Қайрау (монолог)

Жарас Сәрсек
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Абыздарым-ай!
Аталарым-ай!
Алаш деп аталатын асқақ халықтың иесі де, киесі де сендер едіңдер. Не боп кетті өзі?


Баяғыдай бабыма қарай сөз қозғап, тіліме қарай ой қозғап, алты қанат ақшаңқан үйдің төріне шақырып, атасақалдарың дірілдеп, абыз кеуделерің күбірлеп, болашағыма – нұр, келешегіме – гүл сыйлап бата беретіндерің қайда? Өшпесем де, өспей қалған жоқпын ба?
Ақжаулықты асыл әжелерім-ай!
Даналығымен күллі ауылға сыйған, келіндерін келеке болудан тыйған ел анасы сендер едіңдер. Не боп кетті өзі?
Баяғыдай ұршығыңды иіріп, ел баласын үйіріп, ыңылдап ғана ән салған, сыртынан жұрты тамсанған сол бір кезді сағындым. Бесігімді тербеп жыр айтушы едің, қиялымды қияндарға жүгіртіп ертегі әлеміне жетелеуші едің. Ертегісіз қалдым ғой. Ертеңімді не қылдың?
Ағаларым-ай!
Қорғаным да, орманым да сендер едің ғой. Қорғаным – әлсіз, орманым – нәрсіз бүгінде. Жалғасы қайда жақсы әннің? Балғасы қайда ағамның? Не боп кетті өзі?
Мен болашаққа қарай адымдап барам. Атадан бата алмаған, әжеден ертегі естімей, ағадан ақыл тыңдамай адымдап барам. Осыны түсінесіздер ме, сіздер? Болашаққа жалаңаш кетіп барам!..   

 

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.