СЫРДАРИЯНЫҢ БІР СЫРЫ

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Сұлу Сыр – біздің табынатын тәңіріміз. Сырдария – бізді асыраған алып арна. Сыр – бір жағынан үн-түнсіз жүріп, ер азаматтың басын жұтқан, білдірмейтін әлемтапырақ құпиясы бар құрбандықтың күржиген көрінісі.
Бала кезім. Балабақшадан түстен кейін Өмен досым екеуміз ел-жұрт жиналған алып арнаға қашып келдік. Әуелі көргеніміз – арна басында жиналған көйлек-көншек, ер-азаматтың киім-кешегі тап-тұйнақтай боп үюлі тұр. Бір топ адам апыл-ғұпыл ел-жұртқа хабар беріп жатыр. Білгеніміз – Оңғарбай деген туыстығы жағынан бізге жақын ағамыз суға кетіпті. Дереу ел-жұрт іздеуге кірісті. Тік шаншылып суға секіргендерді көрдік. Кейіннен Әбділда ақынның «Тік шаншылып Сырдарияға сүңгіген де шығарсың» деген өлеңін оқығанда осы оқиға көз алдыма көлбеңдейтін болды. Ол теледидардың жоқ кезі, спорт шеберлерін де көп көрмеген кезіміз. «Осы жерге, дәл осы жерге кетті» – деді біреу.
– Онда осы жерден ұзамайды. Суға кеткен адам түскен жерінен ұзамайды, – деді көнекөз қақсал кісі. Қойшыбай суға түсуге қорқақтап тұрған інісі Орманбекке айқай салды.
– Шешеңді, абыройымды біреу көріп қояды деп тұрсың ба?! Неғып тұрсың!
Орманбек те тік шаншылып Сырдарияға секірді. Бір мезет Гәупек деп атап кеткен ауылдағы атышулы кісі ағын судан қорқақтап атып шықты.
– Осы жерде аяғым бірдеңеге тиді, – деп жалтақтап тұр. Қанша дегенмен жан тәтті, қайтып баруға қаймығатын секілді.
Соғыста тұтқында болып немістерден әбден көресісін көрген, Сталин өлгеннен кейін ғана бостандық алып, елге оралған Бекмаш аспалы көпірдің үстінен дәл сол жерге тік шаншылып секіріп, көзді ашып-жұмғанша қос қолымен ер-азаматты көтеріп алып шықты.
Бала күнгі көз алдымда қалған сурет – іші қампиып суға толып кеткен жігітті бәрі жабылып жағалауға шығарып жатыр.
Орақ науқаны. Дарияға жақын жерде балабақша бар. Бір мезет тәрбиеші Тойсары апа Өмен екеумізді алдына сап айдап әкетті. Суға кеткен адамды жұлдыз шыққанша суға төндіреді екен. Оңғарбайды да сөйтті. Бірақ жүрегі қайта соқпапты. Үндемейтін, сырбаз кісі еді. Сырдарияның құрбаны боп, құпиясы ішінде кетті.

***
Сыныптасым Нұрақан еңбекке адал еді. Қара жұмысқа қырғидай тиіп, отап жіберетін. Ол дарияға кеткенде сыныптас-тар: «Қап, екі жыл әскердің бар азабын тартып кеп суға кеткенін қарашы», – деді күйзеліп.
Күріш егіп, өнімі жаман болмады. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алып, ауылдық, аудандық жиналыстардың төрінде отырды. Аудандық Кеңестің депутаты – халық қалаулысы боп сайланды.
Ар жағы таза арлы жігіт еді. Біреуге қол ұшін беруге келгенде алдына жан салмайтын. Бір үйдің сексеуілі мен шөп асарына баруға адам табылмай жатса: «Нұрақан бар емес пе?» деп, қолы бос болса бірден алып кететін. Онда қарсылық деген болмайтын, «бармаймын» деген сөз аузынан шықпайтын.
Үйленбей кетті. «Үйленбейсің бе?» десең, кеңкілдеп бір күліп ап, «Қол ұшын бермейсің бе?» дейтін. Тілінің бізі бар, жан-дүниесі кең жайлау еді. Ең бастысы – таза, ар жағында тек мөлдірлігі мөлтілдеп көрініп тұратын.
Жиырмасында тұнжырап аққан терең судың астында жан тапсырды. Биылғы егіннің жаман болмайтындығына көңілі кәміл еді. Бүкіл ауыл: «Түбі Нұрақан герой болады» деп, ауыздарымен Алтын Жұлдызды омырауына тағып қойған. Шешесі көрген жерде кемсеңдеп: «Ел-жұрттың көзі тиді. Нұрақан жұмысқа жақсы, шөпті жақсы орады», – деп ауыздары дамыл таппаушы еді. Оның кінәсі – адалдығы. Қол ұшын бермеген адамы жоқ еді ғой, – деп, ұзамай өзі де өмірден озды.
Иә, сыныптасымның бір сыры ішінде кетті.
Сырдария да тәкаппарланып ағып жатыр.
Үлкен суда өз-өзінен батып бара жатқанда қайықпен қасына жеткен диқан жігітке: «Жоламаңдар, аяғымнан біреу тартып бара жатыр» деп, қос қолымен суды шапаттап, өзі де батып кетіпті.
Қоңыр күзде орылмай қалған 25 гектар күріштігін өз атына жазып, артық өнімін анасына берді. «Лениншіл жасқа» «Көрмей кеткен қоңыр күз» деген очерк жаздым. Очерк әлсін-әлсін қайта басылып, диктордың қоңыр даусымен радиодан оқылды.
Сырдарияда бір сыр бар. Біздің ауылда жылда бір адамның басы жұтылады. Бір нәрсеге таң қаламын, қайықпен қасына келген жігітке: «Аяғымнан біреу тартып барады. Жолама!» дегені несі екен?
Судың иесі бар дейді.
Сірә, осы жолғы кезек Нұрақанға келді-ау деймін?..

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Абдірейім Өміров дауыс

    Сырдария сыры.
    Менің әкем – Әбілқасым Өмірұлы ескіше жақсы сауаты бар кісі болатын. Әкемде көптеген діни қыссалардың қолжазбалары болатын.Көптеген қолжазбаларын уақытында қадірін білмей жоғалтып алдық. Өкінішті әрине! Бала кезімде әкемнен естіп құлағымда қалып қойған бір аңызды айтып берейін.Себебі бұл аңызды осы күнге дейін ешкімнен,еш жерден естімеппін.Бабалардан қалған бұл аңыз туған жер тарихының бір сыры.
    Ерте заманда Сырдария Сейхундария деп аталған кезде бір әділетті патша болыпты.Ол өз патшалығы кезінде халқының жағдайы «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған»мамыражай заман болыпты.Бірақ патшаның бір қайғысы перзенті болмапты.Ол Алла тағаламнан өзінен кейін ісін жалғастыратын бір бала беруін күні түні жалбарына сұраумен болыпты.Күн артынан күн,ай артынан ай,жыл артынан жыл өте беріпті. Бірақ патшаның тілегі орындала қоймапты. Күндердің күнінде патша;»Ей Жаратушы ием қартайған шағымда көз қуанышым болсын бір нәрсе берші»,депті .Сонда қанша жылдан тілегін жауапсыз қалдырып жүрген Тәңір; “Бердім осы тілегіңді”,дейді.
    Ұзамай патшаның көп әйелінің ішінен ең сүйікті әйелі жүкті болып, тоғыз ай тоғыз күннен кейін .босанып басы жоқ, аяқ – қолы жоқ, жаны бар мес секілді бір нәрсе туыпты. Мұны көрген патша:
    -Бүкіл дүниенің егесі Жаратушы ием, қай қылығыммен жақпай қалдым.
    – Сен меннен соңғы рет сұрғаныңда ”бір нәрсе” сұраған болатынсың, сол бір нәрсеңді бердім.
    – Енді мен не істеймін?
    – Бала адам кейпіне келуі үшін өзің, бас уәзірің және баланың анасы үшеуің өзеннің жағасына барып, ешкімге айтпай жүрген сырларыңды айтыңдар.Әйелің сырын айтқанда балаға аяқ, уәзір сырын айтқанда қол, өзің сырыңды айтқанда бас шығады.
    Патша уәзірін, әйелін, туылған баласын алып, ағып жатқан өзен жағасына келіп, баланы жағаға жатқызып:
    -Ал кәзір сендер адам баласына айта алмай жүрген сырларыңды айтасыңдар. Егер шындарыңды айтсаңдар баланың аяқ қолдары шығады, өтірік айтсаңдар баланың аяқ-қолы пайда болмайды, онда, әлбәтте, бастарың алынады. Ал шындарыңды айтсаңдар қандай сыр болса да кешіріледі -дейді.
    Баланың анасы тұрып.
    -Уа ұлы бақытты патша, мен сіздің көп кәнизәктарыңыздың ішіндегі ең сүйіктісімін,не қаласам бәрі дер езінде орындалады.Бірақ құл да болса жеке күйеуім болғанын армандаймын – деген кезде баланың аяқтары шығыпты.
    Бас уәзір.
    -Уа әміршім, мен патшалықта екінші адаммын айтқанымның барлығы орындалып тұр. Сонда да да болса мен сіздің орныңызға патша болуыды армандаймын – деген кезде,балаға қол пайда болды.
    Өз кезегінде патша тұрып…” Мен патшамын мен еш нәрсеге мұқтаж емеспін,не қаласам сол мезетте орындалып тұр. Солай болып, барлығы жетіп тұрсада, менің алдыма келген жан сыйлыққа тым болмағанда бір алма болса да әкелгенін қалап тұрамын”- деген кезде баланың басы пайда болады. Содан бері Сейхундария Сырдария аталыпты.

  2. Ермек дауыс

    Сырдарияның ашылмаған сыры мол

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.