ЖАПОН АҢЫЗДАРЫ

Шарафат Жылқыбаева

Жапонтанушы журналист. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. Осакадағы жапон тілі институтында білім алған. Республикалық және шет ел баспасөз беттерінде жарияланған жапон-қазақ байланысы жайында жазылған ғылыми, танымдық, публицистикалық мақалалардың авторы.

Үшарқар мен Үркер  Хоккайдо префектурасының аңызы

Алты қыз жалқау екен. Көктем мен жазда тауда сайран құрып, күз түскенде ауылға келiп елден тамақ жинайды екен. Алты қызбен еңбекқор үш ер бала көршi тұрады екен. Үшеуi көктемде, жазда, күзде таңертеңнен кешке дейiн жұмыс iстейдi. Бiрде үш ұл мен алты қыз әңгiмелесiп отырыпты.
– Бұраң-бұраң етiп сайрандай бергенше бiзбен бiрге егiстiкте жұмыс iстемейсiңдер ме?
– Егiстiкте жұмыс iстесек қолымыз былғанады.
– Былғанса өзенге барып жуасыздар.
– Суға ағып кетемiз ғой.
– Мәжнүнталдың бұтағынан қарманың-дар.
– Мәжнүнталдың бұтағы қолымызды жырып кетедi.
– Шүберекпен таңып алыңдар.
– Сыздап, ауыртады емес пе?
– Неткен жалқау едiңдер! —деп, үш ағайынды алты қызды қуып жiбердi. Қыздар қайыққа отырып қашты. Он екi қол ескекке жармасты. Үш ағайынды да қайыққа отырып, алты қол ескек естi. Бiрақ қыздардың қайығын қуып жете алмады. Бұларды көрiп тұрған Аспан Пiрi алты қызды ұстап алып жоғары қарай лақтырып жiбердi. Сол сәтте алты қыз алты жұлдызға айналды. Пiр үш ағайындыға былай дедi:
– Сендер еңбексүйгiш болғандықтан, жер бетiнде жай кiсi боп жүргенше аспанда жұлдыз болып жарқыраңдар.
Осылайша үш ұл жарқыраған жұлдыз болды. Жазда егiстiк жұмысы қызып жатқанда алты қыз – Үркер көрiнбегенмен науқан аяқталып, қыс түскенде Шығыстан көрiнедi дейді. Үш ұл – Үшарқар жұлдыздары қазiрде алты қызды қуып жүр екен.

Ғажайып қоңырау  Фукуи префектурасының аңызы

Ертеде Вака елінің (Фукуи префектурасының Батысындағы көне ел) Оои уезіндегі Такахама жағалауына бір қоңырау тиіп тұратын. Бұл көл балығының қоңырауы еді. Алыс елден кемемен жеткен қоңырау еді. Бұнда неге келді? Дауыл тұрып, кеме суға батып, содан қалды ма? Әлде Вадацуми Пірінің таңдауымен қалды ма? Жағалаудан кездейсоқ табылған қоңырауды жұрт таудағы ғибадатханаға апарды. Бұл ғибадатхана Сакичиджинджя деп аталатын. Такахама руының Піріне осында ғибадат етеді. Тымық теңіз жағалауынан әдемі қоңырау үні естіліп тұратын болды. Құлаққа жағымды дыбыс. Жағалаудағы ел жамап отырған ауын тастай салып, егістіктегілер құралдарын қоя сала қоңырау үніне құлақ түреді. Бірде осы ауылдың бір кішкентай баласы былай деді:
– Ана қоңырау «анэгоон, нээгоон» дейді ғой. Екінші бала тұрып айтты: – Теңіздің ар жағында қоңырау үні естіледі.
– Теңізден естіледі дейсің бе? – деді, алғашқы бала.
Сол сәтте таудағы ғибадатханадан «анэгоон, нэгоон» деген дыбыс жетті. Балықшылар теңіз ортасынан балықты қайықпен аулайтын. «Қоңыраудың теңізге батып бара жатқанын көрдік. Біздің ғибадатханадағы қоңыраудан айнымайды. Жағадан да көрдік» деген әңгіме балықшылар арасына кең тарады.
– Солай ма? Бұлар апалы– сіңлілі қоңырау болғаны ғой.
– Ғибадатханадағы қоңырау теңізге батқан туысын жоқтап анэгоон (әпке– ау) деген дыбыс шығарады.
Жағадағы ел апалы-сіңлілі қоңыраулар жайын ертелі-кеш сөз қылумен болды. Ғибадатханадағы қоңыраудың әпкесі болып табылатын теңіз түбіндегі қоңырауды алмақ боп, суға үңілді. Теңіз тымық болғанда түбіне дейін көрінеді екен. Бірақ қоңырауды көру үшін қарағанда теңіз суы лайланып көрсетпейді екен. Қоңырауды ойламай суға байқаусызда қараса қоңырау айқын көрінеді. Қоңырауды шығара алмаған ел «теңіз түбінде жата берсін» десті. Құрғақшылық болып, жаңбыр жаумаған жылы ғибадатханадағы қоңырауды теңізге апарып суға малса су түбіндегі «әпке қоңырау» қуанып жаңбыр жаудырады екен. Бұл жағалауды Канэйори (қоңырау барған) деп атайды.

Қайықшының қызы  Шига префектурасының аңызы

Оуми елінде (Кинки префектурасындағы көне ел, Уми деп Бива көлін айтады) болған оқиға. Ооцу маңында жыл сайын яйой айында (Ай күнтізбесі бойынша наурыз айы) үскірік жел соғады екен. Күн суытып Бива көлінің бетінен толқын жүреді. Көлдің халқы бұны Хиранояккоу (Хираның сегіз тулауы) дейді. Нараның Омидзутори (су алу) амалы бітсе де Хиранояккоудың дауылы басылмайды. Көктем кеш шығады деп, Хиранояккоудың өтуін күтеді. Хирано дауылы өткен соң ызғар жоғалып, көктем туады.
Ооцу көлінің жағасында Ишиба деген қайық қоятын жер бар екен. Жағалауда бір үй бар екен. Бұл үйде әкесі мен қызы тұрыпты. Қайықшы қызын қанша кісі айттырса да ешкімге бермепті. Бірде жолаушылап келген Будда монахы осы үйден вараджи (сабан аяқ киім) сұрайды. «Мен Шығыстан шығып, Хираның Батысындағы ғибадатханаға қайтып барамын. Осы маңдағы Ишияма ғибадатханасына жол-жөнекей кіріп, ғибадат ету ниетім бар» дейді ол. Үсті-басы шаң, әбден қалжыраған жолаушының адал адам екені көрініп тұр. «Біздің үйде түнеңіз» дейді қайықшы жас монахқа.
Жолаушыны көрген қыздың жүрегіне шоқ түсті. Басқа жігіттерге мүлдем ұқсамайды. Сымбатты, әрі текті екені байқалады. Жас монах ұзақ жол жүріп шаршағандықтан ба, бірден ұйықтап кетті. Қайықшының қызы көз ілмеді. Жас монах қайықшының үйіне біраз күнге аялдады. Кешке алуан-алуан елден көргендерін қызға әңгімелейді. Қайықшының қызы оның әңгімесін тыңдаудан жалығар емес. Бірде түнде монах қайықшыға ертең Хираға қайтатынын, Ооцуға келсе, міндетті түрде жолығатынын айтып, қонақ қылғаны үшін алғыс білдірді. Қыздың өңі бозарып кетті. Жарым түнге дейін ұйықтай алмады. Шыдамсызданған қыз бір кезде монах жатқан бөлмеге кірді де, жүрегін жайып салды. Монах үнсіз. Қыз егіліп отыр. Қиналған қызды аяп кеткен монах сәл үнсіздіктен кейін былай деді:
– Мен көлдің арғы бетіндегі Хираның Соуанына қайтып барамын. Катаданың Мангэцу ғибадатханасына жүз күн ғибадат рәсімдерін өтемеске болмайды. Мынау Ишибадан қайыққа мініп жүз түн жүздесуге мүмкіндік бар. Жүз түн өткенде мен гэндзоку (монахтардың кәдуілгі тұрмысқа кіруі) жасап, сені аламын.
– Рас па?
– Дін адамы екі сөйлемейді.
– Олай болса қандай қиындық болса да жолығамыз, – деді қыз.
Ишибадан Катадаға дейін жүз түн бойы қайықпен қатынауға қыздың шамасы келмесе де, шын жүрегімен ниетті еді. Таң ата жас монах қайықшының үйінен шықты. Қыз жағаға дейін шығарып салды.
Хира тауын қар басқан. Бива көлі Күн сәулесімен шағылысып жалтырап жатыр. Көл жылдың төрт мезгілінде төрт түрлі, ауа– райына қарай алуан түске құбылады. Көктем туғанда көкшіл түсті, жазда қою жасыл, күзде көгілдір боп көрінеді. Қыстың кейбір шағында сұрғылт тұман көл бетін көрсетпейді.
Бива жағасында өскен қыз осы көлді жан серігіндей көретін. Бойжеткеннің жан сыры да осы көлге жасырынғандай. Қыз көл жағасында тұрып, «қайтсем де кездесемін» деп, сыбырлады.
Уәделескен түні, жүрегі дүрс– дүрс соққан қыз көл жағасына келді. Мии ғибадатханасының түнгі қоңырауын бетке алып, Ишибадағы қайыққа мініп кете барды. Карасаки Катаданың суынан өткенде Хирасанрокудың Укимиінің (Мангэцу ғибадатханасы) шамы көрінді. Қараңғы көл бетіне түскен жалғыз жарық – жалғыз белгі. Сол жарыққа қарап, қою түнде еліне жетті. Жас монах түн сайын келетін қыздың шыдамына таң қалды. Ол «жүз түн бойы кездесейік» дегенде әйел адамның қайықпен ұзақ жүзуге шамасы жетпейді деп, әдейі айтқан еді. Күдер үзетін шығар деп ойлаған. Қыздың жаңбырлы түні де келіп жүргенінен монах қорқа бастады. Қыз монахты жақсы көрген сайын діндардың күдігі күшейе түсті.
Тоқсан тоғыз түн өтті. Жүзінші түні Хотокэнің (Будда мүсіні) алдында ғибадат етіп отырған монахтың жан– дүниесі алай-дүлей. Ежелден талай атақты монахты шығарған Хиэй тауында жыл сайын Хоцукэдаэ рәсімі өтетін. Хирасандзокудың ғибадат үйінде тәжірибеден өтуші монахтар соурйоны (діни титул) алу үшін сынақтан өтуі керек. Жас монах сондай талапкердің бірі еді. Жас монахтың есіне өзінен үлкен дін адамының сөзі түсті. «Сынаққа дайындық кезінде көңілді басқаға аударып жүріп ғибадат етсең, жын иектейді деп біл…»
Ертең жүзінші түн. Жас монах өзін қоярға жер таппады. «Ол қыз жай кісі емес. Жын болар бәлкім, мені иектеп жүрген. Жүз түн бойы әйел адам су кешіп, бейтаныс өлкеге келуші ме еді?»
Монахтың бойын үрей биледі.
Қараңғы түсті. Қыз бұл түнді шыдамсыздана күткен еді. Ишибадан шыққан ол Мии ғибадатханасының қоңырауын бетке алып жүрді. Жас монахты ойлаудан танбаған қыз жүдеп кеткен-ді. Көзінде ғана нұр бар. Қараңғы көл бетінде жұлдыздар шам тәрізді іңкәр қызға жарық түсіруде. Ол түбі белгісіз тереңге батқысы келді. Бірақ бір-ақ түн қалды ғой. Шыдағаны жөн. Қыздың көңілі алып ұшса да қайық ауыр қозғалып келеді. Карасаки-Катада суынан өткенде бұлт көрінді. Жұлдыздар да жасырынды. Қараңғы көлге жарық түсті. Бұл Мангэцу ғибадатханасының Укимидоу сарайының шамы еді..
«Жүзінші түн» деп, күбірледі қыз. Желді, жаңбырлы түнде де қызды көлден өткізген жас монахқа деген махаббаты ғой. Кенет қараңғы көлдің ар жағында жанып тұрған шамды біреу сөндірді. Айнала тас түнек. Көлден гуілдеген дыбыс шығып, найзағай жарқ етті. Күшті жел тұрып, кішкентай қайықты айдап әкетті. Қыз қараңғы көл бетінде бейнебір соқыр адамдай, қайығын белгісіз бағытта есе берді. Бір кезде дауыл қайықты бірақ төңкерді. Қарманатын дәнеңесі жоқ қызды толқындар тереңге батырды. Көл түні бойы тулап, келесі күні де басылмады.
Байқұс қыздың зары ма екен, жыл сайын дәл осы кезде Хира дауылы соғады. Хирасанроку тауының етегінде жылына бір мәрте легенге күкірт салып көлге жіберу дәстүрі бар. Кеш түсе бір топ жас «Күкірт, күкірт, өшкен отты жақ» деп әндетіп, көл жағасында ғұрыптық би билейді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Бекқайнар дауыс

    Жапон халқы өте тәрбиелі, иманды болып келеді деп естідім, сол рас па?

  2. Бекқайнар дауыс

    Иә, Жапоннан үйренетініміз көп

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.