Дәурен МҰХАМЕДЖАНОВ:«Теле- радиомыз студенттер арасында таныла бастады»

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры,
«Серпер» Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері,
Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі
Дәурен Мақсұтханұлы Мұхамеджановпен сұхбат

– Дәурен аға, сауалымды бірден сіздің қазіргі қызметіңізге байланысты қойсам деймін. Болашақ журналистерді дайындауда ҚазҰУ Телерадиокешенінің қаншалықты ықпалы бар?

– Біздің телерадиокешеннің жас журнал-истердің шеберлігін арттыруда өте үлкен ықпалы бар. Себебі ҚазҰУ Телерадиокешенінің құрамына М. Барманқұлов атындағы телестудия, радиостудия және фотостудия кіреді. Аты айтып тұрғандай мұнда телевизия мен радионың және фотоөнердің қыр-сырын тереңірек үйренуге, белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақтауға болады. Яғни, біздің кешенде тәжірибе жинақтаған студент журналистика факультетін бітірген соң барған жұмыс орнында бәсекеге қабілетті маман бола алады деп толық сеніммен айтуға болады. Факультет ұстаздары беріп келе жатқан теориялық білімді нақты өмірде, тәжірибеде сезіну бір бөлек екендігі белгілі. Сондықтан да жастарымызды «қолда бар алтынның қадірін біліп», осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырамын. 
– «Әл-Фараби» радиосында дайындалатын «Студент жастар сағаты» атты бағдарлама «Шалқар» радиосына жол тартқан еді. Бүгінде тоқтап қалған секілді  ғой. 
– Бұл хабар мен басшылыққа келгенге дейін тоқтап қалыпты. Себебі еш нәрсе мәңгілік емес, оның үстіне телевизия мен радиода шығармашылық маусым деген түсінік бар. Яғни, белгілі бір жоба белгіленген мерзім аралығында ғана эфирден өтеді. Сосын оның орнына жаңа жоба соны тақырыппен шығуы мүмкін. 
Әрине, «мүйізі қарағайдай» радиолардың эфирінен өз хабарын жіберу әрбір журналистің арманы, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жандандырамыз. Ал, өзімізге келсек, «Әл-Фараби» студент жастар радиосының қазіргі аяқ алысы жаман емес, енді осы жұмысты одан әрі жалғастыру үшін еңбек етіп жатырмыз. Радионың күнделікті қызметін үйлестіріп отырған радиомыздың жетекшісі, өз ісінің маманы Бақыт Әмірбек, бас редакторы Әсем Ілесбай және шеф-редакторы Аяулым Өткелбай. Бүгінде үш тілде түрлі жанрда хабарлар дайындап келеді. Сонымен қатар, телестудия дайындаған өнімдерді дыбыстаумен де айналысады.
– Республикалық телеарналар мен баспасөзде өндірістік тәжірибеден өтетін дәстүр бар. Ал ҚазҰУ Телерадиокешенінде тәжірибе жинақтаудың сол өндірістік тәжірибеден айырмашылығы қандай?
– Бұл сауалыңыз орынды. Иә, осы уақытқа дейін көптеген студенттер өндірістік тәжірибені ірі республикалық теле-радио арналар мен баспасөздерде өтуге тырысты. Себебі түсінікті, теорияны нақты өндіріспен байланыстыру, өзіне қажеттіні үйрену. 
Сәл шегініс жасайын. Бұрын бұл факультеттегі теле-радио-фото журналистика зертханасы негізінен теорияға мән беріп, тәжірибені өзге жерге жіберу арқылы шешкен екен. Өткен жылдың соңында менің басшылыққа келуіммен Телерадиокешеннің Ережесі, ішкі қызметтік құжаттары барлығы қайта жазылып, бекітілді. Жаңа тұжырымдама мен жұмыс жоспары әзірленіп қызмет ете бастады. Осының нәтижесінде бұрын тұралап қалған эфиріміз қайта жанданды. Мысалы радионың эфирі таңғы сағат 08:30-да ҚР Әнұранымен басталады да, кешкі сағат 18:00-ге дейін тұрақты жүреді. Күнделікті сағат 11:10-11:30 аралығында тікелей эфир ұйымдастырылады. Радиоға елге танымал тұлғалар, спорт және шоу-бизнес жұлдыздары қонақ ретінде шақырылып отырады. Ал, телеарнаның жұмыс уақыты таңғы 09:00 басталып, кешкі сағат 19:00 дейін жалғасады. Университеттегі және өзге жердегі түсірілімдер, олардың монтаждалуы, оған арнайы бейнеәсерлердің жасалуы, дайын материалдың эфирден өтуі барлығы осы жерден басталады. Оқу корпустары мен студенттер үйіндегі теледидарлар қайтадан іске қосыла бастады. Мұны айтып отырған себебім, осы істердің арқасында телеарнамыз бен радиомыздың жұмысы жанданып, студенттер арасында таныла бастады. Енді өндірістік тәжірибені өзімізде де өтуге болатындығын айтқым келеді. Биылғы бітіруші курстың жастары өндірістік тәжірибені өтуге бізді таңдауы, бізге деген зор сенімі деп білеміз. Басқа да студенттер өз шеберліктерін шыңдау үшін осы радио мен телестудиядан табылуда. Бұл әрине қуанышты жағдай. 
– ҚазҰУ Телерадиокешенінің ауди-ториясын кеңейту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мына нәрсені айта кетсем деймін. Таяуда ғана, нақтырақ айтсам, жаңа жылдан бастап ғаламтордағы www.youtube.com сайтында «Әл-Фараби» телеарнасының арнайы Alfarabi TV парақшасы ашылды. Осы жерге барлық дайындалған телеөнімдерімізді салып отыруға мүмкіндік алдық. Енді біздің арнаның өнімдерін қалаған уақытыңызда кез келген жерде көруге мүмкіндігіңіз бар. Бұл біздің жастарымыз үшін көптен күткен оқиға десем де болады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, Vkontakte) де өз парақшамызды ашып, аудиториямызды кеңейту үшін насихат жұмыстарын бастап кеттік. 
Бұл бір жағынан жақсы жетістік, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік. Сондықтан да өзім де өнер адамы болған соң, жаңалықтар мен өзге де бағдарламалардың эфирлік дизайнына, жүргізушісінің киім киісіне, сөз саптауына, жүріс-тұрысы мен отырысына дейін сыни көзқараспен қарап, әрбір ұсақ-түйек тетігіне дейін өте үлкен мән беремін. 
Мысалы, «Әл-Фараби» телеарнасында  талантты бейнеинженерлердің бірі, арна басшысы Нұрбақыт Меңдібайұлы мен жаңалықтар бөлімінің жауапты редакторы Шыңғысхан Медербектің ұйытқы болуымен қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі апталық жаңалықтар, «Клип-бәйге», «Show news», «Асыл домбыра» және т.б. студент жастарымыздың дүниелері жарық көре бастады. Бұйыртса, алдағы уақытта бұдан да қызықты жобалар жарық көретін болады. 
– Қазір телеарна штатында бір бейнеоператор, 3D дизайнер, продюсер, монтажер бар, осылардың жұмысын көрсету бізге сын. Сондықтан қолда бар техникалық мүмкіндікті толығымен пайдалануды мақсат етіп отырмыз. Соның нәтижесінде, қазір біз де өзге кәсіби арналардағы тәжірибелерді пайдалануды қолға ала бастадық.
– Теориялық тұрғыдан білім алып, екі ауыз сөздің басын қоса алмайтын студенттерді жиі көріп жүрміз. Кім кінәлі? Бұл дегеніміз ұстаздардан дұрыс тәлім бере алмайтындығынан ба, әлде студенттерден кететін қателік пе?
– «Таяқтың екі ұшы бар»  – демекші, бұған бір жақты қарауға болмайды. Айтайын дегенім, студент ең алдымен өзінің құқығын білуі керек. Біліп қана қоймай, оны өз мүддесіне пайдалана білгені жөн. Себебі жай адам ұстаз бола алмайды, мұнда білім беріп жүрген оқытушылардың берісі магистрлік бітірген ғылыми атағы бар болса, әрісі атағы әлемге жайылған профессор, академик. 
Ал, ол адамдардың әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап және оны ой елегінен өткізіп, кәдеге жарата білу студенттің тікелей міндеті. Әрбір студент пәнге байланысты өзіне дәріс беретін оқытушы дұрыс сабақ өткізбесе, одан білімді талап етуге құқылы. Себебі әрбір оқытушы сол үшін мемлекет есебінен еңбекақы алып отыр. 
Осында телевизия мен радиода, тіпті фотоөнердің қыр-сырын жетік білетін мамандар да жетерлік және тиісті пәндер де баршылық. Сондықтан студенттер қателікке бой алдырмай, оқуға бөлген алтын уақытын қор қылмай, өз мүмкіндігін тиімді пайдаланғаны жөн деп ойлаймын.
– Отандық жетекші телеарналармен бірлесіп жобалар жасау (мысалы сағат алып, бір бағдарлама шығару) жоспарда бар ма?
– Әрине бар. Қазір біз алдымен өзіміздің қолымыздан не келеді, қандай мүмкіндігіміз бар, соны бағамдап жатырмыз. Алла қаласа, алдағы уақытта «Хабар», «Алматы» сынды телеарналармен әріптестік орнатсақ деген ниеттеміз. Осы мақсатпен «Қазмедиа» орталығымен, «Хабар» агенттігімен меморандумға да қол қойылды.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдымызда жоспар көп, оның бәрін тізіп айтып беру қажет емес шығар?! Дегенменде эфирлік хабарлар тізбесін бір жүйеге келтіру, апталық жаңалықтар қызметінің жұмысын реттеп отыру, сериялы теле-радио бағдарламалар жасау – негізгі жұмыс. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің ұжым шағын, бірақ бізге студенттер көмек көрсетуде. Қазіргідей нарық заманында әрбір еңбек бағалануы керек, демек, тынбай еңбек еткен студент те өз еңбегінің жемісін көру қажет деп ойлаймын. 
Алдағы уақытта Телерадиокешенге көмек көрсеткен әрбір студенттің дайындаған өнімін СӨЖ (студенттің өзіндік жұмысы) ретінде қарастырып, олардың эфирден өткен жұмыстары үшін балдық жүйені енгізіп жатырмыз. Сонымен қатар, бізге көмек көрсеткен ұстаздар қауымына да қолдау көрсету мақсатында индикативтік көрсеткіштеріне қосымша бал қоюға мүмкіндік берілуі дұрыс болды.  Бұл өте жақсы стимул. Осы ретте осындай мүмкіндікті туғызуға ұйтқы болған ҚазҰУ-дың Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы Жаманбалаеваға алғысымды білдіре кетсем деймін.
Айтпақшы, алдағы уақытта интернет желісінде таралатын онлайн-радио ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір соның техникалық жағдайларын реттеп, материалдарын өңдеп жатырмыз. 
– Осы жоспарларыңызды жүзеге асыру үшін қандай да бір кедергі не болмаса қиыншылықтар бар ма?
– Иә, бәрі жақсы деп айтсам, күпірлік болар. «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой.  Бар мәселені қалай жоқ деп айтасың. Бүгінде студенттер тарапынан түрлі идеялар келіп түсуде, ал оның бәрін жүзеге асыруға біздің әзірге адами және техникалық мүмкіншілігіміз келмейді. 
Оның үстіне орналасқан орнымыз да ыңғайсыз, себебі мұнда оқу дәрістері қосымша қабаттасып жүргізіліп келеді. Мысалы, осы кешеннің құрамында фотостудия бар дедім, оның жетекшісі, талантты фотосуретші Марат Жүнісбеков деген әріптесім. Ол кісінің алға қойған жобалары өте қызықты, ал соны жүзеге асыруға техникалық мүмкіндік болмай отыр. Осы мәселелерді алдағы уақытта университет басшылығымен бірлесе отырып қалайда шешеміз деп үміттенемін. 
Мен өзге мемлекеттердегі университеттік телеарналар мен радиотолқындардың жұмысын арнайы зерттеп шықтым. Өткен жылы Түркиядағы Стамбұл университетінің теле-радио кешенімен танысып қайттым. Оларда біздегідей мәселе, сапырылысу жоқ. Тып-тыныш. Теориялық және зертханалық сабақтары арнайы аудиторияларда өтеді. Ал, телестудия мен радиостанция тек эфир үшін қызмет етеді. Техникасы соңғы үлгіде, эфирлері 24 сағат бойы жүреді. Онда қызмет атқаратын студенттер штатқа алынады, сәйкесінше тікелей талап қойылады. Оларға арнайы жай мен техникалық құрал-жабдықтарды университет басшылығы алып берген екен. Ал өнім өндіру мен жұмысты жүргізуде жағдай біздікінен әлдеқайда жоғары, басты қаражат көздері жарнама. 
– Біздің оқырмандарымызға айтар тілегіңіз қандай?
– «Үркер» журналы жастардың соңғы кездері сүйіп оқитын журналына айналып келеді. Себебі сіздердің тақырыптарыңыз қызықты, өзекті. Сіздерге де әлеуметтік желіні тиімді пайдаланыңыздар демекпін. Әрбір шыққан журнал нөмірін сол желілерде талқыға салсақ, оқырман саны артады деп сенемін. Сіздерге тек шығармашлық табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет.
– Сіздерге де сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Гүлім РЫСҚҰЛ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.