Жүрек нені қаласа, соны қағазға түсіремін…

Жұлдызай Ысқақ 1989 жылы 19 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында туған. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Төлеген Айбергенов атындағы әдеби жас-тар сыйлығының лауреаты, Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық ақындар мүшәйрасының 1 орын иегері. Бірнеше ән мәтіндерінің авторы.

– Өлеңдеріңізде жайма-шуақтық бар. Кейде кейбір ақын сезе бермейтін сұлулықты байқайсыз. Жыл мезгілдерін суреттеуде де осы сезім бар. Кейде көңіл қалғандық, ішкі дүниеңіздің алай-дүлей екенін де аңғартасыз. Өлеңмен бетпе-бет отырғанда бүкіл шындығыңызды төге аласыз ба? Әлде, «осы жолдарым әбес болды-ау…» – деп қайта қарайсыз ба?
– Өлең жүректің, көңіл-күйдің айнасы сияқты. Ішкі көңіл-күйімді күлкімен қанша жасырып жүрсем де, өлең осы сезімдерді әп-сәтте-ақ сыртқа жайып салады. Жыласам көз-жасым боп төгіліп, қамықсам мұң болып тұнатын, қуансам нұр болып себілер өлеңнен шындығымды жалтарып қала алмаймын. Кейде өлеңге түскен шындығымнан өзім жасқанып, жазғанымды ешкімге оқытпай, сиясы кеппей жатып, өшіріп тастайтын да кездер болады.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі ақындар қоғам көлеңкесіндегі қалтарыстарды айшықты жаза алып жүр ме? Мәселен, жер-жерлерде бой көтерген, түрлі келеңсіз оқиғаларды біздің ақындар қай деңгейде жырлап жүр?
– Ел ішінде бой көтеріп жатқан оқиғалар, қоғамның бүгінгі келбеті, халықтың қуанышы мен мұң-мұқтажы әрбір ақын жүректі толғантпай қоймайды деп ойлаймын. Бір ақын өзінің ойын ұрандатып жеткізсе, енді бірі ішкі толқынысын тұспалдап, меңзеп жеткізуі мүмкін. Сол себепті де «жазды, жазбады» – деп ешкімді бөле-жара алмаймын.
– Отыз жасқа келгенде өзіме «не бітірдің?» – деген сауал қойдым. Артыма қарасам бұлыңғыр, бұлдыр армандарым бірі ойда жүр, бірі қырда қалған. Табиғат заңдылығы мен тірлікке бой ұсынып, қаламымды «қазан мен бөпеме» алмастырыппын. Бұл әйел затының парызы мен міндеті екені белгілі. Сіз ақын ретінде өз биігіңізді жырлай алдыңыз ба? Өз шығармашылығыңызға деген «көңіл толмастық» сезімі болды ма?
– Менің де отыз жасқа келгендегі өзіме алғаш қойған сұрағым сіздікіндей еді. Өзімді «жарытып іс қылғаным шамалы ғой, жайым ғана болмаса «бармын» деген» деп жазғырған кездерім де болды. Жалпы өнерге сіңірген азды-көпті еңбегімді айтпағанда, өмірдегі басты миссиям әлі орындалмады… Мен әлі өз биігімді іздеп келемін. Ақын һәм адам ретіндегі биігімді Ана бақытын сезінгенде ғана толық жырлай алатынымды іштей сеземін. Ал шығармашылығыма деген «көңіл толмастық» сезімі менде жиі кездеседі. Сол «көңіл толмастықтың» арқасында өз-өзімді «тәрбиелеп» те жүрмін.
– Жазушылар Одағының Елбасына ұсынған «Әдебиет академиясын» құру жобасы туралы не айтар едіңіз?
– Әдебиеттің көтерген жүгі ауыр болғанымен, өте нәзік әлем. Сол себепті де ол ешқашан қорғансыз қалмауы керек. Ал «Әдебиет академиясы» осынау таза, нәзік салаға қорған бола алады деп сенемін. Сөз өнерінде жүрген жастардың шығармашылық болашағы үшін мұндай игі бастама ауадай қажет.
– «Ақынға білім емес, сезім мен шынайылық керек», «кейбір ақынның өлеңін оқысаң сөзжұмбақ шешкендей боласың» – деген пікірлер бар. Ақындық талант – Алладан келеді, – дейді. Білімді ақын, білімсіз жазушы деген ұғым бар ма?
– Қаламгерге өз әлемінің биігінде еркін самғауы үшін сезім мен білім қос қанатындай болуы керек деген пікірдемін. Сезіммен туған дүниені білімімен толықтыра білген ақынның да, жазушының да шығармалары өміршең болады деп ойлаймын.
– Әлеуметтік желіде жақсы өлеңнің авторларына жылы пікір танытып тұрасыз. Қазіргі жас ақындардың өлеңдері бір-біріне ұқсайтындай көрінеді. Әрине поэзияда қаузайтын тақырып көп емес. Бірақ оны түрлі қиырдан құбылтып жеткізгендер бар ғой. Сіздің бұл туралы пікіріңіз қандай?
– Қазір көпшілігіміздің қозғап жүрген тақырыбымыз – әрине махаббат. Әрине жас болғаннан кейін де, бәріміздің кешетін сезіміміз де ортақ: ұнатамыз, сүйеміз, сағынамыз… Осы сияқты сезімдерден өрбіген өлеңдерде ұқсастықтар болады-ау деп ойлаймын. Әркім өз жүрегіндегісін өз шамасынша жырлайды. Мысалы, менің мақсатым поэзияға әлденедей жаңалық әкелу емес. Тек жаныма әсер еткен күйлерді, жүректегі түрлі сезімді, табиғаттағы сан қилы құбылысты қағаз бетінде әдемі сөйлете білсем жеткілікті.
– Өзіңізді көркем сөздің шебер ақыны, сырлы сезім жырлардың авторы ретінде құрметтеймін. Алда қандай дүниелерді жазсам деп жүрсіз…
– Бұл сұрақтың жауабы болашақтың еншісінде. Жүрек нені қаласа, соны қағазға түсірермін. Ал жалпы шығармашылығыма қосқым кеп жүрген жаңалық – жеке жинағымды шығарып, өлеңдеріме жазылған әндерден смартфонға арналған аудиоқосымша әзірлеу. Қазір бір тарихи тақырып аясында ізденіс үстіндемін. Келешекте сол тақырыпта поэма жазсам деген ой да бар.
– Әңгімеңізге рақмет, дегеніңізге жетіңіз!

Сұхбаттасқан Динара Мәлік

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.