Бір жарық нұр жылытады жанымды

13165854_2017302368494434_3056079566714740409_n

Бақытгүл ЗАРҚҰМАР 

 1974 жылы Моңғолияның Уланбатыр қаласында дүниеге келген.   Монғолия қазақ ақындары арасында өткен «Алтын жебе» жыр мүшәйрасының (1992 ж.), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж.) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері. 2012 жылы «Жалын» баспасынан «Жүректегі жүзік» атты кітабы жарық көрді. 

Ақ бұлттардың арасын кесіп өтіп,
Арман маған әперсе несібе,құт…
Жанарыма сыйғызып алар едім,
Жаратқанның сыйына балар едім.

Ізгіліктен жаралған дүниенің,
Іңкәр етіп қояр ем күн иегін.
Қанаттары талмайтын үміттердің,
Қаңтармай-ақ жіберем күліктерін.

Құшағымды ашар ем арман саған,
Құбыладай иман мен арды аңсаған.
Мөлдір-мөлдір жасымды төгер едім,
Мөрі тамған ұяттан өлер едім.

Бақытына балқыған пенделікті,
Базынадай көрер ем ең көрікті.
Құдіретіне бір хақтың басымды иіп,
Құрметіне алар ем жасым тыйып.
Атар таңның анық-ты басым нұры,
Ақиқаттың ашылса жасын гүлі.
Сұқтандырған,дариға-ай ,сұлу арман,
Сұлу менің жанымнан жылу алған.

Үзілетін тамшының діріліндей,
Үздігетін үні бар тірі күнгей.
Өр Алтайдың өріндей асқақ арман,
Өзің маған ыстық ең басқалардан.

Менің мысым басты ма,төмендедің,
Мейірімді боп кетті ғой өлеңдерім.
Ақ бұлттардың арасын кесіп өтіп,
Арман маған әперсе несібе,құт.
Жанарыма сыйғызып алар едім,
Жаратқанның сыйына балар едім…

***
Кірпігім төмендеп,
Кілкіді мөлтек мұң.
Кірпияз өлең кеп,
Кідірді өрт екпін.

Жүз рет нұрланып,
Жүзімде батты күн.
Жүрегім ұрланып,
Жүгендер шаттығын.

Көзімнен көрдің бе,
Көктемнің бейнесін?!
Көндікпес өрмін де,
Көнбіспін кейде шын…

Шам жарық,ой анық,
Шақтардың көбі мұң.
Шабытпен оянып,
Шалқыған көңілмін.

Сен мені аңсадың,
Себепсіз ұнаттың.
Сеземін қанша түн,
Сезімді жылаттың…
***
Тағдырдың өтінде сезімдер ұшады,
Тәкәппар биікті ес-түссіз құшады.
Зар-мұңы сөгіле төменге төгіліп,
Запыран құсадан өлең боп өріліп.

Ай нұры зерленген ақсаумал түндерде,
Алыстан жетеді тылсым бір үндер де.
Жарыққа ұмтылған көбелек-сезімнің,
Жанпида күйін мен сан мәрте сезіндім.

Махаббат ұрлаған ойларым,сырларым,
Мазасыз жүректе айтпадың мұң барын…
Құшамын дегеннің құшағы тар болды,
Құсаның ғұмырлық азабы бар болды.

Дегенмен үміттер үзілмей келеді,
Деміме жазылған іңкәрлік өлеңі.
Кез-келген кесе алмас күрмеуін күдіктің,
Кесуге ұмтылдың,тағдырды ұмыттың…

Шаштары жайылған іңірдің десімен,
Шарасыз жүрегім,мен сені кешірем!
Түйсіксіз соқпақта адаспа демедің,
Түңілгім келсе де,мен саған сенемін.

Өтірік өбе алмай өтетін шақтарда,
Өмірлік мағына,ғұмырлық бақ бар да…
Шынайы махаббат бар жерде бар үміт,
Шын жылап, 
шын күліп,сағынып,зарығып…
***
Сені менің сағынғаным соншалық-
Сезім деген аспан жаққа жол салып…
Түндер өтті өз отына өртенген,
Күндер өтті өмірменен өлшенген.

Құшағыңа құлағандай екпінмен,
Құса мұңды көтере алмай кеттім мен…
Сені маған жеткізбеген шақтардың,
Күнделігін күрсініспен ақтардым.

Тәкәппарлық танытқан бір кездердің,
Тәубасына келерін де сезгемін.
Сенің мені сүйгеніңдей нанымды,
Бір жарық нұр жылытады жанымды…

***
Қадалса да қара түнге кірпігім,
Қалғымауды тіледім…
Менің ғазиз жүрегімнің бүлкілін,
Менмендік деп түсінесің,білемін.

Көздерімнен өбе берсін ай нұры,
Көңілімді көтерсін!
Құшағыма қысамын деп қай күні,
Құсалықпен мені сүйіп өтерсің…

Махаббат ол-аңсауменен ғұмырлы,
Малындырып мұңына.
Талығумен көздерім де жұмылды,
Таң да атты шұғыла…

***
Асқақ болар ма бұлай арманым?!
Аспаннан төмен құлай алмадым.
Жанарым жасқа тұншыға берді,
Жылайын деп ем,жылай алмадым.

Айға да аян жанымның сыры,
Арзанға түспес,барымның құны.
Болсам да ханша қанша жүрекке,
Боламын тағы арымның құлы.

Аспандап кеткен арман қадірлі,
Аласартпайтын талғам -тағыңды.
Шалқалап жатқан айдың да бар-ау,
Шарадай толған жалғанда мұңы?!

***
Жанарыма сия алмаған жалқылық,
Жанұшыра жарық айға талпынып…
Қанаттарын қағып-қағып аспандап,
Қайта оралса қапылыста қашқан бақ…

Мақпал түннің құшағында маужырап,
Махаббаттан тас балқыса,тау жылап…
Шымылдықты ысыра алмай дірілдеп,
Шырағымды өшіре алмай күбірлеп…

Таң атпаса деп тілеумен талықсып,
(Тағдыр жазса тәуекелшіл зар ыстық…)
Сағыныштан сазға айналсам деп едім,
Саған бірақ,айта алмаймын себебін…

***
Бәрі жалған,
Бәрі бекер дегенмен,
Ажырамай қойды-ау жаным денемнен…
Аспандаған сезімдерім нұр болып,
Құйылады жүрегіме өлең дем.

Бәрі бекер,
Бәрі жалған дегенмен,
Ақиқаттың барлығына сенем мен…
Ақын деген шамы сынды іңірдің,
Құсжолының сәулесіне бөленген…

***
Бәлкім,бұл тағдырдың заңы емес те
 шығар?!
Жүректен жүрек қалмады егеске шыдар…
Бақытқа балқып көрмеген басымның
 құнын,
Білмеген мынау тірлікке ашындым
 бүгін…

Ақын боп ғұмыр кешудің азабын тартып,
Жанымның жасын өлең ғып жазамын
 сарқып.
Ғашықпын деген хаттардың демінен 
жанып,
Отырып алып оңаша егілем неғып?!

Болар ма екен арман мен мұңдардың
 шегі?!
Түсіме енді бітпейтін шыңдардың шебі…
Зарығып өтер ай,жылдар,күндердің 
зарын,
Естігім келмей,сөндірдім түндердің 
шамын.

Тағдырдың мынау тұтқан 
бір шымылдығында,
Көз жасым талай көміліп,тығылды
 мұңға…
Тәуекел етіп ысырдым тұншығып барып,
Сыр тұнып қалған көзімнен мұңшылық
 тамып…
Мен күтіп келем бақытты шақтарды
 нұрлы,
Махаббатпенен гүлдеген бақтар
 ғұмырлы!   
***
Мен күн емеспін…
Мен аймын!
Жаныңды жаулап ап,
Жанарыңды шырмаймын…
Сен аңсаған сайын алыстап,
Сен ұмтылған сайын ұлғайдым…

Мен күн емеспін…
Мен аймын!
Бұлттарға бұғып қалған,
Бұла да,ерке сырдаймын…
Сен ынтыққан сайын биіктеп,
Сен сағынған сайын мұңайдым…

***
Жауабын білесің бе,тақсыр өлең,
Көктемді неге осынша жақсы көрем?!
Аппақ бұлттар ақықтай жарқыраған,
Тазалық бар-пәк болған бар күнәдан.

Ұшып барып биіктеп кетер арман,
Құшып барып түсімде жете алмаған:
Махаббаттың мамырын күтіп тұрдым,
Жусан исті самалын жұтып қырдың.

Келе жатты күттірген,күрсіндірген,
Махаббатым аяңдап тылсым тілмен.
Жүрек шіркін,дүрсілдеп сыр алдырып,
Ынтықтырды арманға құмар қылып.
Көзімді ашып жібердім…көктем екен,
Бір адамның шын зары өткен екен…

***
Көнбіс екем,көнбіс екен жастығым,
Көздерімнің көлеңкесін көтерген.
Кешіре алмай дүниенің ластығын,
Кеудесінен тағдырының от емген.

Жанып бара жатыр әне бір үміт,
Жанарымның жарқылынан маздаған.
Мақпал түннің жұлдызынан жұлынып,
Махаббаттан жазым бола жаздаған.

Өртенетін шақтар мені шақырсын,
Өшіре алмай жалынымды,отымды,
Жалаңаштап жалқы шындық жатырсың,
Жан-тәніңмен шешіндіріп со түнді…

***
Кездескім келеді күзбенен,
(Кешігіп махаббат іздеген…)
Дүние сағаттар,минөттер,
Дүние ғұмырлы бізбенен…
Кездескім келеді,жасырман,
Кербез ай аспанға асылған.

Біз үшін жұлдыздар жарқырап,
Біз үшін жапырақ шашылған…
Кездескім келеді бар ма амал?!
Кеудемде сағыныш,зар да бар.
Сен мені сезінсең болды ғой,
Сезімдер кездесіп,жалғанар…
Кездескім келеді күзбенен,
(Кездескім келеді,сізбенен…)
Тіршілік махаббат әуені,
Тірліктен үмітін үзбеген… 
       
***
Биіктікті өлшейтұғын тірлікпен,
Биіктерден жалықтым!
Өз-өзіне илікпейтін іріліктен
Мен жалқымын, анықпын…

Көзімдегі өшпейтұғын оттардың,
Көздер мұңы көкте еді…
Келер әлі іздеп мені, жоқтар күн,
Махаббаттың көктемі!

Шеңберінен шығып кеттім пенделік,
Шегініс жоқ қайтуға…
Пасық қоғам жоқ екен-ау, менде ерік,
Саған талақ айтуға!

Бояуы көп болып кеткен жалғанның,
Болмысы да жасанды…
Алдында сен тәкәппарлау талғамның,
Пәс боласың қашанғы?!

Тобыр дүние саған айтар датым бұл,
Тосыларың анық қой?!
Адалдығын арқалаған ақын жүр,
Танымасаң, танып қой!      

 





Пікірлер: 12

  1. Тасқын.М.С:

    Кездескім келеді

  2. Жайық:

    Не деген өлеңдер! Керемет.

  3. Фбдос@:

    Хатыма жауап жаза салсаңыз Гүл..? Өтініш…..

  4. Фбдос@:

    Хатыма жауап жаза салсаңыз Гүл..? Өтінем….

  5. жоллығазы:

    Нағыз мөлдір жырлар тау суындай
    Жаһұттай жарқылдаған өте əсерлі сөздер.

  6. А.А:

    Ех,Бақытгүл!Сүйе білем.
    Билігіңе көне алам,
    Гүл-нәзіктей жұпар ләззат себе алам.
    Жұлдыздарға қарай алам күлімдеп,
    Шақыратын қызықтыра арбаған,
    Жылуымен жалт-жұлт етіп баураған.
    Ал, болмысым үлпілдеген ауадай,
    Хош иісімен айналасын жаулаған.
    Кім менімен бірге болса, мәңгілік,
    Тыныштықпен қоштасады сол адам.
    Сүйе білем.
    Алдамшы әлем-жан әнім,
    Бірақ,бірақ…
    Айта алмаймын мылқаудай,
    Сөйлейді тек түнгі шоқтай жанарым.
    Қарашығым қарай алсаң тұп-тұнық
    Бақ көресің жатқан онда бұлқынып.
    Сенсең егер-алдайды ол,жоласаң…
    Жарқыраған жалыннан да көгілдір,
    Ойнақшыған сиқыры тек болмаса,
    Түсі оттай алаулаған ерінім,
    Үнім тәтті,
    Тарам-тарам өмірім,
    Сүйе білем.
    Сүйіселік,кел,күнім.

  7. Амангуль Жантекей:

    иии осы кызга жаман
    жанымашиды,тозгын жерге барып коп киналды коп шаршады
    әитеу кызганшак жигитинен кутылпты деп естимин ,.мыкты акын кыз

  8. Хасбатыр:

    Кезинде талаи маргасха жигитке харамап един ..

  9. Хасбатыр:

    Бахытты бол

  10. Бала-шағасын шұбыртып осыған жоо а бай керек. Мына қызыңның жайын ойласай оданда.:

    Мық.

  11. ЫҚЫЛАС:

    ӘЙ ІШТАР ҚАЗАҚ АЙ.БАЛАСЫ ЖОҚ АДАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІН АЙТЫП …………..ХА-ХА!

  12. А.А.:

    Байға тиіп нең бар еді Гүл ау.! одан таяқ жеп ит қорлықтың көкесін көріп қайран жас өміріңді қор етіп.Тимеу керек еді ғой.

Пікір қосу