• Әдебиет әлемі
  • 07 Ақпан, 2012

Құс жолы

Әсел Бисенбаева

Алматы қаласында дүниеге келген. Қаладағы №138 гуманитарлық өнер гимназиясын бітірген. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің ІІ курс студенті

Құс жолын қашан көргенім есімде жоқ, өте сирек. Ал ол туралы аңыздарды алғаш рет антикалық әдебиеттен оқыдым, көне грек аңыздарын, оның ішінде Геракл туралы аңыздарда табиғаттың осы бір таңғажайып құбылысы жайлы көп айтылатын. Соның бірінде найзағай құдайы Зевс ашуланған күні жұбайы Гераның қолынан емізулі баласын (Геркулес) жұлып алғанда, сүті аспанға төгілген екен дейді. Ал екінші аңызда Гера қолындағы баланың Зевстің некесіз туған баласы екенін білгеннен кейін, итеріп жібергенде, ана сүті аспанда  Құс жолына айналған дейді. Шынында да, аспандағы Құс жолы төгілген сүтті немесе тұманды еске салады. Бірақ оны телескоппен анықтап көретін болса, оның әлсіз жұлдыздардан құралғанын байқауға болады екен. Сол әлсіз жарық біздің көзімізге Құс жолының ұп-ұзын сызығы сияқты көрінеді.

Құс жолы туралы аңызды ғашықтардың өмірімен де байланыстыратын аңыздар көп.  Күздің басында аспаннан бір керемет жарық жұлдызды байқауға болады, ол – «Тігінші жұлдызы». Оның шығысына қарай, солтүстіктен оңтүстік жаққа тартылып, Құс жолының аппақ жолағы жатыр, оны Күміс өзені немесе Аспан өзені деп атайды. Одан оңтүстік-шығысқа қарай үш жұлдыздың қатарын көруге болады, ортасындағысы тым жарық. Ол – «Бақташы жұлдызы» немесе Алтаир. Ал сіз Бақташы мен Тігінші қыз арасындағы махаббат жайлы әдемі де жан толқытарлық аңызды естіп пе едіңіз?! Оның өзінің бірнеше нұсқалары бар. Дегенмен, солардың арасындағы кең тарағаны мынау:

Ертеде бір жетім бала болыпты. Туған ағасының қолында тұрса да олардан жылу көрмейді, күні бойы сиыр бағып, қорада жатып жүреді. Оның атын да ешкім білмейді, күні бойы сиыр бағатындықтан, Бақташы деп атап кетіпті. Ол сиырға жақсы күтім жасайды, оған ең таза суды таңдап береді, ең нәрлі шөпті жеуіне жағдай жасайды, оған әбден бауыр басып кетеді. Айдалада өлең айтса да, сиыр құлағын қимылдатып тыңдап тұрар еді. Кейде ол сиырға тіл бітіп, менімен сырласса ғой деп ойлаушы еді. Ақыры, оны ағасы мен жеңгесі үйінен қуып шығады, ағасы інісіне сиырды ғана қосып береді де, басқа мүліктерге өзі иелік етіп қалады. Бақташы бала сиырын алып, тау етегінен лашық тұрғызып алады. Арада біраз жылдар өтеді. Бірде сиырға кенеттен тіл бітіп: «Ертең анау таудың асқар шыңына шық, алдыңнан орман кездеседі, сол жерден үлкен өзен көресің, сол өзеннің жағасына Аспан тұрғындарының қыздары келіп шомылады. Сен жағада жатқан киімдердің арасынан қызғылт түсті жібек көйлекті алып кет, соның иесі сенің жарың болмақ» дейді. Бақташы сиырдың айтқанын істейді. Ол қыз Аспан билеушісінің немересі екен, бес саусағынан өнер тамған тігінші қызды билеуші аямастан күні-түні жұмысқа жегіп қояды екен. Сол күні Аспан билеушісі бір жаққа кетіп, қыздар аспаннан жердегі әдемі өзенді көріп, шомылуға түскен беттері екен. Бақташымен тіл табысқан Тігінші енді лашықта өмір сүре бастайды. Бақташы бау-бақша егіп, Тігінші тоқумен айналысады. Бір ұл, бір қыздарымен бақытты өмір сүреді. Бір күні сиырға тағы да тіл бітіп: «Мен жақында өлемін. Саған енді көмек бере алмаймын. Менің терімді сылып ал да, қиын жағдайда үстіңе жамыл» дейді...

Сол кезде Аспан билеушісі ақыры қыздың қайда екенін біліп қойып, оны ұрлап, аспанға алып кетеді. Амалы таусылған Бақташы сиырдың терісін жамылып алғанда, аспанға ұша жөнелетін қасиет бітеді, екі баласын қолына алып, артынан келе жатқан Бақташының жақындағанын көрген Аспан билеушісі қолын артқа сермеп қалғанда екі арада үлкен толқындары арпалысқан өзен пайда болады. Қанша тырмысқанмен, Бақташы өзеннен ары өте алмайды.

Енді олардың арасын өзен бөліп жатты, екеуі  анда-санда ғана өзеннің екі жағынан алыстан ғана бір-бірлерін көріп тұратын. Билеуші оларға жылдың жетінші айында ғана бір рет кездесуге рұқсат етеді. Олар кездесу кезінде қуаныштан бір жыласа, қоштасарда одан да көп жылайды екен. Сондықтан бұл айды «кенеттен болатын өткінші жаңбыр айы» деп атапты. Және ай күнтізбесі бойынша,  жетінші айда елде қатты сел жүреді екен. Бұл кезде құс болмайды екен деседі, олардың бәрі екі ғашықтың кездесуіне жағдай жасап, арасын жалғап тұрған өзендегі көпірді көтеруге аспанға ұшып кетеді екен. Міне, аспандағы Құс жолы осы Күміс өзені деседі. Күміс өзенінің екі жағында тұрған екі жұлдыз – «Бақташы» мен «Тігінші», ал «Бақташы» жұлдызының жанындағы екі кішкене жұлдыз олардың балалары деседі аңыз...

Өз басым аспан әлемінен қорқамын, Ай да, Күн де, жұлдыздар да қорқынышты ғой, олар жайлы тек романтикалық жазбаларда ғана жақсы айтылады.

Ал мен Күнсіз өмір жоқ. Құрбыларыма қорқақ болмайық дегім де келеді.

418 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы