Ұмыт боп көздің ішінде, тағы бір өнер тұрғандай

Көкбөрі МҮБАРАК 

АҚЫН

Құмартпай қара салқынға,
Ат құлағынша құлақ шымырлап…
Бойыңды өрлеп ыстық сөз,
Жүректі тебер жыбырлап…

Тұтқыны болып ақ лептің,
Ақ лебің түсер жүректен…
Жүрекке жақын қызу сөз,
Тоса алмай оны дір еткен…

Шымырлау мұнда басталып,
Төгілмей жасың ойланып…
Саусаққа жетпей әл-дәрмен,
Жүректі ғана айналып.

Қыстығу мұнда тән емес,
Абырой еді – өртену.
Қағазға дайындау жөн болар,
Сөзіңнің итеріп желкенін.

Ұмтылып ойдың ұшында,
Саусаққа баяу от барса…
Барды ма, әлде, бармады ма,
Білмейсің қағаз шоқтанса…

Сығылып көздің жасымен,
Ауаға терең бойлаймын.
Майысар мойны сықырлап,
Домбыраға қарай алмаймын.

БҰЛҒАҚ САРЫ КЕШ
(Баянсұлуға)

Алтайдың үкісіндей бұлғақ қарғам,
Қай желі жүрегіңді шулатпаған?!
Бұл дала, мынау жартас, қызыл өзен,
Жасыңды іңір құшып құрғатпаған.

Құшағың қызыл өзен секілденіп,
Қарайды айдалаға жетім болып.
Аталар тартып жүрген сыбызғы үні,
Үрлейді маңдай шашты кекіл беріп.

Үрленген маңдай шашың үкіленіп,
Қайыра соққан желін жұтып едік.
Өркештеніп ақ жоның тауға қарап,
Ақ ізіңде шоршиды бүкіл елік.

Барлығы да бүлкілдеп тауға қарап,
Билеп жатыр тұяғын таңға мала.
Ұлы әппақ таң үкідей қақ жарылып,
Бұлаңына тербелген арман адам.

Жүрегіңді сипалап уһіледің,
Бұлғағыңның жүрекке дірілі өніп.
Сап-сары үкің молаша тербелді ме,
Қайран Баян, кеш сайын күңіреніп.

ИГЕРУ

Ұмыт боп көздің ішінде,
Тағы бір өнер тұрғандай.
Жарық шоқ тістей тізілген,
Сонау бір қызғылт жылдарда.

Сапырып ізін түлкінің,
Аунайтын қызыл құм қалған…
Анары күннің бұлқынып,
Қызыл деміңе дымданған…

Оянып тауыс төбелер,
Қанатын түртсе күнге кеп…
Сәбіздей қызғылт денелер,
Қауышар таңмен түрлене.

Жөңкиді күй боп өзендер,
Сағымын күннің тырмалап…
Дірілдеп мұхит өлеңдер,
Жасайды таңға шырғалаң…

Осынша шоқты көтеріп,
Уысымды иіскей беремін…
Алтайдың қызғылт мекенін,
Ішіне күннің көмемін…

ҚАРҒАЛДАҚСЫЗ
БИ АЛАҢЫ

Борбайы ашық соғысты қайтем
Үсінген,
Соғыс дегенді көңілді сайтан
Табыттан өмірге түсірген.

Табыттар отыр еңіреп,
Құшағыма қысам деп ұлыңды.
Майдандарда «айжарықты» билей
кетті де семіз от,
Далалар көйлекке жуылды.

Маржандай шығырықты көздердің
Үйілгенін көрдім төмпеш боп…
Ысқыра беруінен жездердің,
Ренжігенін көрдім еркеш көк.

Кім уқалап берер нәзік жүрегін,
Жезге шымшылған аспанның.
«Соғыста жеңімпаз жоқ» деп жазып
жүр едім,
Тастанды байрағына тастардың.

Іңгәлап кеп тығылды құс маған,
Аспанның қуып шапанын.
Салалап беретін түс ғана,
Көкжиектің өлген сақалын.

Қарғалдақтарым да өзін жерлеуге,
Қар уыстап келді үйге.
Соғыссыз менің кеудемде,
Кел биле қорғасын, кел биле!…

КЕШЕ

Көтеріліп тұрды Есентай жақта ескі
бір Сауран жалауы,
Жалтылдап жүрек қарады…
Естіліп тұрды Есентай жақта ескі бір
Ертіс сыңғыры…
Бүгінгі Ертіс түсінбейтұғын өлі бір тілде
мыңғырып…
Өшкен бір балық үндері, жоғалған бақа
тілдері…
Шашылып тұрды аспанға табанымдағы
Алтай түндері…
Жұлдыздар бетер шашырап табаным
менен кеудемнен,
Емендері осы қаланың
түн жапырақтарымен тербелген.
Естіліп тұрды тұманға Есентайдың
мұнар кеудесі,
Естіліп тұрды Аллаға… Тыңдады басқа
ел несін?
Дауылдар кеткен қыдырып балалық
шақта жұлынған шарбағын үйдің құшақтап,
Дауылдар атын айтады он жылдан соң да
құлаққа…
Танимын ғой оның барлығын-желдердің
үшкіл қанатын…
Сол үшкіл қанатты қолтыққа ап әжем
кетіп бара жататын…
Түн тағы неге түрілер бозүйдің тура
шетінен…
Желдердің сұрғылт іздерін бес жасымдағы
табанның мөрімен басып өтіп ем…
Қозғалар әлі сол изен, сол ермен-шашы
ағарған,
Қозғалар әлі жүрегім кемпірқосаққа
оранған…
Есімде алғаш көргенде кемпірқосағын
алыстан,
Жүгіріп едім ұстауға жүрегім менің
сытырлап озып кеткен менен ғарышта…
Сол бір сол бояу бурадай түртініп тұрды
төбеде,
Балалық шақты ашып тұр үлбіреген
түспен терезе…
Әрі жағы оның Есентай, Әль-Фарабидің
тас жолы…
Жүректей баяу сықырлап, аяздай
жымиып жатты өзі…
Қайдасың боз үй, боз уақыт…
Қайдасың боз үй, боз табан…
Қайдасың менің сол ағам қыраудай
дірілдеп маздаған…
Қайдасың сол бір әппақ от құшақты күнге
толтырар,
Қайдасың сол бір Көкбөрі Ертістің өшкен
тілімен жағарған Ертіс үстінде шағала қуып сарқылар..
Ұқпайды менің тілімді бүгінгі мынау
шағала…
Ұқпайды менің ділімді Шымкенттегі
кейінгі Қаратау…
Еділ де мені ұқпады… Жем-Сағыз аздап
ұққандай,
Қоңырлау сол бір екі су оянарымнан
аз уақыт құшағымнан қашып шыққандай…
Тұлдыр бұл дала кемсеңдеп… Есентай…
Көкшіл тас жолдар….
Ертістің көне тіліне жүгіріп жүрді
аспандар…
Ертістің көне тілінен ішпек те болды
бастаулар,
Ертістің тура ішіне қоп-қою, күңгірт жас
тамған…
Ертістен осы Көкбөрі тұңғыш рет солай
басталған…
Ертістің суы дірілдеп, құшақтар
бала талдарды…
Ертістің суы дірілдеп шошытып
өтті аңғарды…
Ертістің суы дірілдеп жаруда лағыл
маржанды…
Ертістің суы қыдырар көне бір жүрек
үстіне,
Әкемнің ескі жүрегін сағатына үш рет
түрткілеп…
Таулар да бығып балқыған, ендігі піскен
болар-ау!…
Ертістегі көне тіліме Алматы тозып
қараған…
Шаңдатып тұрды уақыт сілкіне алмай
қабықтан…
Есентай бойы боз тұман, ұшады
аты қалықтап…
Ұшады мың сан Есентай, ұшады мың сан
атауы…
Бурылдап тұрған есімдер аспанға өз
жарымын қашады…
Дірілдеп суы Ертістің жарады менің
ішімнен…
Құтқарар Ертіс ішімнен өзін…
Маржандай өткір тісімен…
Ішімде толған Ертіске кінәлы емес
әппақ ай,
Ішімде толған Ерістің аспанына
жапсырып қойған ем кінәсіз айды мақтадай…
Бәрі де ұмыт… Тыныштал… Тыныштал
бозғылт есімдер…
Түршіккен түрлі есімдер… Ішіме
қайта көшіңдер…
Көтеріліп тұрды Есентай жақта ескі
бір Сауран жалауы,
Керуенші самалды көтеріп…
Сайрам мен Ясы исіне…
Жалтылдап Ертіс қарады…
Көзімнің қара ұшынан далалар ағып
барады…
Көзімнің жалғыз тамшысын мөлтеңдеп
Сауран жарады…
Ор киіктей жөңкіп бұл Ертіс жартысы
самалға айналып,
Сары Арқаның түк басқан шалғынын
іштей тарады…
Өртеніп бірде тарады…
Селт етіп қалып барады…
Құлағымды менің Ертістің ескі
бір айхайы жарады…
Тізіліп мың сан аналар… Байырғы мың
сан әжелер…
Ертіс бұл көне бабамның көзімен
лайланып барады…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.