• Әдебиет әлемі
  • 26 Наурыз, 2012

Көңілдің құбылуы (әңгіме)

Эльмира Ерікқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы. «Ана жүрегі», «Шапағат» жинақтарының авторы. «Үркер-Үміт – 2010» байқауының бас жүлдегері. «Ақ терек пен көк терек, бізден сізге кім керек? Сайрап тұрған Ақжарқын керек» деп шуылдаған балалардың дауысы мектеп жақтан шыққан кезде, неге екені белгісіз Мадинаның көңілі аяқ астынан қатты құлазып кетті. «Айналайындар-ау, осы ойынды жиырма жыл бұрын мен де ойнағам, отыз жыл бұрын әпкем де ойнаған, ендігі мына балалардың шуылдағаны не?» – деді өз-өзіне күбірлеп. Күбірлеп осынша қиналмайтын да ма еді, осы ойынға қосарласа басқа ойындар ойналса. Сүйекке сіңіп, қанға тараған осы «Ақ терек пен көк теректің» ғасырдан ғасырға өтетіні дәл бүгін анық боп тұр. Десе де, басқа ойындарды арасында ауыстыра ойнайтын мезгілдің жеткені қашан. Әне, «Ақ терек пен көк терек, бізден сізге кім керек?..» деп шуылдаған балалардың дауыстары сан рет қайта естіліп жатыр. Болмыс-бітіміне біртүрлі күлкілі сезім кіріп алып қытықтап жатты ма, әлде түсініксіз қапалық жайлады ма, мүмкін, көз жанарына баратын жолдан адасып қалған моншақ жастары қысты ма, аяқ астынан дем жетпегендей болды. Не күлерін, не жыларын білмеген деген осы. Күлкі сезімнің құлы болмады. Жүрегі ауырып, көз жасына аздап ерік тиді. Алға ұмтылу, прогресс деген болмағаны ма, сонда? Мүмкін балдәурен балалықтың ауылына көңіл шіркін, бұған еш сездірмей барып қайтты ма? Ешнәрсеге түсінбеді. Алай-дүлей белгісіз сезім. Еріксіз күйзеліс басты болмысын. Бұл ойынды ойнамасын деп отырған жоқ. Бұдан басқа ойындарды неге ойнамасқа, неге үйренбеске. Қазақтың ұлт ойындарынан хабарсыз болса, неге ізденбеске. Іштей осы сөздер бірнеше қайталанды. Ойға оралған күйі ауладағы кішігірім бақшаны аралады. Мына бірі шабдалының ерте пісетін жазғы түрі ғой деймін. Қызыл-сары рең беріп қалыпты. Қолымен жайлап ұстап көрді, жұмсақ па екен дегендей. Қаттылау екен. Үзіп алғысы келмеді. Әне, бар жемісін төге салып, кеудесін кере қасқайып тұрған анау өрік ағашы көпжылдық екенін танытып тұр. Ағаш екеш ағаштардың да қартайғанда қауқары қашады екен-ау. Жуандаған діңгегі тілім-тілім боп жарылыпты. Әрі қарайғы тарамдалған бұталарынан соңғы жылдарда шыққан жас шыбықтары көпжылғы ағашқа дем беріп тұрғандай әдемі көрінеді. Төгілген өріктерге қарап, «ауылдың адамдары да қызық-ей, тосап жасап алса болады ғой» деді күбірлеп, ауылдың ас та төк берекелі күйінен бір сәт алшақтап. Әйтпесе, қарсы алдындағы шие де жемісін көтере алмай иіліп сәлем берген келіндей боп тұр. Шіркін, шелегіңді ал да, бұрқыратып тере бер. Оң жақ қапталындағы ұзындығы бес-алты метрдей он шақты арыққа егілген қызанақтың ішіне кіріп, екі-үшеуін нәзік қана жұлып алды. Қап, үйден табақ әкелгенде, арғы жағындағы кеңдеу арық үстіне пәлегі жайылған қиярдан да теріп алатын еді. Жаздың кереметтігі осы. «Жаздай бер, жаздай берсең жазбай бер»... деп келетін қазақтың баталы сөзі Алланың құлағына жеткен бе дерсің. Төгіліп жатқан берекеге жаны жадырап-ақ қалды. Жаздың өз аты өзінде екен ғой. Жазыласың, жадырайсың. Қолындағы екі-үш қызанағын осындай берекенің ішінде, анау кетпен тимеген қатты топырақтың үстінде отырып жегісі келді. Бірін қолымен сүртіп-сүртіп солай жеді де. Кенет, қолына тиген жемістерін көйлегіне сүртіп-сүртіп шапқылай жүгіріп жейтін балалығы есіне түсті. Жаңағы көңілін жабырқатқан «Ақ терек пен көк терегі» мынадай табиғат тұнығына тұншыққандай естен енді шыға бергенде, етегіне сүрткен жемісінен қайдағысы тағы есіне түсіп кетті... Қараша айының басы болатын. Күн батып, ымырт үйірілген кез. Үй іші өрістен қайтқан малдарды жайғастырып әуре. Қол ұстасқан екі кішкентай қыз сыртқы есік алдында жылап тұр. Үсті-басы, бет-аузы кір-қожалақ. Киген киімдері де жұпыны. Өздері тоңып, қалш-қалш етеді. Олардан көзін алмай біраз қарап қалған Мадина: «Ойпырмай ә, осындай заманның құлпырған шағында да осы сияқтылар болады екен-ау» деген оймен күбірлеп қастарына барды. – Сендер қайдан келдіңдер? Мұнда неғып тұрсыңдар?– деп сұраулатып тұрғанда үндемеген үлкені аяғын аяңдай есіктен аттап, кішкентайына «кіре бер» деп ымдады. Танымаған қыздарға таңдана қараған Мадина: – Есімдерің кім? – деді тағы да. – Менің атым – Айжан, ал мынау – Гүлмира. Біз мамамды іздеп жүрміз, – деді үлкені. – Мамаларың қайда кеткен еді? – Әкем ұра берген соң өзінің үйіне кетті. Қызылсай деген жердегі, – деп Айжан еңіреп жылап жіберді. Гүлмира да екі алақанымен бетін басып өксіп-өксіп алды. Біруақытта екі қолын бетінен түсіріп көйлегінің төменгі жағын ұстай алды. Сөйтсе етегі жыртық екен. Манадан бері жыртығын жасырып ұстап тұрған Гүлмира анасы есіне түскенде ұмытып кеткен екен ғой, сірә. Қайтсін енді. ¬¬– Өздерің қайда тұрасыңдар? – ¬Анау көлші ауылда, – деді кішісі тілі келіңкіремей. – Жастарың нешеде? – Менің жасым жетіде. Ал Гүлмира үш жаста. – Ау, қас қарайғанша ойнайтын бұлардың әңгімесі не ендігі. Дарбаза алдында не істеп тұрсыңдар? – деді қора жақтан малдарды жайғастырып келе жатқан апасы. «Білмеймін» дегенді иығын көтере аңдатқан Мадина апасына сұраулы көзбен қарады. Таныңқырамай қараған апасы: – Ау, кеш батқанда қайдан жүрсіңдер? –дегені мұң екен: – Апа, бізді Қызылсайға апарыңызшы, – деді жалынышты көзбен қараған Айжан жылап. – Қайда дейді?! – Қызылсайға, – Қызылсайға, – деді қайта-қайта. «Неге?» деген сұрақ қоюды жөн көрмеген апасы: – Айналайындар-ау, қараңғы түсіп қалды ғой, автобустар да тоқтап қалды, ертең апарамын, – деді. Беті-қолдарын жуып үйге алып кірді. Табақтағы нанға телміре қарағандарынан-ақ қарындарының әбден ашқандары байқалады. Үлкеннің аты үлкен. Қыздар әбден тамақтанып алғанша үн-түнсіз отырды. Тіпті қыздардың жүздеріне де қарамады. Онысы ыңғайсызданбай тамақтанып алсын дегені болар. Әлден уақыттан соң сөзге тартты. Өздерінен үлкен екі ағасы бар екен. Он екі жастағы Талғат ағасы мектепті тастап кетіпті, ал тоғыз жастағы Самат мектепке әлі бармапты. Өзінен кейін екі сіңлісі, бір інісі бар екен. Араққа салынған әкесі күнде үйінде айқай-шу шығарғанымен қоймай, мамасының басын кірпішпен ұрып жарып тыныпты. Есі кіресілі-шығасылы күйдегі мамасы қазір төркінінде екен. Алты бірдей бүлдіршіннің азапты күн арқалауы содан. – Қазір де әкем мас, үйде бақылып жатыл, – деп жылады Гүлмира, сұраулы-жауапты сөздердің мәнін түсінгендей. Осы балалардың үйінде қанша күн қонғаны есінде қалмапты. Күн мен түн деп оңай ғана айта салатын өмірдің өзіндік сырында қапалық пен қуаныштың арасы бір-ақ адымнан да жақын ба дейсің. Тіпті ғаламның өзі титімтей адамның құбылмалы көңіл-күйіне бағынышты ма дерсің. Әйтпегенде ше. Жанын жадыратқан бақ ішінен теріп алып, қолымен сүрте сала аузына салған қызанағын жартылай жеп үлгермей, қайдағы есіне түсіп, соңғы тістегенін әрең жұтып, қалғанын жерге тастай сала ма? Бір марқайып, бір мұңайған күйі екі қызанағын ұстап үйге кірді. Балаға деген ананың мейірімін қойсаңшы. Апасы түскі асты дайындап, столды жайнатып қойыпты. Үстелде бақшада өзі ойлаған тосаптардың түр-түрі. Майда-майда қызыл гүлдермен көмкерілген фарфор шәйнекке әдемілеп-ақ демдеген шәйға қажетінше сүт қатып ұсынған апасының шәйін аузына апарғаны сол «жаңағы балалардың тағдыры не болды екен» деген ой келді. Апасынан сұрауға дәл қазір дәті бармады. Осыншама көңіл салып дайындаған түскі ас үшін апасының еңбегін аялады, білем. Үн-түнсіз жұмсақ бауырсақты аузына салды. Аскөктің дәмі бұрқыраған бір кесе тұшпарасын да жеп алды. Бірақ жаңағы ойы сұрағын дайындап, аузына әкеле берді. Сұрады да. – Иә...! – деді күрсінген апасы жерге біраз қадала қарап. – Есіңнен шықпаған екен-ау, балам. Олардың көрші ауылдағы Ысқақ ағайдың балалары екенін білетін бе едің? – Иә. «Иә» деуін деді-ау, бірақ жүрегі біртүрлі шым-шымдап ауырғандай болды. Өйткені Ысқақ – ағайы еді, бастауыш сыныпта сабақ берген. Ағайдың неге сонша ішкілікке салынғанын бала көңіл тұрмақ, қазір де бажайлай алмайды. Апасының ойлана, асықпай салмақтай сөйлейтіні пайда берді. Әйтпесе сәт аралықта бөлініп кеткен ойдан сөзін естімей қалар еді. – Балалары тірідей жетім қалды ғой, анасы үйіне қайтып оралмады. Денсаулығының қаншалықты ауыр екенінен кейіннен хабарсыз қалдық. Кәрі анасы немерелерін бауырына басқансығанымен баласының күйі мен тіршілік тарлығы күйзелтіп, әбден діңкелеп өмірден өтті. Ысқақ та басын көтермеген қалпы арақтың құрбаны болды ғой. Балалардың тағдыры адам айтқысыз аяушылық күйде қалды, – деді ары қарай анығын тәтпіштеп айтып жатуды жөн көрмеген апасы терең күрсініп. Жиырма жылды артқа тастаса да сол бір күздің ызғары күні бойға бойын мұздатумен болды. Кешкі асқа шақырған ағасының үйіне қалай жеткенін де білмеді. Олар да барын дастарханға қойып, көңілді күтіп жатыр. Балалары «Рабыня Изаура» сериалын теледидардың ішіне кіріп кете жаздап көріп отыр. Аға-жеңгесінің көңіліне қараған Мадина күлкіні қолдан жасап, көңілін өтірік көтеріп әлек болды... Үйге келе сұлқ құлады. Алыс жол шаршатты ма, жоқ есіне алғыш ойы шаршатты ма, енді білді қатты шаршағанын. Ұшқыр ойы тағы да қайдағыларды есіне салмай тұрғанда ұйықтауды жөн санады... Таңертең ерте оянған Мадина сыртқа шығып, таза ауамен көкірегін кере тыныстады. Анадай жерде көкке оранған жоталар әртүрлі дала гүлдерінен бейне бір кілем төсеп қойғандай әдемі көрінеді екен. Тамыздың соңғы күндері көздің қарашығындай сақтаған бар сұлулығын келесі тоқсанға немесе күзге асырып жіберуге қимайтындай құшағына сыйдырып-ақ тұр. Бүгін жексенбі. Қалаға қайту керек. Ертең жұмыс. Қалада қашан да аш жүретіндей сезінетін апасы емін-еркін жеп-ішіп кетсін дегендей, тамаққа таң атысымен тағы кірісіп кетіпті. «Көмектесейін бе?» дейтін сөзінің жауабы қашан да дайын. Қалада қарбалас тіршіліктен әбден титықтап, қатты шаршайды дей ме, «сен демала бер, өзім» дейді ылғи. Ауасы таза ауылдың кеңдігінен бе, соншалықты табиғаттың сұлулығынан ба, ана атаулының баласына деген шексіз мейірімінен бе, ұшарға қанаттың ғана болмағанындай жеңіл сезініп, наздана бөлмелерді аралады. Жатын бөлмеде қабырғаға ілулі тұрған суретті неге екені бүгін бір ыждаһатпен қарады. Әдемі салынған сәйгүліктің жалын сипап-сипап қойды. «Өнер деген бір керемет қой» деді біраз сүйсіне қараған Мадина. Керекті заттың бәрі рет-ретімен қойылған қонақ бөлмедегі кітап сөресін қарай бастады. Қолына Бексұлтан Нұржекеұлының «Бейтаныс әйелдің құпиясын» алды. Кітаптың бірінші бетінде бүктелген бір парақ қағаз. Ашып оқыды. Тән Тапқырлық – әр ерге тән. Нәзіктік – әйелге тән. Батылдық – батырға тән. Зұлымдық – жауызға тән. Арамдық – күншілге тән. Адалдық – сүюге тән. Ойлылық – ақынға тән Даналық – ақылға тән. Ақыл айтар кезіңде Мың жасаған шалдай бол. Қатал болар мезгілде Шатырлаған жардай бол. Мейірім түсер мезгілде Ағарып атқан таңдай бол. Жауды бөгер кезіңде Көлденең жатқан ордай бол. Міне, керемет! Кімнің жазғаны жазылмапты. Екі шумақтың бөлек дүние екенін білдіргісі келген бе, «Тән» шумағының айналасын раушан гүлімен айналдыра сызыпты да, екінші шумақтың айналасына қызғалдақ гүлін салыпты. Шумақтардың мағынасына терең бойлағысы келді ме, біраз ойлана қарап отырды. Парақты қайта бүктеп, кітаптың соңына салды да, кітапты саусағымен желпілдете парақтады. Кенет орта тұсынан өте бере жүз сексен тоғызыншы беттегі «Құпия махаббат» әңгімесіне көзі түсті. «Күлдәрді көріп тұрып бұрылмауға Бекеннің дәті бармады: қанша дегенмен қыз күніндегі ғашығы ғой...» деп басталатын әңгіменің қызығына түсіп, бір деммен аяқтады. Мұны қатты қызықтырғаны: әке мен баланың кездесуі болды. Германияда әскерде жүрген баласының хатын Күлдәр «міне, балаңның хаты оқы». Бекен өзінің қай кезде орнынан тұрып кеткенін білмейді, хатқа қолын созып жатып: – Аты кім? – деді ақырын ғана. – Жексен». Неге екені осы жерін қайта-қайта оқыды. Тағы қайталап оқыған жері: «Алдындағы күнтізбеге қарап екінші мамыр мен сегізінші ақпанның арасын Бекен тез есептей қойды: тұп-тура екі жүз сексен бір күн, қазақ айтатын тоғыз ай, тоғыз күннің тап өзі». Тоғыз ай мен тоғыз күн екі жүз сексен бір күн бе екен? – деп ойланып қалды. Қайта санап шыққысы келіп еді, мына бір жері қайта тартты көздерін. «Ұсынған қолын өзіне тартып, Бекен Жексеннің самай түбінен зорлап иіскеді. Үйдегі ұлдың иісінен айнымайды екен. Тағдыр шіркіннің шебері-ай! Өз ұлының өгейлік қылып тұрғанына қайран қап, Бекен басын шайқады. Жексеннің өз ұлы екеніне енді-енді сене бастағандай». Дәл осы тұста еміренген әке көз алдына елестеп кетті. Жиырма жыл көрмеген, тіпті бірін-бірі білмейтін әкелі-балалының табысуына қызыға қарады. «Әке! Күтпеңіз, келе алмайтын болдым, үйленгелі жатырмын. Жексен». Бекен үш-төрт минөт үнсіз отырып қалды. Қуаныш па, таңданыс па, бойын қандай сезім билегенін өзі де білмейді, әйтеуір: «Әке дегеніңнен сенің, әке дегеніңнен!..» – деп ұзақ күбірледі. Ашық сырласар адамы жоқ, дұрыс түсінер деген ешкімге сенімі де жоқ, ішінен тынып, үн-түнсіз отырды да қойды. Күлдәр есіне түскен жоқ, көпке дейін көз алдында тек Жексен тұрды». «Мә – ә... саған қалай, ә?» деді Мадина кітапты тарс жауып. Қалған әңгімелерін қалаға барып оқимын дегендей. Тағы ойлады, Жексен осы жазып отырған адамның баласы емес пе екен-ей? – деп. Екіұшты сұрақты өз-өзіне қойып... Тура бір қолмен ұстап, көзбен көргендей етіп суреттеген. Мүмкін жазушының жазушылығы да сонда шығар. – Апа! – Ау, қалқам! – Мына кітапты мен алайын! – «Шы» шылауды да қосқысы келмеді еркін өскендігіне салынып. – Әрине аласың! – деді апасы қандай кітап екенін де сұрамай.. Асханадан буы бұрқыраған еттің иісі танауына келді. Сыртында майысып отырған келіншектің суреті бар қоңыр кітапты қол сөмкесіне салды да, апасының қасына барды. «Қой, өзім» дегеніне қарамай, июі қанған қамырды жейді. Бабымен піскен еттен кейін, екі шыны шәйін асығыстау ішті. Ендігі келетін көлікке үлгерсе, қалаға аса кешікпей жетіп алады. Мадина ақ сөмкесін иығына іліп, қайтуға дайындалды. Сау бол айтысып, салып берген ауылдың дәмін көтерді де, аялдамаға тартты. Аяғын теңселе басып келе жатқан кім екен? Ә, таныды. Құрман көкесі. Көп ішіпті-ау, құлап қалар ма екен, қайтер екен. Көп сөйлейтіні есіне түсіп, танымайтын адамдай өте шықпақшы еді, болмады. – Әй, сен, Мадинамысың? Қарашы өзін, амандасқысы да келмейді. Немене?! Қала көрдім, болды деймісің? Қалдарың қалай? – Жақсы. – Ал біздің жағдайымыз жаман. Тіпті мүшкіл. Өзгерген заманы құрысын мұндай. Әп-әдемі заманымыз нарықтық заманға айналды да қалды. Үйде жеуге нанымыз болмай қалады. Қант деген тәттіні айлап көрмейтін болдық. Өзің білесің, үйде шиеттей бала-шаға. Әй, бүйткен өмірі бар болсын. – Жоғарыға әрең көтерген қолын төмен қарай бір сілкіп, тәлтіректеп кете барды. Жүре осынша әңгімені тыңдап үлгерген құлақ та сорлы екен. Құлақтың естігендерін ми қорытпайды дегенді кім айтты. Көңілдің талқысы деген тағы бар. Естіген-көргеннің барлығын өзіне жақын тартатын жүрекке де обал. «Айтып тұрған сөзін қарашы» деді еріндері жыбырлап. Қалі мүшкіл-мыс! Басқасын айтпағанда бүгінгі ішкен арағының ақшасына кемі үш килограмм қант берер. Қантты айлап көрмейді-мыс!– деді не ыза буғанын, не ашу қысқанын біле алмай. Ойбай, бүгін не болған?! Әне, тәлтіректеген тағы біреу келеді. Қасындағысы кім екен? Осы аялдамаға айналмалы жол болса да өтіп кетер еді, олай емес, жол біреу ғана. Кім еді-ей. Атын ұмытыпты. Қасындағы тоғызыншы сыныпта оқитын Мақсатты жақындағанда таныды. – Саламатсыз ба? – Саламатпын! Көріп тұрсың ғой, саламатпын! – деді тесіле қарап. Қап үндемей өтіп кетсем болар екен. Әй, қайдам. Жаңағы көкесінің ұрысын тағы да естіп қалам ба деген. – Мадина, тыңда мені, – деді бұған төніп келіп. – Мен баймын! Менің байлығым бүкіл ауылда жоқ байлық. Қарындасым, шын сөзім! Сенбесең үйге барып көр. – Әке, қойсаңызшы?! Әке, қойыңыз енді, – деген ұлының сөзін баса-көктеп: – Әй, сені де! Мені қайда сүйрейсің, қарындасыма байлығымды көрсетем. – Болды ғой, енді, үйге жүріңіз, әке, – деп шырылдаған ұлына: – Өй, көксоққыр жетесіз, тоқтасаңшы, – деп жекіп қояды. – Өй, сен сөзімді тыңдамай кетіп барамысың!... – деп Мадинаны да біраз сыбап алды. «Мас адам, адам танымай өте шықса қайтер екен» деді Мадина жаңағы ызаға үстемелетіп ыза қосып. Жанына батқаны, ауыр тигені – Мақсаттың қалі еді. Жасөспірім әкесінің қылығына ұялып, жерге кіріп кетуге дайын тұрғаны түрінен анық аңғарылды. Шындығында нарық қысқан осындай уақытта ел ағасы дейтіндей көкелерінің әлсіздік танытуы жанына аяздай батты. Арақтың күшімен мына көкесін шіріген бай қылып, Құрман көкесін сіңірі шыққан кедейге айналдырған нарықтық заманға не дерсің? Кім тыңдайды сөзімді, кімге айтамын сырымды, – дейтін бейбақ-бейшараның күйіне түскен Мадина аялдамаға да жетті-ау, әйтеуір. Жаңағы көріністерден өн бойы ауыр тартты ма, сөмкесі жеңіл сияқты еді, қолы талып түсердей ауырды. Сағатына қарап еді, көліктің келетініне он бес минуттай уақыт бар екен. Аялдамада отыратын орындық болмағасын, қол сөмкесінен ақ парақ алып жерге салып, үстіне қолындағы зіл тартқан сөмкесін қойды. «От басы, ошақ қасы». Он төрт әріптен тұратын өте қысқа осы сөздің ішкі сүрлеуі – өмірдің негізгі болмысы. Отбасы не? Ошақ қасы ше? Отбасы – әрине үйдің тіреуішіне айналған әкеміз де, ошақ қасы – сол үйдің түтінін өшірмей тұратын анамыз. Ал енді «отбасыңыз аман ба, ошақ қасы тәуір ме?» дегенде, бала-шағасы шуылдаған жанұя мен сол балалардың бәрін де қиналмай өсіріп отырған шаңырақ иелері көз алдыңа келері анық. Демек, оттың басына, жанның ұясына айналып отырған әке рөлінің атқарар қызметі елеулі. Иә, шындығында солай. Әке үйдің тірегі деген сөз осыдан шығады. Ал енді сол тірек жаңағы айтқандай шірік тірек болса ше? Шіріген тірек шаңырақты көтеріп тұруға шамасы келмей, сынып кетуі хақ қой. «Әр отанға от түссе, өзі күйіп, өзі жанады» демекші, әлсіздіктен туындайтын ортаға түскен шаңырақтың азабынан сақтасын, Құдай. Ойланып кеткен Мадинаның көлігі де келді.

596 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы