Елімнің өркендеуіне қосар үлесім қандай болмақ?

Elim

«Бүгінгі заманда өзінің асқақ арманына тек жаңаша ойлайтын, ерік-жігері мол, өзіне сенімді адамдар ғана қол жеткізе алады.»
Нұрсұлтан Назарбаев


            Тар жол тайғақ кешумен келген  Тәуелсіздік  бізге шаттық пен бақыт сыйлады. Міне,егемендігімізді ту етіп , еңселі ел болғанымызға жиырма бес жыл толып отыр. Ұлт–азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен желтоқсан оқиғасы, қатал сынақтан өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында, біз өмір сүру бақытына ие болдық.

Ел тізгінін ұстаған Елбасының  сарабдал саясаты қазақ елін биіктетті. Қазақстан мемлекетіндегі бейбітшілік пен тұрақтылық,ынтымақ пен бірлік — басты қағидаларының арқасында осындай жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине, тәуелсіздік жылдары көп істер атқарылды. Жас мемлекетімізде саяси тұрақтылық, ұлтара­лық ке­лісім қалыптасып, Қазақ хал­қының береке, бірлігі арт­ты.Білім мен ғылым,технологияның дамыған заманында мектептер мен жоғары білім беретін университеттер,балабақшалар салынып жатыр.Сан түрлі мамандықтар ашылып ,ел дамуына үлес қосатын азаматтар өсіп келеді. Алаш арысы Мағжанның: «Мен жастарға сенемін»-деп үміт еткен жастарының алды болып ержеттік. Ендігі мақсат, бабаларымыздан қалған ұлы мұрат, Қазақ елінің гүлденуіне өз үлесімізді қосу. Қазақ атын әлемге кеңінен таратып, мәртебесін асқақтату.  Ал ,менің, елімнің өркендеуіне қосар үлесім қандай болмақ?

Өмірдің өзі арманнан басталады. Менің бала күннен арманым- өмірдің қайнаған ортасында жүретін журналист ағаларымдай болу еді. Арманымнан ешқашан айныған емеспін. Алдыма биік мақсат қойдым.  Ақыры журналистиканың ауылына аяқ бастым.Солар секілді қызмет атқарсам деген ниет басым болды.

Күні кеше  Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде  жүрналистика факультетін тамамдадым. Қолымызға диплом алып  бір қуандық.  Ақпарат айдынында қызмет етуге жолдама алған курстас достармен қимастықпен қоштастық.Олардың  келешекте еліміздің  қалаулы азаматтары боларына сенемін.

Университетте төрт жыл оқыған білімімнің  бір кәдеге жарайтынына сенімдімін.Өйткені бойда  өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім бар,қуат пен жігер, болашаққа үміт пен сенім бар. Тізбектей келе айтқым келетіні, нағыз маман атану жолындағы алған білімімді кәдеге жарату, өз бетінше үздіксіз білім алу дағдыларын меңгеру, бәсекеге қабілетті болу, өз мамандығыма деген адалдық –  отансүйгіштіктің құрамдас бөліктері деп түсінемін. Ахмет атамыз айтқан , «Газет- халықтың көзі,құлағы һәм тілі» деген ұранды ту еткен  «Қазақ газеттері» ЖШС- не қарасты  «Үркер» журналында сайт редакторы ретінде жұмысқа кіріскенімді өзім үшін бір жетістік деп білемін. Қазіргі таңда елімізде және   жаһанда болып жатқан тың жаңалықтармен әлеуметтік желі арқылы оқырмандармен бөлісіп пікір алмасып отырамын. Аракідік белгілі бір тақырыптар аясында мақала жазып, ақ парақ бетіне өз ойымды түсіремін. Журналист өз творчествосы арқылы қоғамға қызмет етеді, билік пен халықты байланыстырушы дәнекер болады. Оған қоса, өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білу де үлкен қасиет деп ойлаймын. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазу дұрыс қана емес, міндет. Ал бұл үшін алдымен білім мен қабілет керек. Идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білген жөн. Қалың көпшіліктің назарын аудару деген оның санасына әсер ету, халық арасында белгілі бір пікір қалдыру, қоғамдық оймен санасу. Демек, журналистің қолында белгілі бір ұғымда билік бар деген сөз. Билік пен халықты байланыстыратын алтын көпір жан- жақтылықты талап етеді. Ендеше мен «басшылардың көмекшісі» бола жүріп, ел ішіндегі күрмеуі қиын мәселелердің шешім табуына көмектесемін.

Менің айтпағым,  Қазақстан мемлекетінің ертеңгі болашағы  жастарға , яғни бізге тәуелді. Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұрсыновтың: «Басқадан кем бол­мас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай бо­луға кә­сіп керек. Күшті бо­луға бірлік керек. Осы керек­тердің жолын­да жұмыс істеу керек», деген ұс­та­нымы бү­гінде біздің жол­бас­шы­мызға айна­лып отыр. Тәуелсіздік құрдастарына осынау мерейлі сәтте ортаға сауал тастағым келеді: Осы жылдарда өзің қуанатындай қандай тірлік тындыра алдың? 25 жылда қол жеткізген жетістігің қандай? Біздің «Үркер» журналын, басқа да жастарға арналған  басылымдарды оқисың ба? Кел, пікір алысайық.  Біз ортаға ой тастадық, өздеріңнен пікір күтеміз, құрметті жас дос!

 

Жанарбек Әлихан

1994 жылы Алматы қаласында туған.

Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар

және  әлем тілдері университетінің түлегі. 

 





Пікірлер: 5

  1. Сымбат:

    Керемет жазылган,Ерекше әсерде болып отырмын! еңбегіңіз жана берсін!!

  2. Нурбек:

    Тәуелсіздігіміздің заңғар тұсында еліміз өркендеп келеді.Расында,біз бақытты болашақ ұрпақпыз.Қазағым,мәңгі жасасын! Өз басым жеке кәсіпкермін.Нақтырақ сауда саттықпен айналысамын.Өз ісімді сүйіп ,жаныма рақат аламын.Сауда- шариғатта сауабы көп деп жатады.Қарапайым қазақ елімен осындай сауда саттық жасап мүмкіндігіне қарай көңілінен шығуға тырысамыз!Осындай күнге жеткізген елбасымыз аман болсын! Үркер журналынан басқа Қазақ әдебиеті т.б журналдарды аракідік оқып жүремін.

  3. Асқар:

    Өзің қуанатындай дейсіз бе? Мен осы жылдар арасында мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолымды созып келемін.Әлеуметтік желі арқылы әртүрлі шаралар өткізіп отырымын.Арнайы қайырымдылық концерттерін өткізіп,жиналған қаржыны сол кісілердің еміне көмектесемін.Мен сияқты қаншама жастар осындай шараларға белсінділік танытып жатырғаны қуантады.Ең бастысы олардың өмірге деген сүіспеншілін арттырып,күліп жүргенің қалаймын.Бұлда бір қоғамға деген кішігірім көмек деп түсінемін.Шынымды айтсам Үркер журналынан басқа журналдарға жазылып көрмептім.Мектеп кезінде Үлан сияқты газеттерге жазылып тұрақты оқырманы болдық).Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құтты болсын!

  4. Әсем:

    Сайтқа бірінші рет кіріп отырмын.Материалдарыңыз жақсы екен.Ұжымға алғыс айтамын.Жасай беріңіздер! Тәуелсіздігіміз құтты болсын!

  5. Зинат:

    Бұрын соңды ойыммен жазбаша түрде ресми парақшаларда бөліспеппін,алайда Тәуелсіздік ерекше тақырып қой,мен заңгер болып жұмыс атқарам,еліміздің көркейуіне біздің де қосып жатқан үлесіміз аз емес ау деп ойлаймын.Өз қызметіміздің шеңберінде әрбір адамға тегін,сапалы баедар көрсетіп,адамдарды заңды білуге,өз құқықтарын қорғай білуге баулудамыз! Тәуелсіздік құтты болсын ағайын!Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын!

Пікір қосу