• Руханият
  • 05 Ақпан, 2024

Қамшының құдіреті (Қазақ халқының қамшы туралы таным-түсінігі)

Болат Бопай,
жазушы, этнограаф

Қамшы – қазақ халқы үшін  ат мініп жүруге,  қолға ұстап тұтынуға, үйге іліп қоюға, сыйға тартуға ғана арналған  жай құрал  емес. Қамшы – қазақ халқының қолөнері мен мәдени өміріндегі, тарихындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі, рухани дүниетанымындағы, материалдық мәдениетіндегі көне мұраға айналған жауһар жәдігері.  Қазақ халқының салт пен дәстүрін бойына толық сіңірген атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып жеткен құнды құралы, тұтыну бұйымы.
Қазақ халқы – «Қамшыда кие  болады», «Қамшыда  ие болады», «Қамшыда айбар болады», «Қолына қамшы ұстанған азамат айбарлы көрінеді», «Қамшы ұстаған адамнан жын-шайтан қорқады», «Қамшы ілінген үйге жын-жыбыр кірмейді»  деп, қамшының қасиеті мен  киесіне еш күмәнсіз сенеді.
Бағзы бабаларымыз қамшының сол қасиетін толық пайдаланып, жынданып, құтырып,  желігіп, желденіп, есі  ауысып ауырған  адамды  қамшымен  ұшықтап, емдем-домдап, ауруынан айықтырып алатын болған.
Әуелі, дауға түскенде, жауға барғанда, барым-талы шайқасқа араласқанда  оң қолына қамшы алып, оң тақымына шоқпар қысып, астына есік пен төрдей ат  мініп, үстіне ақ кіреуке сауыт киіп, күш-қуатын бойына жиғанда батырдың арыстандай айбатынан қарсы жақ ығып-сасып, жасып, сағы сынып  қалатын кездері де болған.
Тіпті, бітпейтін  дауды  дауласпай  шешіп, жауласпай  кесіп, бір бітімге келіп, батырға құрмет етіп, қалағанын сыйлап, сұрағанын беріп, қамшы үстінде серттесіп, қамшы көтермей-ақ берекеге келетін болған.
Міне, бұл – қамшы киесінің, қамшы иесінің, қамшы жолының ұлттық дүниетанымдық  дәстүріне айналған   нақты, затты көрінісі, тағылымды тәрбиесі. 
Қазақта «Қамшы  –  ұл болсаң, қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» деген  маржан мақал бар. Осы мақалдың мәйегінде терең философиялық ой,  кемелді логикалық  дәстүр бар.  Ұялы ұлы ұғым бар. Қамшы жай құрал емес. Ол – ұл болып өмір сүру мен құл болып тіршілік етудің шекарасын шегендеп айтып тұр.
 Бүгінгі  жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәс-түрден алыстап бара жатқан жастарымыз қамшының қасиетін, қадірін, киесін, дәстүр тағылымын, ерекше-лігін,  сымбаты мен сипатын жете білуі керек.
Қамшы қалай жасалады? Оны  кімдер жасаған? Оны қандай мақсаттарға қолданған?  Қамшының қанша  түрі бар? Олар  қалай аталады? Қамшы қанша құрамнан құралады?
Иә, көкейдегі көп сұрақтың жауабын көгенкөз ұрпақпен бірге бөлісіп, қамшы сырын, қамшы атауынан бастаған жөн секілді.
Онда қамшы деген не?
Қамшы дегеніміз атан өгіздің, сегіз жасар серкенің иі қанған терісінен таспалап тіліп,  маржандай тізіп өріп жасаған, тобылғы сапты, мүйіз сапты, ырғай сапты, күміс сапты, былғары сапты көлік жүргізуге, ат мініп қамшылауға, мал қайырып бағуға арналған,  қолға ұстауға қолайлы құралды «Қамшы» деп атайды.
Қамшы деген атау 
қайдан шыққан?
Қазақ тілінде – «Қам» деген түбір сөз бар. Бұл сөздің тура және ауыспалы екі түрлі мағынасы бар.  «Қам» сөзінің төркініне ой ұзатып көрейікші.
1. Қам – бір нәрсенің не адамның жай-күйі. «Басында қамы бар  адам екен, қамығып жүріпті» деген сөз тіркесінен қам сөзінің мағынасы айқындала түседі.
2. Қам – іс-әрекеттің не амал-айланың барысы. Бір іске кірісу үшін ол істің қамын тауып істеу керек.
3. Қам – адам басына түскен қайғы, мұң, шер, уайым, қасірет –  «Қам» деп аталады. Сондай қамыққан адамға қамқоршы болу, бірге қамығу, қамқоршы болу дегенді меңзейді.
4. Қам – иі қанбаған тері, толық істелмеген шала жұмыс, не толық піспеген астың  түрі. Қазақта «Бала – баланың ісі шала» деген мақал бар. Тоқетері,  шикі, дүмбілез, шала, жетілмеген, піспеген, дүниенің бәрі – «Қам дүние».
5. Қам – ашулану, зақарлану, бұлқан-талқан болу, шамдану, шәргездену.
Ақылы шолақ деген ұғымды білдіреді.
6. Қам – қамту, қармау, қамтып қалу.
7. Қам сөзінен – «Қамдау» деген атау туындаған. Қамдау деген зат сататын дүкен. Халықты тұтыну бұйымдарымен  қамдайтын орын. Ал зат сататын адамды – «Қамдаушы» дейді. Қамдаушыдан халықтың қамшысы деген ұғым шығады.
8. Қам – қажеттіліктен туады. Қол жетпеген дүние, адам басына қам болады. Сенің қамыңды жеп, саған көмек беріп, сенің қажетті дүниеңе қол жеткізіп көмек көрсеткен адам  сенің  «Қамшың» болады.
Жә, сонымен бағзы бабаларымыз «Қамшы» деген атауды, «Қам» сөзінен алып – «Қамшы» деген қол құралды жасаған екен.
Қамшы – қазақ халқы үшін баға жетпес бабадан қалған асыл құрал, құнды жәдігер. Бұл – ғасырлар бойы  қазақ халқымен бірге өмір сүріп келеді. Ата дәстүрін үзбей ұрпақтан-ұрпаққа сабақтап келеді, салтын жоғалтпай сақтап келеді, ата жолын ақтап келеді.
Қам демекші, қам сөзіне  айналып соғайықшы.  Әр азамат, әр азаматша  әр істің  қамын жейді, әр істің  қамсыз іске асуын ойлайды, армандайды. Бұл әр пенденің қарақан басының қамы болар...
Ал, ұлы тұлғалар ұлт қамын, отан қамын, халық қамын, ұрпақ, болашақ қамын жейді. Тарыдай  қамнан, таудай қам  жеудің,  астарында қамсыз өмір сүру жолын іздеген ізгі тілек жатыр. «Байдың бишігі ұзын, кедейдің қамшысы қысқа» деген тәмсілдің тасасында да, таспалы ой өрімі бар. Қамшы өрімшілері қамшы бойына осындай ой толғақтарын сіңіре өргені, терең философиялық ұғымдар ұялатқаны дау тудырмайды.
«Қам жеу» деген беймәлім ұғымды, «Қамшы» деген заттық ұғымның бойына сіңіріп, заттандырып жіберген елміз. 
Қамшы – бойына егіз екі  ұғымды бірдей ұялатып, оның өріміне өнеге қосып өріп тастаған елміз.  Бірі – «Рухани қамшы»,  адам жан дүниесінің қамы мен қамшысы. Енді бірі – заттық бұйымы, қол қаруы.
Әне, қамшы бірде рухани –  «жанашыр», «қамығушы», «қамқоршы» деген ұғымды  үстемелеп ұқтырса, енді бірде қолға тұтынатын кәдімгі зат – «қамшы» деген атауды ұқтырады. Осы екі егіз ұғым қамшының қасиетті де киелі зат екенін ары қарай айқындай түседі.
 Қазақ дүниетанымында қамшыны кез келген өрімші өре бермейді. Қолынан өнері тамған, бойында қасиеті бар, елге үлгі мен өнеге көрсете алатын, тағылымы танымал, шебер өрімшілер өреді. Қамшы өретін шеберді «Өрімші» деп атайды.
Әр өрілген қамшының өзіне тән бағасы, құны, арзан-қымбаты болады. Әдеттегі жай өрімшілер өре салған қамшы мал қайыруға, ауыл аралап,  ат мініп жүруге ғана  жарайды.
Қамшыны қазақ халқы тұрмыс-тіршілігінде өте көп мақсаттарға пайдаланады. Сол мақсаттардың мазмұнына қарай қамшы өрімшілері әр алуан әдіс, амалмен, дәстүр тағылымына, эстетикалық талғамына сай, асқан шеберлікпен өреді. Өрімшінің де өзіндік дүниетанымы, өзгеше өрімдік өнері, өнегелі көзқарасы болады. Ғылыми негізі, фантастикалық ой-орамы, логикалық жымы, қиын қисыны, аңыздық хикаясы болады. Оны екінің бірі, егіздің сыңары өре алмайды. Қамшы өретін қайыстың иі қанған, таспасы мінсіз тілінген, өрімі  маржандай  тізілген, тобылғы сабы майда, алақаны жайлы,  бүлдіргесі берік, сап орамы  қолға жағымды, зер тастармен көмкерген мінсіз  келуі шарт. Ол сонда ғана құнды қамшы болып бағаланады.
Қазақ  сыншылары батыр мен балуанды, сал мен серіні, бай мен бақташыны қолына ұстаған қамшысынан айтқызбай  танитын болған.
Ал, әйел адамға арналған қамшының жөні басқа, сыры бөлек. Әйелдер ұстайтын қамшыны қару ретінде емес, зергерлік, сәндік, көркемдік, әдемілік, сұлулық, жылылық, нәзіктік мінезге бағыштап өретін болған. Ол қамшы анадай жерден көзге түскенде көңілді арбап ала жөнеледі. Сабы мен алақанына орнатылған асыл тастар мен зер өрімдер жалт-жұлт етіп, өзіне бірден баурап тұрады. Әйелдерге арналған қамшыны ерекше әрлеп жасаудың да танымдық тағылымы бар. Қазақ әйел мен балаға тез  тіл тиеді, көз сұғы қадалады деп ырымдаған. Әйел қамшысын ерекше көз сүрінердей әшекеймен әрлеп жасаудағы басты мақсаты сол.                                                                                                                                                     Көз бен тіл қамшыға тиеді де, әйел мен бала пәле-жаладан, тіл мен көз тиюден аман қалады деп ырымдаған.
Қамшы – бүгінде әр қазақ шаңырағына сән беретін  ерекше ұлттық қасиетті бұйым ретінде қолданыста. Ол қазақ халқының бірегей өнер туындысы ғана емес, сый-сияпаттың төресі, ер жігіттің серігі, қолындағы қаруы болса, әйел қауымының сәні, бой- тұмары, шаңырағының киелі заты деп бағаланады.
Қамшы  өрімшілері  қамшыны өзіне тән ерекше жарасымды құрылымдардан құрастырып жасайды. Ол құрылымдардың атаулары бар:  «Өрімі», 
«Сабы», «Басы», «Дүмі», «Алақаны», «Бүлдіргесі», «Орамы», «Кежегесі», «Шежемейі», «Айдары», «Мойнағы», «Бүркеншігі», «Бунағы», «Бауыры»,
«Бауырлағы», «Шашағы», «Өзегі», «Түйіні», 
«Шығыршығы», «Топшысы», «Түйнегі», «Білезігі», «Белдігі», «Арқалығы», «Бүршігі», «Шегелігі», «Көздігі», «Қапшығы», «Қарны», «Қарымы», «Белжиегі»,  «Жетесі», «Алқымы», «Ұшы», «Бөртесі» сынды отыз бес не, одан да көп құрамдардан тұрады.
Қазақ қамшысы негізінен екі үлкен бөлектен тұрады.  Бірі – сабы, енді бірі – өрімі. Қамшы сабы – әйел адамның символына баланса, өрімі өрім бұтақ, ұрпақтың символына баланады. «Қамшы сабы сынса, қатын өледі» деген қазақтың ескіден жеткен  көне ырымы осыны растайды.
 Егер, қамшы өрімі ыдырап, тарқалып  кетсе, ұрпақ шашылып кетеді, берекесі бірге  кетеді деп ырымдайды. Жас буын ұрпақ қамшының әр құрамының өзіне тән атқаратын рөлін тануы тиіс. Сонда ғана қамшы деген қандай құрал, қандай өнер, қандай дәстүрмен, қандай мақсатта жұмсалатынын анық біліп, қамшы тарихын жақсы меңгере алады.
Қамшы жасалуына, қолдану  мақсатына, істетілу қызметіне қарай «Сүндет қамшы», «Неке қамшы», «Баптау қамшы», «Бишік қамшы», «Шыбыртқы қамшы», «Темір қамшы», «Зер қамшы», «Дом қамшы», «Балаң қамшы», «Ана қамшы», «Үзбе қамшы», «Тарам қамшы», «Тарлан қамшы», «Келте қамшы», «Шашақ қамшы», «Бәйге қамшы», «Биялай қамшы», «Соп қамшы», «Айыл қамшы», «Салт қамшы», «Бұзау қамшы», «Түйе қамшы», «Бәкі қамшы», «Сарала қамшы»,   «Аң қамшы», «Көкпар қамшы», «Үйір қамшы», «Барымта қамшы», «Дойыр қамшы», «Шоқпар қамшы», «Бәсіре қамшы», «Дүр қамшы», «Жалпақ қамшы», «Жырым қамшы», «Қойбас қамшы», «Тайбас  қамшы», «Қозы қамшы», «Бұзаубас  қамшы», «Бақ қамшы», «Жол қамшы», «Серкебас  қамшы», «Жолай қамшы», «Қатын қамшы», «Қыз қамшы», «Бұжыр қамшы», «Сылық қамшы», «Орама қамшы», «Алтын қамшы», «Күміс қамшы», «Мыс қамшы», «Жез қамшы», «Тікенек қамшы», «Түйебас қамшы», «Балгер  қамшы», «Батыр қамшы», «Атбас қамшы», «Ақ қамшы», «Босмойын қамшы», «Былғары сап қамшы», «Күміс бауыр қамшы», «Қозқамшы», «Қара қамшы», «Тамшы өрім қамшы», «Жылан бауыр  қамшы», «Төр қамшы», «Жантақ қамшы», «Тоқ қамшы»,  «Сабау қамшы» болып алпыс алты түрден асады.
 Қамшы өрілген таспа санына қарай: үш өрімнен бастап, қырық бес  өрімге дейін көбейе береді. Қазақта «Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс» деген тәмсіл бар.  Алты өрімді қамшының киелі күшін, ат үстіндегі адамға көрсетіп, айбар шеге, сес жасап  сөйлеп тұр. Адамның қарым-қайратын  қамшының күшімен танытып  тұр.
Қамшы өрудің де өзіндік өнегесі,  дәстүрлі заңы болады.  Қамшы өрімшілері  екі жасар серке терісінен бастап, сегіз жасар серке терісіне дейін, не  құнан өгіздің иі әбден қанған терісін таспа етіп тіліп, нығыз  өріп жасайды.  Қамшы сабы –  төрт, жеті тұтам ұзындықта болса, өрімі одан екі тұтам ұзын болуы шарт. Ондай өлшеммен жасаудың  ғылыми ерекшелігі бар. Егер қамшының сабы ұзын, өрімі қысқа болса, қамшымен ұрғанда, өрімде күш болмайды. Шолтаң-шолтаң етіп, ұруға қолайсыздық тудырады. Енді бір жағы көрер көзге сөлекет көрінеді. «Қамшы сабынан өрімі аспаған», «Ақылы бойынан озбаған» деген сөз содан қалған. Яғни кеудесі ұзын, аяғы қысқа адам қандай көрінсе, сабы ұзын, өрімі қысқа қамшы да, дәл сондай жаман көрінеді. Қамшының сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі, шашағы, бунағы, алақан шашағы мен ұшындағы шашағы бір-біріне жарасып тұруы керек. Бүлдірге көзі де әдемі сәнімен ойылуы шарт.  Қамшының осы құрамдарының бәрі бір-біріне жарасып, үйлесім тапқанда ғана  ол өте сәнді және сапалы қамшы болып шығады.  Оны «Киелі қамшы», «Сымбатты қамшы», «Бағалы қамшы», «Жәдігер қамшы» деп атайды.
Ал олпы-солпы жасалған, бос өрілген, кез келген жай ағаштан сап салған қамшылар «Жай қамшы», «Әншейін қамшы» деп атайды да, оны тек мал қайыруға ғана қолданады. Кереметтей жасалған қамшыны  кез келген жерге тастамайды. Биік жерге қояды, не кереге басына іледі. Өйтпесе, «Қамшы киесі соғады» деп ырым етеді.
Қамшыға не үшін тобылғыдан сап салады?
Қамшыға тобылғыдан сап салуы – тобылғы өте қасиетті өсімдік. Ол ғасырлар  бойы ұстаса да жарылмайды, тез сынып қалмайды, оңай тозбайды. Тобылғының қызыл күрең реңі қамшыға ерекше жарастық берумен бірге, бояуы ұзақ сақталады, оңай өшпейді. Ұстаған қолға да жағымды. Тобылғы майын тері ауруына, әртүрлі теміреткіге қыздырып жақса, өнімді түрде ем болады. Құрт, бактерияларды тез өлтіреді. Сондықтан алақанға ұстап жүргенде микробтардан қорғайды. Тіске қанқұрт түскенде, шырпысынан тіс шұқығыш жасап, тіс қуысын тазаласа, қақсаған жеріне майын жақса, тіс ауруын жазады.
Қазақтың қамшы өрімшілері қамшыны жұмсалатын мақсатына лайықтап өреді. Мәселен, «Ат қамшы» – атқа мініп  мал қайырғанда қолданатын жай өрімді, жай ағаш сапты қамшы.  «Дыр қамшы» – мал қайырғанда істететін қамшының бір түрі. «Дырау қамшы» – соғысқа арналған қамшының түрі. «Дойыр қамшы» – өрімі жуандау өрілген, салмағы ауырлау қамшы.
«Дүре қамшы» – жазаға тартқандарға дүре соғатын мықты, жаза қамшысы. «Ұзын қамшы» – сабы да, өрімі де ұзын жасалған, алыстан үйіріп ұруға арналған қамшы.
«Шолақ қамшы» – сабы қысқа,  өрімі келте қамшы. «Сарала қамшы» – сары жезбен қапталып жасалған, тобылғы сапты киелі қамшы. «Білеу қамшы» – өрімі тоқ өрілген қамшы. «Орама қамшы» – сабына мыс не темір, болмаса былғарымен қаптап жасаған қамшы.
Қамшы өру шеберлері қамшының  басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салып, көз жауын алардай етіп, өте сәнді қылып жасайды. 
Сарала қамшы жасайтын өрімшілер қайыс таспасына қосып,  жез бен мыс араластырып, сәні мен сапасына бірдей мән беріп,  берік өреді. Қамшының бұл түрін төрге ілуге, ем-домға іс етуге, қамшыгерлік өнерге қодануға, сыйға тартуға, бала бесігінің басына, неке төсегіне, жастығының астына қоюға арнап жасайды. «Сарала қамшыдан сайтан қорқады» деген ескі наным бар.
Мәнерлеп, шашақтап, сабының ұстар жерін жезбен  қаптап, ою-өрнек салып, әдемілеп жасайды. Оны көбінде мырза жігіттер ұстайды. Оның тағы бір түрі бар. Оны «Жез бауыр қамшы» деп атайды. Қамшының бауырын жезбен әшекейлеп, әрлеп тастайды. Оны бойжеткен, әлі ұзатылмаған қыздар ұстайды.
Сабын ақ күміспен қаптап қазақы оюмен өрнектеп жасаған қамшыны «Ақ күміс қамшы» деп атайды. Қамшының бұл түрін бай әйелдер, сетер ханымдар  қауымы ұстайды.
 Ақ былғары қамшының сабын әдемі, жұп-жұм­сақ ақ былғарымен қаптап, шашағын жіп-жіңішке етіп талдап, өрімін маржандай тізіп өреді. Оны «Сымбатты қамшы», «Ақ былғары қамшы» не «Ақ қамшы» деп атайды. Қамшының бұл түрін әнші, биші, өнерпаздар,  сылқым сұлу қыз-келіншектер тұтынады.
Сабын алтын жалатқан темірмен қаптап, алақанына алтын түсті оюмен әрлеп, өрімінің ұшын алтын түсті қысқа шашақ салып жасаған қамшының түрін «Алтын қамшы» деп атайды. Оны бай-манаптар мен хан-сұлтандардың ақ саусақ ханымдары мен бұла өскен  қыздары ұстайды.
Сабын алтынмен аптап, күміспен қаптап, бунақтарына асыл тастардан көз орнатып, алақандарына зер салып ерекше жасаған қамшының түрін «Зерқамшы» деп атайды.
Қамшының бұл түрін, сыйлы, мәртебелі  қонақтарға сыйға тартады. Не сәндік үшін тұмар ретінде төрге  іліп қояды. Оның құны өте жоғары болады.
Атан серкенің  терісін бөлмей, жартысын таспа етіп тіліп өріміне, қалған жартысын қамшы сабына пайдаланып жасаған, сабы мен өрімі бір теріден бұзбай жасалған  қамшыны  «Босмойын қамшы» деп атайды. Оны қолы жеткен  байлардың ұл-қыздары ұстайды.
Сабы мен өріміне алтын-күміс қолданып, алақанына, бунағына алтын орнатып жасаған қамшыны  «Атбас қамшы» деп атаған. Оны бекзат азаматтар  мен ару қыздар ұстайтын болған.
Сабы мен өріміне көп шашақ салып жасаған қамшыны «Айдарлы қамшы» деп атайды. Бұл қамшы көп қамшыдан бөгенайы бөлек қамшы. Оның тарам- тарам көп шашағы  көзге тез түседі. Оны кейде 
«Шашақты қамшы» деп те атайды.
 Өрімі жуан, жұмыр өрілген сәнді, төрт қырлы келген қамшыны  «Дүрқамшы» деп атайды. Оны ел ағалары ұстайды.
Атадан балаға, баладан немереге, немереден  шөбереге, шөбереден неменеге мұра болып, жеті атадан қалған көнекөз қамшыны «Сүндет қамшы» деп атайды.  Оны дәстүр бойынша ұл баланы сүндетке отырғызғанда,  тума-туыстары тобылғы сабы төрт тұтам қамшыны  арнайы сыйға тартады. Болмаса атадан қалған сол көне- көз қамшыны сыйлайды.
Бәйгеге шабатын балаға лайықтап, тобылғымен  саптап жасаған шағын жеңіл қамшыны «Бәйге қамшы» деп атайды.  «Шаба алмасам маған серт, шаба алмасаң  саған серт, ұра алмасам қамшыға серт» деп бәйге қамшыны шабандоз бала қолға алып, жүйріктің үстіне қонады, топқа кіреді.
Көкпар қамшы – көкпар тартуға арналған қамшы. Оның тобылғы сабы  үш-ақ тұтам әрі жуан болады. Көкпар қамшының сабы жылан басты болып келеді. Алақанына көкпаршының қолына зақым келтірмеу үшін ешқандай әшекей салынбайды, темір қолданбайды.
 Неке қамшыны ұлы  ержетіп, қызы  бойжетіп, қалыңдық таңдайтын кезде, қызды ауылға алғаш қыдыруға шыққанда, жігіттің әкесі ұлына ерекше сәнмен өрілген қамшыны қолына ұстатады. Ол қамшыны «Неке қамшы» деп атайды. Себебі қалыңдық тауып, құда түсіп, той жасап, неке қидырып, отау тігіп жатқан кезде сол қамшыны ырымдап, ақ отаудың босағасына іліп қояды. Сөйтсе екі жастың махаббаты баянды болады деп нанады.
Қазақ халқында қамшыны  ұстау, тұтыну және  қолдану тәртібі, заң, ережесі, тәрбиелік тағылымы, әдеп мәдениеті, мағыналы мәні, ырымды жолы, дәстүрлі салты бар.
Қамшыны тұтынатын  адам, қамшыны оң қолға, екі бүктеп ұстайды. Сол қолына ұстаса, «Ісі ілгері жүрмейді», «Бағы байланып, жолы жабылады» деп ырым етеді.
Жол-жосын, бағыт-бағдар сұраған әлдебіреу-лерге, жол нұсқап, бағдар-бағыт сілтегенде, сұқ саусағын шошайтып  көрсетпей, оң қолына екі бүктеп, қамшысымен нұсқайды. Бұл әдептілікке, сыйлағанға жатады. 
Қазақ нашар өрілген, жай ағаштан сап салған қамшыны сыйға бермейді. Олай етсе, «Қамшыны сыйға алған адам ренжиді, қонақ ренжісе, көңілге қаяу түседі, береке қашады» деп сенеді.
Қазақ қамшының өрімін салбыратып, төмен қаратып ұстамайды. Үйге сүйреп кірмейді, біреудің қасында тұрғанда,  қамшысын салақтатып ұстап тұру білімсіздік, көргенсіздік  саналады.
Үй керегесіне сарала қамшыны іліп қойса, «Ол үйге шайтан кірмейді, жамандық жоламайды, жау басынбайды, үйге кірген дұшпанның сағы сынады» деп нанады.
Қазақта қамшы ілудің де мәдениеті, танымдық тағылымы, ырымы бар. Бір үйдегі ерлі-зайыпты екі адамның көзі тірі болса, қамшыны екі бүктеп, лайықты жерге іледі. Ал, ері қайтыс болған әйелдер қамшының өрімін салақтатып іледі. Келген бейтаныс қонақтар  соған қарап, шаңырақ иесінің қайтыс болғанын бірден біліп, отанаға көңіл айтады.
Қазақтың қалыңдық іздеген жігіттері қызды ауылды аралап жүріп, өзіне ұнаған қыздың үйіне арнайы барып түседі. Қыздың әке-шешесіне қыдырып келген сыңай танытып амандасып, қонақ болып аттанады. Кетерінде білдірмей оң жақ кереге басына қамшысын іліп кетеді. Жігіт аттанып кеткеннен кейін, кереге басындағы қамшыны көрген қыздың әке-шешесі жігіттің қызын ұнатып, қамшысы арқылы сұрау тастап кеткенін бірден біледі де, қамшыны қолына алып, сәп салып қарай бастайды. Қамшы кереметтей әшекейленіп жасалған болса, ол жігіт әл-ауқаты жоғары, бай  адамның баласы болғаны іспетті. Ал, қамшысы ырғай сапты нашарлау өрілген болса, кедей, қарапайым шаруаның ұлы екен деп топшылайды. Егер жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатып жатса, артынан келген елшіге қамшыны қайтармайды. Ұнатпай жатса, жаушыдан қамшыны қайтарып жібереді. Оған жігіт еш ренжімейді.
Қазақ ат-көлiкке мiнгенде қамшыны  қолынан тастамай, бүлдіргесін білегіне іліп алып ұстап жүреді. Ал, аттан түсіп жаяу жүргенде қамшыны екі бүктеп, етік қонышына салып алады не белiндегі белбеуіне қысып алады. Ат үстінде қамшы ұстау ыңғайсыз болса, онда тақымына қысады не  ерiнiң алдыңғы қасына iліп қояды. 
Ал үйде отырған кезде қамшыны кереге басының көгiне, уық қарынына, сыртқы дөдегеге,  болмаса үй белдеуіне,  аша бақанның бұтағына іліп қояды.    
Дауға барса, қамшысын үйге сүйретіп кіріп, төрден не босағадан орын тисе, қамшысын екі бүктеп, оң тізесінің астына қойып басып отырады.
Қазақ – ашық айта алмайтын не айтуға аузы бармайтын кейбір  сөздері мен ойларын қамшыны  қолдану арқылы қарсы жаққа білдіретін, жұмбақтап  жеткізетін болған.  Мысалы, «Қамшы сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі»  деп  ырым етеді. Біреудің қатыны өліп, оны сөзбен айтып естіру қиын болған жағдайда, қамшы сабын сындырып көрсетеді. Оны көрген адам әйелінің қайтыс боғанын бірден біледі. Күйеуі қайтыс болған әйелге, пышақ сабын сындырып көрсетсе, ол әйел күйеуінің дүниеден өткенін түсінеді.
Қазақ  баяғы заманда, бөтен бір шаңыраққа бас сұққанда, ол үйде қанша ұл, қанша қыз баласы бар екенін  кереге басында  ілулі тұрған қамшының санына, ол қамшының қалай жасалғанына қарап, олардың қандай жұмыстармен айналысатынын айтқызбай-ақ біліп отырған.
 Кереге басында әдемі күмістелген, нәзік өрімді қамшы тұрса, соның санына, сәніне қарап, қанша қызы бар екенін, дойыр жуан қамшылардың санына қарап ұлының нешеу екенін және аңшы, не барымташы,  болмаса малшы екенін, не сал-сері, әнші, күйші, ақын екенін біледі. Бұл – қамшы  тілін білу деп аталады.
Қазақ қамшыны билік белгісі, бақ жаршысы деп түсінген. Сақ, Ғұн, Алан, Үйсін, Көктүріктер заманында   сарала қамшы, алмас қылыш, алтын аяқты (тостаған)  патшалардың мүлкі деп есептеген. Соған байланысты қызын ұзатқанда, қайын ата күйеу баласына үйдің билігі күйеу балада болсын деп, қамшысын сыйға беру дәстүрі де болған.
Қазақтың қамшы сыйлау дәстүрінде үлкен адамның оң қолына қамшының сабын ұстатып, қыз не әйел адамға қамшының өрім жағын ұстатып сыйлайды. Бұлай ұсынудың да өзіндік ырымды жолы бар. Қария адамдарға қамшының сабын ұстатып ұсынбаса, теріс тілеулі адам, сабын ұстатып ұсынса, оң тілеулі адам екен деп қабылдайды.
 Ал, әйел адамға қамшының өрім жағын ұсынуы жолы жіңішке, жүрегі нәзік, қамшының қатты сабын ұсынып сыйласа, жолы қатты адам екен деп, әйел адам қамшыны алмай тастап кететін болған.  Тұяқ сапты қамшыны жігіт пен қызға сыйға ұсынбайды. Себебі тұяқтың жолы ауыр, кейін үйленгенде қу тұяқтай жалғызбасты болып сопиып қалмасын деп ырым етеді.
Емші, бақсы-балгерлердің жын-шайтан қуатын киелі қамшысын сұрап алып, үйлеріне іліп қояды. Оны басқа мақсатқа пайдаланбайды. Өйткені ол қамшыда қасиет бар деп сенген. Үйде балаларына тіл-көз тиіп, сұқ қадалып ауырып қалса, сол қамшымен айнала ұшықтап, сабалап қойса, ол бала ауруынан лезде сауығып кететін болған. Ол сол қасиетті қамшының киесінен жазылды деп санайтын.
Батыр қамшыгерлердің қамшысын да ат-түйедей қалап, сұрап алатын ырым болған. Өйткені өзінің  ұрпақтары да сондай батыр болып өседі деп нанған.
Ұл баланың тұсауын кескенде жеті қадам алға жүргізіп, тұсауын кесе сала қолына қамшы ұстатады. Онысы ел билеген, жер қорғаған ер болсын дегені. Жеті жасқа толғанда тай мінгізу салтын атқарғанда, тағы да  қолына қамшы ұстатады. Ол ат үстінде қамшыгер болып ер жетсін, қамшысы қолынан түспесін деген ырымы.
Қазақ әйелдері толғатып жатқан әйелдің үйінің төріне сарала қамшы іліп қояды. Солай етсе, толғақты тосатын жын-жыбыр үйден безіп кетеді. Әйелдің толғағы жеңіл болады. Бала да дүниеге аман келеді деп ырымдайды.
Қазақтың  ежелгі дала заңында даугер биден сөз айту рұқсатын алу үшін қолындағы қамшысын ортаға тастайды. Сол сәтте би оған датыңды айт деп, сөз кезегін береді. Егер қамшыны ортаға тастаған адамға сөз кезегін бермесе, ол дәстүрді атқара алмаған білімсіз би атанып, халықтан сөгіс естиді.
Қазақтың келін түсіру салтында келіннің бетін үкілі, қоңыраулы, тобылғы сапты, күміспен күптелген қамшымен ашады. Сол бет ашқан қамшыны күйеу жігітке ұсынады. Ол – мына қалыңдығың сенің өмірлік жұбайың болды. Енді билік сенде. Әйеліңе қамқоршы бол. Сен әйеліңнің қамшысысың деген дәстүрді білдіреді. Қамшыны алған күйеу, ол қамшыны неке төсегінің басына іліп қояды. Сонда қамшыны көрген сайын жұбайына қамқоршы бола түседі. Өзінің нағыз қамшы екенін мойындай береді. Әу бастағы қамшы сөзінің төркіні осы жерден келіп ашыла түседі.
Қазақ балалары арасында қамшы тастау ойыны бар. Ол ұл балалар арасында өтеді. Ал, қыз балалар арасында шыт тастау ойыны бар. Балаларға арналған екі ойынның да мән-мағынасы, тағылымды тәрбиесі бар. Егер қыз бала қамшы тастау ойынына қатынасса, есейгенде ердің тілін алмайтын  еркекшора, әдепсіз болып өседі деп шектесе, ұл бала шыт тастау ойынына қатынасса, ер жеткенде, азамат болғанда ұялшақ, тартыншақ, ез болып өседі деп ырымдайды. Жігерсіз жасқаншақ, майрылғыш болады деп шыт тастау ойынынан шектейді.
Бағзы заманда елін, жерін қорғау үшін ер азаматтарды қамшыгерлікке баулып, қас батыр етіп жетілдіріп отырған. Қамшыгерлік өнерді жетік меңгерген батыр азаматтарды «Қамшыгер» деп атаған. Нағыз қамшыгерлер жалғыз өзі топ-топ адаммен айқасқанда, қолындағы қамшысымен қарсы келген адамдарды бір-бір тартып, аттан құлататын болған. Әуелі жараған долы бураны да қақ бастан тартып қалғанда, қылышпен шапқандай басын қақ айырып тастаған. Сиырдың шылғи терісін төр қабаттап керіп ұстап тұрғанда қамшыгерлер атпен шауып келіп, ортасынан бір осып, екіге бөліп тастайтын. Мұндай деректер халық арасында әлі күнге аңыз болып айтылады.
Халқымыздың көзіндей болған ең көне жәдігері қамшы, қамшы өнері ұмыт болып бара жатқаны жаныңды ауыртады. Бес қарудың бірі де бірегейі қамшыгерлік ұлы өнерін ары қарай зерттеп, әлемдік сахнаға ұлттық спорт түрінде алып шығып, халықаралық жарысқа айналдырса, қазіргі өтіп жатқан қылыштасу өнерінен бір кем соқпас еді деген ойдамын.
Атам қазақ «Салт атты, сабау қамшы», «Арық атқа қамшы – жау, жыртық үйге тамшы – жау», «Қамшыдан үлкен құрал жоқ, қолыңда жүріп білінбес, залымнан үлкен жау жоқ, қасыңда жүріп сезілмес», «Бүлінген елден бүлдіргі алма»  деген мақалды тектен-текке айтпаса керек. Қамшы қолда ойнаса – құралың, төбеңде ойнаса – құл болғаның...

5775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы