- Руханият
- 28 Ақпан, 2024
Біздің «генерал»
Көрнекті ғалым, профессор Ж. Ибрашевтің 95 жылдығына орай
Белгілі ғалым, тарихшы, халықаралық қатынастар саласының маманы, публицист. Жарас Омарұлы Ибрашевтің есімі Қазақстанның бірнеше ұрпағының зияткерлік өмірінің ұмытылмас дәуірімен байланысты. Оның есімін Еуропадағы, Ресейдегі, Орталық Азиядағы, Үндістандағы, Жапониядағы, Түркиядағы және т.б. елдерде халықаралық академиялық қауымдастықтың көптеген жетекші ғалымдары біледі.
Ол өзінің көп қырлы қызметімен әлеуметтік-гуманитарлық саланың бірнеше маңызды бағыттарының негізін қалады: дүниежүзілік тарих,
саясаттану, халықаралық қатынастар және дип-ломатия. Мамандардың әрбір жаңа буыны оның еңбектерімен сусындауды жалғастыруда.
Оның өмір жолы ҚазМУ-мен (қазіргі ҚазҰУ) байланысты. Ол өзінің алтын ұя университетіне 65 жылдан астам уақытын арнады. 1950 жылы Киров атындағы ҚазМУ-дің тарих факультетін бітіргеннен кейін Жалпы тарих кафедрасының ассистенті болып шақырылды. Мұнда ол өзінің кандидаттық және докторлық диссертацияларымен жұмыс істеді, кафедра меңгерушісі болды, «Кафедраның құрметті меңгерушісі» мәртебесіне ие болды.
Ұзақ жылдар бойы профессор Ж.О.Ибрашев
шет елдердің тарихы, батыс еуропалық саяси ой, халықаралық қатынастар теориясы мен тарихы мәселелері бойынша жетекші дәріскер болды. Студенттік аудиториялар әрдайым толып отырды, студенттер, шет елдердің, сонымен қатар еуропалық елдердің тарихы туралы дәрістері мен арнайы курстарына кезекпен жазылды. Ол өзінің байыптылығымен индустриалды қоғамды дамытудың күрделі мәселелерін қалың көпшілікке түсінікті тілде жеткізіп, сол кездегі оқулықтар мен кітаптардан табу мүмкін емес қызықты фактілерді келтіретін.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында ол Ағарту үйінде қоғамдық негізде қалалық аудитория алдында және теледидарда халықаралық қатынастар оқытушысы ретінде сөз сөйлейтін. «Темір шымылдық» дәуірінде халықаралық ақпараттың қолжетімсіздігін ескере отырып, Жарас Омарұлы өз елі туралы да, шет ел туралы да жаңа жаңалықтар мен фактілерді таба білді.
Бірде ол логикалық байланыста жеткізген ақпараттың бай палитрасын қалай игере алғанымен бөлісті: «Біз тарихи әдебиеттерді көп оқып, саяси жаңалықтарды талдап, біздің елде болып жатқан процестерді шет елдердегі процестермен салыстырып, қорытынды жасауымыз керек».
Шетелдік жаңалықтарға кезекті теледидарлық шолуда Ж.О.Ибрашев сол кездегі кеңестік адамға белгісіз маңызды дүниежүзілік саяси жаңалықтың мәнін түсіндірді. Кеңес әскерлерінің 1968 жылғы Чехословакияға басып кіруі туралы айтты. Оның сөзінде бұл оқиғалардың ресми нұсқасына қайшы келетін айыптау болды. Қызы Светлананың айтуынша, ол халықаралық қатынастар саласының дәріскері ретінде бағдарламаларға шақырылмады және кейінірек белгілі болғандай, ол «қара тізімде» болған, яғни оның тәуекелі мен батылдығы келеңсіздіктер тудырған. Кейіннен оның бұл әрекеті Ибрашевтың «азаматтық ерлігі» деп аталатын болады.
Кезінде ол, Францияны және бүкіл Еуропаның тарихын жақсы білетін аңыз адам болды. Ол Францияның қазіргі саяси, әлеуметтанулық және дипломатиялық тарихының өзекті мәселелерін, ал кейінірек Еуропадағы интеграциялық процестерді зерттеуге бағытталған француз ғалымдарының қазақстандық мектебінің басты ұйымдастырушысы болды, оның пікірінше, алғашқы сарын Францияға тиесілі болды.
Диссертациямен жұмыс істей отырып, Жарас Омарұлы танымал француз танушы ғалымдар –
В.П.Смирнов, В.Г.Сироткин, Г.Г. Дилигенский, Г.Н.Новиковпен және т.б. тығыз байланыс орнатты. Кейіннен олар ҚазМУ-дегі француздық және еуропалық бағыттарға қолдау көрсетті, тарих факультетіне келіп, студенттер үшін дәріс оқыды, кеңес берді. Ж.О.Ибрашевтің арқасында мені Мәскеуге ММУ-да (Мәскеу мемлекеттік университеті) бір ай бойы диплом алдындағы тағылымдамаға жіберді, маған профессор В.Смирнов қамқоршы болды. Содан бері ҚазМУ-дің Қазақстандық студенттері мен аспиранттарына атақты ғалымдар тарапынан шынайы қолдауы негізінен Жарас Омарұлының ғылыми және достық байланыстарының арқасында мүмкін болды.
Жарас Омарұлы өмір жолында жолыққан жандардың барлығы оның жауаптылығын, әдептілігін, ақылдылығын, ойлауының кеңдігін бағалай білді.
Берік ғылыми байланыстар мен мызғымас достық оны Ташкент мемлекеттік университетінің дүниежүзілік тарих кафедрасының ғалымдарымен де, әсіресе профессор Г.А. Хидоятовпен байланыстырды. Сол кезде Ташкентте Жарас Омарұлы өзінің жас әріптестеріне жол ашқан өңірдегі жалпыға бірдей Тарих бойынша жалғыз диссертациялық кеңес жұмыс істеді. Кейіннен мұнда К.И.Байзакова, Т.В.Сулеева, А.М.Дүзенов, Л.Ф.Щербинина өзінің кандидаттық диссертацияларын қорғады. Жарас Омарұлы
сол кездің өзінде басқа қалалардың, басқа республикалардың, басқа елдердің университеттерімен ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығын түсінді. Кейінірек бұл тәжірибе оған тәуелсіз Қазақстанның ауқымды халықаралық ғылыми байланыстарын тез орнатуға мүмкіндік берді.
Қазақстанда бірінші болып жаңа ғылыми бағытты – еуропалық саяси ойды, оның елдер мен халықтарға әсерін зерттеуді бастады. Көптеген саяси қайраткерлер еуропалық ойдың дамуына баға жетпес үлес қосты. Жарас Омарұлы үшін батыр француз генералы Шарль де Голль болды және солай болып қала берді. 1986 жылы ол «Францияның саяси ойындағы голлизмі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оның басшылығымен голлизмнің әртүрлі қырларын зерттеген тарихшылардың тұтас бір үлкен мектебі қалыптасты.
Көптеген жылдар бойы еуропалық саяси ойдың тарихын зерттей отырып, Ибрашев диссертациясында белгілі ойшылдардың саяси көзқарастары көрініс тапқан шәкірттер тобын дайындады. Еуропалық интеграция Еуропалық қауымдастыққа айналғанға дейін, ғасырлар бойы көптеген зиялылар біртұтас Еуропаны армандаған болатын.
Қазақстан Республикасы мен әлемнің жетекші елдері арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейін Ж.О. Ибрашев көптеген шет елдердің елшіліктерімен байланыс орнатты. Бұл байланыстар тұрақты кездесулер, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б. негізінде нақты контурларға ие болды.
Осылайша, Қазақстанның Еуропалық Одақпен дипломатиялық қатынастары орнағанға дейін Қазақстанда интеграциялық идеяны іске асыруға зор үлес қосқан ынталы зерттеуші топ өмір сүріп, жұмыс атқарды. Профессор көптеген ғылыми мақалаларында, брошюраларында, оқу құралдарында және монографияларында көрініс тапқан еуропалық интеграция мәселелеріне елеулі ғылыми әзірлеме жүргізді. Профессордың басшылығымен 2000 жылы Еуропа мен Орталық Азиядағы интеграциялық процестерге арналған аймақтағы алғашқы еңбек, «Еуропалық Одақ және Орталық Азия» монографиясы жазылды.
Жарас Омарұлының ғылыми идеяларына ынталы жас ғалымдар осы бағытты әзірлеуге кірісті және көп ұзамай республикада еуропалық интеграция бойынша алғашқы мамандарға айналды. Осылайша Қазақстанның еуропеистика ғылыми мектебі қалыптасты.
Тәжірибелі педагог және байсалды ғалым ретінде Жарас Омарұлы мемлекет тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен дипломатиясын зерттеуге көп көңіл бөлді. Мәселен, жетекші ғалым, халықаралық қатынастар саласының білікті маманы, профессор Ж.О. Ибрашев өзінің беделінің арқасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Республикадағы тұңғыш халықаралық қатынастар факультетінің ашылуына ықпал етті. Факультет деканы Гүлжаухар Жамбатыровамен бірге «халықаралық қатынастар» жаңа мамандығы бойынша мемлекеттік бағдарламаны бекітуге көп күш жұмсады. Осы уақытта факультетке Сыртқы істер министрлігінің жетекші қызметкерлері, оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев шақырылды. Ибрашев қазақстандық дипломаттарға ғылыми ізденістерді жалғастыру қажеттігі жөнінде кеңес берді және көп ұзамай «халықаралық қатынастар және сыртқы саясат» мамандығы бойынша диссертациялық кеңесте «Қазақстанның сыртқы саясатындағы Азия-Тынық
мұхиты мемлекеттері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғалды.
Ж.Ибрашев Францияның ғылыми орталық-тарымен тығыз ғылыми байланыста болды. Ғылыми қызмет пен тығыз достық байланыстырған Ренн-1
университетінің профессоры болды. Осы университетте бірнеше жыл бойы Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің саяси ғылымының мәселелері бойынша үлкен резонанс тудырған дәріс курстарын оқыды. Жарас Омарұлының осы университеттің профессоры Патрик Гийолмен достығы үлгі алуға тұрарлықтай болды. Олар жас кезінде, 1957 жылы Мәскеудегі Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестивалінде танысты және достықтары өмір бойы жалғасты. Тәуелсіздік алғаннан кейін олар өз университеттерінің халықаралық ынтымақтастығын дамыту үшін, сонымен қатар Алматы мен Ренн қалалары арасында шынайы серіктестік орнату үшін көп жұмыс жасады. Қазақстанда көптеген дәрі-дәрмектер тапшылығы болған 1990 жылдардың басындағы қиын кезеңде Патрик Гийоль мен Ибрашев «Шекарасыз дәрігерлер» бағдарламасы арқылы Алматыға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізуді ұйымдастырды. Патрик Гийоль кейіннен өз университетінде қазақстандық жас зерттеушілерді қабылдап, оларға кеңес берді, бірлескен еңбектерін жариялады.
Жарас Омарұлы халықаралық қатынастар факультетінде «Елшілік сағатын» өткізудің бастамашысы болды, оған дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары студенттер мен оқытушылар алдында өз елдерінің сыртқы саясаты мен дипломатиясы мәселелері бойынша сөз сөйлеуге шақырылды.
Табиғатынан белсенді ғалым Ж.О. Ибрашев
Халықаралық қатынастар мектебінің ғылыми зерттеулерінің ауқымын едәуір кеңейтті. Оның басшылығымен интеграциялық процестер аясында қазіргі саяси тарих, Франция, Германия, Ұлыбритания, Түркия, АҚШ, Ресей, Қытай, Таяу Шығыс, басқа елдер мен аймақтардың сыртқы
саясаты мен дипломатиясы мәселелері зерттелді. Ол 12 монография, 100-ден астам мақала, бірқатар
оқу-әдістемелік құралдар жариялады.
Еуропалық интеграция жүйесін құру ісінде жетекші еуропалық елдердің жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып, профессор Ж.О. Ибрашев көптеген
жаңа тұжырымдамалық ережелерді, соның ішінде Паназияцентризм идеясын ұсынды. Ол өз уақытынан озық, болып жатқан оқиғаларды бағалауда және халықаралық қатынастарға деген көзқарасында алда болды. Соңғы сәтке дейін ол жаңа, инновациялық бағыттарды дамытты. Соңғы жылдары ол еуразияшылдық идеямен тығыз айналысты. Профессор Ж.О. Ибрашев Халықаралық қатынастар факультетінде 2012 жылы ашылған Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығын құру идеясын ұсынды. Ол әл-Фараби атындағы университет жанындағы Еуразиялық ғылыми мектептің негізін қалады.
Жарас Омарұлының қазақстандық білім беру жүйесі үшін, қазақстандық халықаралық ғылыми мектебін дамыту үшін, халықаралық қатынастардың бірінші факультетін құру үшін, Орталық Азиядағы алғашқы Еуропалық ақпараттық орталықты ұйымдастыру үшін, Еуразиялық зерттеулер орталығының негізін қалау үшін және т.б. атқарған жұмыстарының барлығын тізіп жеткізу мүмкін емес.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.О. Ибрашев өзінің жемісті жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің грамоталарымен, «Жемісті еңбегі үшін» медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР БҒМ «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Ресейдің Алтын қауырсыны» ұлттық әдеби сыйлығымен, Әдеби қауымдастықтар Достастығы Халықаралық жобасының Дипломымен, Ресей Жазушылар одағының, «Жалпыға ортақ бейбітшілік үшін» халықаралық федерациясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің» Алтын медалімен»
марапатталды.
Профессор Ж.О. Ибрашев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 65 жылдан астам жұмыс істеп, қазақстандық жоғары білімнің дамуына, халықаралық қатынастар саласындағы жаңа ғылыми бағыттың дамуына баға жетпес үлесін қосты, жүздеген қазақстандық дипломаттарды дайындады және өз елінің тарихында өшпес із қалдырды.
Жолын ашқан шәкірттерінің саны жетерлік. Оның әр шәкіртпен жұмыс істеу қабілеті де, шыдамдылығы да жеткілікті болды.
Ол шәкірттерін тек ғылыми жұмыс дағдыларына үйретіп қана қоймай, академиялық адалдықты, ғылыми этиканы, ғылыми көзқарастарын талқылау және қорғау дағдыларына үйретті. Жарас Омарұлы нағыз зиялы, өте кең эрудицияға ие тұлға болған. Ол көптеген мәселелердің алғышарттарын жақсы білді және сонымен бірге әлемдік саясаттың соңғы жаңалықтарынан хабардар болды.
Жарас Омарұлы жомарт еді, әріптестерінің, шәкірттерінің жекелеген әлсіз жақтарын кешіре білді. Қашан да жас әріптестеріне қолдау көрсете білді. Бірақ ол ешқашан алдауды, жалғандықты қабылдамады, кафедрада жанжал мен өсектің тарауына жол бермеді.
Мен мұны оның соңғы Еуразиялық «үйіне», оның кабинетіне кіргенде ерекше сезінемін. Көздерім оны бірден үлкен үстелден іздейді, онда ол сабақ өткізді, бізбен сөйлесті. Мен онымен ойша әрдайым амандасамын.
Ол мұқият жинаған бірегей кітаптар мен журналдарда белгілер мен бетбелгілер қалдырған және бұл оның Еуразияға қызығушылық танытқан соңғы магистранттар тобымен бірге жасаған методикалық жұмыстарының жалғасы. Соңғы күніне дейін ол Еуразиялық зерттеулер кітапханасын жинады, өзінің табанды өтініштері арқылы Еуразия жобаларымен айналысатын әртүрлі институттардың, әртүрлі елдердегі таныстары мен бейтаныс адамдарына қоңырау шалу арқылы кітаптарды жинақтады.
Біз алыстан әкелген өмір мен жаңалықтарға деген оның шынайы қызығушылығын көрсететін. Үндістаннан іссапардан келген соң, Жарас Омарұлына Мумбай университетінің Еуразия зерттеу орталығында өткен семинардағы үнділік әріптестеріміздің Еуразиялық бағыт бойынша бізбен ынтымақтасуға дайын екендігі жайлы айтқан болатынмын. Ұзаққа созбай, ол демеушілер тауып, Раза Сарбаеваны Үндістанға конференцияға жіберіп, оған ынтымақтастық туралы шартты әкелуді тапсырды. Өзі профессор Санджай Дешпандеге (Sanjay Deshpande) хат жазып, оның идеяларының ағылшын тіліне дұрыс аударылғанын тексерді, хат-хабарлардың басталғанына және тіпті Үндістанда пікірлес адамдар болғанына қуанды. Оның шексіз шығармашылық белсенділігі, жаңа белгісіз қызмет саласына жеңіл кірісіп кеткені таңғалдырды. Осылайша жаңа байланыстар пайда болып, оның Еуразиядағы жаңа жобалық зерттеулері басталды.
Жарас Омарұлы өз идеясын кез-келген тыңдаушыға жеткізіп, баурап ала білді, осы арқылы тыңдаушы тараптан қолдау тауып, содан кейін онымен бұл идеяларды жүзеге асыра білді.
«Ибрашевтің кешкі қоңырауын» естімегенде, ол жоқ екенін біртіндеп түсіне бастадым. Ол университетте, кафедрада болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алуға асық болып тұратын. Одан елдегі, қаладағы әлі естіп, көріп үлгермеген оқиғалар туралы ақпарат алушы едік. Жарас Омарұлының кетуімен уақыт та, телефонмен сөйлесу әдеті де кетті, енді ешкім қоңырау шалмайды, қазір барлығы ұялы байланысқа ие, біз өз істерімізді тез және біртекті тіркестермен шешіп, қалғанын «кейінірекке» қалдырамыз. Факультетке жиі келе алмағандықтан, Жарас Омарұлы телефон арқылы ақпараттық өрісті толтырып, ой жүгіртіп, таңғаларлық дұрыс тұжырымдар, болжамдар, ең бастысы, кеңестер мен ұсыныстар беретін және олар көп ұзамай әртүрлі мәселелердің ең дұрыс шешімдері болып шығатын.
Оның ішкі сенімділігі, жеке белсенділігі, тәжірибесі инновацияларға деген тынымсыз қызығушылығы және ол қалыптастырған жас ұжым халықаралық қатынастар немесе халықаралық құқық, саясаттану немесе аймақтану, дүниежүзілік тарих және тіпті шығыстану саласында болсын, жаңа
мамандықтардың тиімді дамуының негізі болды.
1980 жылдардың аяғында оның сабақтарына тек студенттер ғана емес, «саясаттану» және саясаттану ғылымы жайлы тыңдау үшін жоғары оқу орындарын бітірген немесе басқа университеттерде оқыған адамдар келе бастады. ҚКФ (Қоғамдық кәсіптер факультеті) әдіскері ретінде мен ҚазҰУ-да кешке белгілі ғалымдардың көпшілік дәрістерін ұйымдастырдым, алматылықтар мұндай дәрістерге көптеп келетін! Жарас Омарұлы шет елдер мен халықаралық қатынастарды социологиялық талдау сияқты пәнді енгізіп, маған осы тақырыпты жүргізуді тапсырды.
Ол өзінің арнайы курстарында голлизм идея-ларын көп қолданды, сол жылдары билеуші саяси элитаға арналған тақырыптар бәрін таңғалдыратын, және Ибрашевті генерал де Голльдің адами келбеті мен мінез-құлқы қатты қызықтыратын. Біздің кезімізде тіпті университетте «менің генералым» деген сөз басымдыққа ие еді. Бұлай студенттер Ибрашевті де Голльмен салыстыратын.
Де Голль сияқты, Ж.Ибрашев те кез-келген жағдайда өз бастамаларын сәтті жүзеге асыра алды. Сондай-ақ, генерал де Голль сияқты, Ж.О. Ибрашев,
партия оқытушыларының арасында жалғыз өзі, кеңестік партия номенклатурасының қисаюы
туралы ашық әңгімелер жүргізуге қымсынбады. Де Голльдің мінез-құлқының көптеген белгілері Ибрашевтен табылатын. Ол белгілер – ақылдылық, қарапайымдылық, қатаңдық пен адамгершілік, жанның жомарттығы, жауапкершілік, өзін-өзі тануға деген ұмтылыс, таңғаларлық жады (ол барлық әріптестерінің тек қалалық емес, мобильді телефон нөмірлерін есінде сақтай алатын!), жаңашылдыққа деген құштарлық. Жарас Омарұлы менің «wissenschaftlicher Vater» (менің ғылыми әкем), әріптесім, шынайы досым бола білген адам.
Оның ғылымға қызмет ету өсиеттерін негізге алған жаңа білімге ашық ғалымдардың жас буыны өсуде.
Біз ғалым, тәлімгер, Қазақстанның халықара-лық қатынастарының, сыртқы саясаты мен дипломатиясының қалыптасуы мен өзгеруінің тұтас тарихи дәуірін бейнелеген жарқын адам – Жарас Омарұлы Ибрашевтің елеулі еңбегін мәңгілікке жадымызда сақтаймыз.
Мен үшін Ибрашев Жарас Омарұлы – ғалым, ұстаз, кемеңгер басшы, кеңпейілді, байсалды, мәдениетті жан, қашан да адалдық пен адамдықты ту еткен аса қадірменді Адам (Жазира Идрышева). Бүкіл саналы ғұмырын білімге, ғылымға арнаған ғалым-ұстаз, өз өмірінің мәнін отандық ғылымға адал қызмет ету деп білген абзал жанның арамыздан кеткеніне бірнеше жылдардың жүзі болды.
«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген қазақтың даналық сөзіне сай, Жарас Омарұлы орасан зор еңбектенуінің арқасында еліміздің халықаралық қатынастар саласының қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосты, артына өшпес мұра қалдырды.
Көреген ғалым, тәжірибелі ұстаз, өрелі қайраткер саналы ғұмырын елінің жаңа сұранысын қанағаттандыруға арнады. Мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап егемен елдің халықаралық қатынастар саласында ұлттық мамандарды даярлауды бірден қолға алып, қыруар еңбектің нәтижесінде республикамызда алғаш әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығының ашылуына мұрындық болды. Сондықтан, біздің мамандығымыздың жасы еліміздің егемендігімен қатарлас деуге болады.
Негізін Ж.Ибрашев, Г.Жамбатырова қалаған халықаралық қатынастар факультеті қазірде қанатын кеңге жайған, өзіндік жетістіктері мен орны бар университеттегі белді факультеттердің бірі. Оның дәлелі факультет түлектерінің әлемнің бірқатар елдерінде елшіліктер мен консулдықтарда, халықаралық ұйымдарда, оның өкілдіктерінде, түрлі мемлекеттік мекемелерде жауапты қызметтер атқаруында.
Жарас Омарұлы – өз мектебін қалыптастырған ғалым, көптеген оқулық, оқу құралы, ғылыми еңбектердің, арнаулы курстардың авторы. Ол кафедраға меңгерушілік еткенде кафедраның ғылыми-зерттеу бағыты – еуропалық интеграциялық үдерістер болғандықтан, сол кезеңдегі аспиранттар мен ізденушілердің ғылыми-зерттеу жұмыстары осы мәселе аясында оқып-зерттелінді. Нәтижесінде кафедра ұжымы еуропалық интеграциялық үдерістерді кешенді қарастырып, талдау мүмкінді-гіне ие болды және көптеген оқу құралдары, оқулықтар, монографиялар, арнайы курстар өмірге келді. Жарас Омарұлының көп жылдық ізденісінің қорытындысы ретінде «Жаһандану және интеграция» атты арнайы курсы студенттер мен жас ғалымдарға жол тартты. Кейіннен осы интеграция мәселесін кеңейту бағытында, яғни еуразиялық интеграциялық үдерістер мәселесін қолға алып, Еуразиялық зерттеулер орталығын ашты.
Жалпы жеке адамның өзіне ғана тән мәдениетінде өзгелерге ерекше білінетін қасиеттері мен мұндалап тұрады ғой, Жарас Омарұлы студент, жас ғалымдар, әріптестермен тең дәрежеде сөйлесетін. Бұл қарапайымдылығы зиялы ғалымның тұлғасын одан әрі ірілендіре түсетін.
Тәуелсіз Қазақ елінің білімі мен ғылымына қосқан ұлағатты ұстаздың жемісті еңбегі, ғибратты ісі асыл құндылықтар қатарында ерекше бағаланады және шәкірттерінің жүрегінде мәңгі өшпей, ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Мара Губайдуллина,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Жазира Идрышева,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Халықаралық қатынастар
және әлемдік экономика кафедрасының оқытушылары
6796 рет
көрсетілді0
пікір