• Әдебиет әлемі
  • 27 Қазан, 2011

Өмір мені өгей қызым дегендей, Өлшеп берген қуанышын бұлдайды

Нұргүл   Оқашева Әбдімұратқызы 1990 жылдың 3 – желтоқсанында Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Мергенсай ауылында дүниеге келген. Қазір Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің 3-курс студенті. «Топжарған» ақындар студиясының мүшесі. «Жүрегім жырдан ғана жаратылған» атты тұңғыш жыр жинағының авторы.Бірнеше республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Фариза Оңғарсынова атындағы «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты республика ақын қыздары мүшәйрасының І орын иегері. Өлеңдері «Көкшетау жас ақындар антологиясы» жинағына енген, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады.

БАҚЫТ – ҚҰБЫЛА Өмір мені өгей қызым дегендей, Өлшеп берген қуанышын бұлдайды. Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей, Жігерімді жаныштайды бір қайғы. Сон соң қайта жабысады налам боп, Гүл – үміттің үзіп тастап сабағын. Сонда да мен аласұрам бағам деп, Е-е-һ, тоңмойын тірлігімнің қабағын. Қажытуға құмар неге құлқыны, Арыла алмай шат күнімді аңсадым. Жарылардай... Күмілжіген күлкіні, Қолдан жасап алудан-ақ шаршадым. Ойларымды күндерім жүр ойқастай, Мысықтілеу неге бәрі қас маған? Менің жаным жақпар-жақпар жартастай, Толқын ұрып тастаған. Жанарымның жалынышты етегі, Бақыт жолын мына маған нұсқар кім? Кейде аспанға жыр жазғым кеп кетеді, Қанаттарын қалам қылып құстардың. Өмір мені өгей қызым дегендей, Өлшеп берген қуанышын бұлдайды. Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей, Жігерімді жаныштайды бір қайғы. Бақыт іздеп бөлдім неге бекерге ой, Құлақкесті құлшылығым мұратым, Бақыт біткен құбылада екен ғой, Менмұндалап тұратын. *** Бәрінен көңілім қап, бәрінен безіп денем, Өзімнен, өзгелерден сескеніп, сезіктенем. Көңілімнің күрсінісі көзіме көшіп алып, ... Көшені кезіп келем... Тарыдай жанарымның шұбыртып тамшыларын, Сүйретіп сүлдерімді, сенделдім, сансырадым. Күнәға толып кеткен жанымды тербетуге, Тәңірден тұрқы бөтен, әдемі «ән» сұрадым. Оу, Жалғыз Жаратқаным, Жаббарым есімдегі, Мәңгілік мейіріммен кешірші, кешір мені! Пейішке жетелейтін пейілім бар еді ғой, Оны да бұзды білем пенделік шешімдерім. Ән салдым тебіреніп, Тербетті құла түз кеп, Жұлдыздар жымың қақты «көкке бір шығамыз деп». «Тірліктен таса болып, аспанда тұрамыз» деп, Тағы да... періштемді періге айналдырдым, Төсінен жұмыр жердің адастым жұмақ іздеп. Кешір мені... *** Кешқұрым Ауылдың ару қызына үйленгеніңді естідім. Естідім де тарыдай жанарларымды төңкеріп алып, Күні-түн көрпені үстіме көмкеріп алып, Өксідім. Өкпек жел өсек тасиды маған сен жақтан, Сенің дауысың: «Кешірші, кешір, кеш күнім» Жанымның сөгіп  көбесін мейлі, Жылжысын дедім бес күнім. Күні-түн, Сағынып күттім жанардың сарқып бұлытын, Қайтейін алдап кетті ғой, Сарғайған сары сағыныштардан, Іңкәрліктерден, бағыныштардан, Үкі тағынған үмітім. Біреуге – бақ, біреуге – сор ғашықтық, Маған болды ұлы сын. Құрысын! Ақпанда, Есіңде ме мен оқуға кетіп бара жатқанда, Қарап тұрып ақ қарға, «Саған деген сезімдерім ақ қардан да аппақ» деп, Сен емес пе ең мойыныма аппақ алқа таққан да, Үлбіреген шаштарымды иіскеп, Ұқсатқан ең мақпалға, «Он жыл, мейлі өмір бойы күтем» деп, Сен емес пе ең жүрегіме сезім отын жаққан да. Сені сүйдім, сені сүйдім – себебі, Ұқсамайтын едің ғой сен жат жанға. – Өтінем, Кешір – дейсің,  – қорға – дейсің – ар азабы өтінен, Менің тауым шағылғанда бетінен, Талапайға салып тағдыр шетінен. Жекіген. Бүгін мен пәк сезімім үшін, Сен қорлаған сенімім үшін Өкінем. Өкінем де амалсыздан кешірем. Әлі менің жүрегімде сенің салған жалаң бар, Жан шуағы, жан шынары, Көз жасымның тамшылары сақтаулы тұр санамда әр. Қойшы тәйірі, өтіпті ғой екі жыл, Ал сенің екі балаң бар. ӨКІНІШ Көмескі ойлар көңілге сеуіп қаяу мың, Есіріп жүріп аспадым құлақ есті үнге. Еркелікпенен етегін ұстап анамның, Есейгенімді есіме алдым кеш мүлде. Көріксіз мінез көңілден қалай өшер мұң, (Содан –ау, бәлкім, қайырылып жүр қанатым) Аспандағыны әпер деп байғұс шешемнің, Тауысып біттім топшысы тастай тағатын. Өргеннің, белімнен түскен бұрымым бұйра, Ғажап деп жүріп мазақ қып кеттім талғамын. Қалаға барып шаштараз іздеп сенделдім, Бүгінгі күннің Жібегі болу арманым. Анамның тұнық тілегін аяқ асты ғып, Жетесізбін –ау жеңілтек ойды жөн деппін. Әкетайымның  қабағы жасап жат қылық, Тіл қатпай қойды он бес күн. Түсіндім бәрін, түсінбеу енді жат ұғым, Орынсыз жерде ойнақтамаймын есіріп. ...Таяздап барып  ұзарып кетті ақылым, Бұрымым қалды кесіліп... *** Көп сұрақты... көкірек тұсымды ала, Көк – бел оймен көмкердім құшырлана. ...Мен көктемді жыр қылдым, Көктемге емес, Саған ғашық болғаным үшін ғана. Саған деген шексіз-ді ұмтылысым, Көңілімді кептейді-ай күрсінісім. Жүз күнімнен дайынмын безінуге, Өзіңменен  өткізер бір күн үшін. Ол да қиял... Қиялды үгітті өлең, Сыр бергендей сырқатым сынып кемем. Ұлпа қардай үлпілдек үмітпенен, Нәрестенің мүбәрак иісіндей, Сезіміммен тыныстап... жүріп келем. Аласұрдым, алқындым – бекер мұным, Қалай, қайтіп ұқтырам, нетем күнім? Менің мінсіз күлкім мен қуанышым, Сенің тәтті жеңісің екендігін. Жәудіреген жанардың жасы күліп, Күйзелісті мендегі тосып үміт. Кірпігімнің үстінде жалған күлкім, Ал астында мұңым тұр жасырынып. Көңіліме көкбеңбек арман қонып, Бірде жырға жасаймын жалған жорық. Осылайша отырам бар ашуды, Жазығы жоқ өлеңнен алған болып. Көп сұрақты... көкірек тұсымды ала, Көк – бел оймен көмкердім құшырлана. ...Мен көктемді жыр қылдым, Көктемге емес, Саған ғашық болғаным үшін ғана. ҚҰМЫРА Жалынға денем шарпылып жатқан шақта бұл, Құбыла бермей құрағым келді басқа жыр. Құмыра жайлы толғаншы дейсің, қарағым, Толқындай тулап тумайды, әттең, қасқа жыр. Өткенім еске оралды, көңіл, жасыма, Бала кезімде ойнаушы ем киіп басыма Көк құмырасын Мәрия деген көршімнің, Сылаңдап жүріп сындырып алдым қапыда. Сындырған сәттен тұмшалап алды сынық мұң, Үкілеп жүрген үзілді жібі үміттің. Сол сәттен бастап құмыра атты ойынды, Ойымнан сыздым, ойынның бәрін ұмыттым. Ұмыттым бәрін, еркелік қалды артымда, Атанып жүрмін біреуге, бәлкім, нар тұлға. Мәрия көршім сол құмырадай сын деген, Сынбай келемін сан сынақтарда, сан сында. Құмыра көрсем ішіме жүрем мұң бұғып, Үркіп кетеді білмеймін неден нұрлы үміт. Құмыра көрсем ... жақындауға да жасқанам, Абайсыз тағы аламын ба деп сындырып... *** ... Мен тағы да әлсізбін... Назира Бердалы Мен тағы да жалғызбын, Мен тағы да жалғыздықтан түңілдім. Хақ Құдайдың көтере алмай сынағын, Қапияда құздан қайта құладым, Көз алдымда мәрт сезімім мертігіп, ...Сүріндім... Сүріндім де мен тағы да, Байғыз – мұңның тырнағына іліндім. Мен тағы да әлсізбін... Мен тағы да қауқарсызбын, қамсызбын, Мен тағы  жалынсызбын, сәнсізбін. Кеше ғана алдымнан алдамшы бір «сый» күлген, Бүгін тағы ... тағы да түйдек – түйдек жасымды, Құс жастыққа құйдым мен. Кеше тағы бір мұңға маңдайымды сүйдіргем, Өмір маған сірке суы секілді, Өңешімнен күйдірген. Мен тағы да әлсізбін, Арманыма ағүрпек, Абайсызда мұң сіңіп, Соңғы демім бітердей, Жүрегімнің үнінде тосаңсиды тіршілік. Құлағымның түбінде күбірлейді күрсініп, Менің қағыр мұңым мен менің өксік деміммен, Жұлдыз  біткен тұншығып, Қараңғы түн қарап отыр «қымсынып» Мен тағы да әлсізбін... Мен тағы да әлсіздіктен түңілдім... Шарасызбын... Өлеңі жоқ, әні жоқ Жүрегіме үңілдім. Үңілдім де қағыр мұңның қалдығына сүріндім... Сосын... Құбылаға ұз-а- ақ қадап көзімді, Жаратқанға жүгіндім... О, АЛЛА!.. ӨГЕЙ Өгей үміт Өгей өмір, Өгей күн, Шетке қақты шер мен шемен мұңымды. Өзегімді өртеп-өртеп көбейдің, Өгей бақыт бұрынғы. Арамызды өгей жылдар арбайтын, Өбектейтін өкіміне не дейсіз? Жан-тәнімен жақсы көре алмайтын, Сіз де маған өгейсіз. Қамығамын. Мендей қайғы жейсіз бе? Өгей сезім шақыра алмай сабырға. ... Қамыққаннан қайысады дейсіз  бе, Қасіреттен сөгілмеген қабырға?!...

497 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы