Жарасқа бәрі жарасады

Жарасты бұрыннан білем. Тағдыр екеумізді тәуелсіздікте табыстырды. «Қазақстан» деген журнал ашылып, мен – редактор, ол – орынбасар боп отыра қалдық. Жарасып тұрғанын бәрі мойындады. Тәуелсіздігіміз қол-аяғын өзіне алып, социализмнің қос балдағын алысқа лақтырғанда «Үркер» деген роман-газета ашылып, үш нөмірден кейін ол таза «роман» кейпін жойып, жоғарыдағылардың қалауымен жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журналы болғанда тағы да Жарасқа тап болдым. Сонан бері он жыл өтіп, біз де орнымызда, журнал да орнында, көштен қалмай өмір сүріп келе жатырмыз.
Оның болмысы бөлек жігіт. Өлең жазса сызылтып, домбыраның қос ішегінен мөлдіреп шыққан күйдей қиналып әрең шығады. Өлеңі туралы сөз басқа, өмірін айтып алайықшы. Ән шығаратын қиямпұрыстығы тағы бар. Қырыққа тарта жұртқа жаққан әні мен сөзін әредік естіп қаламыз. «Неге әйгілілерге орындатпайсың?» десем, «Қалта саяз ғой» дейді сабырмен. Қалтасы тереңдер мен ұяттың орнына маска кигендер сахнаны билеп, халықтың деңгейін барометр боп баурап алған заман ғой. Ол болса өзінің Ұлы Жеңісін күтеді, күткен жақсы-ау, бірақ Берлинді біреулер алып қойып жүрмесе…
Ол үнсіздікті ұнатады. Аузымен емес, қолымен тірлік істейді. Жігітке қол керек, ауыз қайда қашады дейсің, қызыл тілдің жалауы желбіреп тұрғанда…
Ол мақтанбайды. Жұрт өлеңі шықпай жатып, дұшпанын тұғырына қондырып, Берлинге ту тігіп жатқанда, бұл Сталинградтың маңында үн-түнсіз бүлінген шаруашылықты қалпына келтіріп жүреді. Адам шаршағанда рухани қажеттілікті өзі іздеп табатынын терең түсінеді.
Домбыра – ататегі екені белгілі, бұл гитарасын шертіп, жанына жақын сандалған сыған саздарынан ләззат алып, тентіреп жүрген соларға еріп кетпесе екен деп те ойлап қалам. Оңашада «Сыған серенадасын» ыңылдаса бәрін ұмытып, дүниенің кеселінен де оп-оңай айығып кететін сияқты.
Жұрт әуелі тәуелді, сосын тәуеліз елдің территориясында әскери борышын өтесе, бұл Германиядан бір-ақ шығыпты. Ол жаққа да діні таза, мәдениетті білетін мұсылман баласы керек болған-ау, сірә. Жарас соның өзі.
Жұмысқа мәттақам. Не айтсаң да қас пен көздің арасында тып-типыл ғып тастайды. Жұмыс деп бас ауыртып, балтыры сыздамайды. Қолынан келген адамға бәрі оңай.
Шығармашылық ұжымда бір күн шығармашылық демалыс болады. Мен тірлігі оңалсын деп бір күн қосып берем. Өзі жарты күн қосып алады. Екі жарым күн жамауын жамап, тігісін тігуге жетіп жатыр. Осы мерзім өткесін сырбаз кейпін сақтап, өз орнынан табылады.
Бір-бірімізді даусымыздан танимыз. Екеуіміздің арамызда өзімізге тән нота бар. Сол нотаны жоғары не төменнен алып тұрғанын қалқан құлағымыз дөп басады. «Ұялы» да бұған әбден үйренген. Бұл – аспандатып айтпайтын, дауыс ерекшелігіне орай өзімізге тән ырғақ.
Оның менен 13 жас кішілігі бар. «Он үште отау иесі» дейді. Біз де зейнеттің тәтті нанын жесек деген дәмеміз бар. Отауға ие болар қағілез баланы әкесі ә дегеннен көріп-біліп, астына құнан мінгізіп, қолына қамшы ұстатады. Әке парызын өтедік. Жетіге толғанда өткір бәкімен сүндеттеп, желік біткенде тай мінгізіп, он екі мүшесі оянғанда теңін тапты. Енді өзі божыға бекем болып, пешенеге жазған сөз-қоржынды итшілеп көтеріп, ырдуан арбаны ырғалтып, алға сүйреу керек. Дұшпанның көзі – дүрбі. Ол қалт жібермейді. «Мергеннің оғынан сақ бол» деп, екеуміз әредік мейірленіп отырғанда айтып қоям. Қызмет үстіндегі қабақ қатқыл. Мейрам күндері буының босап кеткенде айтар ақыл аз емес.
– Елуден кейін бұл өмір аққан судай зымырайды, – дедім бірде. – Үлгеріп қал. – «Бұл жастық мұндар дегенің, жазғы түскен сағымдай», – деп Жиембай жыраудан үзінді оқыдым.
– Көрерміз, – деді баппен.
Үркер туды. Ол да өзінше бір планета. Жұлдыз көп, жарығы көмескі, журнал көп, таралым аз. Қоғам деп қанша ышқынғанмен ақынға мына заманда журнал шығарғаннан гөрі өлең жазған оңай тәрізді. Оны түсінетін біреу болса.
… Ол темекісін шегіп, таза ауамен тыныс-тамаққа тысқа шығып кетті. Темекісі – сырласы. Көп сөйлемейтін адамға бұл да серік. Екеу боп сырласып, тіл табысып тұрады.
Жарасқа бәрі жарасады.

Қуандық Түменбай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Алмас Қияс дауыс

    Керемет пікір. Жарас ағаның өлеңдерін оқып отырып, өмірдің мәнін,жалпы адам болмысындағы тұңғиықты түсінуге болады. Неге себебі өлеңді жазу бір басқа, оны жаза отырып көз алдыңнан өткізе отырып, жүректен жүрекке жеткізу басқа. Міне осы сарын Жарас ағадан байқалады. Мен жағымпазданып мақтап жатқам жоқ. Шын ақынды, ақын деп айтуымыз керек. Қуандық аға, Жарас аға сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Үркердің ғұмыры мәңгі болып, оқырмандырыңыз молайып, қазақ еліне мақтанатын журнал болсын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.