Риза Ысқақ, жас кәсіпкер: «ҚОШЕМЕТТІҢ» БЕРЕРІ КӨП

«Қошемет» шығармашылық шеберханасының негізін қалаушы, кәсіпте өз жолын енді бастап келе жатқан жас патриоттардың бірі – Риза Ысқақпен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Риза Маратқызы, Астана қала-сында өзіңіздің бастамаңызбен және бір топ жастардың ынтасымен «Қошемет» шығармашылық шеберханасы ашылғалы жатыр екен. Шеберхана сіздің өзіңіздің идеяңыздан туған дүние ме?
– Бұл менің идеям екені рас. Себебі қазақ тілі бүгінгі қоғамымызда өзінің тиісті орнын әлі ала алмай жүр. Сондықтан, бұл түсініксіз әлеуметтік келеңсіздікті жөндеу үшін мен өз қазақ тілін шыңдағысы, жетілдіргісі келген азаматтар үшін оқыту орталығын ашқым келді. Сондықтан да, сіздің назарыңызға «Қошемет» шығармашылық шеберханасын ұсынамын. Біздің жекеменшік оқыту орталығында сіз шешендік қазақ тілі курстарынан, актерлік шеберлік курстарынан өте аласыз. Курсқа түрлі жастағы адамдар қабылданады.
– Сіз ұсынып отырған курстардың ерекшеліктері қандай?
– Ең алдымен, біздің курстық бағдарлама-ларымыз өзіндік ерекшеліктерге ие бірнеше авторлық жаңа оқыту технологияларының негізінде құрылған. Тағы бір айта кететін жайт – қазіргі таңда қазақ тілін үйретудің заман талаптарына сай толыққанды да әмбебап жеке технологиясы жоқ. Осы әділетсіз түрде қаңырап тұрған бос орынды толтыру үшін, біз жаңашыл оқыту технологиялар жинағының негізінде өзіміздің жаңа методикамызды жасадық. Оның үстіне, бұл методиканың имиджі мен дизайны өте қазақы болмақ! Көпшілікте қатып қалған бір пікір бар: шешендік өнердің майталмандары тек көне Грекияда, тек көне Римде. Біраз адам, шынымен де, қазақ тілінде тек ақсақалдар ауылда немесе «Шалқар» радиосында ғана термелерді айтып отыра алады деп ойлайды. Олай емес! Шешендік сөз өнері сонау Тоныкөк жазуларынан Керей мен Жәнібекке дейін, Асан Қайғыдан Абай Хакімге дейін ұлы дәстүр болып жалғасқан еді. Алайда, Кеңес одағы өзінің «советтік ұлт» жасаймыз деген жетпіс жылдық науқанымен, ал, кейінгі жылдары «ағылшын тілі ғана құнды» деген дәлелсіз науқанымен сәл артқы планға шегеріліп келеді. Қазақ тілі – ең күрделі, яғни интеллектуалды тілдердің бірі. Кейбір филологтар айтады: «Қытай тілі –ең қиын тіл» деп, олай емес! Қытай тілін жүз пайыз қытай біледі. Ал, қазақ тілін алпыс пайыз қазақ қана жетік біледі, ана сүтімен санасына жетік меңгерген, сусындап өскен нәрі! Бар мақсатымыз – шешендік қазақ тілін жаңа форматта мына жаңа заманда тиімді оқытуды жолға қойғымыз келеді.
– Сіздің жаңа методикаңыздың иннова-циялық деталіне нақты мысал келтірсеңіз?
– Мысалы, шешендік қазақ тілі курстарына біз қазақ тілін онша жетік білмейтін жандарды қабылдаймыз. Себебі, біздің бағдарлама арнайы жеңілдетілген түрде қазақ тілінің, әсіресе шешендік қазақ тілінің күрделі тұстарын тиімді әдістермен үйретеді. Үйрету үрдісі үш бастапқы кезеңнен тұрады: біріншісі, жалпы қазақ тілінің ең басты ерекшеліктерін қарапайым тілмен түсіндіру сабақтар топтамасы. Екінші кезеңде, біздің оқушылар қазақ тілінде өтетін белсенді ауызша және жазбаша топтық ойын түріндегі және актерлік ойын түріндегі практикалық сабақтар топтамасынан өтеді. Ал, үшінші кезеңде, біз ең күрделі терминдерді, сөздерді және сөз тіркестерін жаңа заманның лексикасы тұрғысынан түсіндіреміз және жаттатамыз. Мысалы, «шабарман – курьер», «атқамінерлер – топ-менеджерлер», «абыздар алқасы – брифинг финансовых директоров» және т.б. Айтпақшы, мен сізге біздің жобамыздың негіздемесі ретінде бірнеше тезисті айтқым келеді. Біріншіден, біздің үкімет неліктен үш тұғырлы тіл ұлттық бағдарламасын алға қойды? Себебі, бұл өте дұрыс жол! Неге? Түсіндірейін. Бір жағынан, әлемнің көп елдері көбінесе бір тілді боп келеді, ал, біз жаңа заманға және жаһанданған әлемге бейімделіп келе жатқан жас мемлекет үшін үш тілді (оның ішіндегі екі тіл БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің ресми тілдері) меңгергені өте орынды қадам. Екінші жағынан, ана тіл әлемдік деңгейге көтерілу үшін ол тілді ең алдымен біздің өзіміз басқа әлемдік тілдермен бірге, бір деңгейде қолдануымыз керек. Тағы бір аспект, жастардың инициативасын қолдау – Үкімет программасы. Осы программаға сәйкес біз де кіші кәсіп ретінде сол бастамаға ілескіміз келеді. Әрине, егер бізді Астана қаласының әкімдігі сәл де болса демеп жіберсе, онда құба-құп болатын еді. Оның үстіне, біз сол демеу үшін әкімдіктегі мемлекеттік қызметкерлерге әдейі жеңілдетілген «Жиырма бірінші ғасырдың шешені» атты шешендік қазақ тілі арнайы курсын ұсынбақпыз. Ол қызметкерлердің арасында жастар мен тілге жан ашитын жандар бар екендігіне сенеміз.
– Ал актерлік шеберлік сабақтарында қандай әдістер қолданылады?
– Актерлік шеберлік сабақтарында да өзіндік ерекше жаңашыл әдістерді біздің кәсіби жоғары дайындығы бар әріптестер қолданады. Мәселен, Станиславский жүйесі мен Голливудтік жүйені ұштастырып үйрету әдісін айтсақ болады. Сонымен қатар, бастапқы сатыда біз әдеттегідей доптың рөлін сомдауды үйретпейміз. Біз оны екінші сатыға қалдырамыз. Ал, бастапқы сатыда біз адамды алдымен өз-өзінің образын сомдадуы үйретеміз. Сосын өзінің жақсы таныстарының образдарын сомдауға баулыймыз, сонда ғана ол оқушы кейінірек жалпы басқа да рольдерді оңайырақ және ұтымдырақ сомдай алады.
– Өте қызық. Мен егер сіздің курсқа жазылсам, мысалы қазақ тілінің курсына, онда қанша дайындық сатысынан өту керекпін және құны қанша болмақ?
– Егер сіз қазақ тілін нашар білсеңіз, онда сізді 4-5 апталық бастапқы курсқа жібереміз. Курстың бастапқы құны (сынақ тобына) орта есеппен алғанда, 20 000 тенге. Алайда жеңілдіктер болуы мүмкін. Ал, егер қазақ тілін жақсы білсеңіз, алайда, шешендік сөйлеуді меңгеруді қаласаңыз, онда сізді бірден 6-7 апталық жоғары курсқа жібереміз. Бірінші келгендер үшін жеңілдіктер бар. Курстың құны 30 000 теңге. Жалпы курстардың саны 4. Біз тек қазақ тілін ғана үйретіп қоймай, сонымен қатар қазақ салт-дәстүрлерін, халық ауыз әдебиетін, ұлттық тарих пен мәдениетті және қазақ халқының этнопсихологиясы және дәстүрлі ұлттық тәрбиесі туралы көптеген мағлұматтар береміз. Ең жоғарғы курстың құны 40 000 теңге. Ол жақта сіз кәсіби деңгейде шешендік қазақ тілінде сөйлеуді барынша үйренесіз, төрешілер бағалап отыратын күрделі дебаттар мен арнайы сайыстар легінен өтесіз және профессорлардан жеке емтихан аласыз.
– Сіздің курстарға қабылдау қашан басталады?
– Қазір алғашқы топтардың құрамдарын әзірлеп жатырмыз. Бұйырса, қараша айының басында бастап кетеміз.
– Топта қанша адамнан болады деп отырсыздар?
– Он бес адамнан асырмаймыз.
– Сіздерде қандай ұстаздар қызмет атқарады?
– Олар кәсіби жоғары білімге ие және заманауи оқыту үрдісін түсінетін жоғарғы оқу орындарында өткен еңбек тәжірибесі бар мамандар. Өз істеріне берілген, өз істерінің ең үздік шын шеберлері. Педагогикалық ынтасы жоғары деңгейде дамыған, алдына қойған мақсаттарына жете білген және алда да жете алатын тұлғалар. Әр шәкірттің болмысына сәйкес жеке дара әдіс-тәсілдерді таңдап, қолдана білетін мамандар. Нәтижесінде, әр оқушының өзіндік ерекшеліктері, ішкі қайталанбас қарым-қабілеттері ескеріле отырып, біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігі арта түседі. Барлық әдіс-тәсілдер әлемдік озық педагогикалық тәжірибеден кем түспейді.
–Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Салтанат ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.