МӘСЕЛЕ МАҢДАЙШАДАН БАСТАЛАДЫ

немесе мемлекеттік тілдің құдіреті 

Нұрлан Құмар

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болашақта біртұтас ұлт болу мен бұқаралық сананы өзгертудің кепілі болды.

Осыған байланысты игі істер атқарылуда. Әсіресе, соның бірі де, бірігейі – мемлекеттік тіл. Өкінішке орай қазақ тілінің қолданылу дәрежесі өзінің биік шыңына шыға алмай келеді. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қанатты сөзінің айтылғанына да біраз уақыт болды. «Қазақ қазақпен өзге тілде сөйлессе, жат жұрт не демейді? Он бес жыл аз уақыт емес. Не өзгерді? Қандай белеске жеттік? Ұлтымыздың жанын баурайтын сөздің мән-мазмұнын ел жүрегіне жеткізе алдық па?» деуінің астарында үлкен мән бар. Бұл жерде Елбасымыз тіл – халықтың жаны екенін, қай тілде сөйлесе, сол адамның ішкі дүниесі сол халыққа қарай іш тартатынын нәзік түрде атап өткен болатын.
Қазақстан Республикасының 2013 жылдың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 72-V Заңының 2-тармағында ауылдық округтің орыс тіліндегі мәтіні «сельский» болып өзгеріссіз қалатындығы көрсетілген болатын. Бұл жерде еліміздегі жер-су, ауыл, елді мекен, көше атауларына назар аударсақ, қате көп екенін аңғаруға болады. Бұл салада жүрген мамандардың жұмысы да көзге көріне бермейді. Алайда, қайнап жатқан жұмыс ономастикада екенін көзі қарақты адам жоққа шығармас. Бұл орайда қадағалайтын басты нәрсе – атаудың қате жазылмауы. Осы олқылықтан қанша кісі баратын мекен-жайына бара алмай, көздеген нысанын таба алмай жүр. Жедел жәрдем, полиция қызметін шақырған үйлерге де көмек дер кезінде жетпей жататыны жасырын емес. Көшеге аты берілген тұлғалардың есімі жазылған аншлагтар мен мекеме маңдайшаларындағы заңға қайшы келетін қателер талай рет ескертілсе де түбегейлі жойылмай келеді.
Бүгінгі таңда тілімізді әлемде кең тарал-ған латын әліпбиіне көшіру сияқты көкейкесті мәселеден сырт қалмай, тіл жанашырларының бірі ретінде өз ойымызды білдіргіміз келеді. Латын әрпіне көшу бізге не береді? – деген сұраққа жауап іздейтін болсақ: біріншіден, әлемдегі 112 ел латын әрпін, 48 ел араб әрпін, тек 12 ел ғана кириллицаны қолданады екен. Әлемдік ақпараттардың және ғылыми жаңалықтардың 80 пайызы ағылшын тілінде жарық көретін көрінеді. Яғни, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Екіншіден, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға жағдай туады. Үшіншіден, түркітілдес елдердің ішінде Қазақстан мен Қырғызстаннан басқасы латын әрпіне көшіпті. Яғни, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынастың күшеюіне біздің мүмкіндігіміз болады. Сондықтан да біз латын таңбалы жаңа қазақ әліпбиінің жасалуын қолдаймыз, өйткені бұл – заман талабы.
Мемлекеттік тілдің мәселесі көп. Әсіресе, жастардың қазақша сөйлемеуінің себептері жетерлік. Мәселен, біріншіден, елімізде шетелдермен байланыс күшейді. Осыған орай, халықаралық тілде сөйлеу сәнге айналды. Өзге тілді үйрену үшін жастар қаншама қаржысы мен уақытын бөліп жатқанын елестетудің өзі қиын. Екіншіден, бұрынғы Кеңестік идеология санамызға сіңіп алған. Әсіресе, аға буын өкілдері орысша сөйлеуге құмар. Ол ол ма, балаларын, тіпті немерелерін ресми тілде оқытуды мақсат ететіндер әлі де баршылық. Үшіншіден, ақпараттық құрал мен заман ықпалының әсері күшті болып тұр. Төртіншіден, әлеуметтік жағдайдың да тигізіп жатқан ықпалы бар. Айта берсек, себеп көп. Бірақ, нәтиже шамалы. Бұл мәселелер ұлтжанды азаматтарды алаңдатары анық.
Иә, ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікке ие болдық. Былтыр оның жиырма алты жылдығын атап өттік. Тәуелсіздікті алу бар да, баянды ету бар. Мұның өзі зор міндет, үлкен жұмыс. Бүкіл халық болып Президентіміздің саясатына қолдау көрсетуіміз керек. Мемлекет басшысының саясатын қолдамаса ол мемлекет өсіп, өркендей алмайды. Елбасының саясаты қолдауға тұратын, жұрт көңілінен шығып отырған саясат. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялау да оңай болмады.
Баяғыда автономиялық мемлекет болып тұрған кезімізде екі тілді мемлекеттік тіл дегенбіз. Бірақ қазақ тілі дәлізде қалып қойды. Орыс тілі жоғары көтеріліп кетті. Оны ресми тіл деп жариялауымыз әділеттілік пе? Бөтен мемлекеттің тілі неге біздің елімізде бірінші тіл болуы керек?
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мемлекетіміздің жаһандану көшін ілгерілету мақсатындағы маңызды құжатқа айналды. Барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі Елбасы ұсыныстарының маңыздылығын терең түсініп, дамуымыздың басты қағидасы екенін сезінеді. Елбасының игі бастамасын қазақстандықтар ыждаһатпен қолдайтынына сенімдіміз.
Мәселе маңдайшадан басталады. Кеңсеге кіре бергенде маңдайшаға қарап қойсақ қайтеді?

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.