• Әдебиет әлемі
  • 26 Наурыз, 2012

«Сыр – қазақтың анасы болса, мұнда қазақша сөйлемейтін ешкім жоқ»

Қызылорда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы   Руслан Рүстемов Қазіргі уақытта мемлекеттік тіл саясатын дамытуға зор көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Осы орайда, республикада алғашқы болып мемлекеттік ұйымдарда іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіргеніне 10 жыл толып отырған Сыр өңірінде мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру барысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Қызылорда облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы Рүстемов Руслан Рүстемұлымен сұхбаттасқан едік. – Руслан Рүстемұлы, қазіргі уақытта рухани өміріміздің маңызды мәселелерінің біріне айналып отырған қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту, одан әрі жетілдіру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Әңгімемізді аймақтағы тілдік ахуалдан бастасақ. Облыстағы қазақ тілінің үлес салмағы қандай деңгейде? – «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» дейді Бауыржан Момышұлы. Тек бүгініміз үшін ғана емес, ұлтымыздың болашағы үшін де тіліміздің толыққанды өмір сүруі қажет. Жыл сайын мемлекеттік тілге деген көзқарас жақсарып, оның қолданыс аясын кеңейту, тұғырын биіктету мақсатында Елбасы, Үкімет, сондай-ақ жергілікті органдар тарапынан көптеген игілікті істер атқарылып келеді. Облыстағы тілдік ахуал уақыт өткен сайын жақсара түсуде. Қызылорда облысы әкімиятының «Қызылорда облысындағы мемлекеттік ұйымдарда іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы» 2001 жылғы 13 қыркүйектегі №68 қаулысына сәйкес облыстың барлық мемлекеттік органдары іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде. Айта кету керек, мұндай маңызды қаулыны кезінде республикамызда бірінші рет біздің облыс қабылдаған болатын. Бүгінде облыстың барлық ресми іс-шаралары мемлекеттік тілде жүргізіліп, қызметтік қолданыстағы құжаттар, баяндамалар қазақ тілінде жазылуда. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ақпараттық-насихат жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Осының нәтижесінде облыстағы меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерде мемлекеттік тіл саясаты бұрыштары, бірқатар мекемелерде «Қазақ тілі» кабинеттері жасақталды. Барлық басқармалардан ай сайын кіріс-шығыс құжат айналымы жөнінде мәлімет алып отырмыз. Сол мәліметтердің негізінде басқармалардың рейтингілік көрсеткіші шығарылады. 2011 жыл қорытындысы бойынша облыс әкімдігі бойынша шығыс құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 100 пайызды құраса, ол көрсеткіш облыстық басқармаларда 99 пайызға, ал республикалық басқармаларда 98 пайызға жетті. Құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жағынан облысымыз республика бойынша алдыңғы қатарда. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитеті тарапынан 2011 жылдың 13-16 маусым аралығында «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының Қызылорда облысында орындалу барысына тексеру жүргізілді. Тексеруге облыстық әкімдікке қарасты 20 басқарма, облыстық, қалалық мәслихат, Сырдария, Жаңақорған аудандарының және Қызылорда қаласы әкімі аппараттары қамтылды. Тексеру нәтижесімен Қызылорда облысының әкімдігі және оған қарасты мекемелер ең жоғарғы көрсеткішке ие болып, тәуекел дәрежесінің болмашы тобына жатқызылды. – Елбасымыз жыл сайынғы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тілге айрықша маңыз беріп келеді. Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз? – Тіліміздің мәртебесін көтеру бағытындағы игілікті істер Елбасының сарабдал саясатымен жүзеге асып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауы мемлекеттік тілдің әрбір қазақстандық үшін аса маңыздылығын танытып, мәртебесін нығайтты. Елбасының «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кем дегенде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» дегенінің өзі мемлекеттік тіл тұғырының нық екендігін аңғартады. Осы орайда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2009 жылғы 23 қарашадағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы тапсырмасына сәйкес облыс көлемінде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап фирмалық бланкілерге тек мемлекеттік тілдегі құжаттардың жазылуы қамтамасыз етілуде. Басқарманың негізгі құзыретінің бірі – облыс көлемінде тіл туралы заңнамалардың сақталуын қадағалап отыру. Осы мақсатта 2011 жылы прокуратура органдарымен бірлесе отырып 3, басқарма тарапынан 43, яғни 25 республикалық, 18 жергілікті мемлекеттік мекемелер тексерілді. Мемлекеттік мекемелердің барлығы да «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарын қолдану саласындағы тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлеріне» сәйкес – тәуекел дәрежесінің болмашы тобы деңгейі болып табылып, бес жылда бір рет тексерілетін объектілер қатарына жатқызылды. Облыс бойынша 291 жалпы білім беретін мектептің 259-ы қазақ мектебі. Ондағы оқитын оқушылардың 99,8 пайызы қазақ балалары. Бүгінде облыс бойынша барлығы 207 өзге ұлт балалары қазақ мектептерінде оқиды. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда көптеген көпшілік-мәдени іс-шаралар, семинар, дөңгелек үстел отырыстарын ұйымдастыру, түрлі облыстық байқаулар өткізудің маңызы зор. Атап айтқанда, балабақшадан бастап мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен оны дамыту мақсатында «Тіл болашағы – балабақшадан» балалар фестивалі, қазақ жастарын өз халқының тарихы мен мәдениетіне, тілі мен салт-дәстүріне бейімдеу, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында 16 сәуір күні Баян сұлу күніне орай аудандар мен жоғары және арнайы орта оқу орындарының 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың қатысуымен «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» атты облыстық байқау, ұлттық салт-дәстүрді, қазақы тәрбиені бойына сіңірген, балалары қазақ мектептерінде оқитын өнерлі, өнегелі, ұлтын, елін сүйетін ұрпақ тәрбиелейтін отбасыларға қолдау көрсету, олардың үлгісін дәріптеу, насихаттау мақсатында «Отбасы – алтын діңгек» атты байқау ұйымдастырылды. Сонымен қатар Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын мерекелеу барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып өткім келіп отыр. «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» – 20 жұлдызды күні» шеңберінде 14 желтоқсан «Мемлекеттік тіл» күнін атап өтуге орай 7-14 желтоқсан аралығында апталық жарияланып, облыс әкімдігінің іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шара жоспары қалалық, аудандық әкімдіктерге, облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттерге, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына жолданды. Тіл апталығы 7 желтоқсан күні тілдерді оқытудың өңірлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тілді оқытудағы инновациялық басымдықтар» атты семинармен ашылды. 14 желтоқсан «Мемлекеттік тіл» күніне орай ел бірлігінің факторы және Тәуелсіздіктің символы ретіндегі мемлекеттік тілдің маңызын арттыру мақсатында басқарма жанындағы «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығында» ашық есік күні өткізілді. Ашық есік күнінде «Шешендік өнер» үйірмесі өз жұмысын бастады. Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес сөйлеу мәдениетін жетілдіру, жастарды сөз өнерін білуге баулу- үйірменің негізгі мақсаттары болып табылады. Тіл апталығы аясында қала, аудан орталықтарында, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында түрлі іс-шаралар өткізілді. Қазақстандық патриотизмді нығайту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру мақсатында «Тілі бірдің- тілегі бір» атты облыстық жастар форумы ұйымдастырылды. Тіл апталығы 14 желтоқсан күні «Тіл үздіктері – тәуелсіздікке тарту» атты салтанатты шарамен қорытындыланды. Республикалық деңгейде өткен байқауларда біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтар болсақ, ақиық ақын М. Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Поэзия, менімен егіз бе едің?» тақырыбында өткен республикалық жазба ақындар байқауында жас ақын Н. Бердіқожа бас жүлдені жеңіп алса, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Кәнеки, тілім, сөйлеші» атты республикалық шешендік өнер байқауында жас жыршы-термеші М. Сүгірбаев жүлделі І орынды, баспасөз, теледидар және радио күні мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты республикалық байқау қорытындысымен жергілікті «Сета» радиосының тілшісі Г. Бисен радио бағдарламаларының арасында «Үздік журналист» номинациясы бойынша ІІІ орынды, «Мемлекеттік тілді білу - парызың» атты олимпиададан орыс ұлтының өкілі Е. Рыбина ІІ орынды иеленді. Жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру және сөз құдіретін терең түсіне білуіне бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалды телеойыны мен жаңадан «Тіл - таным» телехабары жергілікті «Қазақстан-Қызылорда» облыстық телеарнасы арқылы жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Осы телеарнадан мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында «Тәрбие басы – тіл», «Көрнекі ақпарат және заң» атты бейнероликтер көрсетілді. Қызылорда қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасы арқылы қазақ тілін үйренуге ынта білдірген өзге этнос өкілдері мен қазақ тілін білмейтін басқа да азаматтар үшін «Қазақ тілін үйренейік!» атты телесабақтар айына 2 рет көрсетілуде. 2011 жылы «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» арқылы 216 мемлекеттік қызметші тереңдетілген деңгейі бойынша, ал 96 этностық топ өкілдері мемлекеттік тілді оқыту курсынан өтті. – Қазіргі жастар атыс-шабысқа құрылған компьютер ойындарына әуес. «Жаһандану, ақпараттандыру заманы» деп жатамыз, бірақ бұл ертеңгі күні ұлттық құндылықтарымыздың біртіндеп жойылуына әкеліп соқпай ма? – Мемлекет басшысының «Баланың тілі қазақша шықпаса, ата-анасы туған кезде оның тілін қазақ тілінде бастатпаса, оны үйрету оңайға соқпайды. Қазақтың домбырасының үнін түсіну, қазақтың мінезін ұғынып, жан дүниесін зерделей алу үшін де ең алдымен қазақ болып өсу, қазақ тілін бала жастан меңгеруі қажет» деген еді. Әрине, өскелең ұрпаққа тіліміздің қаншалықты қымбат та қасиетті екенін аңғартуымыз керек. Ол үшін балаға ең бірінші үлкендер, сосын ата-аналар үлгі болуы тиіс. Ал, баланың жастайынан ана тілінде сөйлеуіне ата-ана жауапты. Ана тілін өрістету үшін алдымен ата-аналарымыз өз ана тілін жетік білулері керек. Отбасында қазақша, яғни ана тілінде сөйлеу – бала үшін өте маңызды. Ата-ана бізді дүниеге әкелсе, ұстаз өмірге көзқарасымызды қалыптастырды. Мектептің бастауыш сатысында тіл үйренуді тиянақты жалғастырып, оның қаншалықты маңызды екендігін ұғындыратын болсақ, баланың санасында тілге, елге және ұлтқа деген құрмет, сүйіспеншілік қалыптасады. Есейгенде де жадында осы ұғымдар сақталып, олардың қадір-қасиетін кез-келген ортаға таныта алатын болады. Әрбір қазақ баласын қазақ мектебіне беретін болса, дүниеге келген кезінен бастап құлағына ана тілінде білім нәрін, ата-бабадан жеткен асыл сөзді құятын болса, ондай бала тіл жанашыры болып өседі. Қазақ тілінде телерадиотаратудың үлесін ұлғайту мен мемлекеттік тілдегі интернет-сайттарды дамыту – жастардың қазақ тіліне деген көзқарасын жақсартып, отаншылдыққа бастайтыны сөзсіз. Ұлттық болмыс бала бойына екі нәрседен тарайды. Бірі – ананың ақ сүті болса, ал екіншісі – ананың тілі. Ал, ұлттық тәрбие болған жерде ұлттық құндылықтар ешқашан жойылмақ емес. Бүгінде бір қуантарлық жағдай – балаларымыз имандылыққа көптеп бет бұруда. Яғни, бұл ана тіліміздің өсіп-өркендеуіне жас ұрпаққа сенім артуға болады деген сөз. – Көпшіліктің қызығушылығын туғызатын саланың бірі – ономастика. Бір уақыттары осы салада бір-бірінен қалмаушылық, бәсекелестік пікірдегі ұсыныстар көбейіп кеткені рас. Қазіргі уақытта бұл мәселе қандай деңгейде? – Ономастика мәселесі қазіргі таңда үлкен саяси-идеологиялық мәнге ие болып отыр. Ол – халқымызды ұлтжандылық рухқа тәрбиелейтін, рухани, мәдени маңызы зор факторлардың бірінен саналады. Бүгінде ономастикалық кеңістіктегі атаулар жүйесі – жерімізді әр заманда мекен еткен халықтар мен ұлыстардың, түптеп келгенде, өз жұртымыздың сан ғасырлар бойы жасалған ұжымдық ой-санасының жемісі, ортақ мәдени, рухани туындысы. Сондықтан ономастика мәселесі қазіргі таңда тек тілдің аясымен шектелмей, саяси, әлеуметтік, тарихи маңызы зор салаға айналып отыр. Ономастикалық жұмыстардың бүгінгі қағидаты – тәуелсіз мемлекетіміздің сипатын беретін, ұлттық тарихымызды айшықтайтын атаулар арқылы ұлттық ономастикалық кеңістік қалыптастыру. Қызылорда облысы қазақтың нағыз қайнаған ортасы болғандықтан облысымыздағы елді мекен, жер-су, өзен-көл, тау-тас атаулары тарихи қалпын сақтаған. Тарихи атауларды сақтай отырып, елімізге еңбегі сіңген тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің аттары да еленбей қалып отырған жоқ. 2008 жылы өткен ономастикалық комиссия отырысында қолдау тапқан 7 құжат, 2010 жылы 9 құжат Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынылды. 2010 жыл ішінде облыс бойынша 124 көшеге атау берілсе, 106 көшенің аты қайта аталған. Басқарма «Электрондық үкімет» бағдарламасы шеңберінде «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне байланысты бірқатар жұмыстар жүргізді. 2011 жылғы 5 мамырда «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі мен «Жылжымайтын мүлік» мемлекеттік деректер қорындағы мәліметтерді салыстыру және ресми құжатқа сәйкестендіру мақсатында аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдерінің, тиісті басқарма, бөлім басшыларының қатысуымен селекторлық режимде облыстық семинар-кеңес өткізілді. Бұл бағытта жергілікті әкімдіктер және тиісті бөлімдермен тығыз жұмыстар жүргізілді. 2011 жылғы 8 шілдеде облыстық ономастикалық комиссия мәжілісі өткізіліп, онда «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіндегі негіздемесі жоқ бірқатар әкімшілік-аумақтық бірліктер атауларының тізбесін бекіту жөнінде мәселе қаралды. Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді сараптай келе, облыстық ономастикалық комиссия мәжілісінің қаулысымен 71 әкімшілік-аумақтық бірліктер, қалалық аудандық ономастикалық комиссиялармен 2405 геонимдер атауларының тізбесі бекітілді. Бекітілген әкімшілік-аумақтық бірліктер мен геонимдер атауларының тізбесіне сәйкес «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне тиісті мәліметтер енгізілді. Атқарылған жұмыстардың қорытындысымен облысымыз республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Қызылорда облысының тәжірибесін басқа облыстарға үлгі ретінде таратты. – Ата Заңымызда еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесі айқындалып көрсетілді. Бүгінде мемлекеттік тілге лайықты құрмет көрсетіліп отыр ма? – Әрине көрсетіліп отыр. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Ата Заңымыздың 7- бабында қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі деп көрсетілген. Мемлекеттің Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны да осы бапта айқындалған. Сондай-ақ, 19-баппен әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы барлығы бекітілген. Осылардың нәтижесінде мемлекетімізде жүргізіліп келе жатқан тіл саясаты қазақстандықтардың басым көпшілігі ғана емес, әртүрлі ұлттар мен халықаралық қауымдастық тарапынан да кең қолдауға ие. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілдің болашағына күмәнмен қарап, оны оқып – үйренуге ынта-ықылас танытпағаны жасырын емес. Бүгінгі күнде сол сенімсіздік толық сейілді деп айта аласыз ба? – Бүгінде қазақ елін мекен еткен әрбір этнос өкілдерінің конституциялық құқықтары заң аясында қорғалған. Олардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне, өздерінің салт-дәстүрлері мен тілін сақтай отырып, оны дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалып келеді. Осы күнге дейін олардың ешбіріне мемлекеттік тілді білмегені үшін қысым жасалған емес. Олар тарапынан да Мемлекет басшысының тіл мәселесіндегі ұстанған саясатына терең түсіністік таныту үрдісі толық қалыптасып, жылдар өткен сайын мемлекеттік тілді меңгеруге шындап бет бұрып келеді. Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Республикасында «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда жүргізілген жұмыстар қорытындыланып, өткен онжылдықта қол жеткізген нәтиже алдағы онжылдықтың мақсат- міндеттерін айқындап берді. Былтырдан бастап осы бағдарламаның стратегиялық бағыт-бағдарлары айқындалып, бүгінде еліміздің барлық аймақтарында оны жүзеге асырудың нақты қадамдары жасалуда. Сыр өңірі – қазақтың тілін, ділін, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін және өнерін шұбарламаған, бұзбаған әрі оны айна қатесіз ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білген бірден-бір аймақ. Облыс аумағындағы өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету үшін барынша жағдай жасалынған. Сонымен қатар олардың өз ана тілдерін үйренулеріне, әдет-ғұрыптарын жаңғыртуына толық мүмкіндік бар. Осы мақсатта, басқарма Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының хатшылығымен тығыз байланыс орнатып, бірқатар жұмыстарды бірге атқарып келеді. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен арнайы қаржы қарастырылып, өзге этностық топ өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы жүйелі ұйымдастырылып келеді. Оған қатысқан өзге этнос өкілдері үшдеңгейлік (бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген) топтарда білім алуда. Облыста қазақ тілін меңгерген жастарға қолдау көрсету, тіл мәдениетінің деңгейін көтеру мақсатында этникалық топ өкілдері жастары арасында «Мемлекеттік тілді білу – парызың» атты облыстық олимпиада, «Тіл – халық жанын танудың кілті» «Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ...», «Тілім менің - тірлігімнің айғағы», «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Қазақшаңыз қалай?» байқаулары мен «Тілі бірдің - тілегі бір» атты байқаулар, кештер өткізу дәстүрге айналған. Мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, оның нағыз қолдаушысы, жанашыры ретінде өзін танытып жүрген өзге ұлттың жастары республикалық деңгейлердегі әр жылдардағы шараларда топ жарып жүр. Мысалы, «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ ...» атты республикалық байқаудан 2009 жылы шешен қызы Бицеева Тамара, 2011 жылы украин қызы Алита Бондаренко бас жүлдеге ие болса, 2010 жылы корей қызы Нам Любовь Александровна ІІІ орынды иеленді. Ал Бицеева Хабибат Маликсонқызы – 2009 жылы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты іс-қағаздарының жүргізілуі бойынша өткізілген республикалық байқаудың ІІІ орын иегері атанды. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Тілі бірдің – тілегі бір» атты мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының дәстүрлі республикалық форумдарында мектеп мұғалімі Ким Александр, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Евгений Ким, Қазалы ауданы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Светлана Крюгер сынды көптеген тағы да басқа белсенді жастар өздерінің нағыз патриот әрі қазақтың тілін қазақтан артық болмаса кем білмейтіндіктерін дәлелдеп жүр. Мен осы толқынның артынан еріп келе жатқан жастарды күнделікті өмірде көре отырып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мемлекеттік тілге деген сенімсіздік сейіліп қана қойған жоқ, қайта оны оқып-үйренуге ынта-ықыласы зор және қазақ тілінде еркін сөйлей алатындығын мақтаныш санайтын азаматтардың саны жыл өткен сайын артып келетіндігін байқаймыз. – Тіл мәселесін қозғағанда әр өңірде кездесетін жаңылтпаш жарнамалар мен тіл заңдылықтарына қайшы көрнекі ақпараттар есіңе түседі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? Қазіргі уақытта елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған бағдарламалар аясында жер-жерде кәсіпкерлік саласы ерекше қарқынмен алға басып келеді. Сіз айтып отырған жарнамалар мен көрнекі ақпараттар осы жеке кәсіпкерлік нысандарда көптеп кездеседі. Жалпы жарнама – нарықтық қарым-қатынастардың бір құрамдас бөлігі болумен қатар, қазіргі таңда қоғамымыздағы саяси, мәдени өмірдің маңыздысына айналып үлгірді. Себебі, жарнама қажетті ақпаратты берумен қатар, ол – сауда құралы және пайданың көзі. Жарнаманың қуатты құралға айналып кеткені соншалық, бүгінгі қоғамды онсыз көзге елестете алмайтын болдық. Алайда осы бағытта біздің ұлттық құндылықтарымыз өз дәрежесінде насихатталып жатыр деп айту қиын. Еліміздегі әр қалада кездесетіндей біздің қаланың да орталық көшелерінде орналасқан бірқатар халыққа қызмет көрсететін жеке нысандардың немесе базар маңайындағы дүңгіршіктер мен дүкендердің сыртқы жазуларына назар салсаңыз, ондағы кейбір жарнамалар мен маңдайша жазулардың тіл заңнамасына қайшы екендігін байқайсыз. Олардың арасында стилистикалық, грамматикалық және логикалық қателіктерге бой алдырғандары да кездеседі. Бұнымен қоймай өзінікін ысырып, өзгенікін таңсық көруді әдетке айналдырған нысан иелері жарнаманы қолдануда қазақ тілін өгейсітіп, орыс және ағылшын тілдеріне басымдық беретіні де жасырын емес. Кәсібін дөңгелетіп, пайда тауып отырған сол нысандардың басым бөлігінің иелері қаракөз қандастарымыз. Осындайда кейде «біздің қазақта намыс жоқ па?» деген ойға берілесіз. Көшедегі көрнекі ақпараттардың, яғни маңдайша, жарнама, хабарландырулардың жазылуы тіл туралы заңнамаларға сәйкес болу үшін ең алдымен әрбір кәсіпкерлік нысанның иесі, мекеменің басшысы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарын білуі тиіс. «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағының 1-тармақшасында «Жеке кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті», – деп көрсетілген. Ал жоғарыда атап өткен тіл туралы заңының 21-бабының талабы бойынша – маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады-, деп көрсеткен. Сонымен қатар «Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс» - деген талаптар бар. Елбасы жыл сайын ел экономикасын еселеудің негізгі жолы – шағын және орта кәсіпті дамыту екендігін баса айтып келеді. Осы орайда ел Үкіметі аталған саланың жылдам дамуына қол жеткізу мақсатында түрлі әкімшілік кедергілер мен тексерулерге шектеу қойып отыр. Бірақ, бұл Қазақстан Республикасының Заң талаптарын орындамай, заңбұзушылыққа барсаң да өз кәсібіңді заңнан тыс жүргізуге болады дегенді білдірмейтіндігін түсінуіміз қажет. Жарнама – тұтынушыны өзіңе тартумен қатар, бір жағынан тіл білмейтін азаматтарға тілді үйрету құралы екендігіне мән бермейміз. Сонда біз болашақ жастарға, келер ұрпаққа жарымжан жарнамалар арқылы қандай тілді насихаттап келеміз? Бұл сұрақтардың жауабын қоғамдық пікір, тіл жанашырлары, жалпы жұртшылық тіпті ара-тұра журналистер қауымы да жергілікті атқарушы биліктен, соның ішінде тіл басқармасынан іздейді. Өкінішке қарай, басқарманың заң аясында кәсіпкерлік нысандардағы жарнама тілін реттеуге құқығы шектеулі. Жеке нысан иелеріне ешқандай шара көре алмайды. Нақтырақ айтар болсақ, шаруашылық субьектілеріне заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар беріп, міндеттеуге басқарманың құқы жоқ. Қолданыстағы заңда басқарманың бұл тұрғыдағы құзіреті айқындалмаған. Көп жағдайда жеке меншіктегі нысандарға заң талаптарын насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектелуге тура келеді. Осыны білген кейбір кәсіпкерлер тіл туралы заң талаптарын орындауға асығар емес. Осы орайда заң аясында жергілікті атқарушы органның, яғни уәкілетті орган – тіл басқармасының құзыреттілігін айқындау кезек күттірмейтін мәселе екендігін айтқым келеді. Жалпы осындай кедергі бар екен деп жеке субъектілердегі көрнекі ақпараттарды бақылаудан тыс қалдырып отырғанымыз жоқ. Басқарма тарапынан жыл сайын облыстық прокуратурамен бірлескен іс-шара жоспары бекітіліп, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бап талаптарын халыққа түсіндіру, насихаттау, көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды біріздендіру, оларды заң талабына сәйкестендіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Жергілікті телеарналардан «Қоғам және жарнама тілі» атты әлеуметтік бейнероликтер әзірленіп, жыл көлемінде жұртшылық назарына ұсынылуда. 2011 жылы басқарманың ұсынысымен облыстық «Сыр бойы» газетінде «Тіл бұзарға – тосқауыл!» атты айдар ашылып, онда Қызылорда қаласындағы маңдайша жазулары мен жарнамалары тіл заңнамаларына сәйкес келмейтін нысандардың суреттері тұрақты жарияланды. Айдардың мақсаты – нысандардың көрнекі ақпараттарын заң талаптарына сәйкестендіру, ондағы кемшіліктерді көрсете отырып, дұрыс нұсқасын ұсыну. Өткен жыл ішінде басқарма қызметкерлері Қызылорда қаласының орталығындағы 10 көшеде орналасқан 350 нысанға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде олардың 195-і өздерінің көрнекі ақпараттары мен маңдайша жазуларын заң талаптарына сәйкестендірді. Бұл жұмыстар Қызылорда қаласы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері арқылы да жергілікті жерлерде жалғасын тапты. Бөлімдердегі тіл саясатымен айналысатын мамандар 235 нысанға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың басым көпшілігі өз көрнекі ақпараттарын заң талабына сәйкестендірген. Облыс әкімдігінің 2008 жылғы арнайы қаулысына сәйкес, сыртқы (көрнекі) жарнамаларды (билбордтар) орналастыруға рұқсат беру құқығы Қызылорда облысының сәулет және қала құрылысы басқармасында. Осыған байланысты басқарманың ұсынысымен уәкілетті органның жарнаманы орналастыруға рұқсат беретін келісу парағына облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы енгізілген. Облыс аумағына орналастырылатын әлеуметтік және коммерциялық бағыттағы барлық жарнамалар (билбордтар) осы тиісті мекемелердің рұқсатынан кейін ғана әзірленіп, ілінетін реттілігі сақталып, бүгінде көше бойына орналастырылатын темір тұғырдағы жарнаманың тілдік ахуалы түгелдей заңға сәйкестендірілді. Бүгінгі таңда облыс аумағына орналастырылған жарнамалардың (билбордтардың) 99%-ы заң талабына сәйкес жазылған. Осылармен қоса биыл басқарма Қызылорда қаласының әкімдігімен бірлесіп Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптары бұзылуының алдын алу мақсатында «Қызылорда қаласының әкімі мен Қызылорда қаласы аумағында орналасқан жарнама агенттіктері басшыларының арасындағы бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы» үшжақты Меморандум қабылдады. Алдағы уақытта бұл тәжірибемізден де оң нәтиже шығады деген сенімдеміз. Сондай-ақ өткен жыл басында басқарма тарапынан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орай мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында лайықты жұмыстар атқарған ұжымдар мен кәсіпкерлік субъектілерін анықтап, оларды марапаттау мақсатында облыстық байқау жарияланған еді. Оның жеңімпаздары жоғарыда аталған «Тіл үздіктері-тәуелсіздікке тарту» атты салтанатты шарада марапатталды. Жалпы республикадағы өзге аймақтарға қарағанда Сыр өңірінің тіл мәселесіндегі жағдайы көш ілгері екендігі рас. Өйткені 96 пайыздан астам қазақ қоныстанған жерде солай болуын заңдылық деп қабылдау жөн болар еді. «Сыр – қазақтың анасы» болса, мұнда ана тіліне бас имейтін адам жоқ. – Соңғы сауал болсын, «Үркер» жас басылым. Сонда да Сыр өңіріндегі оқырмандар журналға ынтық көңілмен қарайтын секілді. Осы хақында не айтар едіңіз? – Бір сөзбен айтқанда, біз «Үркерді» күтіп отырамыз. Облыста жазылушылар саны көбейіп барады. «Үркер» – «Жұлдыздың» жолын жалғастырған әдеби-мәдени басылым. Оның болашағы алда дер едім. – Сізге көп рақмет! Тек жақсы күндерде жолығайық. Сұхбаттасқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елубай Әуезов Өзге этнос жастары арасында өткен «Тіл - халық жанын танудың кілті» атты қазақ тілі білгірлерінің облыстық байқауының жеңімпаздары

490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы