• Әдебиет әлемі
  • 07 Ақпан, 2012

Жандос Ермағамбет: «Би – жүректің қалауы»

Қазақтың би өнері туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал бұл қазақ халқында биден қалған мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы биді қолға алған жөн» деген екен. Менің ойымша, осы өнерге талпынып жүрген жастардың бастамасы жақсы. Бұған дәлел АҚШ, Қытай, Жапония, Франция, Түркия  және т.б. елдерінің сахналарында өнер көрсетіп, ұлттық биімізді айшықты өрнегімен таңғалдырып жүрген таланттар. Солардың бірі Жандос Ермағамбеттен сұқбат алуды жөн көрдік.

–                    Жандос, бимен айналысуды калай бастадыңыз?

–                    Менің әкем Жезқазғанда оркестр құрамында домбыра тартқан, ал нағашы атам бірнеше музыкалық аспаптарда ойнап, ән салатын. Менің өнерге жақын болуымның да себебі осы шығар. Мектепте оқып жүргенімде би билеуді ұнататынмын. Мектеп қабырғасындағы барлық мерекелік шараларға қатысып, одан әрі балаларға арналған би ансамблінде биледім. Кейінірек Жезқазғандағы «Шашу» халықтық ансамблінің жетекшісінің көзіне ілігіп, мені ансамбль құрамына шақырды. Қазір  «Кербез» шоу-балетінің құрамында өнер көрсетем, сондай-ақ би студияларында хореограф болып жұмыс істеймін. Арнайы хореографиялық мектепте оқымасам  да, міне, 15 жылға жуық өмірімді арнадым. Сондай-ақ көптеген шебер-кластарға қатысып, өз білімімді жетілдірдім. Биші үшін  диплом аса қажет деп ойламаймын. Өйткені біз байқауларға қатысу үшін кастингтен өтеміз, қағазға қарап емес, біздің өнер көрсетуімізге қарап алады. Кейбір кезде таңдау барысында: «Бәрі кәсіпкой бишілер ме?» деп сұрайды, сонда жетекшіміз араларында кәсіпкой емес бишілер де бар екендігін айтады. «Қайсысы?» – деп сұраса, «өзіңіз тауып көріңіз», – дейді. Сонда ешқайсысы мені көрсеткен емес, хореографиялық дипломы бар бишіні көрсетті.  Дегенмен өз білімімді жетілдіру мақсатымен шетелде өнер академиясында оқығым келеді.

Бүгінде бишілер де, би ансамбльдері де, би студиялары да жоқ емес, баршылық. Бірақ әлемге танымал бишілеріміз саусақпен санарлықтай. Елімізде  би өнері қаншалықты дамып жатыр?

– Меніңше, әлі күнге дейін мемлекетет тарапынан мәдениет, өнерге қолдау аз. Бұрын биші қыздарды 38 жаста, ер адамдарды 39 жаста зейнеткерлікке шығаратын. Қазір 58-60 шамасында шығатын болыпты. Сондай-ақ жалақылары да төмен. Нәтижесінде біздің жақсы бишілеріміз шетелге кетіп жатыр. Кетпес үшін талантты бишілерімізді мемлекет барлық жағынан қолдап,  қамтамасыз етіп отыруы керек деп ойлаймын.

Дегенмен біздің елдің би өнерінің мүмкіндігі мен өрісі өте зор әрі биік. Талантты жастар көп шығып жатыр. Осы уақытқа  дейін еліміз би саласында  көптеген жетістіктерге жеттік. Мәселен, біз былтыр «Гүлдер» ансамблімен бірге болып, Түркияның,  АҚШ-тың бірқатар қалаларында

Наурыз мейрамына арналған концертте өз өнерімізді көрсеттік. Этникалық-фольклорлық музыка жағынан «Ұлытау» тобы да қатысты.  Халық бізді жылы қарсы алып,  өнерімізге тамсанды. Америкалықтар қазақ халқының ұлт аспаптарынан тараған үнге зор зейінмен құлақ түрді. Біздің этникалық-фольклорлық музыкамызға тәнті болды.

– Хореограф міндетті түрде биші болу керек пе?

–                    Меніңше, әрбір биші хореограф бола алмайды. Бірақ әрбір хореографтың биші болуы міндетті. Көптеген танымал хореографтар кезінде биші болған.

–                    Бидің идеясы қалай пайда болады?

–                    Ең бірінші жақсы музыка керек. Музыканы тыңдай отырып, идея пайда болады. Бүкіл ойымды әсем қимыл арқылы көрерменге жеткізуді тырысамын. Би – жүректің қалауы. Би композициясы жақсылыққа, ізгілікке, әсемдікке құрылса деп тырысамын.

–                    Қай стильде билегенді ұнатасыз?

–                    Модерн – қазіргі заман, латын, джаз билерін билегенді ұнатамын.

–                    Еліміздің мәдени шараларына қатысып тұратын шығарсыз?

–                    Әлбетте, орталық алаңдарда ұйымдастырылатын мерекелік шараларға қатысамыз. VII Қысқы Азия ойындарының салтанатты кешінде өнер көрсеттік. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен менің  оқушыларым  «Жастар нашақорлыққа қарсы» атты акцияға қатысты.  «Кербез» шоу-балетімен  «Екі жұлдыз», «Кеш жарық», «Мәссаған» және т.б. тележобаларымен бірге жұмыс істедік.  Сондай-ақ еліміздің танымал әншілері: Шахизада, Айгүл Иманбаева, Жеңіс Сейдолла, Бейбіт Қорған, Әлішер Кәрімов, Бақыт Шадаевамен хореограф ретінде жұмыс істеп және үлкен сахналарда бірге өнер көрсеттік. Ресейдің танымал әншілерінің музыкалық клиптерінде би биледім. Жалпы, жақсылықтан қалмауға тырысамыз.

–                    Үйлі-барандысыз ба?

–                    Әлі үлгергенім жоқ. Қазақтың үлгілі отбасыларының бірі болу – арманым.

–                    «Үркер» журналын оқисыз ба?

–  Шынымды айтсам, естігенмін. Енді осыдан бастап оқимын. Менің азғантай еңбегімді елеп, кейіпкер ғып отырсыздар. Осы ықыластарыңызға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Журналдарыңыз бір оқырманға көбейді деп ойлаңыздар.

–                    Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге тек табыс тілеймін!

Сұқбаттасқан Жұлдыз Рысмаханова

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы