• Руханият
  • 12 Маусым, 2013

Журналистердің тұңғыш шахмат турнирі болып өтті

30 мамырда Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің спорт кешенінде  «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  әріптестер арасында тұңғыш рет шахмат турнирін  ұйымдастырды. Серіктестікке қарасты еліміздің «Ең үздік қоғамдық-саяси басылымы» атанған «Ақиқат»  журналының жүлдесі үшін өткізілген бұл турнирге  бұқаралық ақпарат құралдарының шахматшылары қатысты.

IMG_4487Қаламгерлер арасындағы ұйымдастырылып отырған шахмат сайысының беташарында "Қазақ газеттері" ЖШС-ның бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Мәкейұлы Әділов жарысқа қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
Турнирде «Айқын», «Алаш айнасы», «Қазақстан Заман» басылымдары, «Қазақ радиосымен» қатар,  танымал жазушылар да бақтарын сынады. Атап айтсақ, Мұратбек Әубәкіров, Ибраим Баратов, Аян Нысаналин, Бақытжан Қанапиянов, Тимофей Ким, Асқар Беков, Вадим Махин, Ғазизбек Тәшімбай, Орынбек Өтепов, Амангелді Шопан, Бауыржан Мұқатов, Жұмат Әнесұлы және тағы басқалары. Турнирдің  салтанатты ашылуында сөз алған «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин барлық қатысушылар мен қонақтарға арналған сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған 2050 жолдауындағы әрбір азаматтың салауатты өмір салтына айрықша мән беру керектігі жөніндегі тапсырмасын тілге тиек ете отырып, бұл жарыстың ұйымдастырылуы да осы мақсатпен орайластырылып отырғанын айтып өтті.
Сөйтіп, "Қазақ газеттері" ЖШС-на қарасты басылымдардың оқырмандар ілтипатына бөленген бірнеше жобаларының қатарына "Ақиқат" журналының жүлдесі үшін өтіп жатқан жарыс та қосылды. "Ана тілі" газетінің "Ана тілінің аруы" байқауын , бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы волейболшылар сайысын, Серіктестікке қарасты басылымдар командаларының футбол біріншіліктерінде жүлделі орындарға ие болуын "Қазақ газеттері" ЖШС-ның ақпараттық кеңістікте өзіндік орнын айқындауға үлес қосып келе жатқан жобалар деп айтуға болады.
Салтанатты ашылу рәсімінен соң шахмат сайысы басталды.  Сайысқа республикалық категориядағы төреші, шахматтан спорт шеберлігіне үміткер Дүйсен Үкібайұлы Мурзаев төрелік етті. Жарысқа қатысушы қаламы қарымды қаламгерлер қауымы шахматтан құралақан еместігін көрсетті. Осы орайда айта кетерлігі, турнирге  әлемнің шахматтан бірнеше дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің шақырылуы да жарыстың сәнін келтіргендей болды. Чемпион қызымыз «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлымен достық матчта жеңіске жетті. Ойын барысына көңілі толған Аманхан Әлімұлы ел мақтанышы Жансаяға алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектес екендігін жеткізіп, ризашылығын білдірді.
Екі сағатқа созылған шахмат сайысының қорытындысы бойынша 1-орынға «Қазақ газеттеріне» қарасты «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Нұрлан Құмар қол жеткізді. Жүлделі 2-орынға  «Дала мен қала» газетінің тілшісі Асқар Беков ие болды. Жүлделі 3-орынды Жұмат Әнесұлы иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде  жүлделі орын иегерлеріне турнирдің демеушілері «Алматы Пана Ltd» құрылыс компаниясы, Тұңғыш президент қорының білім беру қоры және «Extrapress» компаниясы дайындаған бағалы сыйлықтар табыс етілді.  Сонымен қатар ардагер журналист-шахматшылар Ғазизбек Тәшімбайға, Аян Нысаналинге, Ағыбай Мұқатайға, Вадим Махинге   турнирді ұйымдастырушылардың атынан алғыс хат табыс етіліп, сый-сияпат жасалды. Сайысқа қатысушылар журналистер арасындағы шахмат жарысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылықтарын айтып, жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табуына тілек білдірді.
 

 

376 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы