Өмір-ай, өмір, тәттісің!..

Сайлаубай Тойлыбаев

1951 жылы Алматы облысы Ескелді ауданының «Жетісу» ауылында дүниеге келген. Бірнеше жинақтың авторы. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Алматы облысының Құрметті азаматы. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

ҚЫЗ – КӨКТЕМ

1
Ызғары қайтып қыстың да қарайды тіптен
кектенбей,
Бусанып қалың құрсаудан көктемім келді өктемдей.
Ақ қардың шеті сетінеп, сөгіліп жатыр, па, шіркін,
Көктемнің лебі қырларға асығы басып жеткендей.

Көшенің кіріп сәні ерте бүршігін жарған жас тал да,
Махаббат сырын ақтарып жарасып жүр ме
жастар да.
Сағынтып келген алғашқы сандуғаштарым секілді,
Бір керемет күй онда жаңадан ғана басталды ә…

Қарашы мынау әлемге құшағын ашқан шуақ-нұр,
Жанданып сірә, кеткендей қозы-лағымен қырат-қыр.
Еріген қардың көбесі көл-көсір тасып жеткенде,
Өзен мен көлдің арнасы әзер дегенде шыдап тұр.

Даланы қайта түлеткен еңбектің күйі құлақта,
Сырларын шертіп жатқандай сыбызғы-сырнай
бұлақ та.
Шалқытып келген шабытты ағыл да тегіл ақтарар,
Көктемнің ерке сұлуы көңлімде жыр боп тұрақта.

Аққу-қаз қонып көліңе қанатын еркін тарайды,
Бәйшешек түзеп бойларын нұрланып көкке қарайды.
Есігін ашқан айқара ақ көңіл сәби бұл көктем,
Құдіретімен күшті осынау тебірентіп өткен
талайды.

2
Жалындап тұрған жанымды махаббатымен елітті,
Көркімен сұлу қараңдар көктемім қандай көрікті.
Көгілдір көктен тым асқақ сәулесін шашқан
арай күн,
Тоң болып қалған жерімді жібіту үшін келіпті.

Қараймын сенің көгіңе өзімнен-өзім тамсанып,
Құстарың жетті алыстан таңдайын қағып, ән салып.
Күй болып менің кеудемнен күмбірлеп
жырым төгілсе,
Сарғайған сағынышыммен өзіңді қанша аңсадық.

Көктемнің тыныс-тірлігін өлшеусіз тіптен сеземін,
Сүюге құмар жаным бар көгілдір көктем кезеңін.
Бозарып атқан шығыстың арайлы сұлу таңымен,
Тамылжып жатыр ерекше кең байтақ менің өз елім!

Кезіңді көріп құлпырған мен де бір алға талпынам,
Шаттығым қанша өзіңде ән болып көкте шалқыған.
Сұлудай бойын түзетіп, құлпырып шыға келгенде,
Қырмызы гүлдің исін-ай, даламда шіркін, аңқыған!

Сәнбі тал сәнді көркімен сәукеле киіп жарасқан,
Қыраулы қысың қытымыр қыз-көктем үшін
таласқан.
Мерейі үстем сол күннің өзінде тіпті, япырым-ау,
Көгілдір тартып бара ма тұңғиық түпсіз бар аспан.

3
Қарсы алу үшін шығайын көрінсең сонау белестен,
Бұлдырап тұрған алдымда бұлыңғыр сағым
емес пе ең?
Тербетіп өткен жанымды сұлулығымен сондағы,
Көктемім сенсің аяулы алдымнан самал жел ескен.

Ғажайып далам осынау көңілді сәтті аңсаған,
Сіркіреп жауған алғашқы жаңбырыңды да
қарсы алам.
Жадырап күліп далама көктемім келсе ақ пейіл,
Қуанғанымнан бәріңе шын ниетімменен жар салам.

Жар салам жапан далама жанданып жатқан
тірлікпен,
Төсіңде шаттық күй болып, төсіңде думан дүрліккен!
Бақытты байтақ елімнің жасампаз ортақ тілегін,
Көремін қазір керемет жұптасып жатқан бірліктен!

Шым-шымдап шуақ нұрларын төгетін еді
шашып күн,
Алқызыл көйлек киінген қыз-көктем үшін асықтым.
Сағынып жеткен алғашқы махаббатым менің
секілді,
Көктемім саған осынау шын пейілімменен
ғашықпын!

ШАБЫНДЫҚТА

Ерекше ме былтырдан,
Биыл қалай далам нәр.
Айналаға құлпырған,
Қараңдаршы адамдар!

Саздың шөбі сазданып,
Тым жасықтау өскендей.
Қырдың шөбі жанданып,
Қырға қарай көшкендей.

Ойдың шөбі аса бір,
Тамсандырар шапқанда.
Таудың шөбі шаша гүл,
Аунап-қунап жатқанға.

Қара жерің күш тілеп,
Қайтармайды бетіңді.
Дала шөбі күштірек,
Құт, береке, өтімді.

Жусан исі қолқаңды,
Қабады да тұрады.
Садақ көде сортаңды,
Табады да тұрады.

Боз көдені жұтымыр,
Бозамықсың демейсің.
Итсигекті қытымыр,
Қырдың шөбі дегейсің.

Сазда өсетін өлеңді,
Саздауыттан өресің.
Бетегелі белеңді,
Белден ассаң көресің.

Балдырларын құрақтың,
Шалшық судан байқағам.
Таң қурайы қыраттың,
Желмен басын шайқаған.

Ақселеу мен жалбызың,
Күн нұрымен оңғандай.
Жапырағы андыздың,
Ойпаңдарға қонғандай.
Мүк пен изен өскен бе,
Қара жерден нәр алып.
Қына тасқа көшкенде,
Сұлуланар таралып.

Көз алдыңда ойнайды
Үлбіреген гүл өңдер.
Жайқалады, жайнайды,
Түрлі-түсті кілемдер.

Тілерсектен қайрандап,
Шөп соқтыра атқа мін.
Шалғыныңда сайрандап,
Аунап-қунап жатқамын.

Шалғы жүзі сүйінген,
Көк құраққа жетпей құр.
Сіңіп қалған киімнен,
Шөптің исі кетпей тұр.

АВТОҚАЛАМ
Журналист достарыма

Сүйір қалам, сүйкімді, сия қалам,
Мен өзіңді жаныммен сүйе де алам.
Саған деген сенімнен әр уақыт,
Жүрегімде жылылық ұялаған.

Сүйке қалам, сырласым, сүйір қалам,
Өлең-жырға қайтесің үйір балаң.
Толқын атқан ойымды тоғыстырып,
Буырқанбай, бұлданбай, бұйыр маған!

Өлең-жырдан өзгертпей бағытымды,
Көмейімнен жыр бұлақ ағытылды.
Қиялымды көрейін ұшырып бір,
Кетем десең жетелеп шабытымды.

Қиялармен, өрлермен қиырлаған,
Бір орнымда із тастап шиырламан.
Жыр жолдарын көгендеп алайыншы,
Жүйткі, жүйткі содан соң сүйір қалам!

ӨМІР-АЙ, ӨМІР, ТӘТТІСІҢ…

Өмір-ай, өмір, тәттісің,
Алдымда қанша жатты сын.
Тағдырдың тауқыметі де,
Жаныма талай батты шын.
Сонда да, өмір, тәттісің!

Өмір-ай, өмір, тәттісің,
Ақ қанат асыл пәк құсым.
Біреулерге бақпысың,
Біреулерге жатпысың.
Бәрібір өмір, тәттісің!

Өмір-ай, өмір, тәттісің,
Қуанам болса сәтті ісім.
Өмірдің жолы сан тарау,
Кім сыйлар саған тәттісін?
Бәрібір өмір, тәттісің!

Өмір-ай, өмір, тәттісің,
Бұйыртар кімге сәттісін?
Алуға сондай бар болсаң,
Беруге бірақ қаттысың.
Сонда да өмір, тәттісің!

ҰЯЛДЫМ…

Шабыттың мынау шалқып бір тұрған шақтары,
Бозамықтанып мүлгиді түндер бақ та әлі.
Ақ қағаз бетін шыймайлауменен әйтеуір,
Өткіздім сені арманның сұлу ақ таңы.

Өзіңде мүмкін, ашылмай жатқан сыр қанық,
Қараймын неге сыртыңнан сенің ұрланып?
Алғашқы менің сезімім құсап жарқ етіп,
Ақ таңым атты, сәулесін шашып нұрланып.

Бұл да бір менің қауырт шақ, қатал кезім бе?
Мұң жатты қанша, сыр жатты мынау төзімде?
Ақ таңмен бірге алаулап жатып жыр-шабыт,
Ұласып кетсе жақсы еді-ау тәтті сезімге.

Маужырап қана балқиды шаттық қиял-мұң,
Өзіңнің бәлкім сағынышыңа сиярмын.
Жалындап келген шабытты жырдан қысылып,
Ақ қағаз бетін шыймайлағаным үшін ұялдым…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.