Тегіңді білу – теңіңді білу

Әлем халықтарының салт-санасымен салыстырғанда ұлттық мәдениетімізде мақтанышпен айтатын қасиетті дәстүрлеріміз баршылық. Соның бірі – ата-бабамыздан жалғасқан, бүгінгі күндегі озық медицинаның дәлелдеуінен өткен жеті аталық ұстаным, жеті атаға толмай қыз алыспайтын қазақи шежірелік жүйе. Ол – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасында ата-тектің жалғасуын реттейтін қасиет. Осыған байланысты ежелден бері қазақ халқында өзінің жеті атасын білуі әрбір азаматтың борышы болып саналады. Сонымен бірге бұл – ата-ана үшін отбасылық үлгі-өнегенің әліппесі. Тек ата-анасынан жастай айырылған жетімдер ғана мұндай тәрбиеден мақұрым қалатын болған. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деген сөз де осыдан шыққан болса керек. Халқымыз баласын кішкентайынан жеті атасын тануға үйреткен. Біріншіден, бабадан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал, екіншіден, баладан тарайтын ұрпақ әкеден бастау алып, жалғаса береді. Жеті аталық рулық жүйенің маңызы мен мәні, қоғамдық рөлі мен маңыздылығы жайлы «Қазақ ұлттық энциклопедиясында» былай делінген: «…өз ата-бабасын жеті атасына дейін білу әрбір қазақ азаматы үшін міндет болған. Мұның өзі қазақтардың этноерекшеліктерін танытуда. Бұл жетіаталық жүйе ел басынан өткен қиын-қыстау кездерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болды. Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген халықтар үшін өмірлік қажеттілік еді. Жеті атадан үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім бірнеше ғасырлар бойы «қазақ халқы бір атаның баласы, бір тамырдан тараған» деген ұстанымды орнықтырған. Жеті атасын тарата білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын білетін. Сөйтіп, бүкіл қазақтың біте қайнасқан туыстығына көзі жеткен. …Жеті атасын, руын, жүзін білген соң, қазақтар туған жерінің кез-келген шалғайында өзін туысқандарының ортасында жүрген алып бір отбасының мүшесіндей сезінетін. Нәтижесінде, үлкен бір отбасы секілді ұлттың біртұтас зердесі қалыптасты. Жер басып жүргендер ғана емес, жадында сақталған баяғы ата-бабасы да тірілердің санасында тірілгендей, жалғасын тапқан. Жеті аталық ұстаным бүкіл халықтың бойында еш мәжбүрлеусіз, мейлінше тегеурінді рухани бірлік сезімін терең сіңдіреді. Ол – этнотуыстықтың қуатты, арқаулы темір қазығы болды».
Халық жадында берік сақталған жеті аталық ұстанымның ұлт болып ұйысуымызға, ұлттық құндылықтарымызды сақтап оны дамытуымызға әсері мол болды. Тағдырдың талай тауқыметін көріп, бұл күндері әлемнің отыздан артық елінде тарыдай шашылып жүрсек те, біртұтас халық ретінде тарих сахнасынан көрінуімізге тигізген үлесі мен пайдасы, құндылығы, рөлі мен маңызы туралы мұнымен ғана тоқталуға болмайды. Осы жетіаталық ұстаным әлемдегі қазақтан өзге ұлттарда бар екенін осы уақытқа дейін естімедік. Ол жеті ата немесе жеті ұрпақ атауына сәйкес атау-терминнің өзге ешбір халықтан шықпауынан да белгілі. Жеті ата танымының қазақ халқында бағзыдан келе жатқан тамыры терең ұғым екенін арнаулы атаулары дәлелдейді. Бүгіндері жеті ата десе болды көптеген адамдар «бала, немере, шөбере …» деп жеті ұрпақты тізбектейді. Бұл қате ұғым. Өйткені, қазақ әдетте, «руың кім?, ата-тегің кім?» деп сұрасады. Әрине, бұл сұраққа әкеңнен бастап жеті атаңа, тіпті руыңа дейін жалғап жауап бересің. Бұл деген – арғы тегіңнің кім екенін білу-білмеу мәселесі.
Осы орайда есіме бір оқиға оралады. Бала күнімде «руың кім?» деп сұрағандарға «Баймұрат-Жаппаспын» деп жауап беретінмін. Сонда үлкен кісілер «батырдың ұрпағы екенсің ғой» деп жатса, әулеттің келіндері әжелеріміз «Ұранға шыққанның қызы» деп жасым кіші болса да төрге отырғызып қоюшы еді. Осыдан түйетінім, қазақтың келіндері аталарының есімдерін атамайтын, тіпті руын да айтпайтын сондай ибалы, тәрбие көрген болып келеді. Бұл да біздің басқа ұлттардан ерекшелігіміз шығар. Кейін есейе келе есімде әкем, інілерім жарысқа баратын кезде «Ақсақ Баймұрат әруағы қолдасын» деп тілекші болып отыратын. Мұның астында да үлкен мән жатса керек. Ақсақ дейтіні атам Қали шығар деп ойлаймын. Ол кісі Ұлы Отан соғысында аяғына оқ тиіп, жараланып елге оралған екен. Мектеп қабырғасында жүргенде жеті атамызды жаттап, айтып беретінбіз. Ұстазымыз тапсырма беруші еді. Бірде әжемнен жеті атамды тізбектеп айтып беруін сұрағанымда сандықты ақтарып шүберекке салынған қағаздарды шығарды. Беттерін күн сәулесі жеп қойғандай сарғыш тартқан қағаздардың ішінен «Шежіре» деген үш парақтан тұратын қағазды алып қасыма жайғасты. Сол қағазбен жеті атамды тізбектеп, айтып берді. Ертесіне мектепке барғанда осы шежіренің арқасында бестік баға алғанмын. Бертін келе «Баймұрат батыр» жайлы біраз мақала мен зерттеулер басылым беттерінде жарық көрді. Ал, енді осы Баймұрат батыр менің оныншы атам екен. Үлкен кісілердің көбісі кейде тегінен шатасып жатады. Мұның басты себебі шежіренің сақталмауынан шығар деп ойлаймын. Кейде мұның аяғы үлкен дауға да ұласып кететіні бар. Осыдан үш жыл бұрын әжем өмірден өтер шағында осы шежірені қайта көрсеткенде заманның дамығаны да жақсы ғой, қағазды ұялы телефонымен суретке түсіріп алған едім. Арада біршама уақыт өткен соң, әжемнің көзі кеткеннен кейін шежірені де таппай қалдық. Онда біздің атымыз жазылмаған, соған қарағанда 90-шы жылға дейін жазылған болса керек. Бірақ қуантатыны ұялы телефондағы суреттің әлі сақтаулы тұрғаны. Содан осы суретті дереу қағаз бетіне түсіріп, анама сақтауға бердім. Шежіреге қыз балалардың есімдері жазылмайтыны баршаға мәлім. Әйтсе де келешек бауырларым, олардың балалары өз ата-тектерін ұмытпаса деген ойым ғой.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.