Ілініп сенің кірпіктеріңе, Ілесіп кетті жүрегім

Тілеубек Жұмақанұлы

1992 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжан өлкесі, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданында дүниеге келген. Нанжиң педагогика университетінің студенті. Өлеңдері «Ұлттар әдебиеті», «Мұра» журналдарында жарық көрген. «Үркерде» алғаш жарияланып отыр.

 

Іңірдегі үнсіздік

Іңірдің ішіне жасырынған,
Ызы жоқ елестер.
Мендегі мәрт жүрек бас ұрған,
Махаббат емес пе ол?!

Тұндырып көзімді,
Бұлдырық бейнелер.
Қыркүйек тілімен,
Қым-қуыт сөйледі өр.

Сорабы өшпеген,
Солығы басылмас.
Тарихы ұмытылған,
Ғасыр мас.

Керуен-керуен көшкен құм,
Өткеннің өрнегі.
Көзіне жасырынған көктемнің,
Қасіреті сендегі.

Қап-қара түнгі,
Қаңғырған қаз үні.
Ақынның арманы —
Ажалдың азығы.

Сөз бердім бәріне,
Кездердің құны үшін.
Тағы не, тағы не?
Құрысын…

***
Мен махаббатты аңсап адалдық тұнған
Қадамдарымнан өкініш бүрлеп
өркен жайғанда,
Тамырларым тағатсыз жарылып мұңнан,
Лажсыз лақтырғам аңсарды айдынға.

Достық па, жо, жоқ ұмытқам оны,
Дұшпаным бар жанын қинаған.
Ғашығым да жоқ құмырысқа белді,
Ашуым бар тек тәңір сыйлаған.

Келесі күндер айтса да мадақ,
Тарихты сүйгем шексіз көнерген.
Бәрін көрсем де тумысымнан-ақ,
Жылауды кешір үйренбегем мен.

Тістеніп тұрып түрен салуды,
Үйренгем тағдыр тәлкек еткенде.
Жастығымды асыл, шаттығымды асқақ,
Қалдырғам қайран ерке кештерге.

Ержетіп кеттім ерте осылай,
Ержетіп кеттім семіріп мұңға.
Қан-сөлі қалған қайран жүрекке,
(Қанышер қыздар тағылық қылма.)

Ақынның жолы мәңгілік ақ таң,
Шындыққа сынбас шыдайды белі.
Өлеңнен нөсер жаудырып жатқан,
Өмірін оның құдай біледі.

***
Сезіндім мен желтоқсанның ызғарын,
Ұзақ түндер құшағында қайырымсыз.
Жан дүниемнің ең ақырғы сырларын,
Айтып бердім айға үнсіз.

Күллі аспан қарауытып кетіпті,
Көтере алмай ауырлығын қайғымның.
Сол бір бақыт неге сонша кешікті?
Неге сонша ай құрбым!

Келер күндер көкірегіме салсын от,
Өзің жайлы ойлаудан да ерінем.
Сен қоштастың өзгелермен қанша рет,
Мен қоштастым тұңғыш рет сенімен.

Құстар

Құстар, құстар — құйқылжытқан серілер,
Аңсайды аспан, аялайды сені жер.
Өлең мені өртіне орап әкетті,
Жол қалмады шегінер.

Қашандағы ізгілікке жат кеуде,
Ақырында қол артады әттеңге.
Ауыз жаппай айтатұғын ақындар,
Сендер ме әлде,
Айға ұшқан ақ сәуле!?

Жігерімді жартасқа ұрып жасыған,
Еркіндікті мен сендерден оқығам.
Көктемгі айды тамашалап ымыртта,
Өткен жайлы ойлар кешіп отырам.

Аңыздарды ақтар дейді атар күн,
Байғыздарды жырла дейді батар күн.
Айтыңдаршы!
Арман бар ма сендерде,
Ән-жырына айналған соң ақынның.

Біздің хал ма,
Аянышты мүшкіл хал,
Жерді айналып, желді жыртып ұштыңдар.
Сендер шыққан сол биікке бір барып,
Менің құлап түскім бар.

Қойлы ауыл

Есіңде ме, әлі қойлы ауыл?
Қойлы ауыл шіркін қоңыр кеш?!
Ойлау да оны ойға ауыр,
Өткенім қалды көмілмес.

Қап-қара түнде қан жылап,
Атырдым қанша таңдарды.
Қиялым менің қаңғырад,
Мекендеп ең жондарды.

Тірліктің қашып құйысы,
Тарыдай тозып шашылғам.
Жусанның жұққан иісі,
Иіскегім келді шашыңнан.

Жалғаннан мынау жалығып,
Аңсадым ыстық сол жылды.
Бүгінде жүрмін сағынып,
Бүлдірген сіңген ерніңді.

Білегіңді кім жастанды,
Берді екен сырын шертіп кім,
Ағызып жібер хаттарды,
Ағысына асау Ертістің.

Бұйығып жатқан боз адыр,
Бозбала шақтың мекені-ау.
Ұмытып кетті ол әзір,
Қайғы да тозады екен-ау?!

Есіңде ме, әлі қойлы ауыл,
Қойлы ауыл, шіркін қоңыр кеш?!
Ойлау да оны ойға ауыр,
Өткенім қалды көмілмес.

***
Жанарларыңның жасы көп пе еді,
Басталды, ей, қалай мына жыр?
Жүрегің нәзік жасырмақ нені,
Мен үшін жыла, жыла бір.

Тағы да сенімен қоштасам күндер,
Мекені мұңның күз кеудем.
Мен сені іздеп таппасам егер,
Сен осы мені іздер ме ең?

Сергелдең жылдар жанның жаңбыры,
Сезбей де кетер кезді ешкім.
Аз болғандайын соның барлығы,
Тағы да маған кездестің.

Құлағымда үнің жаңғырад көптен,
Күміс күлкіңді таратып.
Кеттің ғой тағы маужырап біткен,
Сағынышымды оятып…

Өлеңімді оқы өртеніп кетпе,
Асқарларын көр арманның.
Ессіздікті асқан еркелік деп те,
Абайсыз кімге алдандың?

Бар болса құйшы шабыт шарабың,
Жалғасын жырын ізгі арман.
Талып жанарым, қалып барамын,
Қол соза құлап құздардан.

Көктемнің жасыл бүртіктеріндей,
Бүр жарған сенің іреңің.
Ілініп сенің кірпіктеріңе,
Ілесіп кетті жүрегім.

Беріліп маған, асықпадың ба?
Сағыныш дейтін сарынға.
Дәл осы саған ғашық қалпымда,
Айналып кетем аңызға.

Ақжауын

Мына бір жауын сабырлы,
Сабыр ма жұтқан дыбысты?
Еске бір салып ауылды,
Көзімнің тағы нұры ұшты.

Әлдебір аңсап ішкі әннің,
Әуенін асқақ іздеді ол.
Қайтер екенбіз құстардың,
Қанатын берсе бізге егер.

Жетеміз онда шарқ ұрып,
Құшағына ата-ананың.
Көзінің нұры таусылып,
Әжімдер жапқан ажарын.

Кетеміз бе әлде тауларға,
Жортып бір жүрер тағылар.
Жүк артып жүрген нарларға,
Елесі елдің табылар.

Кетеміз бе жоқ отарға,
Алқабын ақ қар қымтаған.
Каладан гөрі ұжмаққа,
Ұжмаққа жақын біртабан.

Жар салып өсек жалғанға,
Таратып махаббат үнін.
Қиял ғой шіркін арманға,
Оп-оңай апаратұғын.

Кетеміз онда кетеміз,
Алқына қағып қанатты.
Япыр-ау қашан жетеміз,
Адаспай тауып Алашты.

Мына бір жауын сабырлы,
Сабырлы жауып басылды.
Сағынып туған ауылды,
Жастыққа қойдым басымды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.