Жарық күні сатушымын, қараңғыда дизайнермін

– Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастайық… Құндыз Қалитханқызы кім?
– 1987 жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласында туғанмын. 17 жасыма дейін әжемнің қызы болып өстім. Мектеп бітіргеннен кейін Ақтау қаласында акушер-гинеколог мамандығына оқуға түстім. Осындағы типографияға барып «Ағай, менің бала кезден өлең шығаратыным бар еді. Кітап қылып шығарып бере аласыз ба?» дедім. Сөйтсем жанымда телевидениенің бастығы (есімі Рауан болатын) отыр екен. Ол «Қарындасым, жасың нешеде? Өлеңдеріңді оқиын. Журналист болып жұмыс істейсің бе?» деп мені телевидениеге шақырды. Алғаш келген күн. Прожекторлерді жағып қалған кезде, шошып кеттім. «Көзіңді ашып сөйле» деген дауыстарды естіп жатқанмен, көзді аша алмай тұрмын. Бір сөзді оқысам, екіншісін оқи алмаймын. Содан кейін «Шығыңыз, Құндыз. Ертең жұмысқа келе беріңіз» деді. Сол ағайымның қасында еріксіз жыладым. Күн жұма болатын. Мен сенбіден бастап жұмысқа кірдім…
– Таптаурын болған бір тіркес бар. Десе де, «армандар орындалады» дегенге сенесіз бе?
– Сенемін. Мен арманшыл адаммын. Мектеп кездегі естеліктер әдетте толық емес, үзік-үзік картиналар сияқты есте қалады емес пе?! Бірақ, сол күн анық есімде. Төртінші сыныпта мұғалім еркін тақырыпта шығарма жаздырды. Біздің үйдегілердің барлығы әртүрлі сала қызметкерлері еді. Солардың барлығын тізбектеп жазып шықтым (журналист, дәрігер, тігінші, директор, бірі ТВ-да басшылықта істеді). «Осы тізімдегі барлық адамның мамандықтарын игеріп, бір өзім алып жүрсем екен, 30 жасымда атақты дизайнер болып, өзімнің, халықтың киімінің барлығын өзім тіксем екен. Оған дейін әртүрлі мамандықтарда жұмыс істеп көремін» деппін…
– Қызық екен. Әр түрлі мамандықтарда қызмет етіп көрдіңіз бе?
– Көрмегенде ше. Окушер-гинеколог мамандығын сырттай оқығанмен, тележурналист болдым. Ақтауда қоғамдық қор құрып, өзім басшысы болдым. Содан бастап мемлекеттік қызметтерге араласа бастадым. Бастауыш сынып мұғалімі, қаржыгер мамандықтарын оқып алғанмын. Мектепте мұғалім, ЖКХ бөлімі, мемлекеттік орган, т.б. әр түрлі қызметтерде істедім. Бір күні қыс кезінде мұздан тайып құлап, үш ай үйде емделуге тура келді. Бір құрбым «Үйде жата алмайтыныңды білемін ғой, менің балаларымды қарап бересің бе» деп өтініш айтқан соң, үш ай үйде бала қарадым…
Ойлап қарасам, өмірімде еңбек демалысы, іссапар дегендер болмапты. Міне, үш жарым жыл болды, Алматыда тұрып жатырмын. Алғаш бұл қалаға келгенімде дизайнер Берік Исмаиловтан сабақ алдым. Одан кейін екі тігін машинасын алып, үйде тапсырыстар дайындап жүрдім. Бір күні Ақтаудағы Жан Ахмет деген журналист хабарласып, Жадыра Сахиеваның (JaDo) салонына тігінші іздеп жатыр дегенді айтты. Бардым. Жұмыстарымды көрсеттім. Тағы да күн жұма еді. Келесі күні (сенбі) таңертең жұмысқа шықтым. Расында, менімен болатын әрбір жақсылық осы бір қасиетті күнде орындалатынына көзім жетті. Жадыра ханымнан өте көп дүниелерді үйрендім, маған қатты сенді, мені кәсіби тұрғыда шыңдады, кез келген тапсырмасын беріп, студиясын өзіме қалдырып кете беретін.
Бір күні бес қыз болып топтама шығарыңдар деді. Екі күн қалған кезде жанымдағы қыздар үлгермей қалды, жалғыз менің жұмысымды топтама ретінде көрсетуге тағы болмайды. Сол кезде Гүлмира Дайрабайқызы хабарласып, Францияға киіп баратын бір көйлек керек дегенде, менің тіккен туындымды ұсынды. Соны алып кетті… Бір күні Жадыра Сахиеваның өзі маған «Менің шәкіртім болып емес, жеке дизайнер болып шық, қолыңнан бәрі келеді. Көмектесемін, үйіріп алып кету – өз қолыңда» деп батасын беріп, телевидение шақыртып, туындыларымды көрсетті. Сол кезден менің тапсырыстарым көбейе бастады…
– Өзіңіздің ательеңізді ашуыңызға Жадыра Сахиева себепкер болған екен ғой?
– Ателье бір күнде ашылмайды. Бұған жету жолында қаншама жайсаң жандар себепкер болды. Бұл кісілердің атын атап өтпесем болмайды. Менің қолдаушыларым – сәби күнімнен баққан әжем, одан кейін Берік Исмаилов, Шолпан Каримова, Жадыра Сахиева, Құралай Нұрқаділова сияқты дизайнерлер, Қаныбек Жұмашев пен Ақтау қаласындағы «Даму» кәсіпкерлік орталығының басшысы болған Бауыржан Өтепбаев. Бір күні Бауыржан мен Қаныбек ағаларыма топтама ретінде ұсынуға болатын, қолымда тұрған елімізде ешбір дизайнер әлі жасамаған дүниелер бар екенін айттым, инновациялық жоба ретінде грантқа конкурсқа қатысуға ниетті екенімді жеткіздім. Сол кісілердің кеңесі бойынша, барлық құжаттарымды заңдастырдым.
– Грантқа қатыстыңыз ба?
– Иә. Жеңімпаз атандым. Ол да бір тарих. Бүгінде ательем, бренд екенімді айғақтайтын этикеткаларым, визиткам және бастысы өзімнің тұрақты тұтынушыларым, әзірге 17 шәкіртім бар.
– Ательеңізге неге «ҚұндыБазарШам» деген атау бердіңіз?
– Құндыз – өзім. Базаркүл – мені баққан әжем. Шама –нағашы әжем. Эмблеманың өзін арнайы мағыналы етіп жасадым.
– Сіздің ательеңізде қандай дүниелер жасалынады? Жалпы қандай қызмет түрлері бар?
– Көп. Өте көп:
Көлікке арналған оюлы авточехолдар;
Қыз жасауы;
Қыз баланың ұзатуына киетін көйлегі мен сәукелесі;
Әшекей бұйымдар;
Тапсырыспен киім тігемін (ерлер мен әйелдерге, балаларға да);
Үйге арналған төр көрпе, құрақ көрпе, жатын көрпе, перде, астаудың астына қойылатын оюлы дүниелер…
Қолдан жасаған бұйымдарымды Түркияның Анталия қаласына, Қытайға, Францияға жібердім.
– Қызығушылық тудырып отыр, толықтай қыз жасауының бағасы қанша болады?
– Қыз жасауын Ақтау, Маңғыстау қалаларына үнемі жіберіп отырамын. Бағасы материалға байланысты әрқалай болады. Мысалы, ең бағалы барқыттан тігілген жасаулардың жиынтық бағасы 350 мыңның айналасында болады. Мұнда кететін материалдардың (барқыт, жүн, түймелер, оюлы өрнектер) бағасының өзі 250 мыңның үстінде.
– Сіздің ойыңызша, мықты отандық дизайнерлер кімдер?
– Нұржамал Нұрпейісова («NurShah»), Жадыра Сахиева (JaDo), Құралай Нұрқаділова, Аида Кауменова, Шолпан Каримова…
– Уақытқа қаншалықты ұқыптысыз?
– Мен уақытпен жүремін. Маған қазір демалуға болмайды. Таң намазына тұрғаннан кейін отырып дұға етем. Сол кезде әлде қуаныштан, әлде қиыншылықтан, көзіме жас келеді. Бір білерім, айдың 15 күні қараңғы, 15 күні жарық. Мен жарық күні сатушымын, қараңғыда киім тігіп, шығармашылықпен айналысамын. Бұдан артық бақыт бар ма?! Бір уақыт аяқты көтеріп жатқан емеспін. Ақкент ықшам ауданының тұрғындары мені біліп алған, бір кезде бір үйде перде өлшеп жүремін, аз уақыттан кейін басқа үйде диван өлшеп жүремін. Тапсырысын алып жатқанда адамдар «қайдан тігіп келесіз осы» деп күледі. Күндіз дүкендемін, кешке ательенің есігін ашып тастап, тапсырыс қабылдаймын. Менің шабытым түнгі 12-ден кейін келеді. Сол кезде тіге бастаймын. Қанша шаршап келсем де, таңға дейін отырып жұмыстарымды бітіремін. Мысалы, Ақтау қаласында тойларға шығып өнер көрсететін Жұлдыз деген топ құрылды. Соларға таңғы алтыға дейін тастармен көмкерілген сәукеле жасап, жібердім. Аз мызғып алып, қайта жұмысыма кірістім…
– Дизайнерлер неден шабыттанады?
– Сенбейтін шығарсыз, маған отандық «Бәсеке» деген кино үлкен шабыт берді… Қазірдің өзінде ойымнан тайып бара жатқанда, «Бәсекені» тағы бір қарап алып, күш жинаймын.
– Бақыттысыз ғой?
– Мен өз жұмысымды жақсы көрем. Моншақтармен жұмыс істегеннен, киім тіккеннен рахаттанамын. Расында, мен бақытты адаммын. Мынандай қиын заманда Алматыда үйім жоқ болса да, сүйікті жұмысы бар әйелмін, балалары бар анамын. Балапандарыма Алла сана берді. Балмұздақ алып же деп ақша берсең, «Мама, ертең арендаңа төлейсің ғой» деп өзіме ақыл айтады. Дүкеннен кей адамдардың балалары қалағанымды алып бермедің деп жылап-еңіреп шығады…
– Күліп қана әңгімеңізді айтып отырсыз. Десе де, өмірде өкінішіңіз көп сияқты…
– Мүлдем өкінішім жоқ. Тек бір дүниеге қатты күйінемін, оны айта алмаймын…
– Үлкен жетістікке үлкен тағдырлы адамдар ғана жетеді дейді ғой.
– Олай емес. Біреулер «тұрмысқа шығып кеттім, карьера жасамадым, арманыма жетпедім» немесе «өмірім қиын еді, тұрмысқа шыққан соң оңалды» деп жатады. Адамның арманына жетуі тікелей өзіне ғана байланысты. Төсек тартып жатып қалса да, жасайтын адам жасайды, іштегі арман бұлқынып шығады. Маған «Осыған қалай жетіп жүрсің? Өзің бір қарыссың деп бір ағамыз қалжыңдап еді. Менің жетер жетістігім бұл емес әлі. Балалық мақсатым айқын еді. Арманыма адалмын. Басыма қандай тағдыр жазса да, осы күніме тырмысып жетер ем. Мені құтқаратын да, құртатын да бір қасиетім бар. Ол – намысшылдығым. Көп жерде намыс қысады. Әлдекімге жағдай не өтініш айтқан, қарызға ақша алған кезім жоқ. Біреудің балағын қысқартып берсем де, біреудің киімін тігіп берсем де, бәрін адал еңбегіммен тапсам деймін. Тегін келген дүние тегін кетеді ғой. Ал, жоғымды Құдай жеткізеді.
– Қандай арманыңыз бар?
– Бала күнгі арманымның барлығы орындалды ғой. Ендігі жерде үш балам бір-бірімен бауырмал, мейірімді, тату-тәтті өссе, армандары орындалса екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңыз алға баса берсін!

Сұқбаттасқан Гүлім Рысқұл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.