«Басты қару – дауыс, жүрек, ой, сана»

Нүкетай Мышбаева
Қазақстанның халық артисі:

– Әкем театрда қанаттанып, киелі шаңырақта қанат қағып келесіз.Сұхбатымызды әкеңіздей көрген Сераға – Серке Қожамқұлов жайлы есіңізде қалған естеліктен бастасақ.
– Мен елу тоғызыншы жылы өнер институтын бітіріп, өнердің ордасы атанған, киелі қарашаңыраққа жұмысқа тұрдым. Сонда осы шаңырақтың іргетасын қалаған, атақ-абыройы аспандағы аймен тең, Серіаға, Елаға, Камал аға, Сәбира, Бикен, Хадиша апайларым бастаған, керемет өнер майталмандарының ортасына тап болдым. «Отан – отбасынан басталады» демекші, үйімде анам жұдырықтай жүрегінің жылуын төгіп, тоты құстай тарантып,күн нұрынан нәр алған, бәйшешектей құлпыртып тәрбиелесе, театрда өнер алыптары атанып, жеке дара көш бастаған аға-апаларымның тәрбиесін көрдім. Ал, Серағам жайлы айтсам, ол кісінің ақиқатты ту еткен, асыл қасиеті мен адамгершілігін айтайын. Жақсы әртіс болуың үшін алдымен жақсы адам бола білуің керек. Ал, адам бола білу – ең қиын мамандық қой. Серағам театрымыздың мықты, беделді адамы еді. Тіпті атағынан ат үркетін, үлкен адамдардың өзі Серағамның алдынан кесіп өтпейтін, ортасына сондай сыйлы жан болды.Менің жалпы табиғатымнан аяғымды тез басып, жылдам жүретінмін. Ата-бабамыздың дәстүріне сай үлкендерді құрметтеп, алдыларынан кесіп өтпей, аяғымды тақылдатып, тез басатындықтан Серағам мені «Тақылдақ» деп ат қойып, жақсы сыйлайтын. Театрда не болмайды дейсің, қарағым. Күндестік, көреалмаушылық та бәрі болады. Маған Құдайдың берген бағы болар, театрға келе сала басты рөлдерде ойнай бастадым. Біздің театрда әртістік қабілеті орташа деңгейдегі екі әйел адам болды. Жандары жәннатта болсын, ол кісілер қазір өмірде жоқ, бірақ ақиқат айтылуы керек.Сол кісілер менің атымды жамылып, «Нүкетай Мышбаева Серіағамды сыртынан қақпас деп айтып жүр» деп театрға көпірме өсекті жайып жіберіпті. Айналып келгенде көреалмаушылық қой. Осындай менің өңім түгіл түсіме кірмейтін сөзді айтты деп Әзірбайжан Мәмбетов ағамызға барып, «Нүкетайды жиналысқа салу керек, театрдан шығару керек» деп сыртымнан тон пішіпті. Театрда әдеттегідей жиналыс болды, менің ештемеден хабарым жоқ. Қазақ өнерінің маңдайына біткен Әзірбайжан ағамыз ортаға шығып: «Қазіргі жастар орнын білмейді, өздері қартаймайтындай үлкендерді қақпас дейтін көрінеді» деп ренжіп сөйледі. Артынан жиналыс бітіп, бәріміз театрдағы өз шаруамызбен айналысып кеттік. Ондай әңгіме айтпайтынымды бәрі білетін,шыдамның да шегі бар деген болуы керек,ақыры Раушан Әуезбаева дейтін қыз келді де, ол кезде қыз дейміз ғой бір-бірімізді «Нүкетай, бүгін ол сөзді Серағам естіді» деді. Мен сең соққандай орнымнан тұрып қалыппын. Артынан өзімнен-өзім ыңғайсызданып ағамнан қашып жүретін жағдайға жеттім. Өмірдегі ауыр өкініштің бірі – өзің адал бола тұра,сенің жолыңа ор қазған адамдардың кім екенін дер кезінде білмеуің және қадірлеп пір тұтып сенген адамыңа,өзің айтпаған сөзді «мен айтпадым» деп дәлелдеуің екен. Осылай жаныма ауыр тиген сөзден жабығып, бір күні киім киетін жерде жылағым келіп отырған.Осы кезде мені көріп қалған болуы керек, Серағам маған қарай келе жатыр. Төбемнен біреу суық су құйып жібергендей орнымнан атып тұрыппын. Серағам жаныма жылы жүзбен жымия жақындап: «Тақылдақ қыз, басыңды көтер, ол сөзді сенің айтпағаныңды және кімнің айтқанын мен жақсы білемін. Мені көргенде басыңды көтеріп жүр» – деді. Сасқанымнан құшақтап жылап жібердім, арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Серағам адамгершілігімен қоса алысты көре алатын, адамның ішкі жан-дүниесін айтқызбай ұғатын, үлкен парасат иесі еді.
– Анадан асқан тәрбиеші жоқ.Анаңыздан бөлек анаңыздай болған Сәбира, Бикен апайларымыз туралы айтып берсеңіз.
– «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші, менің анам өнерлі, әнші болған.Ұядан тәрбиелеп, баптап осы өнер атты додаға қосса, өнер әлемінде тәрбие беріп, үлгі өнеге көрсеткен Сәбира, Бикен, Хадиша апайларым екінші анам болды. «Өмірлік жарды адам өзі таңдаса, көршіні Құдай таңдайды» демекші Cәбира апам Құдай қосқан көршім болса, ал, Бикен апай қандай керемет кісі еді. Алғаш жұмысқа тұрғанда, артық ақшамыз жоқ жалғыз қызыл көйлегім болды. Жалғыз көйлек болған соң, тастамай күнде кіюге тура келеді. Бір гастролдік сапарда Сәбира, Шолпан, Бикен апайларыммен бірге отыр едік, Сәбира апам: «Ей, Нүкетай, өзің оймақтай болып алып, мына көйлегіңді тастамай киесің» – демесі бар ма? Мен ыңғайсызданып: «Апай, осы көйлекті жақсы көремін» – деп қоямын. Бәрін сезіп қойған Бикен апам Сәбира апама қарап: «Әй, Сәбира, сен тігінші емессің бе, мына қызға көйлек тігіп бер» – деді. Содан не керек, Шолпан, Сәбира апам сол кездегі ең қымбат матадан маған көйлек тігіп берді. Бұл апаларым мені туған қызындай көріп, көп жағдайды айтқызбай ұғатын, көрегенділік танытып, жол сілтеп отыратын қазыналарым еді ғой…
– Жақсы әртіс болу үшін не істеу керек?
– Әртіс болу үшін табиғи талант керек.Әртіс өзіне көрермен көзімен қарап үйрену керек. Мен соғыс уақытында тудым. Сонда «Ана – Жер-Ана» қойылымында ойнадым. Сұрапыл соғыс кезінің қиындығын көргендіктен, сахнада өз рөлімді жан-дүниеммен сезініп, көрермен көңілінен шығатындай шырқау биігінде ойнап шықтым деп айта аламын.
Сен актер болдың ба, мамандығыңды сүй. Өзіңе қалай сенсең, өнерге де солай сен.Бастысы сахна киелі, соны жаныңмен сезініп, үлкен-кіші рөл болсын беріліп ойнасаң, үлкен деңгейге жетіп, халықтың көзайымына айналып, жақсы актер боласың.
– Осы кезде еске сіздің ұстазыңыз Асқар Тоқпанов ағамыз бен Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз түседі.Осы өнердегі екі алып ағамыз жайлы айтарыңыз болса…
– Өнер әлемінде аспантаудай еңселі алты алаштың арқалы, арда тұлғасы Асқар Тоқпанов ағамыз мені төрт жыл оқытты. Білімді, ғұлама жан екендігімен қатар, өнерде білмейтіні жоқ үлкен парасат иесі еді. Хантәңірден Алатау баурайына қанат қағып келген бала құс едім.Ұстазым өнер жолында бағыт-бағдар беріп, қанатымды қатайтты. «Өнер әлеміне сапар шексең, бірінші өзіңде табиғи талант болуы керек. Өзіңде талант болмаса, қанша тырысып оқысаң да, сен ештеме жасай алмайсың» – деп жиі айтып отыратын. Ал, Әзірбайжан ағама келсек ол кісідей дара туған режиссер жоқ деп ашып айта аламын. Ол кісінің табиғи болмысы тау сияқты, көп сөйлемейтін. Трагедия, комедия, драма қойсын, барлық жанрдағы қойылымдарға бірдей бесаспап болатын. Сахнада сені де, өзін де аямайтын. Соның нәтижесінде қазақ сахнасының төрінде шоқтығы биік, мәңгілік өлмейтін тамаша қойылымдар өмірге келді.
– Театрдың ендігі тұғыры Сәбит аға бастап, Асанәлі, Салиха, Торғын апаларымыз қоштап, бүгінгі әкем театрдың туысыздар. Бұл өнерге деген жанкештілік пе әлде…
– Мен, қарағым, Құдайдың мейірімі мен сыйының арқасында сексеннен астым. Маған кейбір адамдар таңданып, «неге демалмайсыз» деп сұрайды. Сонда мен не үшін демалуым керек? Менің өмірім мен өнерім қатар өрілген сахнам тұр. Сондықтан, сахнада демім үзіліп кетсе де, ризамын. Себебі менің бар ғұмырым сахнада өтті ме, демек сахнамен аяқталуы керек.Қазір шамамыз келгенше бір-екі рөлде ойнаймыз. Соның өзіне тәубә. Театрда Сәбит, Асанәлі үшеуміз кейде тұрып алып айналып келмес артта қалған күндерімізді еске алып, естеліктерімізді айтып, бір сергіп қаламыз.
– Ұрпақ алмасуы сияқты театр да жыл сайын жас буын, жас толқынмен толығып тұрады.Өзіңізден кейінгі толқынға көңіліңіз тола ма?
– Бұл бізге дейінгі аға-апаларымның аманаттап тастап кеткен сара жолы ғой. Өмірдің өзі толқыннан тұрады десек, біздің буынның өзі сексеннен астық. Бізден кейінгі буындар Шәмшәгүл, Ғазизаның қатары бастаған Бекжан, Ерлан, Дулығалар қатары қоштаған буындар, тамаша актерлер. Бұл буынды далаға шықса, көк экрандағы киносыз да барлық ел таниды. Бұл киелі сахнаның,қарашаңырақ әкем театрдың осы буынға берген өлшеусіз сыйы және осы буынның театрға деген өлшеусіз махаббаты. Бір Бекжанның өзін айтсам, менен отыз жас кіші. «Бес бойдаққа бір тойда» менің шалым болып ойнады. Сонда өнердің құдіреті ғой, залға сыймай қалған көрермен есікті сындырып кіріп көретін кездер болған. Міне, бізден кейінгі осы буын Әуезов театрының абыройын асқақтататын, туын желбіретіп тұратын буын деп білемін.
– Режиссер, актер, драматургтың ойы бір жерден шықса, бұл – театр жемісі. Осы үшеудің қайсысы ақсап тұр?
– Әрине, драматургия ақсап тұр.Бұрынғы қойылымдар не деген керемет еді?! Қазіргі жас-тар әртіс болып, артынан режиссер болам дейді.Ол дұрыс емес.
– Өнерді киелі құс десек, ол мыңнан дара шыққанға ғана қонса керек. Қазіргі заманда екінің бірінің басына қонатын құс сияқты болып кетті. Өнерді өз қолымызбен буындырып өлтіріп жатқан жоқпыз ба?
– Дұрыс айтасың. Мен кейінгі келген жастарға назданып ұрсып, аналық ақылымды айтып қоямын. Кескін-келбеттеріне қарасаң бәрі әдемі, үріп ауызға салғандай, сахнаға сай келіп тұр. Іштен шыққан дауыс, іштен шыққан үн жоқ. Сахнаның басты қаруы – дауыс, жүрек, ой, сана. Бұл төртеуі жоқ жерде бұрынғы көрермен болсын,қазіргі көрермен болсын, ешкімді сендіріп халыққа үлгі бере алмайсың.Құдіретіңнен айналайын баяғы Серағамдардың жай дауысының өзі қандай еді. Мен жалпы жастардың бәріне топырақ шашып отырған жоқпын. Бірақ көбінде дауыс жоқ екені даусыз.

Сұхбаттасқан Ержан Тоқтар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.