Білетінің бір тоғыз…

Солақайды түзетпеген жөн

Бұрынырақта солақай баланы оңқайға айналдыруға жұрт кәдімгідей көңіл бөлетін. Тіпті баланы оң қолымен жазуға үйрету үшін сол қолын байлап қою кездесетін. Әсіресе ұл баланың солақай болғаны әжептәуір міндей бағаланатын.
Қазір жұрттың ой-өрісі артып, мұның табиғи ерекшелік екенін аңғарып, солақайды оңқайға айналдыруға көп ұмтыла қоймайды. Солақайлардың арасынан да талай ұлылар шыққанын естігеннен кейін бұған оншалықты мән бермейтін болды. Бұрынғыларды айтпағанда, тіпті АҚШ-тың көзі тірі президенттерінің бірі солақай екенін жұрт теледидардан ресми құжаттарға қол қойғанда талай көрген.
Солақайлық ол туа біткен қасиет екен. Адам ағзасы соған икемделген болса, оны өзгерту зиян болмақ. Жалпы адамдардың 10 пайызы солақай болып туады екен. Ол сәби кезінен аңғарылады. Жасы әлі бірге толмаған баланың өзі бірнәрсе ұстауға әрекеттенгенде ыңғайлы қолын созады. Бұл қасиет кейін өмірлікке айналады. Ал, есейген соң, ол біржола әдетке айналады. Олардың сол қасиеттерін өзгертуге ұмтылу олардың психикасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Солақайлық мін емес. Солақайлардың арасынан да талай ұлылар шыққанын ұмытпайық.

***
Консерватория дәлізінде профессор Болат Сарыбаев пен композитор Латиф Хамиди кездесіп қалады. Амандық-саулықтан кейін Болат:
–Латеке, келуіңізбен, – дейді.
Сонда Латекең:
–Рахмет, рахмет! – деп кете барады да, аздан соң қайта бұрылып:
–Әй, Бөке, тұра тұр, – осы мен қайда барып едім? – деп сұрапты.

Гемиобиология деген не?

Гемиобиология латынша гелиос – күн, биос өмір, тіршілік деген сөздерінен құралған. Сонда жер бетіндегі өмір, тіршілікке күннің әсерін зерттеп тексеретін ғылым болып шықты.
Ғалымдардың, мамандардың байқауынша, жер бетіндегі жан-жануарлардың, ағаштар мен жасыл өсімдіктердің жайқалып өсуіне, егіннің бітік шығуына, балықтардың көбеюіне, аңдар мен жан-жануарлардың түрлі ауруына, эпидемия, пандемия, эпизоотия, эпифития және тағы басқаларға күн сәулесі тікелей ықпал етеді.
Бір жылда күннің автивтілігі неғұрлым күшті болса, сол жылы ақ қояндар, су тышқандары көп балалап, шегірткелер кенет көбейіп кетеді. Күннің активтілігі шамамен 11 жылда қайталанып отырады. Шегірткелердің де кенет көбейіп, бау-бақша мен егістікке жаппай шабуылға шығуы осы уақытқа сәйкес келеді. Сонымен қатар күннің активтілігі күшті болған жылы туған қозы-лақ ірі болады.
Күн сәулесі мен биосфера арасындағы байланыстан гелиобиологтар байқаған таңқаларлық нәрселер көп. Сонымен, алып күн сәулесі жердегі тіршілікке ықпал-әсері өлшеусіз, ұшан-теңіз. Демек, гемиобиология ғылымының алдындағы, онымен шұғылданатын гелиобиологтар алдында міндеттер де көп, әрі алуан-алуан тақырыпта.

Көк кит

Планетамыздағы ең үлкен балық көк кит болып саналады. Ол 150 тоннаға дейін салмақ тартады.
1926 жылы Оңтүстік Шотландиядан ұсталған көк киттің ұзындығы 33 метр болды. Жүрегі 8 тонна қан айдайды. Өкпесіне 14 текше метр ауа, асқазанына 1,5-2 тонна тамақ сияды. Кит 2-3 жылда бір балалайды. Баласының салмағы 2 -3 тонна, ұзындығы 6-9 метр болады.
Киттен тәулігіне 500-600 литр сүт шығады. Суда сағатына 11-15 километр шапшаңдықпен жүзеді. Үріккен киттің шапшаңдығы 35-40 километрге дейін жетеді. Ол су астынан 5 минуттан 50 минутқа дейін шықпай сүңги алады.

Бәрі де өзіміз туралы

Әдетте бастағы шаш аптасына 3,5 миллиметрге ұзарады. Орта есеппен алғанда, адамның басында 100 000-нан 120 000-ға дейін шаш болады.
Бүкіл денеде саны 20 миллионға дейін жететін өзге де түктер болады. Әрбір кірпік 1-2 ай ғана өмір сүреді де, түсіп қалады. Сонан кейін ол фолликулдан жаңа кірпік өсіп шығады. Әдетте тырнақ аптасына 2,5 миллиметрге өседі.
Көбірек қимылдайтын қолдың тырнақтары жылдамырақ өседі. Егер сіз солақай болсаңыз, сол қолыңыздың тырнақтары оң қолдікіне қарағанда тез өседі.
Тырнақтар қыс мезгіліне қарағанда, жазда тез өседі. Қолдың тырнақтары аяқтың тырнақтарынан жылдам өседі.

Ең асыл тас

Алмас біздің ғасырымызға көп бұрын белгілі болған. Оның алғашқы өнімдері VI-Х ғасырларда Үндістанның Борной аралында, 1725 жылы Бразилияда, 1870 жылдарда Африкада өндірілген.
Ал, Африканың Ориндж өзенінің оңтүстік жағалауларынан табылған әйгілі алмасқа «Оңтүстік Африка жұлдызы» деген ат берілген. 1866 жылы осы маңайдан салмағы 21,5 карат ірі алмастың табылуы «алмас желікпесін» туғызған.
Кезінде КСРО-ның Алмас фондысында «Шах» атты айрықша алмас болды. Ол бұдан 500 жылдан астам уақыт бұрын Орталық Үндістанда табылған. Оны Ресейге 1829 жылы Персиядан арнайы мемлекеттік өкілдері әкелді. Оның өзіндік сыры бар еді. Тегеранда орыс елшілігіне қарсы ұйымдастырылған қастандық кезінде қаза тапқан А.Г.Грибоедов өліміне байланысты «патшаның қаһарын қайтару» үшін әкелген болатын.
Ал, салмағы 194,8 карат (39 грамм) «Орлов» алмасы да үнді жерінен табылған қымбат қазына. Бұл «Амстердам алмасы» деп те, кейде «Лазарев алмасы» деп те аталады. Оны 1773 жылы Нидерланды астанасы Амстердамда граф Орлов иемденіп, ІІ Екатеринаға табыс еткен.

Дайындаған Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.