• Шежіре
  • 28 Ақпан, 2024

ЖОШЫДАН ҚАЛҒАН ЖОЛ

Әлқисса, әлемдік күнтізбе бойынша, 2024 жыл кірді. Барша Қазақ жұртына қайырлы, қуатты жыл болғай!
Осыдан тура 800 жыл бұрын, яғни, 1223-1224 жылдары біздің баба тарихымыз үшін аса маңызды кезең еді.
Сол жылы (1223 ж.) Хорезм жорығы толықтай аяқталды. Даңқты нояндар Жебе мен Сүбітай екі түмен жасақпен «меркіттердің қалдық қолын қуалау» деген желеумен, терістік батысты шарлауға, Каспий теңізінің солтүстігіне, Азау шаһары жаққа аттанды.
Ол шақ, Қытайдағы түріктер Түлкі асу деп атайтын Онгін асуында, атақты «Иехулиян» шайқасында 400 мың әскерді жайпап, ел астанасы Жұңдуды (қазіргі Бейжің) басып алған, Хорезм жорығында Отырар мен Сыр бойындағы қалаларды, Самарқан мен Үргенішті шапқан ең тәжірибелі, адуын да жауынгер қолдың үш түмені Жошыға қарасты еді. Қаған бұйрығымен, Жошының жорық ұстазы ретінде саналатын екі ноян Жебе мен Сүбітайға Жошы ханзада бір түмен жанкешті жасағын көмекке ертіп жіберді.
Олар  1223 жылы, 31 мамырда Қалқа өзені бойында болған әйгілі шайқаста көшпелілердің 30 мыңдық атты жасағы орыс князьдері мен көмекке жиналған 103 мыңдық (әскер саны әр деректе түрліше айтылады, 60-80 мың деп) біріккен қолын тас-талқан етіп жеңді. Қырымға басып кірген атты қол жер-әлемді селдей жайпап, Италия көпестері билейтін Судак қаласын тас-талқан етті. Еділ бұлғарларымен кескілесіп, қазіргі орыс даласына ендей өтті. 
1224 жылы орыс орманына ат байлап, қисапсыз олжа мен қыз-қырқын, алман-салық алған екі ноянның бірі Сүбітай бахадүр Ұлұғ ордаға қайтар жолда, Жошыдан қарызға алған бір түмен жасағын жолай соғып, өзіне қайтарып берді. Содан бірер ай бұрын Жебе ноян қаңлылармен соғыста жараланып, мерт болған... 
Ал, Хорезмнен қайтқан Шыңғыс қаған 1223 жылдың күзінде Шудың аяқ жағында, Құланбасыға келіп, жорық шатырын тігіп, жұт араласқан ұзақ қысты ұлдарымен бірге құлан аулап өткізді. Үлкен ұлы Жошыға Дәшті Қыпшақты сыйлап, оның батыс аумағындағы Келар, Булар, Башгирд, Бұлғар, Орыс, Черкеш, Ас елдерін өзіне қаратып, ат тұяғы, садақ жебесі жеткен жерге дейін иелік етуді бұйырды. Ұлы қаған бұл сапарында Ұлұғ ордаға, Керүлен бойына асықпай, 1224 жылдың күзін Ертістің жағалауында, Шыңғыстай маңында өткізді. Бәрібір, оның алдында тағы бір сойқан шайқас – Батыс Шия таңғыттарына жорық күтіп тұрған еді.
1224 жылдың көктемінде Орталық Азияда жаңа империя – «Жошы ұлысының» алғашқы негізі қаланып, шаңырақ көтерді. Парасаты мен ақылы, ерлігі мен мейірімі жұрттан асқан Жошы хан тұтас Дәшті Қыпшақты, сан салалы түрік руларын біріктіріп, бір қара шаңырақ астына жинап кетті. Сол шаңырақтың иесі – Қазақтар, 800 жылдан кейін «Қазақ Елі» деп аталатын мемлекетте, ұлыс шаңырағын ұстап отырмыз.
Анығында, Шыңғыс қаған құрған ұлы империя – ежелгі Ғұн, Түрік қағанаттарының заңды жалғасы-тұғын. Ал, Жошы құрған алып елдің заңды мұрагері – Қазақстанның күні заман ақырына дейін жарық болғай!
Даңқты бабаларға 
бір тағзым!
Әлқисса, 1227 жылы ерте көктемде Жошы хан кенет қазаға ұшырады... 
Сартауыл-Хорезмнің түгел түстігі, батыс Алтайдан Әбескүнге (Каспий теңізі) дейінгі ұлан-байтақ Жошы ұлысы мұрагерсіз, хансыз қалып, тақ иен тұрды. 
    ...Қысас соңы құпия өлімге ұласқандықтан, Жошы хан соңына өсиет қалдырып үлгермеген. Оның үстіне, денсаулығы өте мықты, алпамсадай батыр бір түмен темір қолмен тұтас Тоғайлыны, Байкөл бойын шарлап, ойрат-қырғыз, қоры тұмат пен барғұтты, оған қоса қаншама түрік тайпаларын айналасы бір жылдың ішінде бағындырған; түстіктегі Таңғұтты шауып, астанасы Жұң Шиңфоуды селге тоғытқан; Жебе, Сүбітай үшеуі қағанат қолының алдын бастап, Түлкі асуда (Огын асуы. Ие Хулиң қыраты) қытайдың қырық түмен қолын түгел жусатқан атақты жорықта шеп бұзған, Алтын елінің астанасы Жұңдуды (Қазіргі Бейжің) өртеп, қырғыз-тұмат бүлігін басқан (1217 жылы, қыс.); Сартауылды шауып, Сейғұндария бойындағы қалаларды, Отырар мен Самарқанды алысқан Жошының өлім турасында, мұрагер жайында еш дайындығы болмаған...
Мезгілсіз қазадан кейін, оның ұлдары Орда Ежен, Бату, Берке үшеуі ұлыс күзетін кіші ұл Сыбан мен Жошының атақты батырлары, кешіктен сардарлары Бұқа, Құнан, Мүңгеуір нояндарға қалдырып, жұмақ мекен Ордос алқабына келеді. Бұл шақта ұлы қаған ежелгі жау – Батыс Шия таңғұттарын біржолата ойрандап, аяусыз шабындыға түсіріп жатқан. Тұңғыш ұлын да, одан туған немерелерін де жанындай жақсы көретін қаған үшеуін жорық ордасында қабылдайды да, мұрагерлік мәселесін былай шешеді:
Қырат үстіне жібек баулы үш орда тіктіреді. Бірі – алтын босағалы, екіншісі – күміс босағалы, үшіншісі болат босағалы. Үш орда алдында тосылып қалған үшеуіне кешіктен сардары, Бөрте ененің туған інісі Алшы ноян арқылы бұйырған екен. «Үлкен ұл Орда Ежен күміс үйге, Бату алтын үйге, Берке болат үйге түссін! Жошыдан қалған ұлысты осы дәреже бойынша қолдарына алсын!».
Сөйтіп, 23 жастағы екінші ұл Бату ханзада қаған атасының бекітуімен Жошы ұлысының мұрагері болды. Шыңғыс қаған о дүниелік болған соң, 1228-сиыр жылы Керүлен бойындағы Көде аралда өткен, «Өкетайды қаған сайлау Ұлы Құрылтайына» қатысқан Бату жаңа қаған жарлығымен орнында қалды және оған қағанаттың батыс шекарасын одан ары ұлғайту тапсырмасын жүктеледі.
1235 жылы өткен «Ғаламды жаулау жайлы Құрылтайда» Бату ханға терістік рустарды, Еуропаны жаулау жорығын жасауды бұйырғаны тарихтан белгілі.
Ең күштілері – Суздаль Ұлы князьдігі, Владимир, Новгород, Галисия-Вариния корольдігін қамтыған 56 Рус князьдіктерін тас-талқан етті. Киевті жайпап, Польша мен Венгрия даласын түгендеп, Дунай өзенін көктей өтіп, Адрия теңізінің жағасынан ат суарды.
Қазір біз тамсанып отыратын Швейцария қол созымда, Австрия иек астында қалды.
Алпыс екі сағалы Еділ бойын, Шығыс Еуропаны түгелдей қағанат құрамына өткізген даңқты батыр Бату ханның темір сауытты, атты жасағына қарсы тұрар күш қалмаған еді. Бату жорығына дейін Еуропаны шеңгелдеген Рим папасы ІХ Григорий, император 
ІІ Фридрих қатарлы жуандар онымен әскери одақ құруға, көшпенділердің дүлей жасағын ықтап, тыныштық сақтау үшін елші жұмсады. Бату ханға төменшік пейіл көрсетіп, сауда керуендері арқылы тоғанақ-тоғанақ құны қымбат, бағалы бұйымдар жіберіп тұрды.
    1242 жылы Өкетай қаған бір анадан туған ағасы Шағатаймен бірге арғы дүниеге аттанды. Тақ таласы туып, қағанат ішіне алақұйын өсек, желдірме аяң тараған шақта Бату хан Еуропа жақта жорықта еді.
Орда ақсүйектері ішінде түрлі қайшылық туып, Қарақорымда  Ұлы қаған  сайлау Құрылтайы кешіге берді де, тек, 1246 жылы Өкетайдың тұңғыш ұлы Күйік ханзада қаған тағына жайғасқан еді. Оның Бату ханмен ара қатынасы суық, жұлдыздары қарсы еді. Сол сәттен бастап Жошы ұлысы Онан даласындағы ұлы қағанаттан іргесін аша бастады. Парасатты Бату хан өте ыңғайлы саясат жүргізіп, Құрылтай сайын жасақ ертіп, тақымын қажап, орталыққа шапқылайтын еріксіз сапарын тоқтатты. Шақырулардың ешбірін қабылдамай, Дәшті Қыпшақ даласында жатып алған. Оған ерегеске барған Күйік қаған 1248 жылы ауыр қол бастап, Жошы ұлысын шабуға аттанды. Жорық жолында кенет ауырған Күйік қаған да жұмбақ күйде қаза болды. Елші таңбасын ұстаған француз тыңшысы Вильгельм Рубрук Күйіктің өлімін Батудан көреді.
Күллі қағанатта «атағынан ат үркіп, жылаған бала уанатын» даңқ пен беделге ие ержүрек Бату хан ұлы қағанаттағы сайлауға өз ықпалын баса жүргізіп, 1249 жылы Шыңғыстың кенжесі Төленің ұлы Мөңкені таққа көтерді.
Мөңке қаған арқылы Төленің тағы бір ұлы Құбылайға жасақ билігін ұстатып, тұтас қытайды шаптырған еді. Құбылай күллі қағанатты қытайға өз қолымен жығып берді... Тәтті шарап, шырын сөз, жібек мата, қылымсыған қытай сұлулары қашан да қауіп болған. Ол бөлек әңгіме. 
    Бөртеден туған төрт ұл – бала күнінен екі топқа, Жошы мен Төле, Шағатай мен Өкетай болып өзара жанжалдаса беретін. Соңы ұрпақтарының жұмбақ-жұмбақ өлімдеріне, сырлы-қырлы таластарына ұласып, неше буын бойы жалғасты. Қағанатты қырыққа бөлді...
Жошы ұлысын кереметтей өркениетке, ғалам алдында биік беделге жеткізген Бату хан 1252 жылы 48 жасында (Рәшит-ад-Дин  
1252-1253 ж. Жувейни дерегі мен орыс жылнамасы бойынша 1255ж.) Сарай-Бату шәрісінде, алапес ауруынан Тәңір дәргейіне аттанды.
Сөйтіп, Жошы хан басын құраған ұлыстың керегесін кеңейтіп, босағасын бекіткен Бату ханның алдында біздің де өтеуге тиісті борышымыз мол екені естен шықпауы тиіс...

Ұларбек Дәлейұлы
 

4393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы