• Әдебиет әлемі
  • 21 Ақпан, 2012

Алланың нұры

Асхат Өмірбай

Асхат Өмірбай 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылында  дүниеге   келген. 2004 жылы Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей мемелекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда  Алматы облысы, Қаратал аудандық «Қаратал» газетінде тілші  болып қызмет атқарды. Әңгіме, новеллалары облыстық, республикалық басылысымдарда жарық көрген. Журналистер одағының Алматы облыстық бөлімшесі тағайындаған Балғабек Қыдырбекұлы  атындағы сыйлықтың иегері. Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің (2009 жыл) жүлдегері. Проза жанры бойынша «Үркердің» екінші орын иегері.

 

... Қос жанарымнан ыстық жас ыршып түсті. Көз алдым тұманданып, сорғалай аққан кіршіксіз мөлдір тамшылар бетімді жуып, дымқыл тартқан. Жігіт болғаннан кейін шығар, өмірімде жайшылықпен жылап көрмеппін. Аспаннан құйғыта құйылған аппақ нұр бетімді жуып, көшеде әрі-бері өткен жүргіншілерден көз жасымды жасырып жатқандай. Жанарыма мөлдір тамшы құйылып, сыртқа аптыққан. Кенет дөңгелеген дүние мөлтең етті. Қарама-қарсы келе жатқан адамдарға қарауға дәтім бармады. Жаңбыр суы шайған асфальттің иісі жұпар аңқып, тыныс алуым жеңілдеп сала бергені. Ал, Алланың нұры әлі құйып тұр... Құлақты тұндырады. Сатыр-сұтыр... Тырс-тырс...тырс-тырс... Асфальтқа тигеп албырт тамшылар құлағымды осып жатқандай.

ІІ

    – О, Құдіретті, күшті Алла! Алғашқы баламыз, Асылым қызымыздың өмірін аман сақтап қалыңызшы! Сіздің қолыңыздан бәрі келеді ғой... Бір өзіңізге ғана сиынып, бір өзіңізден ғана жәрдем тіледім. Өзіңіздің ақ жолыңызға аяқ басқан пендеңізге көмектесіңізші! О, Алла! Бізді осы сынағыңыздан аман-есен өткізіңізші! – деп, перзентханаға қарай жаяу жүріп келе жатып, жалынып, жалбарындым. Осы сәтте мешітке барып, найб имамға құран оқытып, нәпіл намазға жығылғаным есіме түсті. «Адамның балалары мен дүние-мүлкі – Алланың сынағы» деген қасиетті кітап сөздерін күбірлеп келем. Жас жуған бетіме сана салқыны оралып, денем толқып кетті. Әлі есімде, алғашқы баламыз дүниеге келгенде бақытты әке атанғаным...

...Сол күні таңертең жұмыс бабымен шапқылап жүріп редакцияға келсем, тәжірибеден өтіп жүрген Самал есімді қыз:

– Әйеліңіз босанып жатыр екен, сізге перзентханаға келсін деп жатыр, –  деді. Әке болудың дәмін сезінбеген мен үшін бұл үн қату ойға шомдырған. Дереу перзентханаға беру керек деп шештім. Бас редактор Мәкен Өсербаевадан рұқсат сұрап, шопыр екеуіміз редакцияның ақ «Нива» көлігімен көшеде құйғытып келеміз. Әлдебіреу құлағыма «Асхат, сен әке болдың!» деп сыбырлайтындай. Кеудемде белгісіз толқу, бөгде сезім бар. Көлік екпінімен демде-ақ жеттіпіз. Аудандық перзентхананың үшінші қабатына көтерілгенше ентігіп, тынысым тарыла берді. Екі аяғым ондаған шақырымды жүгіріп, артқа тастағандай алға бастырмайтыны несі? Баспалдақты санап тауыса беріп, есіктен кіргенімде жарымның туысы – Бота апайды көрдім. Екі көзі қып-қызыл. Жылап отыр. Қуаныштан. Есікке қарай ентелеп келген маған сабырмен үн қатты:

– Әлі толғатып жатыр, толғағы таңертең басталыпты, – деп мән-жайға қанықтырды. Екеуміз бидай қамырланып қалардай уақыт бойы отырып, ана толғағының жеңіл болуын тіледік. Сәлден соң мейірбикенің бірі келіп:

– Біреу күтіп тұрса, қиын босанады. Сіздер бір айналып келіңіздер, – деді. Әйелімнің жанында болғым келсе де, жеңіл босануын тілеп, редакцияға қайтып оралдым.

 Түсте үйдің ауласына кіргенім сол еді, ұялы телефоным безілдей жөнелсін. Ар жағынан Бота апайдың қуанышты дауысы естіледі:

– Сүйінші! Айжан босанды, қыз туды!

– А-а, бауы берік болсын! Сүйіншіңізді беремін, –деп жатырмын көңілім алып-ұшып. Апыл-ғұпыл түскі асымды ішіп, перзентханаға қарай құстай ұштым. Алдымнан бейқам шыққан мейірбике әйелім мен балама әлі жолыға алмайтынымды айтты. Түк кейігем жоқ, кеудемді кернеген белгісіз қуаныш пен тосын сезім толқындары тербетіп, бақытқа кенелген жанның күйін кештім.

ІІІ

     Қолымда бір құшақ алқызыл гүл. Көңілім елең-алаң. Перзентхана дәлізінің терезесінен жердегі жұртты бақылаумен уақытымды өткізіп, екіұдай күйге түстім. Төмендегі бөгде үйлердің ауласындағы адамдардың қым-қуыт, күнделікті бейқам тіршілігі жоғарыдан қараған адамға қызық болып көрінеді екен. Бәлкім, Алла да бізді тап осылай бақылап тұрған шығар деген ой келген. Шығыстан шапағы шашыраған, толықсыған күннің нұры жанарымды осқылап, тайсақтата берді. Теңге күн төменіректе жайқала өсіп, қол бұлғаған жасыл желектің өнбойына жылулық сыйлап, мейірімін төге түскен. Тоты құстың қанатындай құлпырған гүлдер, құстардың сырлы әні өмір қызығының қызуын қоздырып жатқандай. Әр ауладағы өмір осы. Бәлкім, бақыттан басы айналған пақырдың көңіл-күйі дүниені көрікті етіп көрген болар.

     Қоңыр есік ашылған сәтте жалт бұрылып, назарым түп-түгел ақ желеңді дәрігерге ауды. Салмақты жүзімен маған бір қарап, өмірдің жылуын сыйлап жүрген жанарлары ойға шомған. Екеуіміз ұзынша келген орындыққа жайғастық. Мен дәрігердің жүзіне барлай қарап, айтайын деген хабарын тезірек білуге құмарттым.

        – Әйеліңіздің қыз туғанын естіген шығарсыз. Қазір жағдайы жақсы. Ал баланың жағдайы әлі ауыр.

        – Салмағы қанша? – дедім баламның өмір сүру мүмкіндігін аңғармақ болғандай.

       – Үш килограмдай. Бірақ әлі нақты ештеңе айта алмаймыз. Бәрі де болуы мүмкін...  Әйеліңіз қиын босанды. Бәрі жақсы болар деп үміттенеміз.

Мен үнсіз қалдым. Қуанышым су сепкендей басылған. Дәл сол сәтте ойымда сан түрлі ойлар қаумалады. Қолым төмен салбырап кеткен. Хабарын айтып, өз шаруасына кетпек болған дәрігерге гүлді ана болған әйеліме апарып беруін өтіндім. Жабылған есіктің лебі өмірге деген үміт-шырағданын сөндіріп кеткендей болды. Тек бір Алладан ғана үмітімді үзбедім.

ІV

Көңілім күн сайын алағыза берді. Дәрігердің үміттен гөрі күдігі басым сөздері санамды сансыратып, ешнәрсеге зауқым соқпады. Соңғы жылдары перзентханада бала өлімінің көбеюі елді алаңдатып, мені беймаза күйге түсірген. Дәрігерге күн сайын телефон шалып, сәбидің жағдайын біліп отырдық.

– Баланың жағдайы ауыр. Перзентханадан реанимацияға ауыстырдық. Кислородпен дем алып жатыр. Үш күн өмір сүрсе, әрі қарай жағдайы жақсарып кетер, – деді  дәрігер. «Дені сау адамға үш күн өмір сүру оңай-ау! Ауыр халде жатқан нәрестенің жағдайы жақсара ма?» деген ой басымның қауашағын шарлап жүрді. Күніне екі-үш рет перзентханаға барып, әйелім мен баламның жағдайын біліп тұрдым. Айына екі-үш рет қаралып жүрген әйелімнің ішіндегі баланың жағдайы жақсы деп қорытынды берген емхана дәрігерлері ешқандай күдік тудырмаған. «Әйеліңізге кесарь тілігін жасамай-ақ өзі туа алады» деген. Қазір жұбайымның көңілі алай-дүлей. Жарым иығыма басын төсеп, жылап жіберді.

– Бәрінің баласы сап-сау. Менің балам реанимацияда жатыр. Мен де баламды аймалап, емізгім келеді. Реанимацияға мені кіргізбейді, жағдайымды түсініп, маған жаны ашыған бір медсестра бүгін терезенің сыртынан көрсетті, –  деді.

– Жылама, баламыз әлі тәуір болып кетер. Бір Аллаға сиын,  – деп басу айтып жатырмын. Әйелім баламыздың көзі мен саусақтары маған ұқсайтынын айтып, көңілімді көтергісі келді. Әке атанып, балам ауыр халде жатқалы ертелі-кеш намазға жығылып, Аллаға сиына бастадым. Мешітке барып, садақа беріп, басымды сәждеге қойып нәпіл намаз оқыдым. Жаратқаннан тұңғыш баламызды аман қыла гөр деп жалбарындым. Нұрғалым молдаға Асылым қызымыздың аман қалуына көмегі тиер деп құран оқытып, көрші-қолаң, туған-туысқа құдайы тамақ бердік. Жаным қысылып, қиналғанда ғана Алланы көбірек еске алатыным үшін ұялдым... «Адамдардың он сегіз мың ғаламды жаратқан бір Алланы қиындыққа тап болғанда ғана іздейтіні несі? деп кейідім. Гинеколог дәрігерлердің: «Бала тұншығып қалған. Әйеліңіз қиын босанды. Барлығымыз жабылып жүріп дем салдық. Қолдан келгеннің бәрін жасадық» деп өздерін ақтауға тырысқаны ойыма оралды. Дәрігерлердің Гиппократ антына адалдығын ойлап, ақ желеңді абзал жандарды аса кінәлай қоймадым. Босанардың алдында, кешкісін әйелім: «Астымнан су ақты... Дәрігерлер: «Сен әлі босанбайсың» деп, укол салып, жатқызып қойды» деді. «Алғашқы рет босанып жатқан, тәжірибесі жоқ жұбайымның түнімен астынан суы ағып кетсе, дәрігерлер толғақ келтіретін дәрі екпей, дер кезінде босандырмаған соң бала тұншықпай қайтеді?» деген сауалдар ойымды мазалап, Гиппократ антын қабылдаған жандарға ренжідім. Не керек, әйелім ертеңінде түсте бір-ақ  босанды.

V

–  Үш күн өтті, бала енді тірі қалатын шығар, – деді редактор.

– Алла бұйыртса, –  дедім шынымен қызымның денсаулығы жақсаратынына сенім пайда болғандай. Терең күрсініп, терең тыныс алғанымды өзім де байқамай қалдым. Құлағымның түбіне әйелімнің: «Баланы Талдықорғанға апарғанда ғой, аман-сау болар еді. Бөпекке қатты алаңдаймын» деген сөздері санамды соққылап, жотамнан біреу қамшымен осып жібергендей күйге ендім. Әйелімнің ішін сипағанда қозғалатын іштегі баланы Бөпек деп еркелететінбіз. Расында, әу баста Талдықорғанда босандырамыз деп жоспарлап қойғанбыз. Әйелімнің аяғы ісіп кеткенін көрген гинеколог перзентханаға жатқызып қойды. Үш күннен кейін әйелім босанды. Талдықорғанға жете алмай, баланы ауыр халге жеткізгенімізге өкінгендей болдық. Жергілікті дәрігер әйелімді шілденің соңында босанады деген еді.

   Баламыздың жарық дүние есігін ашқанына бірнеше күн болған. Жансақтау бөлімінің дәрігер баланың әлі де бірқалыпты жағдайда жатқанын айтып, қолдан келгенше барлық жағдай жасап жатқанын алдыма жайып салды.  Баламыздан ешнәрсені аянып қалған жоқпыз, ауруханада жоқ сирек дәрілерді дәріханадан әпердік. Дәрігерлер балаға плазма құю үшін әйелімнен қолхат жаздырып алыпты. Біздің қолымыздан тек бір Аллаға сиынудан басқа амал жоқ еді. Күн сайын әйелім мен балама қажетті қиім-кешек, керекті заттарды апарып жүрдім. Үй мен перзентхананың ортасында шапқылап жүргенімде өзіме мән бермесем керек, сүлесоқ күйімді көрген әйелім: «Азып кетіпсің ғой» деді. Айнаға қарағанда жүзім суалып, шашым жалбырап өсіп кеткенін байқадым. Мен тек баламыздың аман қалуын ғана ойлаған едім.  

     Жеті  күн өтті. Таңертең жұмысқа жетісімен ауруханаға телефон соқтым. Дәрігерлер: «Баланың жағдайы ауыр, өздеріңізге бекем болыңыздар» деді. Әйелім: «Баланы бүгін сенің тегіңе тіркейміз, құжаттарың мен дәрі-дәрмек алып кел» деп еді, түске таман қайта ұялы телефонмен хабарласып, «құжат та, дәрі де керек емес» деді. Мен Алладан үмітімді үзбей, қызымыздың аман қалуын тіледім. Мешітке барып, Әбудардан имамға құран оқыттым. Түске таман әйелім телефон соғып, тезірек перзентханаға келуімді өтінді. Алып-ұшып перзентхана дәлізіне келсем, тірі жан көрінбеді. Біраздан соң әйелім есіктен шықты да, мені құшақтап солқылдап жылай берді.

     Мен Асылым қызымыздың фәни дүниемен қоштасқанын сездім. Түскі сағат он екі шамасында дүниеге келген балам тура жеті күн өмір сүріп, сол уақытта қайтыс болды. Әйелім екеуіміздің көзімізден жас парлады. Сәлден соң көздеріміз қызарып шыға келді. Екеуіміз терең күрсінген күйі орындыққа келіп отыра кеттік. Жарты сағат бұрын баланың жағдайын білуге келген шешемнің жүрегін айыртпайын деді ме, Айжан бәрі жақсы деп шығарып салыпты. Біраздан соң есімізді жиғанымен, қорқынышты түс көргендей болдық. Бұл түс өңіміз екеніне сене алмай тұр едік. Айжан басын иығыма сүйеп, солқылдап жылады.  

      –  Талдықорғанда босанғанда балам аман ма қалар еді? – деді өкініш білдіріп.

     –  Қайтесің, Алланың жазуы ғой, әйтпесе  жеті күн өмір сүрген қызымыз тірі қалар еді, –  дедім көңілін жұбатқан боп. Мен баламызды тоғыз ай көтеріп, толғақ азабын тартқан әйелімді аядым.

–  Ішімді жарып алса, балам тірі қалар еді, –  деді күрсініп.

– Алла баламызға өмір сыйламаса, облыс түгіл, республиканың перзенханасына тусаң да аман қалмас еді. Бәрі Алланың ісі ғой. Қайғырма. Басымыз әлі жас, бұйыртса тағы баламыз болады, – дедім. Есімізді жиып, туған-туысқа хабар бердік. Бәрі ботасынан айырылған бозінгендей аңырап сала берді.

Дәрігерлер екеуімізді оңаша шақырып, кеңесуге шақырды. «Бала қиын босанды. Біз аянып қалмадық, қолдан келгенше бәрін жасадық» деп ақталып жатыр. Менен елді шулатады деп қаймықты ма, бар кінәні әйеліме жаппақшы болды. Денсаулығында кінәрат бар, деді. Үнсіз отырып тыңдадық. Гинеколог кәріс әйелі Элла: «Бізге сенбесендер, баланы сойып, тексеріске жіберейік, онсыз бір реттік жәрдемақыны ала алмайсыздар» деді. Біз: «Бала онсыз да бір жеті қиналды, баланы сойғызбаймыз, ақшаның да, өзгенін де керегі жоқ, тек мүрдесін бүлдірмей берсеңіздер болды» дедік. Адам өмірініңіз жанында дүниенің мәні мен құны көк тиын екен. Олар әйелім екеуімізден дәрігерлерге еш кінә тақпайтынымыз жөнінде қолхат жаздырып алды.

Сыртқа шыққан соң әйеліме: «Бәрібір ештеңе дәлелдей алмаймыз. Сап-сау болған балаға басында бәлен-түген ауруы бар деп диагноз жаза салады. Балаға босқа обал жасап қайтеміз» дедім. Әйелім менімен келісті. Жүрегі езіліп, тоғыз ай көтерген баласын қимай, еміреніп тұрған еді. Біз рениматолог дәрігерге молдаға барып келгенше баланы жуындырып беруін өтіндік. Қолдан келер шара бар ма? Ішімнен дәрігерлердің де балалары бар ғой, біреудің обалына қалмайық, Алланың ісі шығар деп ойладым.

VІІ

  Реанимация бөліміне аяғымды асығыс басып келе жатыр едім, бір орыстың әйелі «Қайда барасың?» деп мені тоқтатпақшы болды. Мен тіл қата алмай, қамыққан күйі аяғымды ілгері басып  жүре бердім. Үшінші қабатқа шығып, есіктің алдына келіп, ентігімді басып тұр едім, тағы бір орыс әйелі реанимация бөліміне кіріп бара жатып, өз тілінде:

– Сіз кімге келдіңіз? –  деді.

         – Жұмановаға, – дедім сабырлы кейіппен. Баламыз туғанда солай жазылып еді, міне, бүгін менің тегіме жаздырамыз дегенде қапелімде айрылып қалдық. 

– О, Құдайым! – деп ыршып түскен орыс әйелі іштей сыйынғандай болды. Сірә, менің баламның қайтыс болғанын естіген болуы керек, тіл қата алмай ішке еніп кетті. Сәлден соң реаниматолог дәрігерге баланы орау үшін базардан алған ақ матаны бердім. «Қазір өлі баламның денесін қолыма қалай ұстаймын, қолым дірілдеп түсіріп алмаймын ба?» деп  іштей күрсініп, ойға шомып кетіппін. Дәрігер қызымды аққа орап, картон қорапқа салып берді. Баламның бойы өсіп қалған екен, аяғы шеті жыртылған қораптан шығып тұрды. Мен «биссмилла» деп, қолыма қызымның мүрдесін ұстап, төменге қарай түсе бердім. Бойымды әлдебір суық сезім аралап, жүрегім тоқтап қалғандай сүлесоқ келе жаттым. Шыға берісте, далада туған-туыстар үймелеп қалыпты. Бәрі көңіл айтып, жылап жатыр...

    Бір көлікке Сәкен әкем, Айдос қайнағам, Нұрғаным молда және қолыма Асылым қызымды ұстап мен міндім. Алғашқы баламызды әйелімнің шешесі жатқан жер – Көкпекті ауылының маңайындағы тас жолдың бойына, қорымдардың ішіне жерлемек болдық.

–  Алланың ісі ғой. Ештеңе етпейді, бастарың әлі жас, тағы да бала болар. Бұлар періште ғой. Ұшты, кетті. Кішкентай қыздар жұмақта хор қызы болады. О дүниеде ата-апасына шәй құйып береді екен, – деді Нұрғаным молда жұбатқан болып. Мен расында еш күнәсіз қызымды періштеге баладым. Кейін... Біз де бақилық болғанда алдымыздан күлімсіреп шығады деп үміттендім.

    Зуылдаған көлік Көкпекті ауылының арғы бетіндегі бейіттерге келіп жетті. Көліктен түсіп, көр қазу үшін қорапта жатқан қызымды бір төмпешіктің үстіне қойдым. Кезекпен жер қаза бастадық. Көп кешікпей қабір қазылып, қызымды қолыма ұстап, молдаға бергенде денем дірілдеп кетті. Қызымның жүзін көрейін деп едім, Нұрғаным молда: «Жерлейтін кезде қайтыс болған адамның жүзін көруге болмайды» деді. Мен қызымның жүзін перзенханада жатқанда көрмегеніме өкінсем де, көз алдымда бейнесі қолып қойса, жүрегім одан сайын езіле түсер деп ойладым. Қабірдің жақтауындағы үңгірге қызымды жатқызып, молда бетін ағаш, кірпішпен бітеп тастады. Шағын шұңқыр жарты сағат өтпей жабылды. Мен бұл жалған өмірде ең қымбат дүниемді жоғалтқанымды түсіндім.

     Қызымды жерлеп болған соң кешқұрым жауын жауа бастады. Әй-шәйға қарамай иір қамшылаған жауынның қаракемер ағыны көліктің терезесін тұмшалай берді. Әйеліме дәрі-дәрмек алмақ болып орталықтағы дәріхаға кірсем, іздегенім табылмады. Дереу көп қабатты үйде орналасқан дәріханаға жүгіре жөнелдім. Жерде жауыннан пайда болған көлшіктерден секіріп, ақ жауынға шомылып келем. Бетімді ыстық тамшылар соққылап, күйдіріп өтті. Жок, көз жасым екен! Сол күні жауын түнімен себелеп тұрды.

     Мал таптап кетпесін деп біраз күннен соң қызымыздың басына қоршау орнаттық. Өзім ораза ұстап жүріп, аптап ыстықта таңдайым қурап, әйеліммен бірге қоршауды сырладық. Ауызым кеуіп, алқына бастадым. Дәл сол күні аспан қара бұлтқа оранып, сіркіреп жауын жауды. Біз мұны Алланың нұрына баладық. Аспаннан құйылған нұрға алақанымызды тостық.

 

    

 

 

455 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы