ШӘНДІК

Нақыпбек Сәдуақасов,
заңгер

Адамшылықтың алды – махаббат
Абай

Мыңдаған жылдар бұрын адамның тұңғыш өзіне тартып, қолына үйретіп, жанына ерткен хайуаны ит болып саналады. Сондықтан, ит пен адамның арақатынасы біте қайнасып, біріне-бірі жасап келе жатқан жақсылықтары көл-көсір. Ит адамның ең бір сенімді адал серігі. Оған тарихи мәліметтерге сай мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Қазақ сонау ықылым заманнан бері итті «жеті қазынаның» біріне санайтыны бекерден-бекер емес. Иттің қасиеті тек абалап, азуын ақситып үйді қорғау ғана емес, адам онымен аңға шығады, шекара қорғайды, қылмыскерлерді, есірткі заттарды таратушыларды ұстайды, мал бағады, ал солтүстік халықтары оларды тіпті көлікке жегіп, алыс жолдарға шығады. Сонымен тағысын-тағы: иттің басқа да пайдалы тұстарының бәрін айтып өту мүмкін емес. Әрине қазір жұрт иттерді тек аталған шаруашылық жұмыстарына ғана пайдалануды көздемейді, көбіне оларды тек жәй әуестікпен, құштарлықпен ұстайтындар қатары өте көп. Ит өз иесіне өте адал, оның бұйрықтарын мүлтіксіз орындап, өздерін дұрыс, талапқа сай ұстайтындықтарымен бағалы.
Ит жайлы ұлы адамдар әралуан ой-пікірлер білдірген. Солардың кейбіреулерін еске алу орынды болар. Ерте заманғы гректер пір тұтқан скиф философы Анахарсис: «Иттің ең бір тамаша қасиеті – ол жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Өзінің қамқоршысының үйін өле-өлгенше қорғап өтеді», Француз жазушысы Мари де Севинье: «Пенделерді жіті таныған сайын, мен иттерді ұнатамын», АҚШ-тың 33 президенті Гарри Трумэн: «Вашингтондағы ең «адал дос – ит!», – дейді. «Иә», кәдімгі иттерге осыншама әуелеткен баға берген белгілі тұлғалар болса, қатардағы пенделер қандай ой қосады екен? Оның бірін назарларыңызға ұсынайын.
…Гүлзия көп жылдары көздің жауын алатын ару Алматыда тұрса да, Есіл өзені бойындағы кішірек қарапайым Жетіқайың аталатын ауылына жиі барып тұратын. Әке шаңырағы әлбетте қадірлі, ана құшағы ыстық… Оның бүйрегі қашанда ауылына бұрып тұратын. Қапырық, тымырсық болса да сұлу Алматыдан басталатын бірнеше жүз шақырым алыс жолды поездың ауыр доңғалақтарының тынымсыз тықылдаған әуенін артқа тастап, қоңыр-салқын Қызылжардың төңірегіндегі өзі туған ауылына екі тәулік бойы шаршап жетсе де, қанат қаққан ыстық ұясына жақындағанда, оның бойы сергіп, іштей жадырап қалатын. Аяқтарын асыға баса ауланың қоршауының сыртқы есігін сықырлата аша бергенде, алдынан шапқылай қуана шәуілдеп бірінші қарсы алатын кішкентай ғана сарғылт түсті дүрегей ит – Шәндік болатын. Гүлзияның апасы Мәрзия Шәндікті, Шәндік апасын жақсы көретін. Апасы: «Шәндігім адал, Шәндігім адал» – деп оның басынан сипап, ықыласымен еркелетіп, дәміл-дәміл оның дәмді асын итаяққа салатын еді. Апасы үйдің есігін сыртқа аша бере басын көрсеткен бойда, Шәндік атып тұрып, оның көзіне қарап, қайда бет алатынын болжағысы келіп, құйрығын бұлғаңдата аласұрып қалатын. Ауыл іші көрші-қолаң, ағайын-туыс арасы ізі суымайтын. Апасы ауладан шыққан бойда, Шәндік оның соңынан қалмай, өзіне ғана тән бүлкілдегіне салып, селтелектеп бірде алға шығып, бірде қалыңқырап отыратын. Бірнеше рет бірге басып өткен үйреншікті жолына түсіп, ол тіпті баратын үйдің есік алдына ертерек жететін. Ауылда ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің қызығы мен шыжығын бірге бөлісіп, абыр-сабыр болып жататын. Сондай бас қосқан отырыстарда, келіндер қонақ әжелердің немерелеріне сарқыт салып жатқанда, апа:
– Қарақтарым, Шәндігіме сарқытты бөлек салыңдар – дейтін. Есік алды шыдамы таусыла тосып жатқан Шәндік, апаның қолындағы өз үлесін көре сала, қуана секіретін.
Апаның ойынша, жер бетінде екі ит ақылды болса, соның біреуі Шәндік деп ойына түйіп алған. Осыған орай естіген пенде нанбас бірнеше мысал кетіруге болады. Алыс жолдан аңсап келген Гүлзия апасының ұзынды – қысқа, өнегелі де әсерлі әңгімелерін естіп, кейде пайымды ой түйіп, небір әсерлі естеліктен көзіне жас алып, көңіл жадыратар ажуа мысалдарды елес-тете күліп те алатын. Ұйқыға кетер алдындағы ұзақ кештердің бірінде Гүлзия:
– Апа, осы Шәндік басыңызға адал-ау, керек болса сіз үшін жанын да пида ететіндей – депті.
– Е, қызым, несін айтасың, Шәндігім маған ғана емес, шаңыраққа да адал ғой. Білгің келсе, тыңда, – деп бастайды апасы. Гүлзияның апасынан естіген әңгімесі мына хикаяларға арқау болып отыр.
Тыныш елге килігіп, дүркіреп келген горбачевтік «қайта құру» дүрбелең кезеңінің жоқшылыққа келіп соққан асуының соңы мен еліміз аңсаған тәуелсіздіктің бастапқы жылдары болу керек. Совхоздар таратылып, ауылдағы үлкенді-кішілі бейбақтар күнделікті нәпақаларын табатын жұмыстарынан айырылып, жоғарыдан амалы табылатын көмек келер-ау деген үмітпен, дағдарыста қолдары бос дел-сал болып жүргенде, ауылда кішкене пластик шишасына құйылған арзан қытай арағы қаптап кеткен еді. Жастар соған әуес болып алған. Ішеді – дуылдасады, артынан ауырады, біразы тіпті қатты уланып, өкінішке орай, қайтып келмес жаққа да өтіп кеткендері болған. Жастарға қарап обалсынасың, бірақ қауіпті түсінер олар жоқ. Жалындаған жастар пәле маңдайларына тимей түсіне ме…
Сексен жастан аса бере кәрілік бойлап, ақыры атамыз Фатихты ауру жеңіп, өмірден озған еді. Үйдің қарашаңырағын жасы 30-ға жетпеген кенже ұл Талап көтеріп қалған болатын. Кей кештерде ауыл жастары бастары қосылып, сол аталған сапасы төмен арақты бірігіп ермек қылатын. Ол дүкен-жиынға Талап та жиі қосылатын. Бауырымыздың басының амандығын, денінің саулығын ойлап, апам қатты алаң болатын еді. Көбіне, жастардың қай үйде сайран құрып отырғанын ол білмейтін. Өздерінің бұл қылықтарын ата-аналары қолдамайтынын біліп, бастары қосыларда, олар із тастамай, көзге түспей, суыт жүретін. Сондай кештерде апам абыржыған күйде, аулаға шығып: – Ал, Шәндігім, Талап қай үйде отыр, жол баста – дейді екен. Шәндік апамның алдына түсіп алып, жастар арақты сылқылдатып ішіп, кейде ән салып, кейде әр нәрсеге даурығып, әсіресе саясатты «тереңнен» қопарып, төңкеріп, халықаралық жағдайға шолу жасап, қызу дау үстінде отырған үйге дәл апарады екен. Шәндіктің бұл жаңылмас тәсілі оның «тісжармас» құпиясы еді. Тағы бір таңданарлық жәйт, күндізді-түнде шапқылаған оған ауыл иттері иттік жасап бір ретте таламапты, тіпті бөтен ауланың жанынан өткенде де абалап үрген бір шектен шыққан үйқорығы хайуан болмапты. Әттең, Шәндіктің сол құпияларының беті ашылмай, ақыры өзімен бірге кетті.
– Баламның арақ ішкеніне ренжігеніммен, бір себепті оның өз басына ризамын, – дейтін апам – мен думаншылардың үстілеріне кіріп барған сайын, араққа қызып алған достарының көзінше тіксініп, маған ашуын білдірткен емес, үнсіз ақырын ғана алдыма түсіп, басын салбырата үйге тартатын. Шәндікке таңданбасқа лажы жоқ. Кейде апам: – Осы Талап баламның жер бетінде аман жүргені, бірінші – Алланың, екінші – осы Шәндігімнің арқасы, соған шүкіршілік айтамын, – деп, шын көңілді ризашылығын білдіретін. Өйткені, Шәндіктен құтыла алмасын білген Талап, сол бойда ішуін үзілді-кесілді қойған болатын.
Бірде апамның ауырғанын естіп ауылға келдім. Апам 50 жылдан аса бір-біріне сый-сияпат білдіріп, жараса отасқан, өмірдің «қызығы мен шыжығын» бірге бөліскен атамның мазардағы басына барып, дұға қайтарып келейік деді. Содан апам, мен және соңымыздан қалмайтын Шәндік үшеуміз жаяулап ауыл сыртындағы 3 шақырымдай жердегі мазар басына келдік. Қоршаудың есігін ашып, атамның көктасының жанына отырып, дұға қайтардық. Шәндік шөп арасы көбелектерді қуып, өзінше асыр салып жүрді. Ұзаққа созылған аурудан қажыған апамның көңілі босап, атамның көктасын құшақтап: – Е, отағасы, мені тастап кетіп едің, өзіңе шақыр енді, жаныңа келіп тыныштық табайын… – деп, солқылдап жылағанда ащы дауысы шығып кетті. Осыны естісімен Шәндік басын көтере сала, апама бажырайып қарады да, абыржыған бойда шауып келіп, қыңсылай апамның өзінің бойынан тастамайтын, шешесінен қалған қара-көк барқыт шапанының етегін тістеп алып, «жылама, жылама» дегендей қоршаудың есігіне қарай бар күшіне салып, сүйреуге тырысты. Шәндіктің жанашыр әрекетіне қарап, апам оның басынан сипап, өзінің бауырына тартып, көңілі одан бетер босап, ебіл-дебіл болып, одан әрмен жылады. Алдында менің көзіме жас үйіріліп отыр еді, осыны көре көзімнен жас ыршып кетіп, мен де дауыстап жыладым. Шәндік қолынан бұлқына босап шығып, қыңсылап, тағыда апамның шапанының етегінен тістеп, есікке қарай тартқылады. Содан апам екеуміз Шәндікті обалсынып, «Алла уәкпар» келтіріп, орнымыздан тұрып, баяу жүріске салып, ауылға беттедік. Шәндік, мақсатына жеткендей, біздің алдымызға түсе сала, артына қарап-қарап алып, құйрығын қуана бұлғаңдата, ауылға қарай шапқылай жөнелді.
Ия, тәубе, Алланың «сүйіне бергеніне, жарық дүние көргеніме» қашанда шүкіршілік айтамын. Жаратқанның жазуына дауа бар ма, жоғарыдан берілген өлшеулі мерзімге ешкім тосқауыл бола алмайды: жаны жәннатта болғыр апам да өмірден озды. Апам ағайын туысқа қадірі мол, жұртқа сыйлы, ақ пейілді Аллаға қараған жан болғандықтан, алысты-жақынды ағайын-туыс, дос-жарандар рәсімдеп, ақтық жолына шығарып салдық. Шәндіктің басымызға түскен қайғыны түсінген-түсінбегені белгісіз, бірақ мазар басына беттеген қалың топтың соңынан ол да қалмады. Бір бәленің болғанын сезді ме, апам жер-ана қойнауына түскенде, аянышты қыңсылға басты. Апамның «жетісіне» дейін Шәндік көзімізге ілінбеді. Бірақ апамнан басқаның бәрі оған аса көңіл бөлмеуші еді, оның бары-жоғын ешкім елемейтін. Мен Алматыға жүріп кеттім. Апам қайтқанына қырық күн де өте шықты. Тағы да ауылға келдім. Қырқынан кейінгі күні ағайынды үшеуміз, мен, Зәругүл, Талап мазар басына ата-апамызға дұға оқуға бардық. Бауырымыз атамнан үйренген құран сүрелерін қоңыр даусына салып, жап-жақсы оқитын еді. Атам мен апам жатқан тұсқа келіп, селтиіп тұрып қалдық. Бір-бірімізге қарап, ыстық жасымыз көзімізден ыршып түсті. Жоғалған Шәндік атам мен апам жатқан төбешіктердің ортасында, басын апам жаққа бұрып, жер бауырлап жатыр екен. Е, құдірет, Шәндік сорлы, оның басын сипап, шынайы еркелететін апам дүнеден озғалы, өзіндік уайым-қайғыдан бауырын жаза алмай, апам жерленген төбешіктің жанына жатып алып, сол беті тұрмай, апамның соңынан кете барған… «Қисапсыз нығметке толы мәңгілік шаттық мекені» уылжыған Жұмақ бағында Шәндік апамның соңынан бұрынғыдай қуана-қуана бүлкілдеп еріп жүр ме екен, шіркін? Бұл – құдіреті шексіз Алланың қолындағы іс… Апамның кімге болсын төгіліп тұрған шексіз мейірі, Шәндігінің оған деген айнымас адалдығы – сол ұмытылмас айқын көріністер көз алдымнан еш кетер емес. Дәміл-дәміл көзіме ыстық жас келді…

P.S. Құрметті ағайын, осы әңгімені жаза отыра менің де көзіме еріксіз жас толып, ақ қағазымның бетіне тырс-тырс тамып отыр. Сіздің де көзіңізге жас үйірілсе, жаныңыздың нәзіктігі, сезімтал жүрегіңіз мейірімділіктен шынайы елжірегені. Ия, шіркін, шуақты күн асты әрқилы зардап шегіп, залал мол сіңген жұмыр жердегі «ақ пен қараны» жіті ажырата алмай, жақынды-алыстағы қырғиқабақ болып жөңкіліп, біріне бірі қастандық жасап жүрген қатарлары қалың пенделерге Шәндіктің бойындағы айнымас адалдық пен сүйіспеншілік қасиеттері дарыған болса, адамзат баласы талай қасіреттерден ада болар еді…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!