ӨМІР ЕСТЕЛІГІМЕН ҚЫМБАТ

Бекжан Тұрыс

М.Әуезов атындағы академия-лық драма театрдың әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Өнердегі анам

Әр жылдың бірінші күні, яғни 1 қаңтар менің жүрегіме жылылық пен сағыныш, әсерлі естелік пен аздаған мұң сыйлайды. Тура 1 қаңтар – менің ұстазым әрі өнердегі анам Шолпан Жандарбекованың туған күні. 1 қаңтар күні ертемен алдымен мешітке барып, жаңа жылдың жаңа күнін аман-есен көргенім үшін Аллаға шүкіршілік етіп, ел менен отбасымның амандығы үшін дұға бағыштаймын. Бұл күні қала көшелері тып-тыныш, ертемен көшеде жүретіндер өте сирек. Мешіттен келген соң екі балам мен келіншегімді ертіп, Жаңа жылдың жаңа күнінде Шолпан апайымды туған күнімен құттықтап бару да бұлжымай орындалатын ережедей еді. Міндетті түрде ұстазыма баруды парыз санайтынмын. Ол кісіні тура осы – 1 қаңтар, туған күнінде Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Хабиба Елебекова, Әмина Өмірзақова апаларым кезектесіп қонақ қылатын әдемі дәстүр болған екен. Менің одан xабарым жоқ, кейіннен естіп жүргенім ғой. «Ертерек келе берсеңші», – дейтіндерге Шолпан апайым әзірге бара алмайтынын, үйіне бір кісілер келуі керек екенін айтады екен, кейіннен білдім. Шолпан апайым сонда өзінің шәкіртінің міндетті түрде келетініне қаншалықты сенімді болса, менің де тура сол күні ол кісіні құттықтап бармай қалып, сеніміне селкеу түсірген күнім болмапты…
Оқытушы әркімде бар. Мұғалімнің алдынан өткен шәкіртте көп. Ал, Шолпан апайым нағыз ҰСТАЗ бола білген аяулы жан еді…

Бейтаныс адамның  шарапаты

Әскерден келген соң өнердің оқуына түсуге жүрексініп жүрдім. Анау айтқандай түрім жоқ, ал, артистердің қайсысы болсын шетінен келбетті. Оның үстіне артист болуға фактурам келмейтінін сезгендіктен сол кездегі Театр және көркемсурет институтына мүлде беттегім жоқ. Бұл – қалада ірі өндіріс орындары, түрлі құрылыс мекемелері тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған уақыт. Сырттай оқып, жұмыс істейтін студент кластастарым да болған. Ол уақытта жастар сол кездегі М.Горький атындағы демалыс паркіне жиі жиналатын әрі парк ішіндегі саxнада түрлі мәдени шаралар өтіп жататын. Менің СМУ-де істейтін кластастарым паркте өтетін сондай бір шараға қатысуы керек екен, қойшы не керек, олармен бірге барып әлгі шараға қатысып, парк саxнасынан ән де шырқадым, әзіл де айттым. Бір сәтте әнші болып, тағы бірде – кемпір-шал болып, СМУ-дың алға озуына септігім тиді. Көңіліміз шат, өзіміз мәзбіз, алдыңғы орынды алдық дегендей, арқа-жарқа болып дуылдасып отырғанда бір бейтаныс адам келіп, жөн сұрады. Ауылдан келгенімді айттым. Қайда оқитынымды сұрады. Қайдағы оқу? Іштегі күдігім «өнер адамы болсам» деген биік арманымның нәзік жібін үзіп тастай ма деумен жүрмін ғой. Онымды ешкімге айтпаймын да тағы… «Көрініп тұр ауылдан келгенің. Бағанадан бақылап тұрдым, талантың бар бала екенсің. Бұлай жүргенің болмайды», – деп қасымдағыларға Театр және көркемсурет институты бар екенін, олардың мені сонда апаруы керектігін айтып түсіндірді. «Сендердің бұл жігітке жандарың ашымай ма? Мұндай талантты баланың оқуға түсуіне жағдай жасаңдар», – деп кетті әлгі адам. Жігіттер мені ертесі күні-ақ институтқа жетектегендей болып алып барған…

«Ақтоқтының»  алдындағы сынақ

Ертіп барған жігіттер басқа оқу орнында оқиды. Біз барғанда емтихан алдындағы шығармашылық сынақ өтіп жатқан екен. Көппен бірге менің де кіруім керек. Сынақ қабылдап отырғандар – Асқар аға Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова мен Нүкетай Мышбаева апайлар. Шолпан апайдың қасымдағы менен қарағанда әлдеқайда өңді һәм көрікті жігіттерге көзі түсіп, соларды сынақ тапсыруға келгендер екен деп қалғаны – мен мазалап жүрген күдікті қайта күшейтті. Жігіттерден сынақ тапсырушы мен екенімді естіп: «Ән айтасың ба?» – деп сұрады немқұрайды кейіппен. Театр тарихынан хабарым аз кез, ол кісінің Ақтоқтының ролін ойнағанынан мүлде бейхабармын. Ал, бірақ ол менің ән қуып жүрген кезім ғой. Әнге жан-тәніммен ессіз берілген кезім! «Айтам!» – дедім. Домбыра да табыла кетті. «Ақтоқтының зарын» аңыраттым-ай кеп! Дөп түскем ғой.
– Айналып қана кетейін-ай! – деді Шолпан апай сонда. Ауылдан енді келген анау айтқандай түрі жоқ арық немені аса «менсінбеген» сыңай танытқан бағанағы Шолпан апай емес, алдымда – мүлде басқа адам. «Ақанның тағы қандай әнін білесің?» – деп мейірлене сұрады. Өзім білетін әндерді бірінен соң бірін айттым.
– Әзіл айта білесің бе? – деп сұрады Асқар аға.
Бұл күнде авторын ұмыттым, сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс» журналынан оқыған «Тойдағы сайыс» атты сықақ өлеңнен бастап, кемпір де болдым, шалдың да дауысына салдым. «Катюшаны» да құйқылжыттым. «Өлең оқисың ба?». Мұқағали, Фариза апайдың өзім жатқа білетін өлеңдерін оқып бердім сонда. Шолпан апай да, Асекең де әбден риза болды. «Документ өткіздің бе?» – деп сұрады Асқар аға. Қайдағы документ?! Қалаға келгенім болмаса, өз жайыма жүрген адаммын. Соны білген Асқар аға декан Жайлау аға Нағашыбаевқа мені әбден тапсырды. Тездетіп құжаттарымды тапсырып, екі-үш күннен кейін өтетін сынаққа дайындалуым керек екен. Бір досым мен болып емханадан тексеруден өтіп, бір досым ауылға барып документтерімді реттеп әкеліп, маған тек емтиханды сүрінбей тапсыру ғана қалған. Сөйтіп, оқуға да түстім. Шолпан апайдың – әйгілі Ақтоқтының шәкірті болып шыға келдім.

«Тамашаға» кетіп қалма

Шолпан апайдың ең сүйікті шәкірті болғанымды жасырмаймын. Өнер институтында оқып жүргенде этюд жасауға шорқақ болдым. Тілектес Мейрамов ағамды ренжіттім бұл жағынан. Сондайда Шолпан апай шыр-шыр етіп қорғаштап шығатын еді. Ол кісі – ұлттық өнеріміздің ыстығына күйіп, суығына тоңып, өнер ордасымен өмірінің соңына дейін бірге жасасқан адам. Апай мені өнердегі ана ретінде тазалыққа, кішіпейіл болуға тәрбиеледі. Адамгершіліктен аттамауға баулыды. «Барынша адал бол. Өмірде адал болу сенің өнерің үшін де қажет. Өйткені өмірден үлкен ұстаз жоқ. Талант адамға тәңірден беріледі, ал, мен – саған жай бағыт-бағдар берушімін», – дейтін. Шолпан апай менің комедияға бейім актер екенімді жақсы білді. Бірақ театрға деген маxаббаты мен адал еңбегі кейінгілерге үлгі болған ұстазым менің де ұлттық театрыма адал болуымды қалады. Тіпті талап етті десе де болады. «Сен «Тамашаға» кетіп қалсаң ренжимін. Сенің орның – театр! Өнеріңді бағалай біл!» – дейтін үнемі. Шындығында да, Лұқпан аға «Тамашаға» шақырды. Алайда ұстазымның кеңесін өмірлік шамшырақ санағандықтан да театр табалдырығынан аттап кеткім келмеді. Менің бас театрда жүруім – әуелі – Алла, содан соң Шолпан апамның арқасы. Себебі 3-курстың аяғында талапты жастарды жұмысқа алмақ болған Әзербайжан Мәмбетовке осы Шолпан апайым ол кісінің талабына сай адам ретінде ұсынған болатын. Сұлулықты ерекше жақсы көретін Шолпан апайдың өзі – ұлттық театр өнерінің өсуіне, кеңеюіне мол үлес қосқан адам. Ал, мен ұстаз ретінде ол кісі ұшырған соңғы түлектің бірімін. Ол кісінің еншісіндегі Ақтоқты, Еңлік, Баян, Шырын, Тоғжан рольдері бүгінде театр тариxына алтын әріппен жазылды. Ал, сондай ұстаздың өзіме қойған талабын естен шығаруға, ақыл-кеңесін санадан сылып тастауға бола ма? Олай етуге менің адами правам жоқ. Қақым жоқ…

Еркелік

Студенттік жылдардың өз қызық-шыжығы бар. Соның бірі – сабақтан сұрану. Жасыратыны жоқ, тойға баратын кездерім де болды. Қазақтың тойы таусылған ба, ондайда сабақтан кім сені қайта-қайта жібере берсін… Сондай бір кезде Шолпан апайға ауылдағы шешем болып телефон шалып, «өзімді өзім» сұрап алғаным бар.
– Шолпан қарағым, анау Бекжаннан басқа балаларым үйлі-баранды. Оны-мұны шаруама қолқабыс ететін осы бала еді. Бұл оқуға кеткелі қиналып қалдым. Аналарды бұрынғыдай жұмсай да алмаймын, әркімнің өз отбасы бар дегендей… Қалада тұрасыңдар ғой, қайтарда баламнан ауылдың дәмі ғой, ет беріп жіберейін, сабағынан 4-5 күнге босатасың ба? – дедім кемпірдің дауысына салып.
Бағанадан «шешемді» үнсіз тыңдап тұрған ұстазым «етті» естігенде елпең ете қалды. Қойшы не керек, кеттім тойлатып. Қайтып келіп түк болмағандай оқуымды жалғастырдым. Байқаймын, Шолпан апайдың көңіл күйі онша емес. Әлгі ет дегенім есімнен шыққан. Ақыры ол кісі шыдамады-ау деймін, жайлап қана: «Бекжан, анаң сенен сәлемдеме жіберем деген еді…» – деді. «Ой, апай, иә, айтқан. «Жеткізе алмай қалсам ұят болады, күн ыстық, ет шыдамайды», – деп мен ғой оны алмай кеткен», – де-е-еп апайыма жақсылап тұрып өтірік айттым. Енді не деймін? Ауылдағы анам менің сабақтан сұранып, той тойлап жүргенімнен тіптен хабары жоқ. Мұнымды естісе, жанымды шығармай ма! Ақыры Шолпан апайға ауылдан әкеп беретін етті Көк базардан сатып апарып бердім ғой. Осылай да еркелеген едім ұстазыма.
…Бұл күнде Жаңа жылдың жаңа күнінде, яғни Шолпан апайымның туған күнінде ұстазыма Құран бағыштаймын, жаны жаннатта болуын Алладан тілеп, дұғама қосам. Өнерде дұрыс бағыт беріп, бағдаршамым болған ұстазымды бүгін ерекше сағынып осылай еске алдым.
Уақыт қалай зырласа да, сіз қалдырған өнеге, ұлы өнер мәңгі жасай бермек. Тірінің парызы өткенді еске алып, руxын шаттандыру болса, өшпес қазына қалдырған апамның шоқтығы өз биігінде тұра берері сөзсіз. Өнер бар жерде, театр бар жерде сіздің есіміңіз алғашқылармен бірге аталады, ұлағатты ұстазым – Шолпан апай! Тұрағыңыз бейіштің төрінен болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.