Құмырсқаға жем болған әулет

Альфия Оразбекқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті. Журналдың тұрақты авторы.

– Сен түсінбейсің! Әке аманатының қандай болатынын да білмейсің! Әкеге деген махаббат адамға не істететінін де, кеудені қалай тесетіндігін де білмейсің!
– Саған әкең аманаттамаған. Сені әкең жаман жолға түссін деп пе? Әкең сенен ешқандай үміт күткен жоқ. Өтініш те жасамады. Құр ашуға бой алдырма. Өткінші өкінішті ұмыт! Болашағыңды ойла!
– Жоқ сен мені түсінбейсің! Менің оларда ақым қалды. Әкемнің құны қалды. Менің қандай сөзіме берік адам екендігімді білесің, кек аламын дедім бе, демек жуық арада. Менің ісімде жұмысың болмасын. Біздің пәк махаббатымыз да бұл кектің жанында түкке тұрғысыз. Түсінесің бе соны. Ендеше жолың ашық, басың бос. Енді мені жоқ деп есепте.
– Сен… Сен… Сен… Алар кегіңді ал. Көрермін әуселеңді. Жеті жылдық махаббатымды таптағаның үшін қайтып келмесім рас. Сендей қанішердің жары болуға асығуым – өлімге бас ұруым екен де… Қош бол!
Орталық саябақта қыбырлаған адамдар-дың арасында бір қыз жүгіріп барады. Жанары жасқа малынып, жүрегі қан жылап барады. Ал, жігіттен көңіл құлазуының көлеңкесі де білінбейді. Тек жейдесінің бірінші түймесін ағытты да, кең тыныс алып, терең күрсінді.
Үміттің отбасы орташа санатта еді. Жалғыз қарындасы, ата-анасымен бақытты күн кешіп жүрген шақтарында ойлап па, өз халдері осы дәрежеге барарын. Көршілері, достары жүрген жерінде ауыз толтырып мақтап жүретін әулеттің түлен түрткендей түтеп кетуіне не себеп?
Жаздың ең бір жаймашуақ күндерінің бірінде Сая құрбыларымен жастар кешіне барған. Ағасы Үмітті қояр да қоймай үйде қалдырған. «Кішкентай емеспін, есейдім. Гүлімнен ажырамай жүремін. Өз басыма өзім егелік қыла аламын ғой. Сен бармасаңда болады» – деп, ата-анасын да көндіріп көшеге шыққан қыздың қуанышында шек жоқ еді. Кілең бозбала, бойжеткен жиналған жиында «ұрттап та» көрді. Өзі білмеген, байқамаған жағдайда. Ал, содан кейін айқайға бассын кеп. Билейді, шыңғырады, есі ауысқан аурудай айналады. Онысын ерсі көріп тұрған достары жоқ. Өз бастарын өздері әрең көтеріп жүр. Сая есуас қалпында көшеге шығып кетеді. «Үйге барамын, анама барамын» -деп екі сөзді сандырақтап қайталай берген қызды көлік соғып кетеді. Айнала айра-жайра. Көзі қанға толған әке, жанары жасқа малынған ана, бойын ыза кернеген аға-жандарын шүберекке түйіп оқиға болған орынға келді. Халық ығы-жығы, күбір де дабырлы орыннан полиция мен медбикелер қоршауында жатқан қызына жеткендері мұң екен, Сая «үйге барамын, анама барамын» деді де, мәңгі ұйқыға кетті. Артын тінтіп, түрткілеп дабыра қылмаған ата-ана, бұл оқиғаны «жазым» деп жылы жаба салды.
Өміріндегі асылын жоғалтқан әкенің, көңілі жарым болып, зар илеп қалған ананың, жүрегінде жара пайда болған ағаның көңілдері кішкене алданайын деді. Саяны жер қойнына табыстағанына бір айдың жүзі болып қалды. Үміттің әкесі беделді, атақ үшін арын сататын байдың көлігін жүргізетін. Әке- ақкөңіл, әділдік жолында жанын қиятын, арлы адам болатын. Отбасының «өнегелі» деген атағы да тікелей әкесіне байланысты еді. Аруақ алдындағы міндеті саналатын қызының «қырқын» өткізуге басшысынан сұранған әкені, жағымпаздықтан құлдық ұратын бастығы жібермей қояды. Керісінше, бір жерге баруымыз керек деп шет жақтағы кеңестік кезде мата шығаратын цех болған жерге апаруын бұйырады. Бір қарағанда жүрегің сескенетін қараусыз қалған цехтың маңайы қоқыстан көрінбейді. Бір адам тұр. Өңі сұсты. Дәл жанына барып тоқтаған көліктен басшысы маңғаздана түсіп, екеуі біраз сөйлеседі. Үміттің әкесінің жанары жабырқаулы. Әңгімелері бітсе, тез үйіне аттанбақшы. Бірақ мыналардың әңгімелері толастар емес. Бір кезде бастығы қалтасынан тапаншаны шығарып, жанындағы адамды жайратып сала берді. Қас-қағым сәтте не болғанын аңдамай қалған әке байғұс көліктен түсе бергені сол еді, жүрек тұсын түйір оқ тесіп өтті. Ия, басшысы «әділдік аңсаған аңқау бар көргенін жайып салмасын»- деп өз қызметкерін жайрата салды. Оған не? Былығының артын ақшамен жабады, бір кедей дүниеден озса байлығы кемітіліп қалмайды ғой.
Шынында да, цех маңынан өлігін тапқан әкені біреу «адам өліпті-ау» деп елемеді. Заң өкілдері жылы жауып қоя салды. Саяның «қырқы күні» дүние салған әкені елеген екі-ақ жан. Достары да, көршілері де, өлтіріп кеткеннің кім екенін көзімен көрмесе де, көңілдерімен сезеді. Сондықтан, ешкім жаназа басында төбе көрсетпеді. Ана байғұс өлімшінің күйін кешті. Бала байғұстың енді бітіп келе жатқан жарасына тұз себілді. Қарындасының өлімін жазым көрген Үміт енді тыныш жата алмасын ұқты. Мінезі де, ойы да өзгере бастады. Жақсы адамды көзілдірікпен тінтіп жүріп іздесе таппасын ұқты. Осы жылы отау құрамыз деген сүйіктісіне де жүрегі жылымайтын секілді. Қатуланып кеткен. Қызымен де айрылысып тынды. Кек алуға бекіген 22 жасар жігіт араққа сылқия тойған, қалтасында пышағы да бар. Әкесін өлтірген қудың үйіне келе жатыр. Көзі қанталап кеткен. Жан пендені жанарына ілмейді, «Өлтірем» деген сөзден басқа тілге келмейді.
Қараңғы көшені жағалап келе жатқан бір қара көрінеді. Бұл – Үміт. Әлі ойынан қайтпаған. Айрандай ұйыған әулеттің күл-талқаны шыққанға өкінеді. Асқар тауының місі құрығанына жүрегі тілімденеді. Аяулы қарындастан көз жазып қалғанына қаны қараяды. Күндегісін-күнде зар илеген ананы жұбатуға сөз таппағанына налиды. Сүйіктісінің сөзін көтере алмағанына қаймығады. Бүкіл әлемнің мұңы іліккен қоңыр көзде сұс бар.
Ішіп алғанын жазбай-ақ таныған көше балалары Үміттен келіп темекі сұрады. Көңілі темекінің тұқылындай майдаланып келе жатқан Үмітті ашу кернеп, алдында тұрған жігітке жұдырықты жіберіп қалды. Желік таппай тұрған жігіттер жабылды да кетті. Үміттің төрт-бес жұдырыққа ғана әлі келді де, талықсып кетті. Сол мезетте, жігіттердің бірі Үміттің қалтасындағы пышағын алып, жүрек тұсына тығып алды. Содан, бір топ көше қаңғыбастары қаша жөнелді. Үміт аспанға қарады. «Жұлдыздар көп, ә! Мені Алла көріп тұр ма екен? Көрсе айтарым бар. Базына емес, өтінішім. Аллам, анамды сақташы! Әулетімізден бір түйір жан жер басып жүрсінші! Аңғал Саямның тағдыры мұңды болды. Ерте көз жұмды. Ақкөңіл әкем адалдығының кесірінен келмеске кетті. Менің жатысым мынау. Құр ашумен аспанды алмақ болған. Жаратушым, әкемнің әулетін аяшы! Анамды сақташы, анамды сақташы!» – деді де жанарынан бір тамшы жас сырғып түсіп, көзі ашық күйінде арғы дүниелік атанды.
«Анамды сақта» дейді. Анасы ұлының кек алмаққа кеткенін есіткен сәтте жүрегі ұстап қалып, дүние салғалы қашан. Әулеттің ең соңғы түйірі дүниеден озды қазір. Жамандықтан жұрдай бүтін бір әулет аруаққа айналды. Тірі күндерінде адамдарға жем болған әулет, ендігісі құмырсқаға жем болары анық! Бір кем дүние…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.