«Жүректер мен жүректер арасында, Шырқыраған сен де бір қолбаласың»

Жамбыл Әміребеков

1968 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Қазақша күрес, самбо спортынан спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. 1990-1994 жылдары Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институтта оқыған. Қазіргі таңда қазақ күресі мен ережесіз жекпе-жек бойынша жаттықтырушы.

Сонарда

Қар жауып жатыр қылаулап,
Қабағы тастай түйілген.
Жазықта түлкі жүр аунап,
Үрінді қарға үйілген.

Жоталар болса қымтанып,
Бүркеніп алған бастарын.
Сүңгіден кетті жыр тамып,
Сонардың көктеп астарын.

Жемтігін тінтіп ақ қардан,
Қалқиды қыран көгінде.
Соқпағын іздеп тапталған,
Ұлиды Айға бөрің де.

Етекте қалың шеңгелдің,
Қояны әккі шықпаған.
Қыраннан бұрын мен көрдім,
Ши түбін киік ықтаған.

Бусанған жүйрік пысқырып,
Омбылап қарды шабады.
Шымшылап аяз ысқырып,
Тамсанып бозға қарады.

Қыран да көктен шүйіліп,
Киікке түсті құлдырап.
Боз боран қарды үйіріп,
Тұрса да атым тың бірақ.

Боздатып бозды келемін,
Үйіріп басып қамшыны.
Көбігі аунап өлеңім,
Қашады алып аңшыны.

Шүйіліп келіп қыран да,
Көгіне қайта атылды.
Толғатып жатқан бұл аңға,
Кез қылды Құдай ақынды.

Бозымның буы бұрқырап,
Тізгінге әрең тоқтады.
Сүйегі жырдың сырқырап,
Атуға дәті батпады.

Қанжыға бауы түйілмей,
Келемін қайтып ізіммен.
Тағдырға кеттім иілмей,
Сонар да қалды үзілген.

***
Түрсем дағы түндікті,
Түнек тірлік жүнжітті.
Жүрек тулап дүрлікті,
Жыр туардай жыр мықты.

Өлшемімен ғұмырдың,
Мөр басылды-туылдым.
Тас емшекті тағдырға,
Кісінеген құлынмын.

***
Таңда,
Талтүс,
Түнде де толғанасың,
Алдағы бір арманға алданасың.
Бар жауыңа кеудеңді ашып тастап,
Жоқ жауыңнан тіксініп қорғанасың.

Жұмбағы көп, періште жындары көп,
Қайғысы көп қуаныш, мұңдары көп.
Салатұғын санаңды дара сынға,
Жүректер мен жүректер арасында,
Шырқыраған сен де бір қолбаласың.

Жүрегім қуаныштан жақын мұңға,
Сезім патша айналды ау ақыл құлға.
Қайта мені келтірсең дүниеге,
Құдайым ақын қылма, ақын қылма!

Жыр тұлпарым

Атойлап аламанда аласұрған,
Ат-биеден, алыптар-анасынан.
Өмірдің өзі бапкер өреліге,
Қыс, шілде, көк аязда таң асырған.
Алдынан шықса дағы нелер бәйге,
Әйтеуір жүйрік болса келер дейді.
Бір дүбір естілгенде сардаладан,
Менің де жыр-құнаным елеңдейді.

Өлкені өнер дейтін аралаған,
Дүлдүлді дүйім халық бағалаған.
Табаны тас қайрақта таймасын деп,
Темірмен тасырқатпас тағалағам.

Қазысын қайырған соң қалыңдаған,
Қалмады артық тері алынбаған.
Жиналған жіліншікке жілік майы,
Дейтіндей сардалада дабыл қағам.

Не қалды тағы менде ұмытылған,
Қазақы қазан ат қой мұны туған.
Тәуекел, қостым мен де тұлпарымды,
Өмірдің өтіне әкеп суытылған.

Кекілін көзден қорқып үкіледім,
Сөлімді сөзден қорқып түкіремін.
Маған да қонар-ау деп,
бармақтай бақ,
Мәреден тұлпарымды күтудемін.

Махамбет Өтемісұлына

Бас тіккен соң бас кетері белгілі,
Жақсылардың жас кетері белгілі.
Маған қалған аманат пен мұрадай,
Махамбеттің өрлігі мен ерлігі.

Тағдарымнан тапқаннан соң тұлғаны,
Махамбеттің маған қымбат мұң-зары.
Тәтті тұрмыс, сәтті ырыс іздесең,
Айтпай-ақ қой ащы шындық туралы.

Өтемістің өрге тартса ұлдары,
Төребектің төмендемес тулары.
Тас түлегін танып тұрса бұл пәни,
Бас тігемін болмысымда тұр бәрі.

Бассыз қалған бассыз тірлік мендегі,
Керген сайын көк тіреген кеудені.
Тастап шығып кетердеймін талқандап,
Тас қамалдай тас қабырға бөлмені.

Нар тұлғамды намыс қысса «Нарында»,
Қалай сиям «Қаройдағы» қабырға?
Алпамыстан кем түспеймін деймін мен,
Арпалысқан ар-намысым барында.

Құлқын үшін күреспеппін аштықпен,
Ұлтым үшін құрбандыққа бас тіккем.
Ат табылмай аламанда қалса да,
Сақта, Құдай, бәкене өмір, пәстіктен.

Махамбеттің маған қалған мұрасын,
Сертім келіп сенімімнен сұрасын.
Ар алдында адалмын ба, жоқпын ба,
Сырын бүккен сынға салып сынасын.

Басымды алып қаша амаймын бәйгеден,
Ұшып тұрам ұран шықса қайда мен.
Бірақ кейде берілгенде сан ойға,
Жерді басып жүргендей-ақ жай денем.

***
Отау тіксем өнердің ордасына,
Муза досым, мұзданбай кел, қасыма.
Түн ұйқымды төрт бөліп быт-шыт қылды,
Жүректің симай шабыт арнасына.

Шырайымды шын шабыт сенен тілеп,
Әлсін-әлсін соғады өлең жүрек.
Шабыт қысқан шақтарда отырады,
Құдайың да менен сәл төменірек.

Ақ қанатты періште-армандарым,
Тұла бойдың тұтқындап алды-ау барын.
Арландарын алқымдап алдына сап,
Талғамдарын қарашы талданғанын.

Мұндай кезде алдыңда не дейін мен,
Көп нәрсе айта алдым ба көмейіммен.
Өгей ұл де өнерге ере алмасам,
Тағдырыммен белдесіп көрейін мен.

Құйын

Жұлқынып жетті бір құйын,
Тастақтың шаңын үйіріп.
Түйіліп түскен қырғидың,
Екпіні кетті қиылып.

Қайырып еді шаштарын,
Мәжнүн тал қалды қысылып.
Желінін сипап қасқаның,
Тартады жалын ышқынып.

Мәуелеп өскен шыбықтың,
Белінен құшты бұралып.
Білегін қысты құрықтың,
Асауға салған бұғалық.

Торғайды аңдып отырған,
Үкінің алды үрейін.
Тұзды тер сіңген тоқымнан,
Үркетін емес дүлейің.

Желдікті үрлеп қабысқан,
Сілкіді қайыс жүгенді.
Тізгініменен алысқан,
Қайырды бәйге күреңді.

Қабағы тастай түйілген,
Құлатты-дағы кетпенді.
Шөмейлі шөпке үйілген,
Сіңді де кетті шеттегі.

Ерттеулі мінер қасқамды,
Құйыным тентек қайдасың.
Сіркіреп жаңбыр басталды,
Асырып желден айласын.

Басылды күн де қайнаған,
Су болып қалған балағы.
Тағдырымменен ойнаған,
Жастығым ба екен жаңағы.

Арман-ай

Қаршыға қиял қайырып жиі ұйқымды,
Азап шегемін, азынап сезім сиқырлы.
Тауық-секундтар тарыдай шоқып
миымды,
Қобыз кеудемді кеулейді менің күй түрлі.

Тал түсте тұрмын,
Төбемде күн тұр жалындап,
Арман-ай!Арман!
Асқарым қашан алынбақ?!
Үміттерімнің күн деректері жұқарып,
Күндіктерімнің барады тысы қалыңдап.
Түбінде түбі –
Тынарсың шыбын жанымды ап!

Шық ғұмыры

Естимін жүрек дүрсілін,
Кішкентай шықтың тұп-тұнық.
Шиырған қиял ұршығын,
Не деген мынау мықтылық.

Тозаңға былғап кірпігін,
Самалмен әлек тазалап.
Құйрықпен қаққан түлкі мұң,
Шықты да жатыр мазалап.
Қас-қағым ғана ғұмырын,
Көтермек көкке ұмтылып.
Тартқылап өмір бұрымын,
Күлімдеп қарап тұр күліп.

Ойнаған өмір меңімен,
Шіркін-ай неткен құштарлық.
Сырласпақ болған менімен,
Шықта жоқ екен іштарлық.

Тағдырмен қайтпай алысып,
Тартады мөлдір тегіне.
Күн шығып еді сәл ысып,
Бу болып кетті көгіне.

***
Кете берсін келмеске кеткен күдік,
Жете берсін жеңіске жеткен үміт.
Ережеңе ежелден тежелмеп ем,
Кенезем бе?
Кенезем-кепкен құдық.

Кеберсісе кеберсір, кеппес бірақ,
Тамшы тілеп талпынбас көктен сұрап.
Арқаланған арқамды толтыра алмас,
Жеті қабат жер жарып жеткен бұлақ.

Тентіреткен телміртіп терең мұңым,
Неткен құдық көмбесі кемел жырдың.
Түңіліп кетер еді талай мықтың,
Түсіп көрсе түбіне менен бұрын.

***
Биыл мамыр жылдағыдан жаңбырлы,
Қара тастың тамырына қан жүрді.
Балағыма батпақ болып жабысқан,
Жел кептірген қағып қоям тағдырды.

Көңілімнің еріп біткен мұзы ағып,
Белбеуі де күннің кеткен ұзарып.
Сіркіреген ақ жаңбырдың астында,
Бір қызғалдақ гүл ашыпты қызарып.

Қызығамын бұталарға бүр жарған,
Қысыламын тым ұяңдау қыздардан.
Еріп түскен тамшысындай сүңгінің,
Аңсап тұрмын көшелерді жүз барған.

Бұл мамырдың бұлттары да желінді,
Жылы жаңбыр жылытады көңілді.
Мені тастап кеткен аңғал жастығым,
Кемпірқосақ бояуынан көрінді.

Жылдар легі кетсе дағы қасқалап,
Мәз боп тұрмын самал желмен
шаш тарап.
Мені қатты ғашық қылған өмірге,
Осы көктем бұрынғыдан басқарақ.

***
Қайырды да көзге түскен кекілді,
Тырнап алды шеңгел шертіп бетімді.
Өкпелеген кезім бар ғой өмірге,
Соған мені жазалаған секілді.

Тораңғыдай сортаң жерді қалаған,
Сорлы екенмін сор іздеген қаладан.
Шаранадан шыққаннан-ақ шарылдап,
Шала жаным шошыныпты моладан.

Бұлаңдаған бұл өмірдің бұрымын,
Тартып жүріп шығарыппын ығырын.
Обалым жоқ өрекпіген өзіме,
Тыңдамаған періштенің сыбырын.

Сол екпінім сол баяғы күшінде,
Пырағыммен ұшып жүрем түсімде.
Мені тағдыр қинап жатыр барынша,
Жер бетіне түкіргенім үшін бе?

Күлім қағып өтсе дағы меңді күн,
Ұғына алмай жүрмін дүние кеңдігін.
Көк көзімді көкке тігіп-тамсанып,
Қандай күнә жасар екем мен бүгін?!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.