Жоғары мектепте студенттерді Қазақстандық құндылықтар арқылы адамзаттыққа тәрбиелеу проблемалары

Білім беру жүйесінің басты міндеті – жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау керектілігі айқын. Қазір білім беру үдерісінде жеке тұлғаның рухани-адамгершілік дамуына үлкен мән беріліп отыруына орай, адамгершілікке тәрбиелеу мен рухани жағынан қалыптасуы барлық тәрбие үдерісінің өзегі болып отыр.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие- екі жақты процесс.
Білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті – өз елінің азаматы, патриотын тәрбиелеу болса, осыған сәйкес «қазақстандық патриотизм мен ұлттық патриотизм» студенттердің тәрбиелік деңгейін бағалаудағы көрсеткіш болып қарастырылады.
Соңғы жылдары қалыптасқан тәрбие жүйесі көпшілік жағдайда сөз, ұран, мәліметтік сипатта болып, жоғары оқу орындарындағы студенттерді міндетті түрде қоғамдық пайдалы іс-әрекетке қатысуын қарастырмады, олардың патриоттық тәрбиелеу бағытын дамытуды қиындатты.
Бұл тәрбиелік мән беретін көптеген мәселелерді қайта қарауды және студенттерді жалпы Отанның өткендегі ерлік істерін терең сезіммен ұғынуға баулитындай тәрбиенің ерекше тиімді формалары мен әдістерін қарастыруды талап етеді. Әсіресе бүгінде байсалдылық, табандылық, батылдылық, батырлық, қайсарлық, білім ғана емес, әсіресе өнегелік көрсету қажет болып отырған уақытта аса маңызды.
Қазіргі уақытта «Қазақстандық керемет» деген ұғым пайда болды. Ол тек бастамасы. Оған нағыз сай болу үшін жан-жақты дамуымыз керек. Қазақ – құдыреттілігі, имандылығы, адамгершілігі көзінен, жүрегінен көрініп тұрған, патриоттығы ішінде ұйып жатқан кең халық. Бүкіл білім беру жүйесі арқылы осыларды сыртқа шығару, жоғарғы дәрежеге көтеру қажет, ол үшін сапалы патриоттық тәрбие керек..
Мұның бәрі келешек жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының білім беру жаңа бағдарламасында, қоғамның, бүгінгі күнгі талабы алдағы уақытта да әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды.
Идеялық тәрбие жұмыстарының маңызды міндеттерінің бірі-патриоттық тәрбие. Патриотизм-әлемдегі бейбітшілік үшін күреспен, адамзат өміріне қауіп төндіретін термоядролық, экологиялық және террорлық апаттың алдын алумен, халықаралық қатынастарды құрумен және әлемдегі жаңа тәртіптерді бекітумен, өзара түсіністікті негізге алумен, тәуелсіз елдермен және басқа да мемлекеттермен көршілік татуластықпен, іскерлік ынтымақтастықпен тығыз байланыста болумен өлшенеді.
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттер, құлықтылық (моральдық нормалар) үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие-ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды
Қазақстан Республикасының азаматы ретінде білім алушыларды тәрбилеудің тұтастығы жөніндегі мемлекет саясатының бағыты Қазақстан Республикасында этномәдени білім беру тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасында адамгершілік-жыныстық тәрбие беру тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасының білім беру үйымдарындағы тәрбиенің кешенді бағдарламасында, Қазақстан Республикасы азаматтарын патриотизмге тәрбиелеу бағдарламасында атап көрсетілген. Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие гуманизмге, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға, Қазақстанның басқа халықтарының мәдениетін зерттеу және игеруге негізделген азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы, құқықтық және полимәдениетті, қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты, әлеуметтік және діни төзімділікті қалыптастыруы тиіс. Қазіргі жағдайда тәрбиеленушілердің құқықтық санасын, олардың балалар мен жастар ортасында құқық бұзушыларға қарсы тұруға дайындығын қалыптастыру аса маңызды мәселе.
Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте рухани-адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауда.
Университет ректоры Ғ.Мутановтың бас-тауымен яғни басшылығымен 2011 жылдан бері «Айналаңды нұрландыр» проектісі нәтижелі іске асырылуда.
Бұл жоба жаңа дәуірде жастардың бойында рухани адамгершілікке тәрбиелеуде үлесін қосуда.
Әр көктемде оқу жылы бойы атқарылған шаралардың ең үздігі үлкен сахнада көрсетіледі. Мысалы, 18.04.17 сондай бір тамаша қойылымды студенттер, ұстаздар тамашалады. Іс- шара Университетіміздің Үлкен залында өтті.
Әр жастың тұлғалық дамуының негізгі параметрлері оның жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік,белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның әлеуметтік қалыптасу мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері деп қарастыруға болады.
Рухы жоғары адам тіршіліктің қиыншылығымен тұйықталынып қалмай, өзгенің адамгершілігін, рухани қажеттілігін, шығармашылық тәлімдігін ең жоғарғы құндылық деп қарайтын жеке тұлғаны тәрбиелеу біздің басты міндетіміз екені мәлім.

З.С.Несипбаева, Ш.Б.Омарова
Шет тілдер кафедрасы
Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.