• Руханият
  • 28 Қыркүйек, 2023

Ұлт мәдениеті мен Темірбек Жүргенов

Соңы.Басы 8-ші нөмірде.

Темірбек Жүргеновтің өнер жайлы, оны өркендету жөніндегі ой-жоспары ауқымды болған, ол бұл істі жеке қойылымдар әзірлеу ісіне қатысумен шектелмеген. Ақтөбеде гастрольде жүрген Пенза опера театрын Алматыға шақырып, Қазмузтеатрмен біріктіріп, қалада қалдыру қазақ музыка театрының көркемдік жағынан жетіле түсуіне септігі тиеді деген ойдан туған еді. Осындай аралас-құраластықты пайдаланып, болашақта қазақтың опера театрын құруға болатынын ол сол кезде-ақ көре білді. Жүргеновтің бұл ойының дұрыс болғанына тарих куә – осы сала үшін орасан қысқа уақытта, не бары  үш жылда республика өзінің дербес театрына ие болды. 
Театр ісінің басы-қасында бола жүріп, айтылмыш саланы кең ауқымда жолға қою жөніндегі толғақты ойлар ойлап, күнделікті дайындықтарға араласа жүріп, бұл жөнінде қалам қуаты бар адамның жазбай отыруы әсте мүмкін емес қой. Міне, осы тұста театр рецензиясының бір үлгісін Темірбек Жүргенов «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылғы 21-маусымдағы нөмірінде жарияланған «Ушуга (к постановке  в первом Казахском Государственном музыкальном театре)»деген мақаласымен көрсетті. 
Ол кезде іс басындағы адамдардың әдебиет, өнер хақында айтысқа түсуі, тіптен жаңа шыққан кітап, соны қойылымға рецензия рәуішті мақала арнауы қалыпты жағдай боғаны мәлім. Смағұл Садуақасовтың, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сатпаев, Ораз Жандосовтың театр сыны мақалалары бұған дәлел. Оның үстіне «Шұға» – Темірбектің бел баласы іспетті еді. Естелік кітаптарда келтірілетін Жүргенов сөздерінің ыңғайына қарағанда, «Шұғаны» музыкалық спектакльге айналдыру жөніндегі халық комиссарының өзінен шыққан. «Мирзоян қазақтың ән-күй театрын ашуды жедел қолға алды, – деп жазады Ғ.Мүсірепов. – Ол кезде көркем өнер секторы Оқу Комиссариатында болатын, бастығы мен едім. Халық комиссары Темірбек Жүргенов тілді де тісті, жігерлі де іскер адам еді. Маған бір жылдың ішінде ән-күй театрын ашуды міндеттеді. Сол күні кешке таман қолға түскен жазушыларды жинаттырып алып, әңгіме өткізді. Бейімбет «Жалбыр» мен «Шұғаның белгісін» либереттоға айналдырып беруді уәде етті. Мұхтар «Айман-Шолпанды», мен «Қыз Жібекті» алдым». Темірбектің «Шұға» әңгімесін ертеректе-ақ оқығанына дау жоқ. Ол Уфаға келгенде, Бейімбет елде еді. Бірақ 1915 жылы қала қауымын 19 жасар жігіттің алаулы жүрегінен құйылып түскен дастанымен таңдай қақтырған Бейімбеттің рухы әлі ауада қалықтап жүрген.  «Шұға» сол кездің өзінде -ақ жасөспірім Темірбектің ілтипатына бөленген деу жөн. Архив деректері де осыны көрсетеді. «Айман-Шолпандағы» кемшіліктері үшін драма театры басшылығына әкімшілік шаралар қолдану туралы бұйрығында Жүргенов «Шұға» мен «Қыз Жібекті» қоюды ұсынған.
Спектакль қаладағы өнерсүйер қауым арасында бірден зор жаңғырық туғызып, зор табыспен аяқталды. 
«Күзгі айлардың бірінде, –  деп еске алады Қалижан Бекхожин,  – Би ағаң жазған «Шұға»  атты музыкалық пьесаның спектаклі Республикалық музыка театрында қойылды. Театрдың көрермендер залына жұртшылық лық толды... Спектакльді ынтыға көрген жұрт ойын біткеннен кейін Би ағаңды ду қол шапалақтап сахнаға шақырды...».
«1934 жыл. Бір күні Алматыға Тайлақбай Алыбаев отағасы келді, –  деп жазады «Шұғаны» көрген сол тұстың бір куәсі. –  Демалыс күні еді. Сол кезде Майлиннің «Шұғасы» театрда қойылып, астананың үлкен-кішісі, келімді-кетімділерінің бәрі құмарта көріп жатқан кезі болатын.
– Ана жылғы өзімізбен дәмдес, аз  уақыт жолдас болған жазушымыз жазған пьеса ғой бұл. Мені бүгін қайтсең де алып бар, – деп  жік-жапар болды Тәкең.
–  Билет болмайды, отағасы, –  дедім. Шынында да «Шұға» қойылады десе, театрда билет екі-үш күн бұрын сатылып қойылатын...
Театрға бара көрейік деп келдік. Ол кезде Қаздрамтеатр Пушкин көшесіндегі бір үйде болатын.Билет сатылып біткен. Касса жабық тұр...Бекең жұбайымен екеуі дәл сол жерден кездесе кетпесі бар ма!..
– Қазір билет болады, – деді Бекең. Ұмар-жұмар үш билет қолымызға тиді де, әдейі шақырылған адамдай арнаулы жерден орын алдық.
– Шіркін-ай,    Шұға десе Шұға екен ғой.Соны күн шұғыласындай көз алдымызға елестетіп тұрған артист Күләш сол Шұғаның дәл өзі болып көрінді емес пе! Әсіресе, өлердегі кейпін қалай тамаша көрсетті. Үні әлсіреп, өңі аппақ қудай , жайылған шашы жастығынан аса, төсегінен төгіліп, ұмсынып кеткенің көргенде, шын өліп кеткендей сезіндім, – деп Тәкең тамсана-тамсана айтушы еді».
«Шұғада» Күләштің драмалық дарыны жарқырай көрінгенін Е.Брусиловский де атап көрсетеді. «Музыкалық театрда бұл оның тұңғыш трагедиялық рөлі еді.Бүкіл соңғы актіде Шұға өмірмен қоштаса ,ажал құрсауында жатып,халықтың қайғылы әні «Бурылтайды» сыңсып айтумен болады.Зал іші күңіріне күйзеліп, қоса еңірегендей күй кешті.Шыдай алмай, кеңкілдей сыңсыған қайсыбір әйелдерді залдан сүйемелдей жетелеп,сыртқа шығарып та жатты».
Еуропалық театр өнері ұғымындағы , «катарсис»,осы болса керек. Бірақ, қазақтың театр өнері алдымен халықтың өз мүддесімен өсіп шыққан өнер түрі. Шұға – халықтың өзегін өртеген ақ жалындай ішке жұтқан шері ,арман-аңсары ғой.Шұға – тұтас бір халықтың басқасоқ болған ,тізеқақпай көрген талайлы тағдырының көркем образға бөленген бейнесі ғой. Еуропалық, «катарис», қазақ сахнасында осы тұрғыдан келіп түрленеді, жылатады, күйзелтеді, сонымен бірге халықтың  ішкі дәтқуатының, өршіл ілгерішілдігінің, мұқалмас жігерінің, шиыршық атқан қайратының  белгісі.  «Шұғаның» бүгінгі  біз таныған биігі де, 20-30 – жылдарда жібі түзу әдеби сын , көзі қарақты әлеумет берген бағасы да осы.
Повесті, оның музыкалық драма нұсқасын шарбыдай шырмап, өрімдей өріп, мызғытпай ұстап тұрған орталық тұлға –  Шұға бейнесі Темірбек мақаласының да өзегін құрайды. Автор Шұғаның  басын қарайтқан белгіні қарапайым қазақ қызының өжеттігі мен өткірлігіне қойылған символдық мәні бар ескерткіш деп біледі. 
«Езілген қайғылы қазақ әйелдерінің көркем әдебиеттегі ең бір көрнектісі – Шұға тәни тұрғыдан өлді,патшашылдық заманында басқаша болуы  мүмкін де емес-ті, –  деген ой түйеді сыншы. – Бірақ, Шұғаның арман-аңсары өлген жоқ, яки әйел теңдігі жолындағы пәрменді жеңімпаздықтың символ – белгісі өлген жоқ».  «Повесть  «Ушуганины бельгисы», это значит – монумент Ушуги , – деп жеткізеді өзге тілді оқырманға автор. – Майлин...заставил свою героиню погибнуть,но вместе с тем он поставил ей памятник ,выражая этим ,что борьба не окончена,что она будет вестись и дальше другими женщинами». Осы пікір арқылы Темірбек өзінің сыншылық мұратының сырын ашумен қоса,театр өнеріне көзқарасын, оған соншалық мән беруінің  түп ниетін аңғартқан. 
Мақалада одан әрі идеяны шығарманың тақырыбынан табатын әдеби сындағы классикалық тәсіл  қолданылған, «Повестің, «Шұғаның белгісі» дейтін  атының өзінде, –  дейді сыншы , –  пьесаның негізгі ой өзегі, бай идеялық мазмұны тұр». Ғасыр басындағы балаң жазба әдебиетіміздің бұл айырым қасиетін Темірбек таң басқан. Осы орайда Темірбек қолданған «шұға» сөзінің варианты бүгінде қолданыстан шыққан «ұшуға» екендігін айта кету керек, «Ұшуға» – ертеректе әдеби тіл нормасындағы «шұға» сөзіне жарыспалы түрде қолданылған диалект сөз. Бұл сөзді Темірбектің мақала атына шығарғанына қарағанда,ол сол кезде қазақ өңірінің біраз аймағында қолданылған секілді. Ең қызығы,  «Шұға» сөзіне сыншы семантикалық тұрғыда жүктеген мағына, «Слово ушуга», –  по- казахски символ красного цвета , что в свою очередь является эмблемой победоносной народной революции всех времен 
и народов ...», –  дейді ол. 
Осы пікірге бір қарағанда сыншы өмір сүрген дәуірдің иделогиялық талабының табы секілді көрінеді. Шынында да, Шұға – қазақ қыз балаға есім етіп еншілейтін көп қымбат матаның біреуінің аты. Дәлірек айтсақ,жұмсақ майда түкті жүн мата. Повестің, «Ой, өзі де Шұға десе Шұға еді ау!» – деп келетін девизіне айналған поэтикалық сөз. Темірбек оған қызыл өң берген. Біздіңше, бұл ойдың қос қыртыс авторы бар. Қазақ ішінде заманында шұға матаның қызыл түстісі кең таралуы мүмкін.Темірбектің Халық ағарту комиссариатындағы кабинетіндегі үстелдің қызыл шұғамен  жабулы тұратынын Жүргеновке көмекші болған Дүйсен Әубәкіров жазады. Бұл –  бір. Екіншіден, Шұға – жапырағы жайылмай тұрып өліп кеткен жас адам.Ал түркі халықтары,соның ішінде қазақта да ертеректе қарт кісі қайтыс болса үй төбесінен қара маталы ту,жас адам дүниеден озса қызыл маталы ту шығарып қоятын дәстүр болғаны мәлім.Әлгі шақыртқы белгі шаңырақтың қаралы екендігін білдіріп тұрады,өткен-кеткен адам арнайы түсіп, көңіл айтады, бата оқиды. Ту – марқұмның жылы берілгеннен кейін ғана жығылған. Сыншының, «Шұға» сөзіне берген өзгеше анықтамасын осы мағынада түсінген дұрыс. Түптеп келгенде, қызыл түс автор тарапынан большевизмнің символынан гөрі, қазақтың халық ретінде өз бостандығы үшін ғасырлар бойы жүргізген кескекті күресінің нышаны түрінде қабылданады.         

Өтеубай Қожақұлы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

 

9128 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы