Ол – геолог, Ол – сот, Ол – әнші, Ол – биік қазақ

1899 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Имантай бидің отбасында дүниеге келген Ғабдул-Ғанидың кейіннен қазақтың атақты Қанышы атанып, атақты қайраткерге айналуы еліміз үшін қайталанбас құбылыс. «Ғаниым-Ғанышым» деп мәпелеп өсірген анасы Әлиманың еркелете келе Қаныш болып аталып кеткен болашақ ғалым ұлы сол кездерден-ақ әртүрлі сирек кездесетін тастарды жинауды өз хоббиіне айналдырған екен. Қолдарының ізі батқан тастарды кейде анасы ол іс-сапарға кеткенде көзіне жас алып, тілеуін тілеп, сүйіп-сүйіп қояды екен деген аңыз бар. Ана тілеуі адамды әрқашан да биік мұраттарға жетелейді емес пе?
Қаныштың қайраткерлігін айту үшін алдымен оның ғұмыр жолындағы білім алу баспалдақтарынан бастайық.
Жастайынан зерек бала сауатын ең алғаш ауыл молдасынан ашқан. Болашақ ғалым кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынап, төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды. 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанады. Аталған білім ордасын мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады. Содан соң 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, оны төрт жылда аяқтап, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беруге құқық беретін куәлікке ие болады. Қысқасы, 1918 жылдың күзінде Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болудан еңбек жолын бастаған ол үлкен өмірге осылай араласқан.
Ол 1920-1955 жылдар аралығында еткен еңбегі орасан зор. Баянауылда халық судьясы, Қарсақбай мыс комбинатының геологиялық барлау бөлімінің бастығы, КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі құрамында Геология ғылымдары институтының директоры, төралқа төрағасының орынбасары, ақыр аяғы ҚҒА Президенті болғанға дейінгі қажырлы еңбегі – сағаттап жинаған білімі мен табандылығының арқасы.
Қазақтан шыққан тұңғыш академик-ғалым сол кездегі қаршадай ұл елімізге ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелге де сол замандарда алғаш аты танылып, Қаныш Сәтбаев болып тарихтан ойып тұрып орын алды. Бұл ретте, әрине қазақты биіктен көрсетсем деген оның арман-мұратының болғаны анық.
Сонау ғасыр қойнауындағы қазақтың сан ғасыр бойы ашылмай жатқан кен орындары мен этнографиялық мұраларын туған топырағының бір тас-құмына дейін жинай жүріп, әрбір тас пен металдың мәнісін зерттеп, атын біліп, елде болмаған ғылыми жаңалықтарды ашып, оны жан-жақты дамытып, бір ғана ұлтқа емес, барлық адамзатқа қызмет етуі, ғылымға сан-салалы үлес қосуы – оның бір ғана қайраткерлігінің арқасы.

Академик Қаныш Сәтбаев геологиялық ғылымдар институты  қызметкерлерімен бірге, 1960 жыл
Академик Қаныш Сәтбаев геологиялық ғылымдар институты қызметкерлерімен бірге, 1960 жыл

Қаныш Имантайұлының бұл бір ғана қыры емес еді. Сұңғақ, батыр тұлғалы Қанышқа қызыққан шетелдіктерге сол сәттегі тауып айтқан Қаныштың: «қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деген бір ғана сөзі қайраткер бойындағы халқына деген ыстық ілтипаты мен шексіз махаббатын көрсетеді. Оның өзін ғана ойлап қоймай, елді өзінен биік санауы – көрегендік.
Оның жүрегі халық деп соққан. Тек, ғылым жолында ғана емес, мәдениет, тарих, математика, әдебиет, қазақ тілі, археология, этнография, техника-технология, құқық, музыка, тіпті, би өнеріне дейін тұла бойы тұнған жан-жақты терең білім еді.
Әр шешілмей жатқан іске араласып, бірден шешіп тастайтын қырағылығы мен зеректігі ел аузында аңыз болып қалып жатты. Қасындағы қызметкерлері мен әріптестеріне үлгі болатын. Оның септігін тигізбеген қызметі жоқ, Қазақ даласындағы барлық іске атсалысқан десек артық айтқандық емес. Этнографиялық карта жасау, оқулықтар шығаруы өз алдына бір төбе. «Алгебра» оқулығын дайындап, этнографиялық ұлттық мұраларды жинап, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуі өз алдына. Жазып қалдырған бірнеше еңбегі де бар.
Бір ғана шағын мысал келтірсек, 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Қаныш Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.
Сонымен қатар, ән айту мен би билеу, аспаптарда да ойнау қолынан келетін дейді көзкөргендердің ол туралы жазып қалдырған мақалаларында.
Ол сапарлап барған жерлердегі ауыл ақсақалдарымен жиналып, жаймашуақ отырыстарда ән де салатын. Өзінің қатарластары ғана емес, жастарға да көрсеткен үлгі-өнегесі, бағыты, қөмегі шексіз. Жұрт одан бірдеңе үйреніп қалуға тырысатын.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақалғанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше екенін білеміз.
Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді. Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді. Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Алған марапат-наградалары бір төбе.

Иван Бардин мен Қаныш Сәтбаев
Иван Бардин мен Қаныш Сәтбаев

Ал, сол заманда Ленин сыйлығын алу қол жетпес арман ғана еді. Сол кезеңде күллі СССР-ға танылған, қазақтан шыққан ғалым, ҚазССР академигі екі-ақ адам болатын. Оның бірі – Қара және түсті металдардың металлургиясы мен минералды шикізатты кешенді пайдалану саласында аянбай еңбек еткен ғалым, Дінмұхамед Қонаевтың туған інісі – Асқар Қонаев болса, екіншісі атақты ғалым, ұлтымыздың ұлы қайраткері, академик, ғалым, геолог – Қаныш Сәтбаев еді.
Сол екеуінің ғана екінің бірінің қолы жете бермейтін КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері деген атағы бар. Соғыстан кейінгі кезеңдерде Қазақстанның картасын жасау ісіне де үлесін қосқан қайраткер. Ол үшін 1956-1958 жылдары оған Лениндік сыйлық та берілген болатын.
Қаншама атақ-дәрежесі болса да ол сол марапатына мастанған жоқ. Керісінше, үлкен-кішіге қолынан келген көмегін аямады. Қаныш Имантайұлы мейлінше парасатты, зейінді, жолдастарына ғана емес, басқа да тілек білдірушілерге ыстық ықылас танытатын. Тіпті, аштықтан иесіз қалған ауыл балаларына өз көмегін көрсеткен.
Озық та прогресшіл ғалымның ой-өрісі әрқашан да биік, мақсаты айқын еді. Қаныштың әрбір істі жүйелеп, жоспарлап отыратын қасиеті, табанды талабы жан-жағындағыларды алға жетелеп, күш-жігер беріп отырды.
Өз ісіне тындырымды, шаруабасты Қаныш ғылыми ұйымдастыру ісінің шебері болып қана қоймай, өз ісіне ұқыпты және өте сергек болатын. Оның жұмысқа ерте келуі, жұмысты жоспар бойынша уақтылы орындауды талап етуі, әсіресе, ғылыми жұмыстарға жігер жұмсауы, сөз сөйлеу мәнері мен киім кию стилі, тазалығы мен ұқыптылығы оның қайраткерлік тұлғасын айқындап тұратын-ды.
Әр істің егжей-тегжейін біліп, сұрастырып, керек болса ақыл-кеңес беріп, қолынан келгенінше көмектесіп тұратыны әріптестерінің оған деген сенімін арттырған. Мемлекет ісі болсын, жеке бас мәселесі болсын, бей-жай қарамайтыны жұртты таңқалдырды. Сондай-ақ, қоғамдағы әр саладан, әр қырынан суырылып шығып, білгірлігімен көзге көрінді.
Қаныштың мемлекетке деген бұл жанашырлығы оны қайраткер етпей қоймады. Болмысы мен тұла бойы тұтас тұнған білім мен саналы ғұмырын ұлтқа арнады.
Қ. Сәтбаев жайында ол туралы білетін ғалымдар мен қызметтес жолдастары, көзкөрген тұлғалар оның ғылыми мүдделерінің кеңдігін, қай сала болмасын білімінің тереңдігін айтады.
Ұлы ғалым кабинетте ғана отырып жұмыс істейтіндердің қатарынан емес еді, практикамен үнемі байланысуды, өнеркәсіп қажеттілігін есепке алып, қызу кірісіп, басы-қасында қызметкерлермен бірге жүретін. Ол осыны бас-ты мәселе деп санайтын.
Ғылымды елдің өндіргіш күштерін дамытудың қуатты қайнар бұлағы деп білді. Жас ғалымдарды даярлау ісімен жүйелі түрде шұғылданып, барлық сала бойынша жас мамандардың өсуіне қолдау көрсетіп, өсіріп отырды. Сондай-ақ, Мәскеу мен Ленинградтың ғалымдарымен келісіп, сол жерге мамандарды оқуға жіберіп отырды.
Кені аз деп саналатын жабылуға ұйғары-лып жүрген кеніш – «Үлкен Жезқазған» Қаныш Сәтбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қайтадан қолға алынып, дүниежүзіне әйгілі кен орындарының біріне айналғаны белгілі.
Қазақ халқының біртуар ұлы, ғұлама ғалым ҚҒА тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қазақтан шыққан тұңғыш геолог, инженер ғана емес, әділ сот та болған. Сот саласына да еткен еңбегі орасан. Көп білетін әділетті өкіл ретінде халық сенген.
Профессор М. А. Усовтың естелігінде былай дейді: «Таңданарлық жас жігіт! Сауатты-ақ, орысша еркін сөйлейді, тәрбиелі. Ойлы, бірде бір артық сөз айтпайды. Солай бола тұрса да, оның қалай судья болғаны басқа қонбайды. Жап-жас деуге болады. Тіпті, заң оқуы жолға қойылған Еуропаның өзінде де осындай қызметке мұндай жас адамды тағайындай қояр ма екен?…»
…Иә, тәжірибесі өсіп, мемлекеттік ұлы шаруаларды ойдағыдай басқара алатын көшбасшы болған ол инженер жастарды да еңбекқор болуға шақырады. Үлкен талантпен ұштасқан оның озық ойлы идеялары оны елімізде ғана емес, басқа да шетелге танымал ете бастаған және шетелге бала оқытуды да сол сәттерде алғаш қолға алып, демеушілік жасаған да Қаныш Сәтбаев болатын. Қазақстанды шетелге алғаш рет танымал етті деген сөз. Оның бар мұраты мен мақсаты, сан-салалы 15 жыл бойғы қажырлы еңбегі қазақ үшін толассыз қайнар бұлақ, сарқылмас мұра. Ол сол жолға бар өмірін арнады. Жеңіп шықты, мақсатына жетті де.
Мүдделері ешқашан өз мамандығы шеңберінде шектелмейтін ғалыммен кездейсоқ кездескендер оның білімінің кеңдігіне таңданатын. Қандай проблема болмасын егжей-тегжейлі білу, оны зерделеп жылдам шешу нақты орындау – басты кредосы, ерекше қасиеті. Қысқасы, қай сала болмасын, белсенділік танытып, алып шықты. Талмай-тынбай еткен еңбегін еліміз әлі күнге дейін мұра етіп, игілігіне пайдаланып отыр. Тіпті, өзендер мен көлдердің қалай аталатынын, неге олай аталғанын, жер бедерлерінің тарихи оқиғаларына дейін білетін. Білмейтінін сұрастыра жүретін.
Қажырлы күрескер Қаныш Имантайұлының бір хатында: «Мен ғылымға ұмтылған әрбір адамды қуана қарсы алып, қолдап отырдым, ғылыми және мәдени жағынан өсуіне оларға жан-жақты көмектесіп, ықпал еттім» – деп ағынан жарылған сөздері кездеседі. Шынында да, әрбір талантты адамды қолдап, бәйгеге қосатын жүйрігіндей баптап, қамқорлық жасап отыру оның өмірінің мәні, лейтмотиві сияқты.
Жастарға жалынды тілегін 1950 жылғы қаңтардағы «Лениншіл жас» газетінде былай деп жеткізген: «….Бүгінгі білгеніңізден ертеңгі күнге білетініңіз көп. Сол білетіндеріңізді білуге асығыңыз. Сонда ғана Сіздер Отанымызға пайдалы азамат боласыздар. Білімді, мәдениетті, адам болып өсесіңдер. Білімді болу, ғалым болу өмірді танудан, көп оқып, көп ізденуден, шаршамай талмай еңбек етуден болады». Осы ақылсөзді, жақсы тілекті айтып отырған «асқан ойшыл» да тарихта мәңгі аты сақталатын «ұлы адам» да дәл ғұлама ғалымның өзі еді.

Қарсақбай зауыты
Қарсақбай зауыты

Ол кісінің жолдамасымен, ақыл-кеңесімен өздерінің аянбай еткен еңбектерінің арқасында талай адам марапатқа ие болып, ұлт тұлғаларын қалыптастыруға игі ықпал етті. Ұлт кадрларын даярлауда атқарған еңбегі оның адамгершілігін көрсетпей ме?
Өзіне деген сенімі зор. Біліміне деген адалдығы басым Қаныш Сәтбаевқа қызғанышпен қарағандар да аз болған жоқ. Арасында шиеленісу жағдайы да болмады емес, болды. Тағдыры да мамыражай қалыпта болмады. Билік басындағылар оны қуғынға да ұшыратты. Ол қиындықтан рухы мықтылар ғана қасқайып өте алатын. Ол аяқтан шалушыларға мойын бұрмады, оған мойынсұнбады. Рухын төмендеткен жоқ, керісінше, қарсы күресе білді. Тағы бір ерекшелігі ол әр маманның өз ғылыми тілінде сөйлесе білді. Самғағыш ұшақ, тозбас танк, мойымас мылтық, өрттей оқ жасауға да өз үлесін қосқан Қаныш Имантайұлының қырағылығы сырт бейнесінен де айқын көрініп тұратын.
Оның ғылыми мұрасында екі жүзден астам ғылыми кітаптар мен мақала бар. Химиялық өнімдер алу үшін жергілікті шикізатты пайдалану жөнінде де бірқатар проблемаларды шешуге бастамашылық білдірді. Жалпы алғанда, қазақ даласындағы ғылым мен білім саласындағы елеулі бастамалар ішінде Қаныш Сәтбаев қатыспаған бірде-бір сала жоқ.
Қазақтан шыққан тұңғыш академик, ұлтымыздың Ұлы қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген.
Сондай-ақ, Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Еліміздің әр түкпірінде оған арналған бірнеше мұражайлар бар.

Ә.НАЗАРАЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!