- Руханият
- 26 Сәуір, 2023
Қазақ тілін құқық тіліне айналдырған ер
немесе есімі ұмытылған Алаш арысы Сейдәзім Қадырбай туралы бірер сөз
ХХ ғасыр басындағы қазақ ағартушыларының бәрі шетінен зиялы, жан-жақты дамыған азаматтар болатын. Ақиқатында, бүгінгі Қазақстан Республикасының негізін қалап, территориясын бекітіп, шекарасын шегендеген ХХ ғасыр басындағы оқығандарымыз еді. Өкінішке қарай, олар жеке басқа табынған зобалаң жылдарында лек-легімен түрмеге қамалып, жазықсыздан-жазықсыз «Халық жауы» деген жалған айыппен атылып кетті. Төл тарихымызды әбден бұрмалаған отарлаушы билік санамызға коммунистік мифтерді сіңірген соң, асылдарымыздан көз жазып, барымыздан айырылып қалдық. Тәуелсіздіктің ең керемет сыйы – қаһармандарымыздың есімін жаңғыртуға, мұрасын зерттеуге, тануға ашылған жол болды десем, өтірік айтпаған болар едім. 1917–1920 жылдары Алаш ұлттық-территориялық автономиясы (республика) өзінің билігін де-факто, де-юро жүргізгенін соңғы жылдары табылған архив құжаттары айғақтап отыр. Алаш автономиясы – қазіргі Қазақ мемлекетінің ізашары, негізі. Жүз жыл бұрынғы мемлекетімізді құрып, шаңырағын көтерген үркердей үмітті топтың ішінде заңгер-ғалым, аудармашы, публицист, ірі қайраткер Сейдәзім Қадырбай да болатын. Сейдәзім Құлмағамбетұлы (1885–1938) – алғашқы қазақ атты әскер полкын жасақтаған мыңбасы, ту ұстаған аға сардар, ұлттық армиямызды құрған азамат. Бір сөзбен айтқанда, ағартушы, ХХ ғасыр басындағы қазақтың аймаңдай ұлы болған Сейдәзім Қадырбай – ұлттық бұлқыныс жылдарында отарлық билік езгісінде қалған жұртын қайтсем көгертем, қайтсем де оятамын деген ойдан басқа ойға алданбаған, ұлысына ақысыз-пұлсыз, жан-жүрегімен шынайы қызмет еткен, ұлтты сүюдің айрықша өнегесін көрсеткен байрақты бағлан арыс болатын. Оның есімін алғаш рет барлық Алаштың жоқшысы болған Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова апамның естелігінен оқыдым. Жоқтаушысы жоқ, насихаты аз тұлға екен деген ой келгенін есіме түсіріп отырмын...
«Егемен Қазақстан» газетіне журналист Қайсар Әлімнің «Наркомюст наркескені» деген мақаласы жарияланды (4 сәуір, 2009 ж.). Сейдәзімнің өмір жолы, қоғамдық саяси қызметі туралы алғаш жазылған жолашар мақала осы болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін заңгер Сейдәзімнің тұлғасына күн түскен сәулелі сәт осы мақаладан басталады. Бұл ретте журналист Қайсар ағамыздың еңбегі тұлғаның танылуына, насихатталуына өз үлесін қосқаны сөзсіз. Менің студенттік жылдарым Торғай даласында өткендіктен осы құтты да берекелі топырақтан шыққан тарихи тұлғалардың есімін бозөкпе жасымда-ақ естіп, санама тоқып, көңіл дәптеріне жазып алыппын. Жадыма қатталған есімнің бірі де бірегейі – Сейдәзім Қадырбай болатын. Оның өмір жолын зерттеу ісіне осыдан он-он екі жыл бұрын кіріскен едім. 2018 жылы біраз уақыттан бері жинаған, терген материалдарымды шәкіртім Бағлан Әбеуге беріп, оның дипломдық жұмысына осы тұлғаны тақырып ретінде бекітіп беріп, қорғаттым. Сол жылы Бағлан Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауында топ жарып, қара үзіп, бас жүлде иеленді. Бакалавриатты үздік бітірген жас ғалым магистратурадағы диссертациялық жұмысында тақырып аясын кеңейтіп, Сейдәзімдей оқығанның қоғамдық-саяси көзқарасын, қызметін зерттеп, ғылым магистрі атанды. Бағлан бауырым тұлғаны ғылыми-зерттеу нысанына айналдырып, сейдәзімтану саласының қазығын қақты. Бұл – Сейдәзім Қадырбайдың ғұмырнамасына арналған ең алғашқы дипломдық әрі диссертациялық жұмыс. Тарих жасаған тұлғаны таныту мақсатында оның шығармалар жинағын құрастырып, кітап қылуды жоспарладық. Табанды ізденіс нәтижесінде 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Алашорда» баспасынан Сейдәзім Қадырбайдың шығармалар жинағы жарыққа шықты. Алланың қалауымен, тәңірдің таңдауымен заңғар заңгердің кітабын шығарып, оны туған халқымен қайта қауыштыру – біздің маңдайымызға жазылған бақ екен. Осы орайда аруағы шалқар Сейдәзім әкеміздің рухы мені ұрпақтарымен байланыстырған-ды. Өткен күндерге сәл лирикалық шегініс жасасақ. 2022 жылдың 5 қыркүйегі еді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақтың рухани көсемі атанған ұстаздың 150 жылдық мерейтойына Алматыдан Астанаға ұшып келіп, енді Торғайға жолға шығайын деп тұрғанымда, Қостанайдың Аманқарағайы өртеніп, орманды қызыл жалын шалды деген жайсыз хабар тарады. Төтенше жағдай ұлт ұстазының торқалы тойын тоқтатты. Жігеріміз құм болып, жолға шыға алмадық. Республикалық Бас мешітке барып, ұлт-азаттығы жолында шаһид кеткен ерлердің рухына құран оқып, дұға еттік. Мешіттен шығып, Қаламгерлер аллеясындағы үш көсем – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының ескерткіш-кешеніне барып, гүл қойып, құрмет көрсетіп тұрғанымда, ұялы телефоныма белгісіз нөмерден қоңырау түсті. Сөйлестім. Өзін Алмаз деп таныстырған жігіт Сейдәзім Қадырбайдың туысы екенін айтты. Елордада тұрады екен. Уақыт оздырмай, екеуіміз кездесіп, таныстық. Алмазға әулет үлкені Иса Сейдахметұлы ақсақалға сәлем айтып, қарашада кездессек деп жоспарлап едік. Амал не, 7 қыркүйек күні Иса ақсақал Раббысымен қауышып, рахметтік дүниеге сапар шекті... Жаратушы оны рақымына алып, Сейдәзім әкесімен пайғамбардың ақ туының астында кездестірсе екен деп дұға етемін. Осы кездесуден кейін Сейдахмет әулетімен қоян-қолтық араласу басталды. Олармен қантуыс емес, рухани жантуыс болып та кеттік. 2022 жылдың 7 қарашасында алаштанушы Заңғар Кәрімхан екеуіміз Сейдахмет әулетіне қонақ болып, марқұм Серік ағаның балаларымен жақын таныстық. Әулет аналарының батасын алдық. Ал осы 2023 жылдың 7 ақпанында жақсының көзі Қайрат, Алмаз және Арғынның Өтей деген атасынан тараған қауымды бір ту астына жинап жүрген Марат Жақыпов, Ә.Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы Ұшқын Сәйдірахманұлы бәріміз жиналып, конференция өткізу, кітап шығару және архивтерге экспедициялық сапар ұйымдастыру турасында жоспар құрып, келістік. Жүйелі жоспар сәтімен жүзеге асып, игі істер атқарылды. Мысалы, экспедиция сапарымен Мәскеу-Воронеж-Химки-Алматы бағытында жүріп өттік. Туған ұлтын қорғау жолында шейіт кеткен қаһарманды ұлықтау, зиярат қылу мақсатындағы тағылымды сапарға Сейдәзім ұрпағы, небәрі 19 жастағы Асанәлі Қайратұлы да барды. Асанәлінің ұлы сапардағы толқуы, бабасымен сырласуы, жүрек соғысы бәрі-бәрі бізге де әсер етпей қоймады. Биыл – Алаш оғланының атылғанына тура 85 жыл. 85 жылдан соң оны бесінші ұрпағы іздеп келіп, басына тәу етіп, топырақ салып, дұға еткені қандай өнегелі іс еді! Сейдәзім қанды шеңгел жылдарында саясаттың желі қалай соғарын сезіп, әулет басына зұлмат төнерін болжап, Воронежге жер аударылар алдында Қызбелдегі інілері Сейдахмет пен Асқарбек, Мейрамбекке жеделхат жолдап, «көшіңдер!», «тектеріңді ауыстырыңдар!» деп жазған екен. Тарихи тамыры тереңге сіңген Қызбелдің Өтейлері (Сейдәзімнің руы) бір түнде Торғайдан Жезқазғанға көшіп, Жездіге қоныстаныпты. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?!» дегендей, кер заманға тап болмаса, Қызбел мен Қыземшектей жер жәннатын тастап, бас сауғалап кетпес еді. Сейдәзімнің атылған жеріне (Воронеж облысы, Дубовка ауылының маңындағы қорым) ағасын сағына күткен Сейдахмет те, немерелері Бақытжан мен Исалардың да табаны жетпей, бір көрсем деп армандап өтпеді ме! Қызбел мен Жездінің бір уыс топырағын арқалап, бүкіл ұрпақ атынан салып, зиярат қылып, дұға ету бесінші ұрпақтың талайындағы аманатты миссия екен. Сейдәзім бақытты екен! Ата қадірін білетін, аманат салмағын сезінетін ұрпағы барда Сейдәзімдей ердің аты өшпейді! Сейдәзім Қадырбай – ірі заңгер, құқық саласының білгірі. Қазақтың құқық, заң ілімінің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Асылында, Сейдәзім Қадырбай құқық терминдері мен ұғымдарын жүйелеген, түзген әрі сөздігін жасаған лингвист ғалым. Ол 1922 – 1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Әділет Халық Ко¬миссариатының Заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінде меңгеруші қызметін атқарды. Әр жылдары «Ақы заңы» (1926), «Жер заңы» (1927), «Нотариат туралы заң, ереже, нұсқаулар» (1928), «Ақылы істерді жүргізу заңы» (1930), «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң» (1930) кітаптарын даярлап, терминдерін қазақыландырып, ұлтының кемдігін түгендеп, жыртығын жамаған болатын. Әділетті Қазақстан «Екінші Республика» қағидасын берік ұстанған жылдары реформалық өзгерістер басталуы бек мүмкін. Реформа, ең алдымен, заң шығару органдарында жүретіні анық. Сол құзырлы органдар үшін өткен ғасыр басындағы ұлттық негізде жазылған еңбектер ауадай қажет деген пікірдемін. Сейдәзім негізін салған құқық тілінде ұлттық рух, мінез барын түсініп, жас ұрпақтың, болашақ заңгер мамандардың қажетіне жарасын деп әрі төл тарихымен танысуға шөліркеген оқырманның рухани қажетін өтесін деген ниетпен біртуар азаматтың шығармалар жинағын кейінгі жылдары жаңадан табылған мұраларымен толықтырып, өңдеп, қайтадан басып шығардық. Қазақ мемлекетінің қазығын қаққан Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбайдың тұғырына орнатқан рухани ескерткішіміз осы кітап. Сүйегі жырақта қалған ердің ендігі де сөзі ұлтымен жасап, жаңара берсін! Оғланның рухына Фатиха!
Елдос Тоқтарбай,
алаштанушы-ғалым,
Ә. Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері
6229 рет
көрсетілді0
пікір