Жарық еді жұлдызы біздің жақтың

Шапағат ШЕРАЛЫ
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университеті филология факультетінің 4-курс студенті.

***
Бар жылуын түйіншекке түйіп ап,
Тағдыр уын шуағымен сүйіп ап,
Күн алысқа «құлатылып»барады…

Бір күнімнің сағаттарын қиып ап,
Түндігімнің тесігіне сиып ап,
Күн сəулесі шұбатылып барады…

Бар дүниенің ғаламатын жиып ап,
Ақ бұлттардан сəукелесін киіп ап,
Күн «батысқа» ұзатылып барады…
Бəлкім, ол да бақытты,
Я тағдырға наразы…

Сезім суреті

Сезім күйін тарта келіп біз шерткен,
Шығатындай алдымыздан күз көктем
Арқалап ап күйсандық.

Төзім күйін тағатымыз күлеткен,
Тұратындай көшелерден біз өткен
Сағыныштың исі аңқып…
Өзім үйін жүрегінің гүл еткен,
Шығатындай талқан етіп түнектен
Сүюдегі қайсарлық!

Алған кезде немересі етектен,
Құратындай айнымайтын ертектен
Біздің сезім тым тəтті!

Қалған кезде сүйенетін жетектен,
Көз ілудей, қорқынышты селт еткен
Жоғалту да қымбатты!

Ада ойдан жақсылықты келте еткен,
Сезімімдей бір болуды серт еткен
Мақсатымыз тұрақты!

Қашықтықты жеңіп кетсін ғашықтық,
Аман болшы махаббатым тұрақты!

Мына Аспаннан төгілген әр тамшыда
Бүгін міне қала тұр жылап тағы,
Болмай қалған баладай сұратқаны.
Өмір деген шешілмес көп түйін ғой,
Таусылмайтын жұмбағы, сұрақтары.

Кейде сезім сыр төгіп өсіп қалам,
Жауған күнмен қайғымды кешіп те алам.
Жамандықты арқалап келген мұнда
Қоржыныңды берші аспан шешіп маған.

Аспанменен қосылып төгіп жасын,
Ақымақтық жасаған сөгіп басын.
Көздің жасын жасырған жаңбырға алып,
Таныс қызды жанарым көріп қасын.

Тым ертерек ұмтылып бақытына,
Тым ертерек қош айтып жақұтына,
Гүл-еркелік осылай басылыпты,
Жетпей жатып солыпты уақытына.

Бақытсыздық егер де болса сырға,
Ең ауырын тағыпты бұл пақырға.
Жылуды да болыпты іздемейтін,
Тығылмайтын болыпты қолшатырға.

Тағдыр келіп сабаған əр қамшыға,
Қандай ауыр болса да , қалқам шыда.
Бір мұңлықтың көз жасы жатқан болар,
Мына аспаннан төгілген əр тамшыда.

Бүгін міне Алматы жылап тағы,
Бітер емес аспаннан құлатқаны.
Мұңын шағып жатқанмен бəрі аспанға,
Ешкім оны алайда жұбатпады…

***
Сағатына салмақ сап өмір-уақыт,
Іздеп жүрген бейбақпын мен бір бақыт.
Жоқ іздеген жандаймын табылмаған,
Жанарымнан алғандай мұңды ұрлатып.

Маңдайыма жазылған жарты бағым,
Жарты бақпен қайда асып артыламын.
Саған дос боп бетіңе күле қарап,
Жүргендердің маған да салты мәлім.

Шынайылық бармысың жалғанда бұл,
Қайда достар қайғы да, арман да бір?!
Тыныштықтың сарайын талқан етіп,
Кімге барам ойранын салғанда мұң.
Мына ойдың ауыр ғой салмағы да ,
Адалдықсыз қалмайды бар мағына.
Жамандықтың жарты үні болса-дағы,
Жазылмасын тағдырдың тармағына.

***
Мен білетін өлкенің таныс лебі,
Мен тұратын өлкеден алыста еді.
Қолдарыңнан тудыру сағынышты,
Өкінішті жүрекке таныс па еді?!

Жарық еді жұлдызы біздің жақтың,
Айлы аспанды, жұлдызды түнді ұнаттым.
Адастырмас ғаламдық жарықпенен,
Үміт гүлін əдемі үздім бақтың.

Өкінбес ем ұмтылсам жалынды отқа,
Сөндіргенше жалынды арымды атта.
Бір күндері қалдырып кете барып,
Бүгіндері өкініп жалынбақ па.

Біздің жақтың жұлдызы жарық еді,
Тұрғындары таудан да алып еді.
Сол ғаламдық шуаққа ғашық болған,
Мендейлердің дертінің анық емі.

Көз жүгіртсем өткеннің елесіне,
Мінгізбеген балалық кемесіне .
Балалыққа апарып таста мені,
Көкіректен итермей келесіде.

Ерек жанған жұлдызды өлкемдегі,
Мендік жанар күн сайын көрсем деді.
Ал Алматы ал қызыл ала түні,
Жұлдызымды жасырды желкемдегі.

Жұлдыз санап жатушы ем ұзақ түнде,
Түу алысқа барады ұзап күнде.
Арманымның жұлдызын Алматыға,
Балалығым , осылай ұзаттым де…

Жұлдыз ағып қарашы бара жатты,
Ақ арманды аспанға тағалапты.
Аққан жұлдыз соңынан көп қарадым,
Бəз баяғы қалпында қала жатты.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.