БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ НЕГЕ КЕНЖЕ ҚАЛЫП БАРАДЫ?

Нұрлан ҚҰМАР 

«Үркер» журналының бөлім меңгерушісі

Балалар – елдің болашағы. Қазіргі таңда ересектердің көбі кітап оқудан қалды. Ендеше балалардың қайткенде кітап оқуын жандандырамыз? Құдайға шүкір, балаларға арнап кітап басатын баспаларымыз бар. Бірақ, барлығы дерлік жеке меншікте. Сондықтан ақылдастар алқасы да, көркемдік кеңес те құрылмаған жерде сан алуан баспа өнімдері жарық көреді. Тек балаша сөйлеп, балаша күлетін, бала секілді ойлайтын шығармалар жоқтың қасы. Сөздері ауыр, үлкендер қолданатын күрделі сөйлемдер балғындарымыздың табиғатына жат. Осының бәрін біле тұра шұбалаңқы, кейіпкерлері көбінесе ата, әже болып, бала екінші планда тұратын шығармаларымыз жетерлік.

Әрине, балалар әдебиетіне келген әрбір қаламгер өзінің келешек алдындағы жауапкершілігін түсінеді. Бірақ, өмір ағымына сай ізденуге, еркін жүріп-тұруына мүмкіндігі болмайды. Балалардың ортасынан табылудың орнына қара басын немесе отбасын асырау үшін басқа жұмысқа жегіледі, сөйтіп балалар әлемінен алыстайды.
Қаладағы аялдамалардың кез келгеніне жақындаңызшы. Немесе кітап дүкендеріне барсаңыз шет елден шыққан, қызылды-жасылды безендірілген кітапшалардан көз сүрінеді. Тек балаларға арналғандарын ғана айтып отырмын.
Қолыңызға алып парақтап қарасаңыз түк жоқ. Бір ғана деталь. Соны баланың тілімен өте қарапайым етіп бере салады. Соған сай суреттер де беріледі. Әп-әдемі. Еріксіз езу тартасың. Әрине, біздің баспалардан да шағын кітапшалар шығып жатқан болар. Алайда, таралымы өте аз. Осы орайда балалар жазушылары деген атау да жоғалып бара жатқандай көрінеді маған. Қаламақы да мардымсыз. Осыдан соң балалар әдебиетіне қалам тартқандардың көңілі суып, өзге жанрға кетіп жатады.
Балалардың қызығушылығын оятып, кітап парақтап, қазақша тіл сындыруға, кітап оқуға үйретуде ата-аналардың рөлі үлкен. Алайда жұмысбасты ата-ана балаларына керекті суреті мол қазақ кітабын іздеп жүруге құлықсыз. Одан да дүңгіршікте толып тұрған музыкасы сыңғырлаған орысша кітапшаларды ала салады. Немесе, қазіргі заманауи техникаларды қолына ұстатады. Оларда бәрі бар, ертегі де тыңдай алады, мультфильм де көре алады, ойынның түр-түріне де қанығады.
Ел боламын десек, балалар әдебиетіне қамқорлық керек. Үкімет тарапынан алдағы 1-2 жылда айтарлықтай көңіл бөлінбесе, қазақша кітап оқу түгілі қазақша ойлай алмайтын ұрпақ өсіп жетілуі мүмкін. Тіпті қазірдің өзінде балабақшаның бөбектері ағылшынша 1-2 сөзбен ауыздарын бұрап сөйлей бастады.
Бұның өзі түбінде жақсылыққа апармайтыны сөзсіз. Сондықтан өзге елге еіктей бермей, өз бесігімізді түзеуіміз керек.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Гани дауыс

    Балаларға – базарлық деген осы.

  2. Еркебұлан дауыс

    Балар әдебиеті кенже қалып барады.

  3. Бакыт Карибаева дауыс

    Озге тилдин барин бил оз тилинди курметте

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.