• Әдебиет әлемі
  • 26 Наурыз, 2012

Ұрындырып суыққа алмаңдаршы, Жапырақтай жанымды дірілдеген

Мақпал Мыса 1983 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Алғашқы жырлары облыстық «Толғауы тоқсан туған тіл», «Поэзия, менімен егіз бе едің?», республикалық «Өмір өрнектері», «Жас толқын» жинақтарына енген. «Алақандағы бақыт» жыр жинағының авторы. Облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық Абай оқуларының, 2011 жылы Ақсу ауданының 80 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның бірінші орын жүлдегері, қобызшы Молықбай атындағы сыйлықтың лауреаты, М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының бірінші орын жеңімпазы. Танысу (Қасым Аманжоловтың «Өзім туралысын» оқығанда) Адалдарды жаныммен құшар едім, Қанаттылар тобымен ұшар едім. Өрт өлеңін төрде емес, Өрде жазған – Атым – Мақпал, фамилиям – Мыса менің. Бақыт жайлы басталса бүгінгі өлең, Күндей жайнап алдыңда күлімдегем. Ұрындырып суыққа алмаңдаршы, Жапырақтай жанымды дірілдеген. Бауыр бүтін болғанда, Халқым аман, Шабыт барда кей-кейде шалқып ағам. Көргендіге көктемдей көңілім бар – Тау бұлағы секілді жарқыраған. Қайғы қашық кездерде, Мұң да қашық, Көңіл кейде кетеді қырдан асып. Қазағымның қаракөз бір қызымын, Нұрға ғашық туғалы Жырға ғашық. Көппен бірге күлесің, Қуанасың, Ұлағаты ұлтыңның ұнағасын. Қыз дегенің ертеңнің анасы ғой, Сыйламайды ендеше кім анасын?! Адалдарды жаныммен құшар едім, Қанаттылар тобымен ұшар едім. Өрт өлеңін төрде емес, Өрде жазған – Атым – Мақпал, фамилиям – Мыса менің. Қайнарға бара жатқанда... Шабытын сыйлар шақтар ма, Ағарып атқан ақ таңға, Айналып кеткен мақтанға О, менің туған Мекенім, Бақсызды бөлер бақтарға. Мен саған ертең жетемін Ақ қар ма, әлде ақпан ба? Жанымда лаулар от едің, Тұманың суын татқанға. Ойларға шомып кетемін Қайнарға бара жатқанда. Бақ мекенім-ай, баталым, Күндер-ай, шіркін, айлар-ай, О, менің кіші Отаным, Сандуғашың боп сайрамай, Мен сенен қалай кетемін? Бақыттан байрақ байламай. Бір қызың болып өтемін, Жұлдызың болып өтемін, Қайнар-ай, шіркін, Қайнар-ай! Жаныма сыйлап мақам мұң, Мен сенен талай бата алдым. Өзіңсің кіндік мекені – Тоқсаннан асқан әжемнің, Тоқсаннан асқан атамның. Төсіңді сенің гүл емсін, Тыңдарға тартар түленсің. Арнау жыр жазсам ақтарып, Мені де көзге ілерсің, Шапағатым деп білерсің, Махаббатым деп білерсің. Оңымнан туар жұлдызым, Қырда өскен мен бір қырмызың. Өзіңе ғашық мәңгілік Қаршадай ғана бір қызың. Қайнарда туу бір бақыт, Жүректі жастан жырлатып. Маңдайым тасқа тигенде, Көзімнің жасын құрғатып. Аруана болсаң, ботамын, Сен асқар болсаң, жотамын. Балаңмын – барлық атағым, Махаббатымды аялап Өзіңе бара жатамын, Қайнарға бара жатамын… Қайран көктем Армандарға жетелеп асқаралы, Дүниенің ашылып қас-қабағы. Хантәңірдің оранып шапағына Көктем біздің ауылдан басталады. Беделіңе қарамай, атағыңа, Әппақ таңы арайлап атады да. Көктем біздің ауылдан басталады, Хантәңірдің оранып шапағына. Тіршіліктің осынау сағатында, Озатын да пенде бар, қалатын да. Құйқылжыса құс біткен бір әуенмен, Көктем келе жатады қанатында. Алақанын арманым жайған көктен, Ғұмырыңды мәңгілік сайран деп пе ең? Өткендерге салауат айтып бүгін – Көктем келді тағы да Қайран көктем... Жетісу – жетігеннің жеті ішегі Жанымның жазығында жиде пісіп, Қайыңның жапырағында биледі шық. Жетісу – жетігеннің жеті ішегі, Сазынан аққу қонған, үйрек ұшып. Табылған Есігінен алтын адам, Жетісу – жеті жұлдыз жанымдағы, Арқардай ақ бұлағы арқыраған. Көгінде көңілімнің жарқыраған. Ұшатын асқар шыңнан әні кілең, Мен сенен алыс кетсем сағынып ем. Жетісу – өлеңімнің жеті өрнегі, Анашым зерін төккен қалы кілем. Аспантау – Хантәңірі сол бір өлең, Жетісу жеті жалау желбіреген. Үшқоңыр жайлауында кие қонып, Іленің өзеніндей мөлдіреген. Тасында қалып қойған жыр бедері, Жеті өзен – жеті бағым іргедегі. Құлагер Ілиястың дүл-дүл жыры, Мұқағали ақынның мұңды өлеңі. Өтсе де... дауылдай күн, құйындай күн, Қалайша қасиетіне сиынбаймын?! Жетісу рухымен өнген өңір, Қарасай, Райымбек, Сүйінбайдың. Көгіне көгершіні самғар мына, Беретін қанат байлап армандыға. Жетісу – қынаптағы жеті жебе, Қабанбай бабамыздан қалған мұра. Туған жер басындағы бағы ма едің, Лағындай төсіңді емсін лағыл елің. Жетісу –жеті жаһұт жаһандағы, Күні арай, түні тылсым, таңы керім. Жанымның жазығында жиде пісіп, Қайыңның жапырағында биледі шық. Жетісу – жетігеннің жеті ішегі, Сазынан аққу қонған, үйрек ұшып. Жаным менің іздейді... Мені кейде батырып дала мұңға, Жалқын сәуле ойнайды жанарымда. Менің жастық ғұмырым барады өтіп, Оқылмаған кітаптың парағында. Табыла ма білмеймін, іздегенім, Қабағынан күндердің сыз көремін. Қара жауын құйып тұр кеше, бүгін Көктемнен соң ұқтырып күз келерін. Үлгердім бе көп іске, үлгермедім, Барқыт белдің термедім бүлдіргенін. Ақ пен қара айтысы секілденген Өмір деген осы екен бір білгенім. Ғайбаттасақ батармыз біз күнәға, Күрсінетін секілді күзгі қала. Дүрмегі көп дүрбелең дүниеде, Жаным менің іздейді Сізді ғана... Сағынышым сағымға ілескен күн... Күзгі әуендер І Қаздар қайтып барады түстігіне, Өлеңіммен саз қостым құс тіліне. Сары күзде сарғайтқан жапырақты Мендік жалқы жүректің ыстығы де, Қаздар қайтып барады түстігіне... Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі, Жабырқаған жанымды жарлы етеді. Саздар ұшқан айдыннан қаздар ұшса, Оның-дағы сағынар бар мекені, Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі... Қара таппай тұратын ұрынарға, Бұл тағдырдың беймәлім сыры бар ма? Көз алдымда көлбеңдеп тұрып алма, Бақыт деген сыймайды алақанға, Уақыт деген ұқсайды зымыранға. ...Тәңіртауға қарасам күнес көрдім, Етегінде шалғынмен бір өскенмін. Қайтқан қаздың барады қанатында Сағынышым сағымға ілескен күн. Тәңіртауға қарасам күнес көрдім... ІІ Осы күздің боларын Өткенде білдім, Көктемде білдім, жан құрбым. Мен онда көкбелде тұрдым, Өткелде тұрдым, Жазуы шығар тағдырдың... Мен онда Бұлақтың көзінен жыр оқып, Тау етегіне гүл ектім. Күмбір көңілдің күйін түлетіп, Қалауы шығар жүректің. Жасылым көшсе – ішім бос, Қырларым қайда гүлдеген? Көктемнің сырын түсінбес – Күздің боларын білмеген... ІІІ Күзім менің, Сарғайған сағымдардың ізінде мұң. Сабағынан жапырақ үзілгенін, Тырналардың мен көрдім тізілгенін. ...Күзім менің! Сенбі күні, Тағдырым өзі айтады ендігіні, Жанымның күй тартады шерлі мұңы. Қараша, желтоқсанның желді күні... Төбемдегі Ай, Қарайлай қоймайтындай төмен қарай. Өзекті жарып шыққан өлеңде арай, Білмеймін келем қалай? Далада күз, Біздерден де бір күні қалады аңыз. Сағынышқа айналар самаламыз, Сенен жақын жанына таба ма қыз - Сары ала күз?.. Бағым бар Тау-тасым, орман, көлім бар, Тектілік тұнған төрім бар, Самғаймын десем көгім бар, Шығамын десем өрім бар Десем де, ... іште дертіммен, Сарынға сарсаң толы үн бар... Жалынды бойда жастық бар, Жастықпен бірге мастық бар. Адалға жақтас жасаумен Аңдаусыз мені аш қыпты ар. Тебіренген тұла бойымда, Тексізге деген қастық бар. Жақсыға созар қолым бар, Қай жерден болсын орын бар, Арысты қуған жолым бар, Бабадан қалған сол үн бар. Десем де, ... сортаң тірлікте, Маңдайға жазған сорым бар... Жанайқай салған жаным бар, Кезім бұл менің жалындар. Айтатын жанға зарым бар, Қиқуға мәңгі салыңдар, Осылай тірлік кештірер Баянды күнде басыма Өлең боп қонған бағым бар! Қыз бұрымы Жырымнан ізде даралық, Көктегі күн боп көрінген. Қыз бұрымындай таранып, Қыз бұрымындай өрілген. Сезімім менің ол ыстық, Сыңғыры аумас шолпыдан. Қыз бұрымындай толықсып, Қыз бұрымындай толқыған. Жырымның жанса жанары, Жан дүниемнің әлемі. Қыз бұрымындай салалы, Қыз бұрымындай әдемі. Күндер де зулап барады, Көктегі күндей көңілім. Үйлесім тапса жарады – Қыз бұрымындай өмірім! Таңын сыйлар тағдырым... Шарасына шуағы толған Ай, күн, Қуанышым бола біл, болма қайғым! Аясында Аспантау аяулы әнім, Алыстады қыр асып жорғалай күн. Құстар ертіп таң ұзақ құба белден, Дүбіріме сабылып бұлақ ерген. Маңдайыма тағдырдың жазғаны бар, Жаны жырға ғашық боп туа келген. Шуаққа орап жанымды жырға ғашық, Қайран күндер барады қырдан асып. Толқындарым толқитын кезді күттім – Тамып түсер тамызда жылғаға шық... Жырларымның көзінен арай көрем, Таңын сыйлар тағдырым талай берен. Өмір жайлы... Бір өлең бастап қойып, Аяқтағым келмей жүр қалайда мен...

591 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы