КЕЛТЕ ҒҰМЫР АҚЫН,БАУЫРЖАН ҮСЕНОВ ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК

…Ақынның қырқына барып отырмыз. Қасымызға Мұқан аға келді. Бауыржанның әкесі. Орын бердік. Жылай-жылай екі көзі білеудей болып ісіп кеткен. Күрсінгенде көкірегі қарс айырылады. Біраз үнсіз отырды. Өте көп оқыған, шежіре кісі. Ұзақ жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы болған. Көпті көрген, зиялы адам еді. Ол кісіге не айтарымызды білмейміз.
– Көкірегіме сыймай барады. Бір арманымды сендерге айтайын, – деп Мұқан аға әңгімесін бастады. – Бауыржанға жүкті кезінде әйелім (Бауыржанның анасы) аян түс көріпті. Түсінде ол халқымыздың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлына тұрмысқа шығып жатыр екенмін дейді. Өзіміз қожа тұқымы болған соң түске, аянға үлкен мән беремін. Жорып та қоямын.
– Түсің жақсы екен. Айна қатесі жоқ, сен ұл табады екенсің. Баукең сияқты халықтың жүрегінде қалған адамдар түске бекер енбейді. Баламыз халқым деген азамат ұл болады. Атын Алланың өзі айтып тұр. Бауыржан деп қоямыз. Қасиеті артып туады, – дедім. Әйелім қуана қоштады.
Айтқаным айдай келді. Айы-күні жеткенде перзентханаға апардым. Аппақ ұл туды. Үйге келемін, жұмысқа барамын. Қуанышым қойныма сыймай жүр. Өзім ырымшылдау адаммын. Мына сәбидің қасиетін көтеру үшін не істесем екен деп ойланамын. Ақыры басыма бір жақсы ой келді. Ескілікте естігенім бар. Баланы кітаппен ауыздандырайын деп шештім. Кітап деген ең қасиетті нәрсе. Құран да басқа емес, кітап күйінде түскен. Өзім кітапты өте көп оқитынмын. Соның ішінде Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» атты кітабына аса бір құрметпен қараушы едім. Апта өтпей сәбиді үйге шығаратын болды. Островскийдің жаңағы аталған кітабынан ең отты сөздерін таңдап жыртып алып, шиыршықтап, баланы босағадан кіргізген бетте «Биссмилляхир-рахманир – рахим! Осындай жалынды жазушы, елсүйгіш азамат бол!» деп ауызына салдым. Біраз сөлін жұтты-ау дегенде мылжаланған қағазды тілінің астынан алып, жіппен орап, адамның қолы жетпейтін биіктеу жерге жасырып қойдым. Осылай ауыздандырып едім.
Құдайдың құдіретімен Бауыржаным өте сезімтал, талапты бала болды. Мектепте үздік оқыды. Алтыншы класта оқып жүргенде қолына қалам алып, алғашқы шығармаларын жаза бастады. «Сен үлкен жазушы боласың» деп ынталандырып қойдым. Сегізінші класта оның өлеңге бейімі бар екенін анық байқадым. Кейін КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Өлеңдері республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып жүрді. Кітабы да шықты. Елге танылды. Өлеңдерін оқып, Аллаға тәубе ететінмін. Өзіндік мінезі бар. Келешекте қазақтың атақты ақыны боларын іштей сезетін едім. Үлкен үміт артатынмын. Қайтейін!
Мұқан аға жанарына үйірілген жасты бір сығып алды. Терең күрсінді. Жылап отыр. Жан-жүрегіміз ауыр мұңнан езіліп барады. Көзімнен ащы жас ыршып кетті.
Жалған дүние! Кеше ғана ақ алмастай жарқырап жүрген ақын. Бүгін жоқ. Соңында ботадай боздап біз отырмыз.
– Арман-ай!– деді Мұқан аға терең күрсініп, – Анау Лев Толстой деген шалдың да кітаптарын көп оқушы едім. «Соғыс және бейбітшілігін» де, «Анна Каренинасын» да, басқасын да оқитынмын. Бауыржанды неге сол қаба сақал шалдың кітабымен ауыздандырмадым деп арман қыламын қазір. Мынау Островский дегенің 32-ақ жыл өмір сүріпті ғой. Өмірі қысқа болары қаперіме келмегенін қарашы.
– Оны Бауыржан білді ме? – дедім. Мына әңгімеден тұла бойым шымырлап кетті.
– Білді. Білді. Соңғы күндері есі бір кіріп, бір шығып жатты. Қасында қайғырып отырғам. Көзін ашты. «Балам, көзіңді ашшы. Бұл мен ғой. Мен…» дей беріппін сасқаннан. Еріндері кезерген. Көзінде ешқандай нұр жоқ.
– Көке! – деді әлсіз ғана күбірлеп, – Көке, мені неге Островскийдің кітабымен ауыздандырып ең? Оның ғұмыры тым келте еді ғой…
Көзін қайта жұмды. Ес-түссіз қалпы. Аңырап жылап жібердім. Неге? Неге? Неге? «Балам-ау, мен зарлымын. Кешіре гөр! Кешіре гөр, әкеңді!» деймін бетімді жас жуып. Үш күн бойы жыладым. Тоқтай алмаймын. «Ей, Алла! Ботамды алғанша өзімді ал! Кешір мені! Нем бар еді? Нем бар еді?» деймін зарлап. Бірақ Алланың ісіне амал жоқ екен. Бәрі осылай болды. Көкірегімді қанжардай тілгілеген мына арманға дүниеден дауа табылмас.
Мұқан аға алқымына лықсып кеп тұрған өксіктің тығынын ағытып жіберді.
– Аға! Сабыр етіңіз! Бауыржаныңыздың артында сөзі қалды. Екі бірдей ұлы бар. Орнында бар оңалар. Болған іске болаттай бекем болыңыз, – дедім.
Ақсай мен Көксайдың арасын қызылнұрға малып, жазғы күнбатыс көкжиекке құлап бара жатты.

Темірғали КӨПБАЙ,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

Музаға сыр

Бозбала өзі хан, өзі бай,
Бақыттан жайнаған көзі де.
Енесін іздеген қозыдай,
Емініп ұмтылды өзіңе.

Жаза алмай шекесін көмді тер,
Жия алмай ойларын шашылған.
Мейірім іздеп жүр сергітер,
Самал боп сипашы басымнан.

Құлын ем босаған желіден,
Құлдырап жүгірген жырақта.
Айрылмас дос болған сенімен,
Сезімтал жанымды жылатпа.

Өзің ем мұңымды шағатын
Қуансам өзіңе ұшқан ем.
Бекімей жатса да қанатым,
Қырандар көретін түс көрем.

Жастықтың қайғысыз күндерін,
Деген ем, жазамын тасқа өріп.
Әйтсе де, көзімде жүр менің,
Жазылмай бір өлең жас болып.

Сезімді оятқан гүлім ең,
Күбірлеп айтатын сан дастан.
Сен маған көрінбей шынымен,
Өстің бе шыңдарға қар басқан.

О, муза, демі өрт, қыз ерін,
Мәжнүн қып өмірден өтпе сен.
Мен сенің гүліңді үземін,
Тек өзім үзіліп кетпесем.

Бауыржан ҮСЕНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!