Салауатты тамақтану – жігітке сын

Нұрлан ҚҰМАР

«Үркер» журналының бөлім меңгерушісі

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауларында ұлт денсаулығы табысты болашағымыздың негізі екенін атап өткен болатын. Елбасының нақты тапсырмаларына орай денсаулық сақтаудың ұзақ мерзімді бағдарламасы жасалып, бірыңғай стандарттар енгізілген.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы №176 жарлығымен Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Бағдарламаның мақсаты – мемлекетіміздің әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі ретінде азаматтардың денсаулығын сақтаудың тиімді және орнықты жүйесін дамытуды қамтамасыз ету. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Мемлекеттік бағдарламаның негізгі 7 бағыты анықталды. Халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту; МСАК-ті жаңғырту және басымдықпен дамытудың негізінде барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент мұқтаждықтары айналасына интеграциялау; Медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету; Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру; Ниеттестікті ендірудің негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру; Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру; Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, инновациялар мен қазіргі заманғы ақпараттық- коммуникациялық технологиялардың негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету болып табылады.
Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Негізінде медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Олар – міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты – міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету. Ал ерікті сақтандыру адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталған сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Зейнеткерлерге, еңбек жасына толмаған азаматтарға, мүмкіндігі шектелген азаматтарға қызмет тегін көрсетіледі. Міндетті медициналық сақтандыру кезкелген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Ал, медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Көбірек пайда табуға тырысқан медицина қызметкерлерінің емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсету көрсеткіші жоғарылайды. Өйткені, емделушілер қай дәрігерге баратынын өзі шешеді.
Еліміз медициналық қызмет көрсетуге өзгеріс енгізуде қоғамдық сақтандыру жүйесін таңдады. Оның басты артықшылығы – баршаға тең мүмкіндіктің берілуі. Мұнда жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлейді.
Медициналық қызмет көрсетуде сақтандыру жүйесінің енуі әлемдік үрдіс екендігі аян. Оның үстіне нарықтық қатынастар орнаған елде оның болмауы тіпті де мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын еңбекке жарамсыз қарттар мен балалар санының артуы мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты ауырлата түсуде. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, 2030 жылға қарай еліміздегі қарт тұрғындардың үлесі 11,2 пайызға жетеді. 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,9 пайыз деңгейінде еді. Демек, келешекте бюджеттен бөлінуге тиіс қаржы да қазіргіден әлденеше есе өсуі мүмкін. Ұлт денсаулығы үшін салауатты тамақтану – адам денсаулығын өмір бойы нығайту мен сақтаудың басты факторы. Ас үлесі, егер дұрыс тамақтанудың негізгі ережелері мен қағидаларын біліп сақтаса, айтарлықтай алдын алуға болатын жүрек, қантамыр аурулары (инфаркт, инсульт), обыр, қант диабеті сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың қауіп-қатер факторларының бірі ретінде басты рөл атқарады.
Салауатты тамақтану адам денсаулығына оң ықпалын әсер ететіні сөзсіз. Мәселен, спортшылардың көбісі азық-түлік сапасына ерекше мән береді. Әсіресе, «спорт падишасы» болып саналатын кәсіпқой жеңіл атлеттер дұрыс тамақтануға үнемі назар аударады. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, кәсіпқой жеңілатлетші, Азияның 6-дүркін чемпионы, жаттықтырушы, 67 жасар Марат Балтабаев та дұрыс тамақтануды жолға қойған. Күніне екі мәрте жүгіріп, әртүрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырған Марат ағамыз қазақтың ұлттық сусындары қымыз пен шұбатты ішуді дағдыға айналдырған. Бұдан басқа жас спортшылардың өзін жолда қалдырып жүрген желаяқ спортшы өзінің қалай дұрыс тамақтану керектігі жайлы ойларымен бөлісті.
– Жеңіл атлетикамен баяғыдан бері айналысып келемін. Аз мөлшерде тамақтанып, тәтті мен майлы ас жеуді азайту керек. Өз рационыма тұтас дәнді және кебек нанды, майсыз қышқыл сүт өнімдерін, талшықтарға бай жармаларды, мәселен, арпа, бидай, қарақұмықты енгіздім. Жүгіретін спортшылар тамақты тоя жемеуі қажет. Өзімнің шәкірттеріме кока-кола, спрайт, газдалған, энергетикалық сусындарды қолданбау керектігін ескертемін. Дәмі ерекше сусынды ішеміз деп ұлттың көктеп келе жатқан ұрпағының ішкі органдары іріп жатса, қасірет осы емес пе?! Етті жеген зиян деп кейбір шәкірттерім етті мүлдем жемейді. Бұндай жастарға айтарым – етті аз мөлшерде ғана қолдану керектігін ескертемін. Әсіресе, теңіз және балық өнімдерінің пайдасы көп-ақ. Ең дұрысы, жеміс-жидектерді рационыңызға тұрақты ұстау керектігін ескертіп отырамын. Қырыққабат, кәді, сәбіз, қызылша, шомыр, қияр, қызанақ, бұрыш, пияз бен алма өте пайдалы екенін аңғардым. Себебі, жүгірген кезде жеміс-жидектердің менің бойыма күш-қуат беретінін сезінемін. Әсіресе, жарыс бас-талар алдында банан жеуді дағдыға айналдырдым. Байқағаным, банан спортшыға күш береді әрі көңіл-күй де сыйлайды екен. Бұдан басқа қазақтың ұлттық сусындары қымыз пен шұбатты жиі ішемін. Кейбір желаяқтар маған: «Сіз қыс мезгілінде жүгірсеңіз де жөтелмейсіз. Бұның сыры неде?» деп таңғалып жатады. Мен оларға қымызды тұрақты ішетінімді айтамын. Шындығында да қымыз бронхит, туберкулез сынды бактерияларға қарсы күреседі. Бұдан басқа менің қан қысымым үнемі тұрақты. Дәрігерлер қан қысымың 120 да 80, тура космонавтардікіндей деп үнемі мақтайды. Бұл қымыз бен шұбаттың арқасында келген нәтиже.
Иә, Марат ағамыз дұрыс тамақтану мен күнделікті белсенді қимыл-қозғалыс қартаю процесін бәсеңдететінін жақсы біледі. Өкінішке орай, біздің қазақ халқы көп жағдайда қалай салауатты тамақтану керектігін біле бермейді. Қазақта Марат Балтабаев сияқты көзі ашық азаматымыздың болуының өзі үлкен жетістік. Жасыратыны жоқ, біздің қазекем ет пен майлы тамақты көп жейді. Бұдан басқа қаракөз қандастарымыз түнгі уақытта қонақ күтіп, ет жеуді дағдыға айналдырған. Түнгі уақытта жеген тамақтың пайдасы болмайды. Ол адам ағзасына дұрыс сіңбейді. Керісінше зияны көп болады. Неге десеңіз, бұл уақытта адамның биологиялық белсенділігі төмендейді. Осы кезде адам ағзасы дұрыс қорытпайды. Ал етті көп жеу холестеринді көбейтеді. Ауылдағы қазақтардың көбісі ет жеп, сорпа ішіп ұйықтап қалады. Ауыр тамақтан кейін жеңіл қимыл керек. Әйтпесе адам ағзасына көп күш түседі. Асқазан қорыта алмай қиналады. Бауыр мен бүйрек жұмысы әлсірейді. Осыдан барып біздің қазақ халқы аурушаң болып, егде жасқа келген кезде бетіне әжім түсіп, жүре алмай, түрлі ауруларды басына тілеп алады. Бір қызығы, қазекемдер дәрігерге бірден қаралмай, тек әбден шегіне жетіп, ауру өршіген кезде тамырын ұстатып жатады. Ал, тамақты жатардан кем дегенде екі сағат бұрын ішу қажет.
Қазақ жастары таңертең молынан тамақтанбайтынын аңғардым. Әр жерде журналистік зерттеулер жүргізгенімде жастар азанғы уақытта апыл-ғұпыл киініп, ұялы телефонына ұзақ үңіліп, бір кесе шәйді іше сала сабағына қарай асығып кететінін байқадым. «Таңғы асты тастама» демей ме дана халқымыз. Себебі, таңертен ішілген ас адам ағзасына тез тарайды. Бұл кезде адамның биологиялық белсенділігі артады. Кез келген тамақ адам бойына күш береді. Асқазан ауруының алдын алады. Алайда, қазақ халқы салауатты тамақтанбаудың салдарынан өзіне-өзі ауру жамап жатқаны белгілі. Меніңше, әлі де болса тамақтанған кезде оның мәдениетін біле бермейтін сияқтымыз. Біріншіден, ас ішкен кезде сөйлемей, жақсы ой ойлап жеген дұрыс. Екіншіден, тамақ ішер алдында қолды кем дегенде үш рет жуу қажет. Үшіншіден, үстелде отырған кезде арқаны бүкпей, дұрыс отырған жөн. Төртіншіден, тамақты асықпай шайнап, ешнәрсеге алаңдамау керек. Көп жас-тар тамақтың басында әрнәрсеге ерік беріп, ұялы телефонына хабарлама жазуды дағдыға айналдырған. Бұның өзі де адам денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық.
Ең негізі, тамақтанудың бірнеше қағидасын жетік білсек ұтылмаймыз. Тамақ әртүрлі және құрамында өсімдік өнімдері көп болуы қажет. Нан, өндірілген дақылды өнімдер, макарон өнімдері, күріш пен картоп тағамның негізін қалыптастырады. Көкөністер мен жемістерді тәулігіне 400 грамм көлемінде бірнеше рет тұтыну керек. Күнделікті құрамында май мен натрий мөлшері төмен сүт және сүт өнімдерін, ал, сүт қышқылды өнімдерді тәулігіне кемінде 200 грамм тұтыну қажет. Майсыз ет, балық, құс етінің мөлшері тәулігіне кемінде 80 грамм болуы керек. Осы жерде майы көп ет және балық, құс етін, бұршақ өнімдерімен алмастыру маңызды. Ас тұзының мөлшері тәулігіне 5 грамнан аспауы тиіс.
Адам қартайған кезде көп жағдайда аурушаң болады. Ал, елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің жасы ұлғайғанда да белсенді болып, зейнетақыдан басқа қосымша әртүрлі салада жұмыс істеп жүргенін аңғарамыз. Өйткені, өзге ұлт өкілдері жеміс-жидекті тұрақты пайдаланады. Сондықтан, біздің қаракөздеріміздің өзге ұлт өкілдерінен қалай салауатты тамақтану керектігін үйрену қажет-ақ.
Қарттық жаста маңызды микроэлементтер мен минералдардың жоғалуының артуын есепке ала отырып, тағамды айтарлықтай түрлендіріп, жеу керек-ақ. Салауатты дұрыс тамақтану зейнеткерлік демалысыңызды жеңіл де жайлы өткізуге көмектесері анық. Сондықтан, бәрі де өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз.
Иә, дүние шіркін аққан судай сарқырап жатыр. Данышпан Толстой: «Диабет – байлардың ауруы» десе, кедейлер не істеуі керек деп ойға шоламын. Кедей жаяу жүріп, жақсы тамақтану керек. Атқа мініп, көкпар тарту жігітке сын болса, бұ күнде жаяу жүру адамзатқа сын. Оның аржағында қарны шықпаған білімді қазақ тіп-тік боп кетіп бара жатыр…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.