Бәрін махаббаттан іздеңіз

Кәмила Құдабаева

Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, В. Пикуль атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты.

(Монологтар)

Әйел және кесел. Кеселді кім жеңеді? Басына қиямет күні түскенде өзіне-өзі сенген адам жеңеді, адал достары алыстап кетпегендер жеңеді. Адамды ауырғанда сынау керек. Белгілі жазушы Кәмила Құдабаеваның кейіпкерлері, міне, осындай адамдар. Олардың артынан адалдық деген бір дүрбі қарап тұр. Кәне, жастар, мынау монологтарды оқып, сол дүрбімен бірге қарайық.

Бас ауырып, балтыр сыздаса, алдымен дәрігерге жүгіретініміз сөзсіз. Тіпті айығуы екіталай деген аурудың өзімен де жан аямай шайқасқа түсетін, адамның өмірін сақтап қалу үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасайтын да солар. Соңғы жылдары обыр ( рак) ауруы-на шалдыққан, бірақ сол дерттен өзіміздің еліміздегі дәрігер мамандардың көмегімен айығып шыққандар аз емес. Олар – алдымен Жаратушы дем берген, одан соң мықты дәрігерлердің қолынан өткен және де ең бастысы… өмірге сенімін жоғалтпаған аяулы жандар дер едім…
Бірінші монолог (Аршагүл):

– Университетті бітіріп, журнали-ст мамандығын алдым. Қазақ телевизиясына жұмысқа тұрдым. Өз жұмысымның ұнайтындығы соншалық, алыс-жақын іс-сапарларға шығудан жалықпадым. Ел өмірінен материал жинау, жаңалықтарды киноға түсіру, жұрт тануға тиісті жандарды эфирге шығару – бәрін жеңіл атқарып жүрдім… Аз-көп уақыттың ішінде «полигон» деп аталатын қорқынышты «аймақтың өзінде жиырма рет болып қайтқан шығармын. Соңғы рет тіпті штольнаны жабу сәтіне де қатысып, шахтаның дәл аузында тұрып репортаж жасадым»…
Ол кезде «мен ауырамын-ау» деген ой басыма келген жоқ.
Бірақ тағдырдың маған деген қатты сыны алдымнан шыққанда, естен тана жаздадым!
Қырықтан жаңа ғана асқан сәтім.
Қызым мектепте оқиды, ал, ұлым әлі бала бақшаға барады.
Анализдеріме көз салған дәрігер: «сіз рак ауруына шалдыққансыз» дегенде, аяғымның астындағы жер шайқалып кетті.
Есеңгіреген күйде сыртқа шықтым.
Ілбіп жүріп келем.
«Бәрінің біткен жері осы» деп ойладым.
Енді өмір сүрудің қажеті жоқ.
Менің өлгім келді.
Енді қалай өлу керек? – деген ой меңдеді.
Машинаның астына түссем, мыж-мыж болып көшеде қалам-ау. Жоқ, оның керегі жоқ.
Биік жардан суға құлап өлген дұрыс. Су алады да кетеді.
Бірақ мына қалада суды қайдан табам, жарды қайдан табам.
Ауылымда ғой, су да бар, жар да бар.
Бірақ ауылда анам да бар ғой!
Ол менің өлгенімді көрсе, қатты жылайды ғой!
Еңіреп жылайды ғой!
Анама жаным ашыды…Оның жылағанын көруден асқан азап болмас еді мен үшін!…
Ілбіп үйге келдім… Түс кезі болса керек. Күйеуім тамақтанып, жұмысына қайта кетейін деп жатыр екен. Менің әптер-тәптер түрімді көріп, шошып кетті.
– Не болды? Боп-бозсың ғой?! – үнсіз жылап тұрған мені құшақтап, көзіме қадала қарады.
– Мен өлем! Мен айықпайтын аурумын. Р -А -А –К …дедім үнім шығар-шықпас…
– Сен өлмейсің! Мен өлтіртпеймін! – деді ол мені қатты қыса түсіп. – Мен сенімен біргемін! Сен өлмейсің! – деді нық дауыстап.
Оның дауысының нық шыққаны сонша, мен оның бетіне тура қарадым. Оның көздері ерекше жанып, оттай болып тұр екен.
Шынымен бәрі соның қолында тұрғандай, мен оның сөзіне сендім!!!
Сол кезде әлдебір, ішкі дүниемді қатырып тастаған мұз ерігендей, денем босап, бойым әлсіреп, дел-сал күйде сылқ ете қалдым.
Ол құшағына қатты қысып, құлатпай ұстап тұрды…
«Мен сені сүйемін! Ешкім сені менен тартып ала алмайды!» – деп сыбырлады…

***

Монологтың жалғасы:

– Операция төрт сағаттың орнына, алты сағатқа созылған екен.
Мен екі тәулікке жуық оянбаппын. Бәрінің зәре-құты қалмаған.
Анама, бауырларыма, туыстарыма айтпаймыз деп келіскенбіз.
Сыртта тек досым Балжан жылап тұрған көрінеді.
Қайғырса да қаймықпай, іштей уайымдап күйеуім тұрған. Көздері жәудіреп қызым мен ұлым тұр…

Ауруханадан шыққанда түрімде адам қызығатын ештеңе жоқ еді.
Шашым тақырлап алынып тасталған.
Жүзім әппақ қудай.
Сонда да әуелде көңілім көтеріңкі еді.
Бірақ ол ұзаққа созыла қоймады.
Анашым «операциядан кейін бәрі жақсы болды» дегенде естісе де, менің түрімді көріп шошыған болуы керек, көп ұзамай-ақ, жүрек ауруы алып-соғып, дүние салды.
Мен бұрынғы, сүйікті жұмысымнан кеттім…
Дос-жолдастардың бірталайы бізді ұмытты.
Бірнәрсе жазайын десем – жаза алмаймын.
Кітап оқыған болам, миымда ештеңе сақталмайды.
Қауашағым бос қалған тәрізді.
Ештеңеге зауқым жоқ.
Орталықтағы жылы пәтерді, бала-шағаны, қағаз-кітаптың бәрін қалдырып, қала сыртындағы саяжайдағы ескі үйге көшіп кеттім…
Көптен бері ешкім тұрмағандықтан, жан-жағын шөп пен қурай басып кеткен екен.
Бұл көктем жақындап қалған кез еді.
Менің қасымда жүрген жалғыз адам – өзімнің жан жарым.
Ол жұмысына барады, балаларға қарайды, маған жетуге асығады.
Осы аралықтардағы жолдарда шаршап-шалдыққанын білдірмейді.
Ол қара күшке салып, үйдің айналасын толық тазартты.
Мені бала кезімде әкем талай рет жайлауға алып шыққаны бар. Сонда өсетін күлгін түстес, көк түстес гүлдерді ұнататынмын.
Олар қызғалдақтың үлпілдек жапырағындай үп еткен желден ұша жөнелмейтін.
Жаңбырдан майыспайды, аптаптан қорықпайды.
Оларды осы төзімділігі үшін жақсы көретінмін. Ол әдемі түймедақ гүлдері еді.
Біздің ескі үйіміздің жанында осындай жабайы түймедақтар өсіп тұр екен.
Мен енді осы гүлдерді үйдің алдындағы алаңқайға отырғыздым.
Олардың тез өсіп, гүлдеп, көбейіп кететін әдеті бар.
Жазда есігімнің алдында түгел түймедақтар құлпырып, әппақ гүлдерін ашып жайнап тұрады…
Күнде ерте тұрам, жүгіріп барып жанымызда ағып жатқан кішкене өзеннің мұздай суына түсем. Содан жылы төсегіме келіп жатып қалам.
Әуелде ойладым. Бітті, енді қызуым көтеріліп, суық тиіп ауыратын шығармын деп.
Жоқ, ондай ештеңе байқалған жоқ.
Басында операция орны күйдіріп бара жатқан соң, суық суға қойып кететінмін. Сырттағы отты, іштегі күйікті осылайша жеңілдету ойымда болушы еді.
Ақыры… бұл маған бірден-бір ем болғандай.
Осылайша, үш жыл уақыт өтті.
Түймедақ гүлдерінің ортасында, өзен суының майда бұйра толқындары ортасында, табиғат-Ананың құшағында, біртіндеп… бұрынғы қалпыма келдім.
Тиісті мезгілдерде дәрігерім Талғат Қабжанович Арынбаевқа барып көрінемін.
Талғат Кабжановичтен бұрын, жанымды алып қалатын шығар деп профессор іздеп, бір мықты деген дәрігерге барғанмын. Ол операцияға мол ақша төлеу керек екенін ескертті. Біз оған да көніп тұрғанбыз. Бірақ, шыбын жаным шырқырап тұрған мен: «Сіз қандай кепілдік бересіз?» деп сұрағанымда, профессордың шамданбасы бар ма? «Кепілдікті ешкім бере алмайды! Мына түріңмен сен бір-ақ ай өмір сүрерсің!» деп зекігені бар.
Мен де шыдай алмай, «Мен журналистпін! Мен өлмеймін! Өліп бара жатсам да сіздің безбүйректігіңіз жайлы жазып кетем!» деп айқайлағаным есімде…
Сөйтіп, оның көзінше каһарланып, өзімше айбат шексем де, кабинеттен атқып шығып, көз жасыма ерік бердім ғой…
Одан соң тағдыр мені нағыз дәрігермен жолықтырды. Оның ғылыми дәрежесі де, атақ-даңқы да шықпаған. Бірақ алдына мүсәпір боп барған мен сияқты талай әйел жазылып шыққан екен… Ол бір көргеннен мені жылы қабылдап, түріме қарап күлімдеп: «Сіз аз дегенде отыз жыл өмір сүресіз!» деп әзілмен қарсы алған-ды.
Маған жасаған операциясы да сәтті өтті.
Ол қолы жеңіл, жүрегі асыл, білімі терең, ақылы мол, кісілігі көп, нағыз Адам!!!

***

Дәрігердің кабинетінде – хирург пен бір жас әйел отыр. Алдындағы қағаздарына қарап, дәрігер енді «ал, қалайсыз, құлағым сізде!» – деп күлімсіреп, әйелдің әңгімесіне шын көңілімен құлақ түрді.

Екінші монолог
(Роза, мұғалім):

– Маған отбасының көмегі орасан зор болғаны өз алдына.
Мен мұғаліммін ғой.
Оқушыларымның қолдауын айтсаңызшы.
Мұның да күші орасан зор екен ғой!
Бұрын оны кім білген!!!
Аурухана төсегінен тұра алмай жатсам да,
Іштен мүжіген қайғыға берілмеуге тырысамын.
Химиятерапиядан кейінгі тән азабына шыдау қандай қиын еді!
Дос түгіл, дұшпанның басына мұндай азапты тілемеймін!
Ерінді тістеп, шыдауға тырысып, іштей жылап жатқанда, аурухана ауласынан:
– Роза апай?! Сіз қайдасыз?!
Біз келдік!!! – деген оқушыларымның дауысы естілді!
– Тезірек шығыңыз!? – деп өтінеді олар.
Көздің жасын сілкіп тастап,
Аяқтарымның әлсіздігіне қарамай,
Оларға қарай жүгіремін…
Бәрі жапа-тармағай жүгіріп келіп,
Құшақтауға тырысып,
Бірі қолымнан ұстап,
Бірі белімнен қысып, бірі бетімнен сүйіп,
шу-шу етеді…
Маған деп әкелген жеміс-жидектерін тапсырып,
Бірін-бірі тосып сөйлеуді ұмытып,
«Қашан мектепке ораласыз», деп,
«Біз сіздің сабағыңызды сағындық қой»,
деп шулағанда…
Шыдап тұру қи-и-ын!!!
Осыдан кейін – жазылмай көр!!!
Оқушыларымның сенімін ақтау,
Оларға сабақ беру міндетінен қашпау –
Мен үшін үлкен стимул болды.
Өмірге қайта жетелеген, бүкіл азапты ұмыттырған ұлы күш болды!!!

***

Үшінші монолог
(Бибінұр):

– Өмірде қайғы мен қуаныш қатар жүреді деген рас екен.
Осы сұмдық аурудың диагнозын маған қойғанда,
мен 29 жаста едім.
Жас отбасы едік.
Кішкентай Шыңғысым үш жаста ғана болатын.
Жамандықты естіп, есеңгіреп қалдым.
«Жығылғанға – жұдырық» дегендей,
Сүйіп қосылдық деген жұбайымның,
Табанының бүрі аз болып шықты…
Ол мені тастап, баласынан безіп кетті.
Байқұс анашым баламды көтеріп, ауруханаға жалғыз келгенінде, екеуінің де жүздеріне тура қарай алмай, егілдім…
Кішкентай бөбегімді бауырына қысып,
Ілбіп басып бара жатқан шүйкедей анамның артынан қарап тұрып,
Олар ұзап кетті-ау дегенде,
Еңіреп тұрып жыладым.
Бірақ палатада бірге жатқан әйелдер жабыла келіп,
Жұбатып жатыр.
«Біздің есігіміздің сыртындағы жазуды қарашы,
Онда « Біз – Оптимистерміз!» деген сөздер бекер айтылмауы керек.
Сен бәрін жеңесің,
Себебі кішкентай Шыңғыс үшін де өмір сүруің керек.
Тіпті анау қартайған анашыңды да ұмытуға бола ма екен?!» –
Деп басу айтып жамырады…
Бұл сөздер – есімді жиғызды.
Мен өлмеуім керек екен…
Дәрігер де: «Сеніміңізді жоғалтпаңыз,
Мұндай дертпен күреске түскен сіз жалғыз емессіз.
Бәрін жеңіп шыққан құрбыларыңыз қаншама?!» –
Деп айтқаны да бар…
Шыңғысым үшін жанды шүберекке түйдім.
Қиын сәтте қалдырып кеткен еркекке де
мықтылығымды көрсеткім келді.
Несін айтасыз,
Аллам жар болды!!! Мақсатыма жеттім.

***
Төртінші монолог
(Жанар):

«Бір досы бар жігіт,
Жеті дұшпанға төтеп береді» деп,
Ақын Қадыр Мыра-Әлінің айтқаны қандай шындық еді.
Жеті басты жалмауыздай
маған жабысқан, айтуға ауыз бармайтын,
«Рак» деген бәледен құтылуға,
Менің жалғыз досым – Алтын, қанша күшін жұмсады десеңізші!
Ол күнбе-күн жұмысынан шыға маған жүгіреді.
Баласын күйеуіне,
Күйеуін – өз-өзіне табыстап, сағаттап менің қасымда отырады.
«Ішкім келмейді, аппетитім жоқ» дегеніме қарамастан, күнара,
дәмділеп ас пісіріп әкеледі.
Қасымда отырып,
бала сияқтандырып,
қасықпен тамақтанырады.
Бұл жүгірістеріне риза болмаған күйеуіне тіпті:
«Досымнан әулие емессің. Кетем десең, өзің біл!»
деп қатты айтқан да көрінеді.
Оны өзі айтпайды ғой,
Бір жолы ауруханаға күйеуі қоса еріп келгенде,
жігіттің өз аузынан естіп, Жанардың
таң қалғаннан, аузына сөз түскен жоқ…
Оған Алтын сықылықтап күлсін кеп.
Достық жолында бәрін тәрк етуге дайын,
Алтындай досың болса қандай керемет еді!
Алтын деп, ата-анасы атын қалай тауып қойған!
Жүрегі шынымен
алтын екен ғой Досының!!!

***

Бесінші монолог
(Людмила сөйлейді):

– Әйел адам жайшылықта, күнбе-күнгі тіршіліктің кейбір сәттерінде әлсіздік танытуы ықтимал. Ал, басына қиындық түссе, болаттай шыңдалып, құрыштай қатайып шыға келеді. Бұл, жалпы, әйелдердің болмысына тән нәрсе.
Қайткенде де мен өзім осылайша сезінемін.
Анамның қайтыс болғаны бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті.
Мен де, сіңлім де, асау толқын жағаға шығарып тастаған балықтай ауа қармап, талықсып, өлуге жақын қалдық.
Әйтсе де, бұл қайғы бәрінен де әкеме қатты батты.
Ол көп кешікпей инфаркт алды. Оны «төсектен тұруға болмайды» деп, жатқызып тастады. Аузына су тамызып біз отырдық.
Бұл аз дегендей, көп ұзамай мен мына сырқатқа ұрындым. Атын айтуға қорқамын.
Енді «байтал түгіл бас қайғы» дегендей халге ұшырадым…Бірақ әкемнің мұң ұялап, жас кіреукелеген жанарына қараймын да, өзімді ұмытамын.
«Әке, сіз жазыласыз. Әлі-ақ орныңыздан тұрып, баяғыдай жүретін, футбол көретін боласыз», деп оны жұбатуға тырысамын.
Менің мақсатым, өзімді ғана емес, әкемді де мына аурулардың құрсауынан алып шығуым керек емес пе?!
Біздің әрқайсымыз өсіп ер жетіп, бой жетіп, олардан бөлек шығып, басқа үй боп кетсек те,
өз бала-шағамыз дүниеге келсе де,
біз бәрібір біреулердің қызы болғанымыз белгілі,
өз ата-анамыз үшін біз мәңгі солардың баласымыз!
Ендеше Ата-ана алдындағы борыш – мәңгі борыш!
Мен де күнде әкемнің қасына келіп, қолтығынан демеп, онымен бір-екі қадам жер бассам, көңілім орнына түседі. Ол да, мен де, алға сеніммен қараймыз…
Осылайша, әкемді емдеп жазамын деп жүріп,
өзім де емделіп, жазылып шыққанымды көрдім.
Бұл менің емес, балалық махаббаттың күші деп ойлаймын!
Мұндай махаббатты менің бойыма дарытқан,
Менің сүйікті Әкем мен Шешем еді ғой!
Ауырған әйел ең бірінші балаларын ойлайды, дейді.
Ол рас.
Алайда, ол өз әке-шешесінің баласы екені де – шындық.
Қандай жағдайда да, өзін Өмірге әкелген Әзиз жандарды жалғыз қалдыра алмайды…
Міне, осы әңгімелерден соң, «қорқынышты» деген ауруға да ерік бермей, адамгершілік, адалдық, имандылық жолын ұстанған жан әрқашан жақсы ғұмыр кешетініне тағы бір көз жеткізгендейміз. Бәрінің түбірінде махаббат деген тылсым күш пен қасиет жатса керек. Ол өз мамандығын сүйген дәрігерлерге де тән, өмірді сүйген жандарға да тән деп толық айта аламыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.