Сенбеймін (болған оқиға ізімен)

Сара Жақсылық

1997 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті, филология факультетінің 4-курс студенті.

– Мен адамдарға сенуден қалдым. Әсіресе, әйел затымен жанымды айқара ашып, сыр ақтарыса алмаймын, қорқамын. Бірақ бүгін саған көп нәрсе айтқым келеді – деді ол темекі тұқылын өшіріп жатып.
Біз отырған кафеге студенттер көп келе-тін, қазір сабақ уақыты болғандықтан, адамдар саябырлап қалған. Қарсы алдымда жиырма бір жастағы өрімдей қыз. Қолаң шашын беліне түсіріп, жайып жіберген. Ұзын кірпіктеріндегі жұқалтың сүрме ажарын ашып тұр. Бір топта оқитынымыз болмаса, онша жақын да емес едік. Жалғыз отырғандықтан жаныма кеп жайғасты. Шай, бірнеше бәліш алып үндемей отыра бердік. Екеуміз де бір бірімізге «қашқындар» сынды ұрлана қарап қоямыз. Оның сабақтан көп қалуы факультет ішінде біраз шу көтеріп, оқытушылардың кейбірі оқудан шығару керек деп кіжінген. Әйтеуір, жолы болып, биылға әупірімдеп жетті. Менің ол қыз туралы бар білетінім осы ғана.
– Сенің де анасыз өскеніңді естіген соң мені түсінер деп ойладым. Естеліктерім жанымды жегідей жейді. Қандай дейсің ғой?… Кейде түнде ой құрсауынан шыға алмай, таң атқанша дөңбекшіп шығамын. Бүгін де сондай күн болды. Енді көзім іліне бергенде оянып кеттім. Терезенің арғы жағы сұрғылт, бөлме іші де өз түсін жоғалтып алғандай. Ішімнен бұл жерде уақыт атты түсініктің жоқ екенін сезіп жатырмын. Қорқынышты, иә, мәңгіліктің басталуы сынды… Біз сонша армандап жүрген Мәңгілікте еш мән жоқ секілді. Жұлдыздардың тозаңынан жаратылған құмырсқадай пенде екенімізді мойындағымыз келмейді, өзімізше әлем сырын, өмір мәнін тапқымыз келеді. Ол бәрібір қолыңнан келмейді, себебі жоғарыдағы Тәңірі сананды бұғаттап тастаған. Жә, өйістіп пәлсапалап кеткенім үшін кешірім сұраймын. Тақырыптан ауытқымайын…
Езуіне сәл күлкі үйірілді де, жоқ болды.
– Анам Ресейдің тумасы. Әкем екеуінен үшеу тудық: әпкем, мен және інім. Мен алты жасқа толғанда нағашы әжем қатты науқастанып, анам үшеуімізді Ресейге алып кетеді. Көп ұзамай келеміз деген соң, үйдегілер де онша уайымдай қоймайды. Алайда, жарты жылдан соң да оралмаған анамды әкем өзі іздеп келеді. Сөйтіп, Ресейде тұрақтап қалады. Үшеуіміз де мектепке орналасып, мен сол жерден бірінші сыныпқа бардым. Бақытты балалық шақ деуге келе қоймас, себебі, анам мен әкем ішімдік әлегінен жиі келіспей қалатын. Сондай кездерде он бір жастағы әпкем бәрін түсінгендей інім екеумізді сыртқа алып кететін еді. Арада көп уақыт өтпей анам елдің екінші шетіне жұмыс іздеп кетеді. Үйде ересектерден әкем ғана. Түнде күзетте болып, бізді қараусыз қалдыра беретін әдеті бар. Анам көп күттірді. Бірнеше ай бойы хабар бермегендіктен іздеуге бердік.
Бір күні мектепке қара киімді адамдар келіп, бізді басқа бір мекемеге алып кетті. Кейінірек білсек, әкемізді ұрылар пышақтап, мерт қылыпты, сондықтан, бізді балалар үйіне жөнелтіпті. Осыдан бастап, менің кейінгі өміріме үлкен таңба қалдырып, міңезіме зіңгіттей ауыр құлып салар оқиғалар тізбегі орнайтынын қайдан біліппін?…
Ауыр күрсінді. Жылап таусылып қатқан көңіл, мызғымас беріктік көрінеді оның бойынан. Мен оның қорғаныш бетпердесінің сылынып алынғанын енді ғана байқағандаймын.
– Сөйтіп, бірінші сыныпты аяқтамай бауырларыммен жетімдер үйінен бір-ақ шықтым. Бөлмеде құрсауланған темір торлар сәби санамды қамап қойғандай. Қара терезеге үніліп, Қазақстанда қалған әжемді, ауылымды сағынамын. Шынашақтай қызды осыншалық мұңлық болуға кім үйретті екен?… Бір маңдайға жазылған тағдырымның құрауы жоқ қиындылары…
Бар үміт анамызда. Тозақтай көрінген мына жерден алып кетер деп күнде тілейміз. Шимайға толы (әлі жазу білмеймін ғой) қағаздарды тәрбиешілерге «анама апарып беріңізші» деп күнде берсем де, мамамыз келген емес. Сол қағаздарды қоқыс жәшігінен көріп қалып, түні бойы жылап шыққаным бар.
Бірер айдан соң анам бізді алып кетті.
– Мама, біз сені сағындық қой!?
– Іммм…
– Мама, мына бөтелкені қойсаңшы! Папа қайда кетті, тауып алайықшы.
– Пошла ты вон отсюда! Больше не называй мне его имени! Поняла ?!
Әпкем есіктің арғы жағына ұшып түсті. Мамам соншалықты тасжүректікті қайдан, кімнен үйренді екен?
Одан да жетімдер үйінде анамыздың мінсіз бейнесін сағынып жата бергеніміз дұрыс па еді, кім білсін.
Көп ұзамай құжат тексерісі басталып, бізді бөліп әкетті. Мені тіркеу бойынша Қазақстанға аттандырып жіберді. Анам екі бауырыммен сол жақта қалып қойды. Павлодарға келе, жетімдер үйінде орын болмады ма, әлде басқа ма, мені балалар колониясына уақытша орналастырды. Онда сот үкімін күткен балалар қамалатынын өзің де білетін шығарсың. Тағы да анамды күттім. Құдай-ау, сол сорлы әйелде нем бар еді. Несіне сағынамын?
Дәл сол кезде ауылдағы туысқандарым әкеміздің қайтыс болғанын естіп, бізді іздей бастаған еді. Тағы да «қағаздар қақтығысымен» ауылдағы әжеме қайтып келдім. Арпалыспен жүріп, екінші-үшінші сыныпты оқымағанымды біліп, туыстарым мектепке орналастырды. Бағдарламадан көп қалып қойғандықтан, сабақ қиынға соқты. Ара-тұра анам телефон соғып, халімді білетін. Дауысын естіген сәтте тұла бойымды дір еткізер сағыныш та, қобалжу да болмады, тіпті, анам емес шығар ол деген ой келді. Сымның арғы жағында мүлде бөтен адам. Мені іздеген бөтен. Мен іздегенде келмеген, мені сағынбаған бөтен әрі жүрегімнен суырып лақтырған бөлек адам. Бауырларымның хабарсыз кеткеніне биыл он екі жыл… Санамда сайраған талай әңгімелерімді айтуға оқталып, телефон шалғым келеді. Өзім іздеп барсам ба деп ойлаймын. Мені керек қылмайтындай көрінеді де тұрады. «Мен жерге мүлде ренжуді қойдым, өйткені онда сен барсың, Ана!» деген өлең жолдары керісінше оқылуы керек. Себебі, мен анама деген ренішімді көміп тастағалы көп уақыт өтті. Қазір көрсем де, көрші әйелдей жақындығы ғана болар.
Шай суып, тіршілік қатып қалғандай. Қарсы алдымдағы қыздың әңгімесін тыңдап, ештенеге мән бермей отыра беріппін. Бірер жылы сөз айтып ем, оным өзіме ұнамай қалды.
–Кейде адамға ақыл айтқаннан гөрі тыңдаушы болған жақсы ғой. Маған жетпей жүрген көп дүниенің біріне, яғни, менің тыңдаушым болғанына рақмет. Енді менің жұмыстарым күтіп қалды, сау бол! – деп жинала бастады.
–Кездескенше, Дин!
Бұлт үйірілген аспан жаңбырды аңсағандай түнеріп қалыпты. Көп ұзамай мен де үйге жинала бастадым. Білмейтінімді, білгім келетін нәрселерді таразыладым. Есею деген осы шығар, ә? Табиғатынан берілген пәк жанды сәби кезде қалай сызып бүктейтінін, не қылқаламмен қандай сурет салатыны өзіне ғана аян. Тек мәңгілікке жара салмаса, балалық шақтың естеліктері, сол кезгі қабылдаудан туған сезімдер ешкімді түңілдірмей өтсе ғой, шіркін! Бұл да бір арман екен…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.