Табылған тақырып

Сайымжан Еркебаев

1935 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданына қарасты Қурайлысай ауылында туған. 1960 жылы Алматы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген. Біраз уақыт Доссор кәсіпшілігіндегі мектеп-интернат пен Тайпақ ауданының Талап мектебінде неміс тілінен сабақ берген. 1967-1971 жылдары Қазақ радиосының әдебиет редакциясында редактор және бөлім меңгерушісі, 1971-1974 жылдары Өзен геологиялық-барлау экспедициясында жұмысшы, 1974-1977 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлық коллегия редакторы, 1977-1980 жылдары республикалық кітап саудасы бірлестігінің жарнама және насихат бөлімінде редактор. «Жұлдыз» журналы, «Кітап жаршысы», «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Парасат» журналында істеді. М.Е.Салтыков-Щедриннің «Бір мұжық екі генералды қалай асырады» ертегілерін, Отто Шнайдерайттың «Иоганн Штраус және көрікті көгілдір Дунайдағы қала» деректі повесін, тағы басқа туындыларды қазақ тіліне аударған.

Күтпеген жерден қарсы алдынан Бөкен шыға келіп, шап беріп білегінен ұстай алғанда Жаңаш селк етіп сескеніп қалды, бірақ:
– О-ой, дүниеде бар екенсің ғой!, – дегенде даусынан көңілділік аңғарылды.
– Е-е, мені не, жер жұтты деп ойлап па едің?
– Іздеп барсам бөлмеңде болмайсың, қайда жүресің?
– Жұмысбасты адам үйде отыра ма?
– Қиратып жүрген боларсың, – деді Жаңаш кекесінмен. – Ал, қазір қайда бара жатырсың?
Бөкен жиырманың бір-екеуіндегі жігіт, Жаңашқа қарама-қарсы қоярлықтай ерекшелікке толы. Сүйекті, етсіз денесі, кейбір ақкөңіл аңқау қылықтары не Жюль Верн романдарындағы оқымыстыларға, не Сервантестің Дон Кихотына ұқсатады. Сөйлескенде үнемі күлімсіреп тұратын бет әлпеті кейде кенеттен өзгеріп сала береді. Күлкісі жұмсақ, сөйлей де, тыңдай да біледі. Сөзі жай, қимылы шабан.
Ол кішкене, толық, төртбақ денелі Жаңаштың жұмыр да жұмсақ қолын етсіз, салалы саусақты алақанында жіберместен ұстап тұрып:
– Былай қарай.., жақсы, мен кеттім… Міне, автобус келіп қалды, – деп асыққандығын білдіріп орнынан қозғалды. Бірақ Жаңаш та одан айырылар емес, жеңінен тас қып ұстап жібермей тұр.
– Өй, кетсе кете берсін, тағы келеді ғой, қайда барасың, ең болмаса жөніңді айтсайшы, – деді ол.
– Редакцияға… Он минут қалды, тез жетуім керек. Бұл Бөкеңнің көп адамдардың «қайда барасың» деген сұрағына қайтарар жауабы.
Ол университеттің журналистика факультетінің студенті, осылай жауап қайтару әрі дәлелді, әрі әсерлі, әрі ыңғайлы сияқты, өзі ешқандай оғаштық таппайды, әбден әдетке айналдырып алған.
– Ой, сол да сөз бе, өтірік екені, әні, көзіңнен-ақ көрініп тұр. Онан да біздің жатақханаға барайық, анау күнгі «Бір кеште» деген әңгімемді бітіргенмін, соны саған оқып бергім келіп жүр, іздеп, саған бір-екі рет барып та кеттім, – деп қолқалады Жаңаш.
– Ойнап айтам, редакцияға емес, сведаниеге кетіп барам, – деп енді Бөкен тықырши бастады, келіп қалған автобусқа жалтақтап, рұқсат сұрағандай Жаңашқа қиыла қарады.
Бірақ Жаңаш та:
– Өтірік айтып тұрсың ғой, демалыс та емес, бүгін қызға баратын күн бе, – деп Бөкеннен айырылғысы келмеді.
– Сүйіскендер күн талғамайды, бұны есіңнен шығарма, – деп Бөкен майда күлкіге басты. – Шын айтам, бірге барам десең, жүр. Таныстырайын, мүмкін қасында құрбысы болар, қызбен танысқанның залалы жоқ.
Қыз! Осы үш қарыптен тұратын қысқа сөзде қаншама ұланғайыр тылсым күш жатыр десейші! Қызды кімнің көргісі, онымен кімнің сөйлескісі келмейді, қай жігіт қыздан қашып, бойын аулақ ұстауға тырыса алады! Кейде қыздың есімінің өзі-ақ оның сырымен танысып, сипатын көрмесең де, өзіне тартып, алыстан еріктіріп, жетектейтін әдеті емес пе, Жаңаш та көп ойлап басын қатырмастан:
– Жүр, кеттік! – деді.
Бірақ Жаңаш онша қызқұмар емес-ті. Ол қызға кештерде қасына ерітіп, уақытты көңілді өткізу үшін керек деп қарамайды, оларды адамның өмірлік серігі болу керек деп біледі. Қызды есіне алса, өз болашағын сонымен сабақтастырып қоса ойлайды. Ол кімге болса да ретін тауып танысқысы келіп жүретін іздемсек, тілемсек жігіттер тобына жатпайтын. «Махаббат өзі келуі керек және оның қалыптасуына да өз сезіміңнен басқаның ықпалы тимеуі керек. Махаббат қазысы адамның өз көңіл-күйі, өз сезімі, таразысы да сол» дейтін.
Автобус үстінде Бөкен тігін фабрикасында жұмыс істейтін қызбен қалай танысқанын қысқаша баяндап өтті.
– Киноға барамыз ба? – деді ол сөзінің аяғында.
– Өзің біл.
– Өзім білгенде, сен билет алатын бол, менде ақша жоқ, стипендияға дейін екі сомым ғана қалды.
– Мен сенен «неше сомың бар» деп сұрап келе жатқан жоқпын, «таныстырам» деп шақырған өзің, сондықтан қайда апарсаң да өзің апарасың, – деп қырсықты Жаңаш. Әйтсе де, сәті түсіп, Бөкеннің қызының қасында көңілге ұнарлық, танысуға тұрарлық құрбысы болса, қалтасының түбінде жатқан аз тиын-тебенін құрбан етуге әзір.
– Көп сөзді не қыласын! – деді Бөкен. Жаңаш та сөз таластырмады.
Бұл кезде олар фабрикаға таяп қалған-ды, топ-топ қыз-келіншектер қарсы ұшыраса бастады. Бөкен жан-жағына тынымсыздана қарап:
– Көрінбейді, сірә, күтпей кетіп қалған ғой, – деп дегібірсізденді. Сонсоң іле-шала, – Киноға билет алмасаң алма, саған жалындырмай-ақ оның өзі алады, – деп қастарына таялып қалған бір бойжеткеннің білегінен шап беріп ұстай алды да, қарқылдай күлді.
Жаңаш ыңғайсызданып қалды, Бөкеннің қиқарлығына орай құлаққа жағымсыздау бірдеңе айтып үлгерген-ді, соны қыздың құлағы шалуы мүмкін, ол осыған абыржыды.
Қыз жалғыз. Жаңаштың көңілі бірден жабырқау тартты, тап бір аяулы адамы уәдесін бере тұра алдап кеткендей сезінді.
Сұңғақ бойлы, жұқа өңді, Бөкеннің өзі сияқты талдырмаш қыз. Жаңаш пен Бөкенге алма кезек қарап, бейкүна күлімсіреп тұр. Бөкен:
– Танысып қойыңыздар, – деп екеуіне ортақ бір сөз тастады да, қызға, – Мынау менің досым, – деп Жаңашқа қарай иегін көтерді.
Жаңаш пен Бөкен бір-бірінен сырларын жасырмайтын достар. Дегенмен тап осы жолы Бөкеннің «менің досым» деген жылы сөзі бозбалалар аузынан жиі естілетін, ересек адамдарға жат, дөрекілеу әсер етті.
– «Досым» деп аузыңды толтырмай-ақ қой, – деп Бөкенге ол да күле қарады. Қызға, – Дұрысын айтқанда жолдасымын, – деп қолын ұсынды да өз есімін атады. Қыздың саусақтары өте нәзік екен, еппен ұстамаса шатынап сынатындай, не иленіп қалатындай сезінді де, Жаңаш бойжеткеннің қолын тез босатып жіберді.
Қыз да өзінің замандас құрбысынан гөрі, иба тұтып ұят сақтайтын жасы үлкен біреумен кездескендей өте ұяң, ізетті адамның кейпін танытты. Даусы да өте биязы шықты. Әлде көше айқай-шуы кеселін тигізді ме, әйтеуір, Жаңаш дұрыс ести алмай:
– Қалай? – деп қайталай сұрады.
– Әсия, – деді Бөкен қыз үшін жауап беріп.
Неге екеніне қазір есеп беріп тұрған жоқ, қыз сүйкімді, әдепті болғанмен Жаңашқа ұнаңқырамады. Сірә, оның қасында құрбысы болмай жалғыз келгені көңілге қаяу қалдырған сияқты.
Олар көшемен сәл алға жылжығаннан кейін Әсия жарты сағаттан соң қайтып оралмақшы болып үйіне кетті, үйі сол жерден қашық емес екен, үстіндегі жұпыны жұмыс киімін ауыстырмақшы.
Бөкен қыз соңынан біраз қарап тұрды да, Жаңашқа:
– Қалай, не айтасың? – деді.
Көңілсіз адам ардайлыққа бейім тұрады емес пе, Жаңаш:
– Көптің бірі ғой, – дей салды.
Жолдасының неге отқа түскен терідей құрысып-тырысқанына Бөкен мән бермеді, мана кездескендегі күлімсіреген қалпына қайта оралып:
– Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас деген сен болдың-ау, – деді.
Жауап берудің орнына Жаңаш:
– Сіздерге кесел жасап не қылам, кетейін, – деді.
Бөкен өзі ерітіп келіп, әрі Әсия қастарында жоқ та Жаңаштың айтқанына көне салуды ыңғайсыз көрді.
– Кеткен несі, Әсиядан ұят болар, қорықпа, ол бәлсінетін қыз емес, тез келеді, киноға барамыз, тұра тұр, – деді. Сосын жалма-жан, әңгіменің арнасын өзгертіп, – «Бір кештені» бітірдім дейсің бе, қалай шықты? – деді.
– Өзімше әңгіме шығардым деп жаздым… тыңдап көр, бағасын өзің бер.
– Жүр, ана орындыққа отырайық, оқып шық, тыңдайын.
– Үйде қалды, қалай оқимын!
Өтірік айтты, шынында таза қағазға көшірілген, түзетілген, бірнеше рет қаралған нұсқасын газет-журналдардың біріне көрсетем бе деген оймен жаңқалтасына салып жүрген-ді. Және өзі осы әңгімесін Бөкенге оқып беруді едәуір жұмыс қылып, оны бірталайдан бері іздеп, таба алмай жүргендіктен, енді, тап қазір, уақытты қалай өткізерін, не істерін білмей тұрғанда, көше даңдамасының ортасында оқуға зауқы соқпады, әңгіменің де, өзінің де құнын түсіріп алатындай сезінді. Қайткен күнде де оңаша сәтін тауып, тыныш жерде жайғасып оқығанды жөн көрді.
Күткен Әсия келгеннен кейін үшеуі аз-кем кеңесіп, жақын жердегі кинотеатрға баруды ұйғарды. Әңгіме қиюласпады, анда-санда тіл қатысады. Жаңаш мүлдем үнсіз деуге болады, тек тыңдаушы ғана. Ол қыздың кейбір сөз саптастарына орай, «жас та болса, аңғарымы мол адам ба» деп қалды.
Кинотеатрда жүріп жатқан фильмді Жаңаш көрген екен, ал, қалған екеуінің соны қарауға көңілдері ауды. Қашайын деп тұрған қоянға тәйт деген соң не жорық, осыны тілге тиек етті де, екеуімен жөпелдеме қоштасып, Бөкеннің «кешке барам» деген уәдесін алып, Жаңаш жатақханаға тартты.
«Кешке барамын» деген Бөкенді ол ұзақ күтті. Жаңаштың шыдамы әбден жұқарған кезде есік ашылды, қатты ренішті еді, бірақ байқатпады, есіктен кіре Бөкен де:
– Манағыдан жаңа босағаным, – деді. Өзі көңілді. – Кешір, мырза, кешір, – деп тап өз үйіне келгендей еркіндікпен жайғасты. – Ал, оқы, шедеврды.
Жаңаш оны дегібірсіздікпен күткенмен, енді асықпады.
– Оқысайшы.
– Қазір.
Бөкен жалма-жан журналистердің байырғы әдетіне еліктеп қалтасынан блокноты мен қаламын суырып оңтайлана берді. Жаңашқа оның бұл дағдысы жақсы таныс, Бөкенге алаңдамастан әңгімесін оқып шықты. Бөкен блокнотынан еңсесін көтеріп, орындық арқалығына шалқайыңқырап кетті де:
– Бұны сенің әңгіме деуің дұрыс емес, бұл – қара сөзбен жазылған лирика. Маған тек сол лирикалық сарыны ғана ұнады, ал, көркем туынды тұрғысынан қарасақ, әңгіме шықпаған, – деді.
Жаңаш дәрігерлік институттың үшінші курсында оқиды, әңгіме, өлең жазуды мектеп партасында-ақ машығына айналдырғанды, Бөкендей әдебиет теориясын ірі-ірі ғалымдардың дәрістерінен тыңдап жан-жақты қаруланбағанмен, әдебиетке өзіндік көзқарасы бар жас талапкер.
Бөкен де әлсіз емес, ол да өз мамандығын адаспай дәл тапқандай, жазушы, не сыншы болмағанмен тәуір журналист болып шығары хақ. Жаңаш та оны қадыр тұтады, сонымен қатар таласып-тартысып, пікір алысудан еш жалықпайды, өз ойын Бөкенмен айтыс үстінде ұштай түскендей болады. Бөкеннен көп нәрсені үйреніп жүргенін жоққа шығармайды. Қазір де онымен келіспей:
– Түсінбейсің, – деді. – Мен осы отырғанда, сен қанша жамандасаң да тәуір әңгіме жаздым деген ойдамын.
Бөкен де тегіндікпен беріліп, оңайлықпен тізе бүкпейді, өзінше Жаңаш әңгімесін башайлап шағып тастады. Автобус аялдамасында қоштасқалы тұрғанда Жаңашқа ол:
– Сен менің айтқандарымды мойындамайтын болсаң, газет-журналдардың біріне апарып, солардың пікірін тыңда, сонда көзіңді жеткізесің, – деп соңғы сөзін айтқандай болды.
Түнге қарай қала транспортының сирек қатынайтын әдеті, күткен автобус келіп болмады. Әркім өз ойымен әуре. Әсиямен кездесуден қалған әсердің құшағынан әлі шыға алмай тұрған Бөкен:
– Әсия «жолдасың не деп кетті» деп сұрады… сеніңше қандай қыз? – деді.
– Сен не дедің?
– «Ештеңе де айтқан жоқ» дедім.
– Неге өтірік айттың, осы сұрақты мана да қойдың ғой.
Бөкен жәй езу тартты да, байырғы әдетіне басып Жаңашпен дауласудың орнына, күтпеген жерден:
– Ақылды қыз, – деді. – Бірақ менің өзіне үйленбейтінімді сезіп, соңғы кезде салқын тартып жүр.
Жаңаш басын көтеріп жолдасына көз тастады, көше шамдарының болымсыз жарығында өткір қой көздер тікендей қадалып, шоқтай ұшқындайды, бірақ Бөкен аңғаратын емес, өзімен өзі тілдескендей:
– Бір сөзінде, «егер маған үйленбесең, соңынан опық жейсің, мендей адамды таба алмайсың» дегенді айтты, – деді.
– Неге үйленбейсің?
– Қалай үйленем, Ақзия тұрғанда үйлене алмаймын ғой.
Дұрыс, Бөкеннің ауылда Ақзиясы бар ғой. Өздерінен екі класс төмен оқып еді, былтыр оныншы бітіріп, оқуға түсуге әрекет жасамастан жұмысқа орналасты. Бөкен екеуінің келісімі бойынша ол Бөкен университетті бітірген соң бастарын қосып, сонсоң Ақзия мүмкіншілігіне қарай сырттай оқуға түспекші. Әрі кеткенде он-он бес күнде хат алысып тұрады. Кейде мейрам-мерекелерге қарсы ол Бөкенге аздап тиын-тебен де жібереді.
– Ендеше, қызды несіне әуреге саласың?
Бөкен жауап қайтарып үлгермеді, автобус келіп тоқтады да, алас-қапас соған отырып кетті…
…Арада үш-төрт күн өткеннен кейін екеуі қалалық Баспочтада кездесіп қалды. Бөкен жайдары амандасып:
– Ақша таусылғалы осы үйге жиі келетін қонақтың бірі – мен, әбден табалдырығын тоздырдым.., ақша жоқ, қиын болып тұр, – деді.
Почтадан Жаңаш та құрқол шықты, екеуі почта жанындағы алаңға келді.
Көктеммен бірге көшеде адамдар да көбейген. Алаңдағы қаптаған көп орындықтардың босын табу қиын. Әлі ағаш та, шөп те көктемеген, гүл егілетін жерлер де өңделмеген, көркейген, көз тартарлық ештеңе жоқ, тек көктемнің лебі ғана, жайма шуағы мен таза да жеңіл ауасы ғана.
Жаңаш көңілсіз, ол тіпті Бөкенмен кездесіп қалғанын да қош көрмейді, Бөкен де аңқау жігіт емес, Жаңаштың салғырт қабақтығын аңғарып, ол да томаға-тұйықтыққа ауысты.
– Неге көңілсізсің? – деді ол бір мезгілде Жаңашқа.
– Көктемнің өзі көңілді шақ болғанмен адамдардың әлсіз, әлжуаз кезі.., қыстан титықтап шығады-ау деймін. Кейде көңілсіз болуға осы да себін тигізетін сияқты, – деді Жаңаш. – Жұмыстан кейін демалуға қандай құштар болсаң, қыста көктемге де сондай құштарсың… Мәселе тіпті шаршағандықта да емес, қыстың суық бораны, қалтыратқан аязы болғанмен, оның да өзіне тән көркемдігі бар… Адам жаны әр нәрсенің шамадан тыс ұзап кетпей алмасып, түрін өзгертіп отырғанын сүйе ме деп қалдым.
– Сен тек пікір айтуға, көрген-білгендерінен қорытынды шығаруға жаралған жансың ғой, – деді Бөкен. – Соңғы кездерде мен сені мамандығын таппай жүр-ау деген ойдамын саған медик болудан философ болу лайық.
– Философ деген кім, философия деген не? Меніңше, ол мамандық емес, философтық қасиет әр адамның бойында бар… Мен де ат тағылған, айдар қойылған философ болмай-ақ қойдым, керек жерінде орынды пікір айтып, дұрыс қорытынды шығара білсем, сол жеткілікті… Айтпақшы, – деді Жаңаш Бөкенге мойнын бұрып, – Мен тағы да бір әңгімеге сюжет тауып жүрмін.
– Не туралы?
– Сен туралы.
– Мен туралы?! … Қызық екен, ашып айтқанда?
– Ашып айтқанда, Әсия мен сенің байланысың туралы.
– Ештеңе шықпайды.
Жаңаш сөз таластырмады, Бөкен де түйіліп отыр.
Бөкен болашақ журналист, әдебиетке тікелей қатысы бар адам, ол ненің жақсы, ненің жаман екенін, ненің көркем шығармалық, ненің очерктік, ненің тек қана газеттің хабарына жататын материал екенін ажырата біледі. Ал, тап қазіргі Әсия екеуінің қарым-қатынасынан көркем әңгіменің тууы неғайбыл.! Өзін әңгіме жазам деп отырған Жаңаштың орнына қойып ойлап қараса, ол шығармада Жаңаш деген жақсы жігіт пен Бөкен деген жаман жігіт болуы керек те, ең соңында сол жаман Бөкенді жақсы Жаңаш дұрыс жолға салуы шарт.
– Жоқ, Жаңаш, сенің бұныңнан ештеңе шықпайды.
– Шығады, – деді Жаңаш, сонсоң біткеннен кейін өз көзқарасын дәлелдеп ұзақ сөйлеп кетті. – Жиі кездесіп, сырлас болып жүрген қыз бен жігіттің арасындағы қарым-қатынас көп жағдайларда шынайы махаббатқа ауысады… Мен сені жаман жігітсің демеймін, ал, қыздың жақсы, ақылды екенін өзің де мойындайсың. Сенің әңгімеңе қарағанда ол сені әбден сүйіп, сен де оған өз сезіміңді жеткізіп тынған адамсыздар. Бұның бәрін қоя тұрып, Әсия екеуіңді жеке-жеке алмай-ақ, жалпылама айтсақ: қыз жігіт бойынан андай-мұндай оғаш, жағымсыз қылық байқамаса, әуелі оны сыйлайды, сонсоң бірте-бірте жақын тұтады, одан кейін сүйіспеншілік пайда болады. Сүйтіп жүргенде бір күні жігіт сырт айналып, желкесін көрсетсе, қыз өзін жаралы, мүгедек жандай сезінеді, оны әлсіздік билейді, жетімсірейді, өзіне деген сенімі жоғалады, жан азабына түседі. Міне, сен осыны түсінбей жүрсің. Сенің ең жоғарғы қасиетің – адамгершілік арыңды әңгімелегеннің өзінде, осы сезім, осы көңіл-күй, осы жан күйзелісін оқушыларға жеткізіп бере алсам, әңгіме шығардым деп мақтанар едім.
Бөкен бұл жолы да әңгімені тыңдай білетін шыдамдылық танытып. Жаңаш сөзінің аяғын үнсіз күтті де, ол болғаннан кейін:
– Жоқ, Жаңаш, сен де ештеңе түсінбей жүрсің, бәрі сенің ойлағаныңдай емес, ол менің өзіне үйленбейтінімді қазірдің өзінде біледі, демек сенің ұйғарғаныңдай қайғы-қасірет шекпейді, – деді.
– Сенің үйленбейтініңді біліп, ол қазірдің өзінде қайғы-қасірет шегіп жүр, әйтпесе, «сен маған үйленбейсің ғой» деген мұңды сөзді айтпас еді, ол осыны қорыққаннан айтып жүр, оның жүрегі қазірдің өзінде-ақ жаралы.
Бөкен Жаңаштың пікіріне-мойын ұсынбақшы емес, ол сәл үнсіз отырып барып:
– Сен өзіңнің іздеп, жазсам деп жүрген әңгімеңе арқау, сюжет тапқаныңа мәзсің… Жаз, сенің қолыңды ешкім ұстамайды, әңгіме шығар. Өте жақсы, қуанарлық іс. Бірақ бір нәрсені ұмытып, ескермей жүрсің… Сен кітапшылсың… Көп оқып, басыңның айналғаны сондай, өмірді тек кітап бетіндегі тіршілік арқылы қабылдайсың, өмірдің шын мәні саған әлі жат, – деді.
– Жақсы, мен кітапшыл-ақ болайын, бірақ сен өзіңді тап осы жерде ақтай алмайсың… Сенің бұл қылығың маған тек әңгімеге сюжет үшін керек деп ойлама, әңгіме жазуды былай қойып, басқаша да істей аламын.
– Басқаша?!… Сонда не істемексің?
– Бүгін жұмыстан шыққан Әсияны күтіп аламын да, бар шындықты жасырмай айтып берем.
– А-а, вот оно что! – деп Бөкен үнсіз қалды. Жаңаш та сарқылып, таусылып отыр. Бір мезгілде Бөкен серпіле орнынан тұрып, – Жақсы, қолыңнан екі келсе, бірін істе, – деп қарайламастан кете барды…
…Бөкен ештеңеден жасқанбайтын, қысылмайтын, тартынбайтын адамның кейпін танытып, Жаңашқа өзінше қыр көрсетіп кеткенмен, былай шыға дегбірсіздене бастады. «Бұнда ес жоқ, Әсияға барса, бәрін бүлдіруі мүмкін» деп ойлады. «Әсияны бұнымен оңаша қалдыруға болмайды, екеуін кездестірсем, өзімнің құрығаным.., одан бұрын Әсиямен өзім кездесіп, Жаңаштың жала жапқалы жүргенін, егер жолығыса қалса, оның былшылына мән бермеуін түсіндіріп алдын алуым керек» деп түйді өз ойын.
Ол Әсияның жұмысының аяқталуына қарсы фабрикаға қарай аяңдады. Фабрикаға жетпей тоқтап айналасына көз тастады. Іздегені Жаңаш, бірақ ол еш жерде көрінбейді. Сағатына қарады, енді бес-он минуттан кейін Әсия шықпақшы. Бөкен денесі шымырлап артына жалт қарады. Ту сыртынан Жаңаш келіп мысқылдай күліп тұрғандай сезініп еді, қорыққанға қос көрінеді деген, ешкім жоқ.
Ол фабрика қақпасына қайтадан көз тастағанда тігіншілердің алдыңғы легі көріне бастады. Бөкеннің екі көзі қақпада. Келесі топпен Әсия да көзге шалынды. Бұған дейін беймазалықты тек жүрегімен сезінген ол енді тұлабойының да дірілдегенін байқады. Жан-жағына тағы да көз тастады. Үлкен үреймен күткен Жаңашы еш жерден көрінбейді. Әсия тобы жақындап келеді. Бөкеннің сана-сезімін қорқыныш билеп, жанын қоярға жер таба алмай алақтап, арық бойын қуалай өскен жуан теректердің бірінің тасасына тұра қалды. Қасындағы құрбыларымен әңгімелескен Әсия оны байқамастан өте шықты.
Әсия ұзап барады. Бөкен жан-жағына тағы да бір қарап алып, ағаш тасасынан шығып, оның соңынан ілесті. Бірақ қуып жетіп, тоқтатуға әрекет етпеді. Кенеттен біреу өз есімін атап дауыстағандай болған соң жалт қарап еді, ешкім көзіне түспеді. Ол сәл кідіріп, қайтадан ілгері жылжыды. Сүйте-сүйте ол Әсияға үйіне дейін еріп келді. Қыз қазір есікке бұрылмақшы, сонсоң көзден таса болмақшы… Жаңаш келген жоқ, айтқан сөзінде тұрмады. Бірақ Бөкен оның келмегеніне, Әсиямен кездеспегеніне қуанбады, бойын басқа ауыр сезім мен жүректі тырналаған беймаза күйде қалды. Ол тіпті бір сәт Жаңаш пен Әсияның кездеспегеніне өкінгендей де болды.
Қыз көйлегінің етегі соңғы рет қылаң беріп, есік тасасына жоқ болды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.