Қандай жақсы өмірде сенің барың!

Әлия ІҢКӘРБЕК

1997 жылы Алматы облысында туған. Біраз өлеңдері түрік тіліне аударылып, қазақ-түрік ақындарының «Тәуелсіздік киесі» кітабына енген. «Тәңіртау», «Тасқын» жыр жинақтарының авторы.

 

ЕСКІ ТАНЫСҚА

Баянындай бақытты ертегінің,
Өмір, сенің ұнайды келтелігің.
Домбырадай көңілді бұрап қойып –
Қандай жақсы, болғаны шертерімнің!

Өмір, сенің ұнайды асаулығың,
Тасығанның көзіне жас алдырдың.
Жалғанмын мен, шүкір ет,-дейсің жиі,
Бəрі өтірік болса да рас-ау мұның.

Өмір, сенің ұнайды мың бояуың,
Табиғаттан үніңді тыңдағанмын.
Аяйтын да шығарсың, бəлкім мені,
Ал мен болсам, айтылмас сырды аядым.

Өмір, мазаңды алмаймын күнде сенің,
Арманым Айға мəлім, түнге шерім.
Мен де саған ұнаймын! Білем оны –
Ұнамасам жер басып жүрмес едім.

АҚИҚАТ

Бағынбай өткен уақытқа,
Таланттың неге «досы» көп?
Бірінші болу бақыт та,
Бірінші болмау – қасірет.

Ақынның тоқтап сөзіне,
Өр мінезіне таң қалған.
Өлең боп өтсең өзің де,
Өмірде басқа бар ма арман?

Күн көрсе мені болғаны,
Кім көретіні мұң ба екен?
Ғұмыр-ай, талас сор-бағы,
Қасыңнан сенің күнде өтем.
Əріпке қосып əріпті,
Жандауам менің осы деп.
Бірінші болу – қауіпті,
Бірінші болмау – қасірет!

***
Сіз шырақ секілдісіз:
Менің ғана жанымды жарық еткен,
Қайтейін, өмірімді мəні кеткен?
Бір қуаныш – күлкіме себеп болып,
Бір қасірет – көңілді қарып өткен.

Жанбағандай, ешқашан сөнбегендей,
Жүз қайтара бір шайды демдегендей,
Сезімі жоқ кеудемнен қашып шығып,
Білесіз бе, мен жиі сенделем ғой…

Жан секілді өмірге кеше келген,
Адасамын ақылдан, көшелерден.
Үніңіз-ақ жүрекке қадалды оқ боп,
Дөп тигізе алмаған неше мерген.

Уақыттың заңына көнбей мүлдем,
Дұрыс шығар қатені жөндей білген.
Ойлайсыз ғой, білемін, Сіз де мені,
-Олай емес,-демеңіз…
Сенбеймін мен!

***
Кездесейік екеуміз –
Көшеге емес, көңілге күз келгенде,
Еріген сəт сезімің мұз-кеудеңде.
Тұманына тірліктің сіңіп кетпей,
Іздегенге не жетсін, ізделгенге…
Жалғыздықтан..(о,бəлкім,сорым қалың),
Тамып кетті көз жасым таңдайға ащы.
Қандай жақсы өмірде сенің барың,
Менің барым өмірде қандай жақсы!
Айналаңа сен де бір қарадың ба?
Күйбеңінен арылмас қала мына…
Кездесейік екеуміз адамдардың
ізгі ойынан жасалған ғаламында!

КҮЙІНУ

Мен саған жаза алмадым бір өлең де,
Соны оқып, жұбанар ем жүдегенде…
Жалындаған жиырмамды есіме алып,
Қуанам ба, кім білсін, түнерем бе?

Сен менің жаза алмадың жан жарамды,
Тағдыр да нысанасын таңдап алды.
Тəуекелдің теңізін кешер едім,
Итеріп жүрсең қайтем, жарға мəңгі?

Қайталай да алмаймын басқаларды,
Бұл өрлік бала кезден бастау алды.
Өз жарығым жетеді өзіме деп,
Жолмен жүре беремін тас қараңғы.

Мен саған жаза алмадым бүтін өлең:
Жанымды жұлмалады бүкіл Əлем.
Əкелші, ақиқаттың ащысынан –
Жұтып өлем!
КҮЗ

Салқыны тиді бұл күздің –
Жанымды жолға төсеп ем.
Жүректі жалғыз жүргіздім,
Жапырақ жауған көшемен.
Не дейді екен мына Күз,
Мысқылмен қарап күліп тұр.
Шыдаңыз,-дейді, шыдаңыз,
Сөнбесе болды үміт құр.
Сенбеймін енді,- дедім мен,
Аяулы шақтың бəрі ұмыт.
Өтіп кетем бе өмірден
бағынбас заңға бағынып,
Сағынбас жанды сағынып?!
Аңсаған, сүйген, іздеген,
Жандардың көріп жанарын.
Жазам деп жиі сізге өлең,
Айналып күзге барамын.

ТІЛЕК

Аспаннан жауын емес, күнə жауса,
Адасқандар қолына шырақ алса.
Есі кеткен дүрбелең дүние бұл –
Мен күрсінсем ішінен тына қалса.

Ақ жүзімді қаратып құбылаға,
Дұғамды айтсам,тоңған Жан жылына ма?
Келте ғұмыр секілді ертегі бір –
Мен əлі де сенемін шыным, аға..

Қажып біткен жүрекке мұң желеу ме,
Шамаң келсе өмірді тілдемеуге…
Сезім атты арғымақ мінгендерді,
Күндемеуге болса ғой,
Үндемеуге…

Жүрегіңді серт етіп саусағыңа,
Тағып алып жеттің бе аңсарыңа?
Мен саған қолшатырымды ұсынар ем,
Аспаннан жаңбыр емес, жауса күнə!

ҚАРСЫЛЫҚ

Такаппар Дүние,
Мені де көрші енді!
Шегір көздерден,
Небір сөздерден тіктедім еңсемді.
Мен емес шығармын бақытсыз алғашқы,
Мен емес шығармын сормаңдай ең соңғы!
Ғасырлар жаратпай жылдарды,
Жылдарға жастығым ұрланды.
Сапарға бір шыққан жолдастан,
Қасымда кім қалды?
Менікі аңсау ма жоқ бақты,
Бір мақтау – кеудеме от жақты.
Бір мақтау – езуді жидырмай,
Бір мақтау – күлкімді тоқтатты.
Алдайды. Ойы боп көздеген,
Тең етіп қояды өзгемен.
Болды енді, көп əуре болмаңдар,
Жігіттер, сенбеймін сөзге мен!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.