталары сияқты ұлт жанды қоғам қайраткері болады»- деп бата тілегін айтып, жаратқанан елдің тыныштығын сұрап отыратын. Азамат 2000 жылы № 128 М.Әуезов атындағы қазақ орта мектебінің алғаш табалдырығын аттады. Мектепті өте жақсы оқыды,суреті құрмет тақтасында ілініп тұрды. Алғашқы ұстазы Ардақ апайы еді. 4-сыныпта оқып жүргенде математика пәнінен Азаматқа апайы «4-деген баға қоямын» – деп журналға қаламсапты апара бергенде, Азамат бар даусымен «жо о қ!»- деп айқайлап жіберген. Мұны күтпеген Арадақ апайы сасыңқырап қалып, байсалды даусымен «Саған қосымша тапсырма берейін, жақсы орындасаң бестік аласың, расында саған «4» –алған ұят болады,өйткені сабағыңның бәрі 5-қой» – деп баланың сағын сындырмай,көңілін тапқан. Жазғы демалыстарда Азамат ата-анасымен туған жері Сыр бойына жиі барып тұрды. Өзінен үш жас үлкен әпкесі Айжан екеуі ауылда еркін жүріп ойнайды. Суға түсіп шомылып, қармақ салып, балық аулайды. Елдегі ағайын-туыстары қаладан келген Айжан мен Азаматты алақандарына салып аялайды, күтеді, еркелетеді. Пісіп жатқан алма, жүзім жемістерді еркін жейді. Егіндікте теңкейіп өсіп жатқан қауын,қарбыздарды, сап-сары домалақ исі бұрқыраған әңгелектерді пәлектердің арасынан қалағанын үзіп алып, шырын суын сорғалатып қаршылдатып жейді. Түн ортасына дейін ауыл балаларымен бірге шуылдап ойнап жүргені. Елдің балаларымен бірге қозы, лақ бағады, арбамен ауыл шетінен шөп тасиды, кейде атқа мініп, сыртқа ұзап кетіп қалады. Уайымдаған ата-анасы баласын іздеп сұрастырып жүргені. Бір уақытта екі езуі екі құлағына жетіп, риза болған баласы келе сала, көрген білгенін жыр етіп айтып береді. Балалық бал дәурен деген осы екен –ау! Осылай жазғы демалыс та өте шығады. Бала-шағасын машинаға отырғызып әкесі Алматыға қарай тартады. Бір топ ауыл балалары машинамен жарысып айқайлап, шуылдап ел шетіне дейін жүгіреді. Амалсыздан қалған ауыл балалары, шашы жалбыраған қыздары қолдарын бұлғап, ит-күшіктерін құшақтап, шуылдасқан дауыстары әлсіреп, артта қала береді. Көздеріне жас келіп, тамақтарына тығылған Айжан мен Азамат: – Әке, енді ауылға қашан келеміз? – дейді. – Құдай қаласа – дейді әкесі. Әкесі бала-шағасымен жылда үзбей елге ұдайы барып тұрады. Өткен жылы әкесі Әбілқасым өзінің туып-өскен жері туралы балалық, жастық шағы, отбасы жайында, әкесі Сәрсенбай, анасы Бибайша туралы «Ұлағат»атты кітап жазды, елдегі ағайынды шақырып ас беріп, құран бағыштап қайтты. Азамат, «Ұлағат» атты кітапты шығаруға қолынан келгенше көмегін аяған жоқ. Компьютерді жақсы меңгергенінің арқасында кітапты толық басып беттеді, ішіндегі ескі фото суреттерді әрлеп, өңдеді. Компьютермен реттеліп жөнделетін көптеген жұмыстар болады екен, соларды ерінбей жасады. Азамат бала кезінен компьютерге әуес еді, сол ойын жүзеге асыру мақсатында Алматы политехникалық колледжінің «ВТиПО техник-программист» мамандығында оқыды. Қазір Түркияда Стамбул университетінің Халықаралық Қатынастар факультетінің 1 курсында оқиды. Алғашқы жылы түрік тілін үйрену мақсатында сабақтар өтеді. «Түрік студенттерімен жақын болып, тілді мейлінше ерте білуге тырысамын. Стамбул өте әсем қала. Бұл қала өзіндік стилін, өз болмысын әлі күнге дейін сақтап келе жатыр. Осман империясы кезінде, яғни ХIII-ХVI ғ.ғ. салынған мешіттер, ғимараттар, қорғандарды Стамбул көшелерінен көруге болады, Византия заманында қаланған шіркеулері, Ая-Софья мұражайы, алты мұнарасы бар Ахмедие мешіті, Галата сарайы, Топқапы сарайы, Таксим алаңы, «Ени Джами»мешіті, Мысыр базары, т.б көне ғимараттары тарихи жерлері көп екен» – дейді Азамат. Ақпараттық құралдардың жетілген заманы ғой, күн ара телефонмен, компьютермен ата-анасына жиі хабарласып тұрады. Азаматтың биылғы қысқы демалысында анасы Жанат баласына барып хал-жағдайын біліп қайтты. Оқыған жерінде болды, ұстаздарымен жолығып, баланың сабақ үлгерімін білді. Азамат қысқы Стамбулды аралатты, Түрік дәмханасында болып, көптеген тарихи жерлерге барып саяхат жасады. «Балам түрікше біліп қалыпты, соның арқасында мен де Түркияда болдым. Халықтарының көзқарасы жақсы, әрдайым көмектесуге әзір, инабатты. Осындай көрікті қала Стамбулды ұлым Азаматпен бірге аралап жүрудің өзі ана үшін ғанибет екен ғой, баламды көріп көңілім орнына түсті. Алладан тек амандық сұраймын, балам оқуын жақсы бітіріп, еліміздің туын биіктететін беделді азамат болуын тілеймін!» – дейді елжіреген ана жүрегі қуаныштан көзіне келген ыстық жасты іркіп. Азаматтың ақ жолына біз де тәнтіміз. Қаракөз қазақ балаларының бәріне осындай даңғыл жол тілейміз. Сабыр Құлжан

553 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы