Әсілі ақын емес, аунаған мезгіл едім…

Жұматай КӨКСУБАЙ

М.Дулати атын-дағы Тараз мемлекеттік университетінің дайын-дық бөлімінің студенті. Өлеңдері журналда алғаш рет жарияланып отыр.

Қасқырлар

Тіліменен күннің бетін жалайтын,
Түгіменен түннің шашын тарайтын.
Мынау сайқал дүниеге дүбірлі,
Еркіндіктің көзіменен қарайтын,
Қасқырлар-ау, қасқырлар-ау, қасқырлар,
Қайсы белде айды тістеп жатсыңдар?!

О, даламның дара бөтен тағысы,
Түн ұйыған жанарында намысы.
Азу тісін айға қайрап отырып,
Жұлдыздай көп болса дейтін табысым.
Түн пердесін жыртып-жыртып ұлыған,
Сол бір дауыс һам такаппар тұнық ән.

Қалың жылқы жусап жатқан бұл бөктер,
Теуіп ашқан жерді шұқып жүр кептер.
Қасқыр келіп араласты әнеки,
Қар бетіне сызып қызыл суреттер.
Қайран ажал тай бойынан дірілдеп,
Қашып шықты бұлқынды да бір рет.

Кәрі қойшы ерік берді күмәнға,
Қара мылтық ажалды аңсап тұр анда.
Тұяқтарын тұман жуып көкжалдың,
Ұзақ-ұзақ ұлысын кеп қыраңда.
Азан даусы сіңіп қалған тау ішін,
Мекіренген қойдың басар даусы.

Қойшы көзін сүйеді кеп ұйқы-қыз,
Өтті уақыт, ол уақыт, түлкі қыз.
Самал келіп түртеді сол жігітті,
Самал шытпен жанарыңды сүртіңіз.
Намыстылар бірін-бірі күзетіп,
Таң атырар табанынан сыз өтіп.
Өз көзіммен көрсем дейтін өмірді,
Түн көзінен байғыз үні төгілді.
Сенің даусың естілмеді не заман,
Сол заманнан бері адамдар көңілді.
Қайсы белде айды тістеп жатсыңдар,
Қасқырлар-ау, қасқырлар-ау, қасқырлар?!

Қапсалаңның қараша айы

Ақыры мен мұңнан алқа тақтым-ау,
Тағы еске түсірейік тәттім-ау.
Жебе дерсің, кеме дерсің аспанда,
Қапсалаңнан құс қайтатын шақ мынау.

Қараша айы. Қанат жауып тұрған тұс,
Аспанымды бүркеп солай мың сан құс.
Әппақ бұлттар мезгіл шеккен шылым ғой,
Ал, кеңістік, күміс ернеу күл салғыш.

Арқалайтын арқар белдер асыл ой,
Қараша айы, бізде қыстың басы ғой.
Қыз дегеннен күз дегенге өзгерген,
Жапырақтар шал кемпірдің шашы ғой.

Қойымды айдап қошқар мүйіз белдерде,
Өлең оқып беруші едім ерменге.
Деп ойлаушы ем қырқаларды ғасырдың,
Керуенінен қалып қойған теңдер ме?

Сәл езіліп піскеніндей өріктің,
Мен іңірдің тәтті шағын көріппін.
Бүлдірген бет, таңқурай шаш, күн сұлу,
Қараша да менің жалғыз көріктім.

Ата таулар, салалаған сақалын,
Самал желмен жіберетін мақалын.
Жалғыз досын күте-күте жалығып,
Жұлдыз жерге ағып келе жататын.

Өз тілінде ұзақ-ұзақ сөйледі,
Анау бұлттар қыстың жазар сөйлемі.
Ақ ұлпаға айналатын осылай,
Қарашаның қоңыр торғын көйлегі.

Бүгін ойлап кеңсірігім тұр ашып,
Сол дүбірі жүрегіме ұласып.
Топ құйрығын айға қадап кісінеп,
Күрең айғыр кетті үйірі қыр асып.

О, Қапсалаң мені мұңға көндірдің,
Барамын деп өзімді алдап сендірдім.
Сағынышты ішіп-ішіп тауыса алмай,
Жалғыздықты құшақтап ап мен жүрмін.
Кешір!

Арман

Шешендердің сөзінен,
Төр орнатып берейін.
Бүкіл қыздың көзінен,
Көл орнатып берейін.

Айдың әппақ нұрымен,
Айна жасап берейін.
Жұлдыздардың жүзінен,
Саған сырға терейін.

Жапырақтың тамшысын,
Алқа етіп берейін.
Ажарыңды кірлетпей,
Жанарыма бөлейін.

Найзағайдың жарқылын,
Шарпың етіп қояйын.
Бұлбұлдардың барлығын,
Әншің етіп қояйын.

Ақша бұлтты гүлімен,
Көрпең етіп қояйын.
Кемпірқосақ нілімен,
Кірпігіңді бояйын.

Сәбилердің күлкісін,
Шашып қоям жолыңа.
Мен ауадан басқасын
Ұстатпаймын қолыңа.

Мен осылай бақытты,
Қылсам деп ем өзіңді.
Сен басқамен кеттің де,
Қайран арман көз ілді.

Сағыныш

Дөңгеленген күн жинап туырлығын,
Изендерден жасайтын іңір бұрым.
Қарағайға көміліп кеш құлайды,
Тауға тартып қара түн шымылдығын.

Гуілдеп жел оқиды күшті өлеңін,
Сені ойлап, ал, сосын түс көремін.
Қайың сынды бұралып қайда жүрсің?
Тобылғыдай түрленіп піскен ерін.

Түсімде ылғи жүреді бір қыз жылап,
Көздерінен төгіліп құндыз бұлақ.
Арманымдай күтпеген сәтте кеткен,
Аспанымнан ағады жұлдыз құлап.

Таңдағы тіршілікке құлаш ұрып,
Арқардың мүйізіне күн асылып,
Жеңгем түрткен бақанды жанай өтіп,
Шаңырақтан ұшады түн асығып.

Тұла бойын жамылып тұман көрпе,
Қыр гүліне көміліп құланды өлке.
Қойдың ізі жастығын көміп кеткен,
Қойшы шырқап барады бір әнді ерте.

Жапыраққа оранса тамшы жалғыз,
Билеп-билеп алады әнші тал қыз.
Мен аңсаған бақытым сияқтанып,
Әр әуенге басады Шәмші – бар құз.

Табиғат бөлеп мені жоқ күйге шын,
Сағынышыма жегеді от күймесін.
Осы жүрек сені іздеген сапарларда,
Көздерімнен ағытқан көп түймесін.

Құлазу

Өмір деген кездесу,
Қоштасулар екен-ау.
Сен алыстап кеткелі,
Жыл асыпты көкем-ау.

Сенің атың симайды,
Бір өлеңге бір әнге.
Алдама деп айтушы ең,
Алдамадым кінәм не?!

Неге-неге құбылып,
Кеттің менің Күнім-ау.
Маған енді қасірет,
Сендей сұлу туылмау.

Сенің тойың болған күн,
Сансыз ішкем шараптан.
Содан бері шараптай,
Салқын атты әр ақ таң.

Әлде көріп түңілдің,
Жауыр болған атымды.
Мүмкін сүймей қалдың-ау,
Ақымақтау ақынды,

Қасіреттен мендегі,
Бүгін бәрі хабарсыз.
Содан бері күн мен түн,
Ай, жұлдыз да ажарсыз.

Арманымды осылай,
Алыстаттың құдірет.
Жаны жайсаң жақсы қыз,
Хабарласшы бір рет.

Мықтылардың мықтысы,
Емес пе едің Құдай-ау.
Сүйгеніммен жолықтыр,
Сенде болса бір аяу.

Мен ешкімді сүймедім,
Кімді жаздың, пешенем?!
Оны жырлай алмадым,
Кешір мені, кеш өлең.

Сағынышымның дауысы

Ақ, адал өмір берген,
Анашым текті ұраным.
Мен сенің құшағыңа,
Оралғым кеп тұрады.

Сәбиін жетелеген,
Көшеден ана көрсем,
Сіздегі мейірді аңсап,
Қасына бара бергем.

Бір сәби жылап тұрса,
Ешкім де жұбата алмай,
Мен сені іздеп кетем,
Сіз ғана уатардай.

Тауларға теңер едім,
Одан да биік едің.
Көктегі күннен бұрын,
Сен мені сүйіп едің.

Аядай Қапсалаңда,
Басталып бала шағым,
Алысқа жетеледі,
Арман мен болашағым.

Отында жүрмін қазір,
Анашым жыр егестің .
Бір күні ораламын,
Кететін қыз емеспін.

Топ көрсем елеңдеймін,
Елемей жай көшіңді,
Емес пе жылым жылқы,
Өмірім бәйге сынды.

Сіз барда жырым асқақ,
Сіз барда әнім жақсы.
Біздерде бәрі күшті,
Біздерде бәрі жақсы.
Алаңдама, ана…

Қар жауып тұр

Жауып тұр, қар жауып тұр,
Өлкеде мынау бүгін.
Ал, жерге жазып жатыр,
Табиғат қырау жырын.

Осы қар сағынышты,
Жырымның парақтары.
Аспаннан сусып түскен,
Аққудың қанаттары.

Кірпікке қатқан тамшы
Кетуге асығады.
Шақырып боран мені,
Амалсыз басылады.

Күздегі орман қыздың,
Көйлегін тонағандар,
Бұлтымнан сыйлап жатыр,
Ақ ұлпа орамалдар.

Мезгілдің қиқымдары,
Ауаның көбелегі.
Далама уақыт әні,
Жел болып себеледі.

Үкідей ұшып келіп,
Мекендеп ана жерді,
Жүректей бүлкілдеп ап,
Паналар дала, белді.

Аспанда желтоқсанда,
Жұлдыздар ағады кеп.
Ал, шыңдар ақ пердеден,
Тон киер жағалы көп.

Біреуді сағына ма,
Қарға үні тыншымайды.
Ол нені ойлайды екен,
Ақтөсім қыңсылайды.

Терезе әйнегінен,
Сан сурет көрінеді.
Ар жағы торғын белге,
Күміс зер төгіледі.

Жүргендей кеңістікте,
Қыдырып қалқып әлі.
Ұйқасқа тағылмаған,
Өлеңнің шарпылары.

Алмасқан маусымдарды,
Көрдім де елжіредім.
Әсілі ақын емес,
Аунаған мезгіл едім…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.