Айтмұрат Төреғали: «Жапон еліне 36 домбыра апардым»

Технологиялық тұрғыда дамыған, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы қатарында тұрған мемлекеттердің бірі – Жапонияның мәдениеті мен өнері кім-кімді де қызықтыратыны сөзсіз. Журналымыздың  бүгінгі санында өзінің төл өнерімен қоса, жапон музыкасын терең зерттеп жүрген әнші, сазгер Айтмұрат Төреғалидың сұхбатын жарияламақпыз. Айтмұрат Төреғали күншығыс елінің өнерін бізге бір табан жақындатып, таныстырып жүрген азамат. Домбыра, шаңқобыз, прима қобыз, скрипка, гитара сынды бірнеше аспапты еркін меңгерген ол жапонның «Шами- сен» деп аталатын үш ішекті аспабының да құлағында ойнайды.

– Жапонның ұлттық музыка аспабында шебер ойнайды екенсіз. Қызығушылық қалай пайда болды?
– Мен өзім Қытайда туып, Құлжа қаласындағы облыстық көркемөнер техникумын музыка мамандығы бойынша аяқтағанмын. Оқуды тәмамдаған соң Іле облыстық ән-би театрында он жылдан астам уақыт әнші болып жұмыс істедім. Одан соң отбасыммен бірге Жапон еліне қоныс аударуға тура келді. Жолдасым сол елде оқу оқыды. Мен алғашында түрлі жұмыстармен айналыс-тым. Алайда, бойдағы өнер бұғып жатпайды екен. Кәсіби музыкант болғаннан кейін домбырамды арқалап алғашқы екі жылдың ішінде Жапонияның түкпір-түкпірін араладым десем артық айтпаған болар едім. Сол жерде өнеріме қызыққан жапон мұғалімі менен домбырада ойнауды үйренді, ал мен одан керісінше шамисенді үйреніп алдым. Сөйтіп, екеуіміз жапон-қазақ болып сахнаға да шығып жүрдік. Мен жапонның онға жуық музыкасын (күйін) шамисенмен орындадым. Барлығы таң қалатын. Ал бұл аспапты үйренудегі себебім – Жапон мен қазақ елі арасында мәдени барыс-келісті көбейтсек деген ой болды. Біздің еліміз ол елдің артықшылығын білсе, сондай-ақ біздің елдің артықшылығын, керемет жерлерін жапондықтар білсе екен дедім, соны шамам жеткенше таны- стыруды міндетім деп шештім. Қазіргі таңда осындай мәдени байланыс жасап жатқан жағдайымыз бар.
– Шамисеннің домбыраға ұқсас-тығы бар ма? Сіз үшін үйрену қиын болмаған шығар? 
– Негізі, шамисеннің 2 түрі болады: «Сыгару шамисен» (сугару сямисэн) және «Нагаута шамисен» (нагаута сямисэн). Менің қолымдағы сыгару шамисен күй шертуге, музыкаларды ойнауға арналса, ал нагаута шамисен ән айтуға бағытталған. Ішекті аспап болғаннан кейін мұның домбыраға ұқсас жақтары бар, бірақ, өте жақын деп айтуға болмайды. Бұл аспапта ойнаудың өзіндік қиындықтары бар. Шамисен үш ішекті болса, біздің домбырамыз екі ішекті. Домбырада перне бар, ал мына аспапта перне жоқ. Төрт бөліктен тұрады, ешқандай жалғанған тұсы жоқ. Егер жаңылысып қате басып қойсаң дыбысы өзгеріп кетеді. Ал құрылысына келер болсақ, қызыл ағаштан жасалады. Үстіңгі жағы жыланның, беті иттің терісімен қапталады. Бұрап, күйін келтіретін құлағына пілдің тісін пайдаланады. Іші қуыс болып келеді. Және мұның ішектерін домбыра сияқты қолмен шерте алмайсың, арнайы қалағы, яғни шертпесі болады, ол – бати деп аталады. Егер қолмен шертетін болсаңыз дыбыс әлсіз естіледі әрі айқын шықпайды, ал батимен шерткенде дауысы жаңғырып тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, домбырамен тамылжыта күй шертіп, кез-келген ұлттың әнін салуға болады ғой. Ал шамисенмен кейбір қазақ күйлерінің ғана жобасын келтіре аласыз. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевтың «Аққу» күйіндегі аққудың дыбысын осы шамисенге де салып жүрмін.
– Жапон елінде он жылдай тұрған екенсіз. Сол жерде домбыра, шаңқобыз клас-тарын ашып, жапондықтарға қазақ тілін үйреткеніңіз де белгілі. Осындай ой қалай пайда болды және қызығушылық танытқандар көп болды ма?
– Иә, дұрыс. Жапон еліне тұңғыш рет аяқ басқан кезде өзіммен бірге домбырамды алып барғанмын. Өнерімді көрсетіп, концерттерге шығып жүрдім. Қазақтың ән-күйіне тамсанбаған жапон жоқ шығар, сірә. Сөйтіп, жергілікті басшылардың мақұлдауымен сол жерде домбыра, шаңқобыз кластарын және «Қазақ тілін оқыту» курсын аштым. Домбыра класында Шәмшінің әндерін орындайтын бір топ құрдым. Олар концерттерге қатысып, сахнада қазақ әндерін орындады. Мен ол жаққа 36 домбыра апардым. Отыздан астам адам келіп сабақ алып тұрды. Олардың жас айырмашылықтары да әртүрлі. Алты жастағы бала мен тоқсандағы қарияларға дейін келді. Жасы келген адамның әлі де өнер іздеп жүргені мені таң қалдырды. «Тоқсанға келген адам тыныш жатпай ма, несіне келді екен?» деп пендешілікпен түрлі ойларға ерік берген кездерім де болды. Алайда, үйреткеннен кейін ойым өзгерді. Талаптанған адамға нұр жауатыны шындық екен, соған көзім жетті. Сол кісілер менімен аз да болса музыка тілінде, қазақ тілінде сөйлесіп жүргендеріне қуанды. Негізі, жапондықтар өнерді қатты бағалайтын халық. Шау тартқан адамдардың өнерге деген құлшыныстарының сөнбеуі осының айғағы болса керек.
 – Бүгінде сол шәкірттеріңізбен байланыс бар ма? 
– Әрине, байланыс бар. Накано Ши- зука Сан, Такахаши Сан, Нишида Сан деген азаматтар мен азаматшалар сол жерде концерттерге қатысып, домбыра, шаңқобызда қазақтың ұлттық музыкасын нақышына келтіріп орындап жүр. Бір жігіт осында келіп сабақ алып тұрады.
– Ал біздің елімізде шамисен аспабын үйренуге құлшыныс білдіріп жүргендер бар ма? 
– Менің елге келгеніме он жылдай болды. Өкінішке қарай, ешкім мына музыкалық аспапта оқып үйренейін, үйретіңізші деп құлшыныс білдірген жоқ. Бірақ, мен жыл сайын жапонның мәдениет күндері, басқа да мерекелік іс-шараларынан қалмай, қатынасып тұрамын. Өйткені, олар мені шақырып тұрады. Екі елдің мәдениетін дамытуға ат салысып жатсам одан артық не керек?! Жапон елін қазақ елі көбірек таныса екен, жастар білімін жетілдіруге барып тұрса, керісінше ол елдің азаматтары бізге келсе, біздің мәдениетімізбен танысса деген ниет қой біздікі. Президентіміз таяуда Жапон еліне іс-сапармен барып қайтқаны белгілі. Жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келді деп сенеміз. Енді бұдан былай мәдени байланыстар тіптен артатын шығар деген ойдамын. Aimurat-2
Автордан: Айтмұрат Төреғали күншығыс елінде тұрған он жылдың ішінде қазақтың төл өнерін жапондықтардың бойына сіңіріп қана қоймай, жыл сайын өз қаражатына Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін өткізіп, қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттай білді. Сол жылдар аралығында шәкірттерімен бірге ел аралап, қазақша концерттер қойып, жапон сахналарында қазақ музыкасын асқақтатты. Әншілігімен қоса сазгерлігімен де танылып жүрген ұлтжанды азаматтың жүзден астам әндері бар. «Ару қыздар», «Сен едің, ақмаралым», «Ботакөз бөпем», «Қыз жүрегі» сынды әдемі де әсерлі әндерін Қытайдағы жастар той-думандарда орындап, әншінің атын асқақтатып келеді.
Ал атажұртқа оралғаннан кейінгі жазған көптеген әндерін бүгінде қазақстандық танымал әншілер орындап жүр. Оның Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Бақыт Айыповтардың орындауындағы «Қоғалы көл», «Әже», «Мәңгілік заң», «Өзіңсің жаным», «Мөлдір-ай» атты әуезге толы әндері өнерсүйер қауымның жүрегін бірден баурап алды.
Ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерге, қазақ еліне үлкен сағынышпен оралған композитор алдағы уақытта да халықты жүректен шыққан әсерлі әуендерімен қуанта береді деген сенімдеміз.

Әңгімелескен Айна ТӨЛЕУТАЕВА

 

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Айбек дауыс

    Өте қызықты сұхбат. Ағамыздың ісі өрге баса берсін.

  2. Дәмелі дауыс

    Жастар домбыра тартуды үйренуге жаңадан құлшыныс таныта бастағанда, жапонның музыкалық аспабын айтпай-ақ қояйық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.